Жайылым мүлде жоқ. Арқада жылқы жұтап барады

750

«Жал-құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз»… Бұқар жыраудың осынау жырында жылқының қазақы жабы тұқымы біршама төмендетіліп айтылғаны рас.

Дегенмен қазір атқа мініп, атойлап жауға шабатын заман емес. Қысы-жазы ызғарлы суыққа қарамастан тебіндеп далада жайылатын жылқылардан да қазір мән кеткендей. Бұған себеп – теріскейдің сарышұнақ аязы мен боранына төзімді қазақы жылқы тұқымы азайып бара ма деген қауіп…

Иә, төрт түліктің төресі саналатын жылқының да тұқымы бұрынғы күш-қайраты мен қарым-қабілетінен айырылып бара жатқандай көрінеді. Ауылды жерлердің бәрінде қыстың анау-мынау бораны мен үскірік аязынан ықпайтын жылқылар түгелдей қолға қарап қалған. Былтыр жаз айлары қуаңшылық болып, ой мен қырдың бәріне шөп шықпай, оның үстіне ай бойы жауған жаңбырға ілігіп, астығы тұтастай қызып кеткен жұрт жем-шөп таппай аңырап қалған.

Әсіресе, теріскей қыс ортасынан аумай жатып жұт басталғанын айтып, шырылдап отыр. Оның ішінде қысы-жазы дала кезген қыл құйрықтылардың жағдайы тым ауыр. Мал тебіндейтін жайылымдардың бәрінде қардың бетін мұз басып, айнадай жалтырап, сіреу болып қатып қалған. Салдарынан жылқы тебіндей алмай, тісіне ілігер шөп таппаған соң жаппай көтерем болып, жабағыларға сақау шығып, биелері құлын тастай бастаған. Тіпті, ауыл-ауылда пышаққа ілінбей, арам өлгендері де баршылық екен. Ауыл тұрғындары қорасындағы 5-6 сиыры мен оншақты қойына азын-аулақ шөбін қалай жеткізерін білмей отырғанда, қыр арқасы көрініп даладағы жылқылары келгенде жем-шөп таппай, шақшадай басы шарадай болған.

– Шөптің бағасы тым шарықтап кетті. Тіпті, бағасынан бұрын сатып алатын да шөп жоқ. Іздеп таппай отырмыз. 2022 жылы салмағы 300-350 келі болатын бір орам шөптің құны небәрі 6-7 мың теңге болса, қазір кемінде 12-13 мың теңгеден түспейді. Оның өзін табу қиын. Қасқалдақтың қанынан қат болып тұр. Былтыр жазда қапырық ыстықтан жайылым мен шабындық күйіп кетіп, шөп мүлде сұйық болды. Жылдағыдай шөп жинай алмай қалдық. Қыстың қаһарынан қорқып, қолымда бар 300 бас жылқыны түгелдей сатып, қазір құрық ұстап қалдым. Өткенде иен далаға шығып осы істегенім дұрыс болды-ау деген қорытындыға келдім. Өйткені шынында да тұтас дала адам шошырлық. Жалтыраған кәдімгі көк мұз. Жылқы тебіндемек түгілі тәлтіректеп, тайып жығылады. Оның үстіне гектарына кемінде 10-15 центнерден астық алатын шаруалар биыл зордың күшімен 4-5 центнерді әзер жинап алды. Оның өзі мүлдем сапасыз. Бұрынғы Кеңес заманында ондай астықты мүлде ормай сол күйі тастап кететін. Өйткені құр жанармайға шығын болады. Жанармайдың да құны аспандап кетті. Қазір кемі 300 теңгеден жоғары. Жұрттың бәрі жылқысын сатып жатқандықтан баға да едәуір түсіп кетті. Бәрін бағуға қазір жұртта шөп жоқ, – дейді Ақкөл ауданы Минский ауылының тұрғыны Серік Асанов.

Ақмола облысының басқа да бірнеше ауданында жылқы басының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққан тұрғындардың қарасы қалың. Тұрғындар жергілікті атқарушы билік органдарына хабарласып, көмек-қолдау сұрағанымен, түйткілді мәселенің түйіні тарқатылатын түрі көрінбейді. Әсіресе, Көкшетаудың дәл іргесіндегі Зеренді ауданына қарасты Ақадыр, Васильков, Заречный, Шағалалы сияқты ондаған ауылдағы ағайын жем-шөп таппай, қиналып, зар илеп отыр. Олардың айтуынша, бұған басты себеп – жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы. Тіпті, олардың қатарында жайылым жерінен мүлдем айырылып қалған ауылдар да бар.

