Бабы бұзылған жүйрікты қайта баптау әдісі
(Жалғасы. Басы мына жерде)
Жүйрік аттың шаппай қалудағы кінәрат, себептеріне талдау жасап көрейік. Мұнда көрнекті сыншы Мінайхан Тотайұлы былай дейді:
— Бірінші – бабында қатырылмаса, екінші – қызылмай болса, үшінші – еті ауыр, қалың болса, төртінші – еті төмен, арық болса, бесінші – аяғына көз түскен болса, алтыншы – тас басып, тұяғы жетілмей қалса, жетінші – құрт болса, сегізінші – кенезең болса, тоғызыншы – қаны бұзылса, оныншы – зорыққан болса, он бірінші – аяғына жем түскен болса, он екінші – тер қатып, үсінген болса аттың бабы таяды. Мұндай атты қанша баптағанмен жүгірмейді. Бабына да келмей қояды. Бұл жағында аттың кінараты шаппай қоюдағы себептері осы.
Ат баптаудағы құнды тәжірибелерін жинақтаған көрнекті сыншы Мінайхан Тотайұлы былай дейді:
— Ұлтымызда атбегілері мен құсбегілері ішітар, қызғаншақ болады. Құсбегілер де құс баптаудағы сырын бір-біріне айтпайтыны сияқты, атбегілер де жақын адамы болмаса, өзі байлап, баптап бермесе, сырын басқаларға айтпайды.
Қояберіп ұстау.
Әуелі атты қыстан күйлі, құр шығару керек. Қыстан құр шығарған атты маусымда бір ай көк шалғынға қояберіп, ескі етін жайдырады. Осыдан кейін шілденің 10-ы шамасында ұстап алып, сол күні таң асырамын. Үш күнге дейін суармай, ішін тарттырып, тезегін құрғатамын. Үш күннен кейін арқасын күнге шалдырып, сағат 9-10 мөлшерінде бастауға апарып суарамын. Мұнда су ішіп тұрып, басын бір көтерген соң, судан тартып, тақыр, тасты жерге екі де үш сағат арқандап, одан кейін негізінен күндіз көлеңкеде байлаймын. Түн баласы жайлысы тістеме шалғынның орнымен тақыр дөңге арқандаймын. Жоғарыдағы суару бір апта жалғасады. Ат қашанғы ішін тартқанша осылай істеймін. Күнделік тоқым салып, ертелі-кеш мініп тұрамын. Он күн мөлшерінен кейін ер салып мініп, күнделік бусандырып отырамын. Осыдан кейін бір апта айналасында мінген соң ат ішін тартып, жұмырлана бастайды. Мөлшері 15 күн шамасы болғанда көбік терін аламын.
Көбік терін жабулап алуға да болады. 6-7 км жерге қатты шаппай, желдіртіп, текіректетіп, терлетіп келген сәтте жылы сумен жуып, күн желемік болса жабулап, күн ыстық болса, тер кепкенше су кепкенше күнге қойып, одан кейін демалдырамын. Аунатып, терін құрғатамын. Ол күні түнде жабумен тақыр жерге не дөңге, қыратты жерге арқандаймын.
Мөлшері 25 күн шамасы болғанда май терін аламын. Мұнда 7-8 км жерге тоқым тартып, ресми шаптырамын. Тоқым тарту себебі май тері шыққанда тоқымның жиектерінен айғызданып сыртына май шығады әрі май тері шымқай қара емес, тоқымға сәл сарғыштанып жұғады. Міне бұл май тері.
Май терін шығарып келген соң 20 минут шамасында жетелеп демалдырып, ат ентігін басқан соң, тағы да жылы сумен шөткілеп жуып, өнебойындағы қара қоңыр дақ терді кетіремін. Бұл күні түнде тақыр жерге арқандаймын. Жабулаудың алдында атты аунатып, терінің қалдықтарын сүртемін. Осымен аттың май тері алынып болады.
Қара терін алу. Май терін алып, 5-7 күннен кейін 9-10 км жерге тоқым тартып шаптырамын. Бұл шыққан терді «қара тер» дейді. Ат ентігін басқанша жетелеп, демін алған соң тағы да жылы сумен шөткілеп, бүтін денесін жуып, терін тазалаймын. Тағы аунатып, жабысқан тер болса сүртемін. Бұл күні де жабулап, тақыр дөңге немесе тістеме көкке арқандаймын.
Осылай етін қатырумен бірге терін де алып отырамын. Осы бір ай ішінде еті де қатып, тері де алынып болады. Тер алу барысының бәрінде қалыпты суарып отырамын. Суды өте көп ішсе, қайтадан көкқарын болады.
Атты бір ай қатырғаннан кейін еті қатқан аттың тезегін ашып көремін. Тезегінің арасы сәл дымқылданып тұрса болды.
Одан кейін шыққан тердің дәмін татып көремін. Татқанда ащы дәмі болса, әлі де біраз тердің барлығы. Міне жүріп терлетіп, жуып терін кептіремін. Тұнық су тақылетті болса, тердің әбден алынып болғаны. Тері алынып болған ат жүні тікірейіп, сипағанда бордағы қолға жұқпай, жылтырап тұрады. Осылай бабы келгенде ат құйрығын денесіне тигізбей сәл көтеріп тұрады.
Жалғасы бар.
Бекзат Құрмашұлы,
mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)
Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай
Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?
ФОТО: Жеңіс Ысқабай
[…] Бабы бұзылған жүйрікты қайта баптау әдісі […]
[…] Бабы бұзылған жүйрікты қайта баптау әдісі […]