Дархан Қыдырәлі: Қазақ елінің рухани жаңғыруы – түркі әлемінің жаңғыруы

64

Түркі дүниесіне ортақ бір құндылық бар, ол – көшпенділік. Түркі дүниесіне ортақ бір қазына бар, ол – латын әліпбиі. Түркі дүниесіне ортақ бір руханият бар, ол – дін. Түркі дүниесіне ортақ бір рух бар, ол – тарих. Түркі дүниесіне ортақ бір алтын дінгек бар, ол – Қазақстан.

Елбасы мақаласынан кейін Қазақстанда рухани жаңғыру бағдарламасы жаппай қолға алынып, ел болып атсалысып жатырмыз. Осы орайда алыс-жақындағы көршілеріміз, қаны бір туысқан түркі тектестердің Қазақстанның жаңғыруына қандай көзқараста екенін білмекке Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қуандықұлын әңгімеге тартқан едік. Ендеше сол түркі әлемінің жаңғыруына қатысты сұқбатымызды назарларыңызға ұсынып көрейік.

— Дархан Қуандықұлы, дәл қазіргі уақытта жалпы түркі дүниесінің барысымен, олардың рухани тірлігімен араласып жүрген тұлғалардың бірі өзіңіз. Қалай ойлайсыз, Қазақстандағы рухани жаңғырудың түркі тектестерге әсері бар ма?

— Рухани жаңғыру бағдарламасы тек қазақ үшін ғана емес, күллі түркі жұрты үшін аса маңызды. Онда көтерілген тақырыптардың барлығы өзекті. Мысалы білім культі – біз шынында да түркі әлемі, мұсылман әлемі білімді ту етіп көтеруіміз керек, білім салтанат құруы керек. Сол сияқты, Елбасы айтқан жаман істерден бойды аулақ салып, жақсы асыл қасиеттерге ұмтылу мәселесі. Озық ойлы, заманға сай болу. Әрине, бұл жердегі ең басты мәселе ол – ұлттық код. Сананың сілкінуі, жадының жаңғыруы сяқты мәселелер.

Біз әр түрлі кезеңде, әр түрлі қилы замандарды бастан өткерген жұртпыз. Еуразия кеңістігін 15-ші ғасырға дейін жалпы түркі дәуірі деп айтқан, жылқының жалында, тарпаңның тұяғы жеткен жердің барлығын иеленген баһадүр бабаларымыз, Еуразия кеңістігіндегі карталардың қалыптасуына ықпал еткен. Сондағы мемлекеттердің құрылуына, қалыптасуына, тіпті, қирауына да әсер еткен. Бірақ кейінгі ғасырларда сол біздің тарихымыз да, тағдырымыз да біздің араласуымызсыз жасалды. Соның салдарынан біз көптеген тұлғаларымыздан, асыл қасиеттерімізден айырылдық. Көптеген тарихи оқиғаларды жадымыздан шығарып алдық. «Түркі әлемі» деп аталатын үлкен кеңістікті біріктіретін ұлттық кодтарымыздан көз жазып қалдық.

Сондықтан да ортақ тарихымызды, ортақ тұлғаларымызды, ортақ құндылықтарымызды, ортақ оқиғаларды қалпына келтіру үшін рухани жаңғыру аса маңызды.

Мысалы ұлт та адам секілді. Бір кезде бұл туралы ибн Халдун да айтқан, біздің балалық шағымыз болады, ержетуіміз, атжалын тартып мініп, есейген кезіміз болатыны секілді, кез келген мәдениет пен өркениеттің шығыстан туып, уақыт өте келе күнбатысқа бетбұратын кезеңдері болады. Бірақ ол қайта айналып, қайтадан пассионарлық дәуірге оралуы үшін осы кодтар, әсіресе рухани кодтар берік, ұлттық жады мықты болу керек. Бұдан бұрынғы бабаларымыз «жадытас» деп атаған. Сол жадытастарға, мәңгітастарға мың жыл өтсе де ұрпағымыз осы бағыттан жаңылмасын деп қашап жаздырған ұлттық кодтар, рухани қазыналарды қайта жаңғыртуымыз керек. Сондықтан рухани жаңғыру бүгінімізді бағамдау үшін де, болашағымызға бағдар үшін де маңызды.

— Біздің еліміз рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша латын әліпбиіне ауысуының түркі әлеміндегі алар орыны қандай?