– Мен Ақадыр ауылында тұрамын. Жағдайымыз аса қиын. Жайылым мен шабындық жерлеріміз қазір мүлдем жоқ. Даланың бәрі жалтырап мұз болып жатыр. Ауылдағы жылқының бәрі дерлік көтерем болып, қолға келді. Онсыз да жем-шөбі таусылуға таяған жұрт әбден қиналып кетті. Қазір шөптің құны аспандап кеткен. Бір орамының өзі 20 мың теңгеден асып жығылған. Қарызданып-қауғалансақ та малға шөп алып жатырмыз. Басқа қолдан келер қайран жоқ. Құр сүйек болған терісі жабысқан арық малды кім алады? Бағасы да тым төмендеп, құлдырап кетті. Жайылым жерлеріміз қыр басында 150 гектардай бар еді. Руслан деген біреу егістік жерімен қоса сатып алыпты. Енді мүлде жайылым да, шабындық та жоқ. Ауыл тек азғантай малымен ғана күн көріп отыр. Осы маңдағы екі-үш ауылда қазір шамамен 2 мың қой, мыңнан астам сиыр, 500-600 жылқы бар. Бірақ жаз шыға малды қалай бағарымызды білмей отырмыз. Жайылым мүлде жоқ. Аудан, облыс әкімдіктеріне талай мәрте шағымдандық. Бірақ еш нәтиже жоқ. Әбден дағдарған жайымыз бар, – дейді Зеренді ауданы, Ақадыр ауылының тұрғыны Мейрам Ауғанбай.

Тұрғындардан толассыз жазылған арыз-шағымдар мен хатқа жергілікті атқарушы билік мәселені «шешіп жатырмыз» деген сипаттағы сырғытпа жауаптан әрі аспаған.

– Ақадыр ауылы тұрғындарының жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы жайлы жазылған мәселесіне қатысты Зеренді ауданының әкімдігі «Колос-2014» ЖШС-мен 1300 гектар жерді бірлесіп пайдалануға меморандум жасағанын, сондай-ақ халықтың қажеттілгін қанағаттандыру үшін 1040 гектар жер ұсынылғанын айтқымыз келеді. «BAYAT-Agro» ЖШС-нан жалпы ауданы 290 гектар оның ішінде 191 гектар егістік, 99 гектар жайылым және ауылдың тікелей жанындағы 3 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған, – дейді Зеренді ауданы әкімдігінің ресми жазылған хатында.

Мал басының, әсіресе жылқы малының азаюы хақында Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшылығымен де тілдеспек болдық. Бірақ басқарма басшылығы жылқы малының жай-күйі жайлы алдағы аптада толығырақ мәлімет бермек болды. Дегенмен мал басы артпаса, кемімегенін алға тартты.

Тақырыпты зерттеу барысында түйткілдің бір ұшы елдің қай аймағында болмасын, әсіресе теріскей аймақта жылқының нағыз қытымыр табиғатқа бейімді, төзімді қазақы тұқымының құрып бара жатқаны туралы біраз мәлімет алдық.

Атап айтқанда, Ақмола облысының бірқатар ауылында жылқы малының қысқа шыдайтын төзімділігі төмендеп кеткенін айтар жылқышы көп. Жылқының тұқымын жақсартпақ болып, тіпті сонау Башқұртстаннан, Ресейден алып келгендер де болыпты. Бірақ олар да жергілікті ауа райына төзе алмаған.

Бұл орайда қазақ жылқысының тұқымын көбейтуде Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының да жағдайының тұралап қалғаны түйткілдің түйінінің тарқатылуына кедергі келтіретіндей. Зауыт басшылығының былтырғы мәліметтеріне қарағанда, 135 жылдық тарихы бар зауытта ұрықтандыру зертханасы сегіз жыл бұрын жұмысын тоқтатқан. Зауытта зоотехник, ветеринар сияқты білікті кадрлар тапшы. Елдегі ең мықты жылқы зауытының қауқары азайғандықтан қазақы жылқы тұқымы да құрып бара ма деген қауіп бар.

P.S.

Қысқасы қазақтың ішсе тамағы, мінсе көлігі, қиялымен көкке самғар қанаты да болған қазанаты мен жабысының бүгінгі ахуалы алаңдатарлық күйде. Сондықтан түйткілді мәселені түбінен қопарып, тиісті шаралар қабылданбаса, жағдай одан сайын ушығып, ызғарлы желден ықпайтын, теріскейдің қытымыр бораны мен ащы аязына төзімді қазақы жылқыдан айырылып қалар түріміз бар. Ауылдағы ағайын қыл құйрықты Қамбар ата түлігінен айырылып, құрық ұстап қалмасы үшін құзырлы органдардан бастап жергілікті әкімдіктер жедел арада мәселенің шешімін тапқанымыз жөн.

Абзал Алпысбайұлы,

Aikyn.kz

Басты фото: Тұрар Қазанғапов

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.