— Рухани жаңғыру бағдарламасының қазақ тілін латын әліпбиіне өткізуі де түркі әлемінде маңызды. Исмаил Гаспринскийдің «тілде, пікірде, істе бірлік» деп ұран тастағанын білесіз. Соның түркі дүниесін жақындастыратын «тілде бірлігі» осы латын әліпбиінде көрініс табады деген ойдамын. Латын әліпбиі түркі әлемін жақынтастыра түсетін үлкен құрал болады деп ойлаймын. Ал «пікірде бірлік» дегеніміз – тарихи тамырластығы арқылы, ортақ танымы арқылы ұлттық кодты, ұлттық жадыны жаңғырту арқылы болмақ. «Істе бірлік» дегені — түркі әлемінің экономикада, әлеуметтік салада, саясатта ынтымақтастықпен қарым-қатынас орнатуы. Сондықтан да рухани жаңғыру бұл – жалпы түркі әлемінің зиялы қауым тарапынан да жылы қабылданып отыр.

— Кейбір отандық ғалымдарымыз бізге руна жазуын қайта жаңғыртып, соны қолдануымыз керек деген пікір айтып жүр. Қалай ойлайсыз, бізге рунаны қайта жаңғыртудан пайда бар ма?

— Әр ұлттың өз ен-таңбасы болады. Ол — өзінің дыбысына, өзінің сөзіне қызмет етеді. Әліппе деген сол сөздің киімі. Сондықтан әр елдің өз әліппесі сол елдің сөзіне ең жақын келетін формада болуы керек.

Біз өзіндік алфавиті бар әлемдегі санаулы ұлттың біріміз. Еуропада немесе қазіргі өркениетті көптеген елдерде алфавиттің не екенін білмейтін кезеңде біздің өзіміздің төл әліппеміз, алфавитіміз болды. Сол алфавитпен мәңгілік тастарға қашап, мәңгілік мұра қалдырған ұлтпыз. Сондықтан тарихи тұрғыдан алған кезде, біздің алфавитіміз бұл – үлкен кезеңдерден өтіп, бізге бай мұра қалдырған үлкен қазынамыз.

Әрине, көне әліппелерін жандандырған ұлттар болды. Бірақ бұл жерде біз латын әліпбиін қолдаймыз. Неге? Біріншіден, бітік жазуын біздің ғалымдарымыздың өзі әртүрлі оқиды. Бірізділік жоқ. Ғалымдарымыздың өзі әрең оқып жүрген әліпбиді жалпы ұлттық деңгейге көтеру, насихаттау қиындау. Бірақ оны да, менің ойымша, мектептерде оқытып, әсіресе тарихқа қызығушылығы бар түркологтарға, тарихшыларға үйрету қажет деп санаймын. Ол да бір арнада, әр түрлі нақыштарда, қалаларда көрніс беруіне болады. Мысалы Венгрияда әрбіржерде сол түркілік бітік жазуымен жазылған жазбалар кездесіп қалады. Себебі ол да бір ұлттық код. Ол біздің ұлттық жадымыздағы бір түйсіктерді оятып, біраз дүниені есімізге түсіруі мүмкін. Бірақ жалпы ұлттық деңгейде қолдану үшін латын ыңғайлы.

Дегенмен руна жазуымен біздің түркі жазуларының астары бірлесіп кете алады. Себебі латын әліпбиі көптеген ғалымдардың айтуы бойынша, мысалы, Нью-Йорк университетінің профессоры Лариса Бонфанте бір тармағы етруск жазуынан шығады дейді. Бұл да көне заманнан жеткен тамырластықтың бір белгісі. Түркілердің сонау Скандинавияға дейін немесе Саксонияға – қазіргі Британияға дейін, тіпті Римге дейінгі жерді алғандығы, оның арғы жағындағы прототүріктердің бүкіл қазіргі Еуропамен аралас-құралас жасағаны белгілі.

Ал грек жазуымен қатар дамыған латын әліпбиі кейін түркілердің мол мұрасын сақтаған, бүгінге дейін жеткізген әліпби ретінде белгілі. Мысалға батыс түркілердің энциклопедиялық мұрасы ретінде есептелетін «Кодекс куманикус» осы әліпбиде жазылған. Сол сияқты, кезіндегі Дешті қыпшаққа қатысты біршама дүниелер латын арқылы жетіп отыр. Бұның өзі 1926 жылы Баку түркология құрылтайында латын әліпбиін түркі әлемінің ортақ әліпбиі ретінде таңдауға жол ашты. Ғалымдарымыз 1990 жылы осы латын әліпбиін ортақ әліппе ретінде қолдануды ұсынды. Ал түркологияда қазір де, Кеңес үкіметі тұсында да түркологтар көне бітік жазуымен таңбаланған жазуды транскрипциялағанда осы латын әліппесі арқылы таңбалайды. Бұл деген сөз латын әліпбиі біздің дыбыс жүйемізге, фонетикамызға ең жақын әліпби екенін білдіреді.

Демек латын әліпбиі — қазір әлем халқының 80 пайызы ақпарат алатын әліпби. Мұны бір алып мұхит десек, сол мұхит біздің тілімізге қызмет ететін болса, бұл да біздің тіліміздің мәртебесін биіктете түседі ғой деп ойлаймын. Оның үстіне, түркі әлемінің көпшілігі осы латын әліпбиін пайдаланады. Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан және батыс түркілерінің барлығы да осы латынды қолданады. Бұл тұрғыдан алғанда оның түркі әлемін біріктіре, тұтастыра түсері анық.

Біз үшін бітік жазуы ол — тарихымыз ретінде ұлықталуға тиіс. Ал латын әліпбиі – бізді әлемдік өркениетпен жалғастыратын болашағымыз.

— Елбасы да өз сөзінде латын әліпбиіне көшу арқылы шеттегі түркі тектілермен рухани жақындаса түсеміз деген болатын. Ал Қазақ елінің латын әліпбиіне көшу мәселесін түркі әлемі қалай қабылдап жатыр?

— Әрине, біздің елдің бұл қадамын барлығы қуана қабылдап отыр. Бірақ, оның қандай форматта болатындығына байланысты. Қалай болғанда да қазір латын әліпбиі арқылы тілдің жақындай түсетіні анық. Мысалы, бүкіл жәдит қозғалысының жолбасшысы атақты Исмаил Гаспиринский «Тәржіман» деген газет шығарды. Ол Стамбулдан Сібірге дейінгі аралықта бүкіл бауырлас халықтар арасында оқылды. Қазақ халқының арасында да бұл газет кеңінен таралды. Абайдың өзі осы газетті оқығандығы туралы дерек бар, Шәкерім, алаш арыстары «Тәржіманды» оқыды.

Неге ол ортақ болды? Себебі ондағы таңба ортақ болғандықтан, сөздері әр түрлі болса да, әркім оны өзінше оқып алды. Мысалы қытайда тілдер әртүрлі, бірақ иероглиф бір болғандықтан, иероглиф арқылы бірін-бірі түсінісіп отыр.

Кезінде кеңестік лингвистер криллицаны біздің түркі халықтарына әртүрлі етіп жасап берген. Мысалы қарақалпақ пен қазақтың тілі бірдей, бірақ қарақалпақша оқығанда сіз басқаша оқисыз, басқа тіл сияқты. Сол секілді татар тілі мен қазақ тілінің арасында жазылуы басқаша болды. Қырғыздардың «қ»-сын жойды. Бұл жағдай 70 жылда бауырлас елдердің тілдерін ақырындап ажыратты. Ал латын әліпбиі түркі тектестерге, жалпы әлемге ортақ әліпби болғандықтан оның негізгі ережелерін меңгеретін болсақ, тез сөйлеп кеткен кезде бір-бірін түсіне алмай қалған бауырластар хатқа түскен таңбаның не туралы екендігін түсініп, ұғына бастайды, сол арқылы тілдік жақындық та қамтамасыз етіледі.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Онда қазақтың рухани мұрасын тағы бір түгендеп, бастауымызды анықтауға мүмкіндік туып отыр. Осы ретте біздің түркі тектес елдерден өз руханиятымызды түгендеу үшін алатын қандай мұрамыз ба?

— Түркі әлемінің тамыры бір болғандықтан, ортақ құндылықтарымыз, асыл қасиеттеріміз де ұқсас болуы заңды. Сондықтан, жалпы бір-бірімізден алатын, үйренетін дүниеміз көп. «Алмасаң, бермесең – сарт боларсың, бармасаң, көрмесең – жат боларсың» дейді халқымыз. Алыс-берісіміз, ауыс-түйісіміз жиі болып тұрса, біріміздің ұмытқанымызды біріміз толықтырып отыратынымыз анық. Мысалға қазақтан алары көп ағайындар бар, біздің де кейбір бауырластарымыздан толықтырар тұстарымыз жоқ емес.

Мысалы тарихымызға қатысты нақты тоқталар болсақ; Біз тарихымызды түгендегенде көбінесе жыр-дастандарымызға сүйенуіміз мүмкін. Немесе аңыз-әпсаналарға, көбінесе халық арасындағы деректерге сүйенеміз. Ал енді бір көз жүгіртер болсақ, «Манас» дастанында қазақтың тарихы тұнып тұр. Онда қазақ пен қырғыздың қалай бірге жүргені, қалай бірге соғысқаны, Көкше батыр мен Манастың қалай бірге тізе қосып жорыққа аттанғаны, қазақ пен қырғыздың Алаш ұраны астында бірге қалай ел болғаны, барлығы да сол жырда айтылған. Бірақ біз «Манас» жырын тарих бойынша дереккөзі ретінде пайдаланбаймыз.

Тағы бір мысал келтіретін болсам, Әзербайжанда «Қазақ» деген аудан бар. Бұдан жүздеген жылдар бұрын негізі қаланған Дешті қыпшақ кезеңінен қалған аудан. Атауы да бізбен түбірлес екені белгілі. Ал сол жердің кәдімгі құрты біздің елдің құрты секілді, қоржыны да біздің қоржынға ұқсас, онда да ақындар айтысы өтеді. Адамдары да Әзербайжанның басқа өңірлеріндегі адамдарға ұқсамайды.

Мысалы қазіргі «Ертұғырыл» фильмін қарап отырып біздің есімізге көптеген тарихи оқиғалар түседі. Сонау Дешті-қыпшақ даласы, Оғыздар дәуірі жаңғырады. Ал осы фильмге арқау болған «Дәдә Қорқыт» жырында кейіпкер Бамсы батыр, бізде Алпамыс батыр бір жерде Қазығұртта жүрсе, бір жерде Әзірбайжан жерінде, бір жерде тағы басқа өлкеде шайқасып жүргені суреттеледі.

Тағы бір мысал, жақында Моңғолиядан ғалымдар келді. Барлығымыз білетіндей Алтын орданың 750 жылдығы жақындап қалды. Ал Алтын орда тарихын моңғол ғалымдарының араласуынсыз түгендеу қиын. Себебі Алтын орда тарихының бір бастауы сол Моңғол жеріндегі Бұрқын Қалдунда, Өтүкен мен Керуленде жатыр. Онсыз біздің көк түріктер мен Алтын Орда тарихын түгендеуіміз қиын. Сол сияқты моңғолдар да түркі халықтарымен араласпай өз тарихтарын түгендей алмайды. Рашид-ад-диннің кітабынан бастап, көп мұралар қазір түркі елдерінде сақталған. Сондықтан көп жағдайда біз өз тарихымызда бауырлас халықтармен бірлесе отырып түгендей аламыз.

Демек біз осы түркі әлеміне ортақ тарихымызды түгендеуде, сол түркі халықтарымен тереземіз тең отырып қана жұмыс жасауымыз керек.

— Бұл жағдайда қазір бауырлас халықтармен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыс бар ма?

— Түркі академиясы осы бағытта бір ізгі істі аяқтады. Ол – түркі әлемінің ортақ тарихы. Қазір біз сондай ортақ ұстанымға жол ашып, мәмілеге келіп, ортақ тарихымызды жасадық. Осылайша, Елбасының бастамасы бойынша басталған жұмыс аяқталды. Оның сыртында археологиялық қазба жұмыстарын да ортақ жүргізіп жатырмыз. Ортақ экспедициялар жасап, рухани жаңғыруымыз үшін рухани құндылықтарымызды түгендеуде бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Себебі бізге дейінгі мұралардың көбі түркі әлемі тарихына ортақ.

Жалпы менің ойымша, рухани жаңғыру аясында, «Ұлы дала», «Мәңгілік ел» ұғымдары өз арнасын тағы да кеңейте түседі деген ойдамын.

— Жаңа айтқан ортақ тарих мәселесіне кеңінен тоқтала кетсеңіз?

— «Ортақ түрік тарихы» оқулығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша жазылды және ол көне замандардан XV ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аралықты алудағы мақсат – бір кездерде дәуірлеген, Еуразия кеңістігінде мемлекеттер құрған ұлы тұлғалар жетілдірген ортақ мақтаныш болатын кезеңдерді көрсету. Ол жерде белгілі бір ұлттардың немесе мемлекеттердің аттары аталмайды. Барша түрік халықтарына ортақ оқиғалар, мұралар, мемлекеттер туралы сөз болады. Сондықтан бұл алғашқы кітапты біз оңай дайындадық деуге болады. Бұл оқулық түрік, қырғыз, әжербайжан, қазақ, орыс тілдерінде әзірленді. Біз археологиялық қазба жұмыстарымен, белгілі үлкен ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде қол жеткізген ешқандай талқылауға келмейтін, тайға таңба басқандай нақты дәлелденген ақиқаттарды ғана бердік.

Таяуда академияда мүше мемлекеттердің мамандары жиналып, осы кітапты бекітті. Енді алдағы Саммитте мемлекет басшылары мақұлдаса, оқулық мектептерге енгізіледі.

Қазақстанда, бауырлас елдердің бастауында, Мағжан айтқан «қарашаңырақта» әзірленген бұл оқулық та – Түркі дүниесінің жаңғыруы, Түркі дүниесінің ұлттық кодтарының оянуы, ұлттық жадының жаңғыруы. Осы арқылы біздің қасиетті жерлеріміз, үлкен тұлғаларымыз, ортақ мәселелеріміздің барлығы жас ұрпақтың бойына берілетін болады. Мысалы Ұлы даладағы мемлекеттер қазақ жерінде ғана емес, бүкіл түркі елдерінде болды. Сондықтан осы түсінікпен оқыған біздің жас буын нағыз рухани жаңғыруға қадам басады ғой деп ойлаймыз.

— Істеріңізге сәттілік! Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.