Үкімет үнсіз. Жұттан жүген ұстап қалуымыз мүмкін

2711

Елде – Жаңаарқада жүрмін. Арқада, оның ішінде Жаңаарқа ауданында құлақ естіп, көз көрмеген (мен туғалы) жұт болып жатыр, ағайын.

Кеше өзім өсіп, ержеткен Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылында болып, өз көзіммен көрдім, жылқы жарықтық қырылып жатыр, қырылмағаны әбден арып, тулаққа айналған. Түртіп қалсаң – құлағалы тұр. Құлағаны тұрмайды – пышаққа ілінеді. Биелер тегіс құлын тастаған. Тұтас үйірлер жоғалып, із-түссіз кеткен.

Мал баққан, оның сүмесіне қарап отырған елдің еңсесі түсіңкі. Жем-шөп жетпейді. Жылқы қолға қараған соң – елдің шөбі түгесілуге таяу. Шөп бағасы шарықтап кеткен, тоннасы 120 мыңға жеткен! Бұған қайрат қылып жатқан өкімет жоқ. Естуімше, билік малдың жұтқа ұшырауын халықтың өзінен көруде. Халық өлген малын дәлелдей алмауда. Себебі, әр жылқы есепке алынып, чип салынуы керек екен, әр малды паспорттау керек көрінеді. Қысқасы, өкіметтің позициясы –малдардыңды дұрыс бақпаған, жұтқа дайындалмаған өз обалдарың өздеріңе дегенге саяды.

Баяғыда, Кеңес үкіметі кезінде мұндай ауыр қыстарда ел ішіне жоғарыдан уәкілдер шығып, мәселенің мән-жайын көзімен көрген соң, үкіметке баяндап, сонан соң төтенше жағдай жарияланып, жұт зардаптарын жоюға нақты шешімдер қабылданып, оны жүзеге асыруға арнайы құрылған арнайы штабтар жедел іске кірісетін. Бұған күллі республика жұмылдыратын, тіпті Теміржол, көлік қатынастары министрлігі облыстардан жем-шөп тасуға арнаулы вагондар мен жүк көліктерін бөлетін. Қазір мұның бірі жоқ. Үкімет өлмесең өмірем қап дегендей, тым-тырыс, үнсіз. Бұл жөнінен бұл 1929-32 жылдардағы ұлы ашаршылықта халық аштан қырылып жатқанда «Қазақстанда бәрі жақсы, тек Совет үкіметіне қарсы байлар малдардын әдейі қырып жатыр» деп, Мәскеуге жалған ақпар жөнелтумен болған Голощекин басқарған үкіметтің сұрқиялығын еске түсіреді.

Кәрі құлақтардың айтуынша мұндай ауыр жұт арқада 1968-1969 жылдары, ескіше Мешін мен Тауық жылдары болған. Айырмашылығы – 1968-1969 жылдардағы жұтта апталап боран соғып, 30-40 градустық аяздар бір ай бойы тұрып алған. Биылғы жұтта боран соңы жаңбырға оның соңы қатты аязға ұласқан. Жаңа сырттан келдім, теріскейден шығып алған өкпек, ызғарлы жел өңменіңнен өтеді. Жылқы баққандар біледі, бұл әбден арыған, әлжуаз жылқының түбіне жететін нағыз жұттың желі.

Бала кезімде небір ауыр жұттарды көрген қариялардан естіп едім. Жұттың ең ауыры қоян жылдарына келеді. Оның ішінде ақ қоян, көкше қоян, тықыр қоян т.б. түрлері болады. Соның ішінде ең ауыры – ақ қоян жылғы жұт деп. Өздері оның қай қоян екенін айырып, түстеп танып отыратын. Ол кезде бала болдық, қариялардан бұл ілімді алып қала алмадық. Сол себепті биылғы жұт – қай қоян жұты екенін түстеп тани алмаймыз. Әйтеуір елге өзгеше сұрапыл ауыр жұт тиюде. Сосын сол көнекөздер айтушы еді: «Қоянның кіруінен, шығуы ауыр болады» деп. Кеше ауылдағы Жұмағали бөлем: «Интернеттегі ауа райын қарадым, 15 наурыздан бастап, бір апта жауын жауады деп тұр. Онда мына жылқылардың бәрі қырылады. Қазірдің өзінде бауырлары ісіп кеткен», – дейді. Өзі жығылып, тұра алмай қалған көтерем тайын сойып әлек.

Егер шынында да наурызда Арқада жаңбыр жауар болса, ел жүгенін ұстап қалмақ. Мұның соңы елде мал шаруашылығының күйреуіне әкеліп соқпақ. Алайда мен бұған бас ауыртып жүрген мал шаруашылығы басшыларын көрмедім. Себебі ауданда мал шаруашылығының басшысы – юрист көрінеді. Жаңа ғана аудан орталығында бір үйде өткен бас қосудан келдім. Шарасыз жұрт «Юрист – мал шаруашылығының жайын қайдан білсін» – деп қолын жаяды.

Қысқаша баяндамасам, аудандағы ахуал осындай – өте күрделі! Басқа аудандардан әзірге нақты ақпаратым жоқ. Әйтсе де осынау ахуал тұтас Ұлытау облысына тән көрінеді.

Ел азаматтары, журналистер, Ұлытау облысына, әсіресе, Жаңаарқа ауданына Үкіметтің назарын аудартып, төтенше жағдай жариялауға күш-қайрат қылыңыздар! Биліктің айтқанына сенбеңіздер! Олар елдегі жағдайды бүркемелеп, жоғарыға нақты жағдайды баяндауға жүрексініп отырған сыңайлы. Мен әлі ауданда боламын.

Алматыға барған соң, осынау ауыр жұтқа байланысты мақала жазып, Үкіметтің, қоғамның назарын аудармаққа ниеттемін. Әйтпесе, мынау шын мәнінінде боп жатқан сұмдық! Жаңаарқа ауданын кейінгі 56 жылда болмаған ауыр жұт жайлауда!

Жаңаарқа ауданындағы ауыр жұтқа байланысты жазбама орай аудан әкімі Қанат Қожықаев мынандай жауап жолдапты.

Әкімнің жауабы:

Құрметті Ерлан Төлеутайұлы!

Сіздің жазбаңызбен толық танысып шықтық. Ең біріншіден, елдің жай-күйіне білдірген алаңдаушылығыңыз бен мал иелеріне деген жанашырлығыңыз үшін ризамыз. Қыс соңында орын алған қиыншылықтармен толық таныспыз. Бұл бағытта аудандық штаб құрылып, тиісті мекемелер, кент, ауылдық округ әкімдері мен кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен бірлескен шаралар қолға алынуда.

Шығынға ұшыраған мал санын анықтау, шаруа қожалықтарына жылқыларды тиісті орындарға жеткізіп алу үшін материалдық-техникалық көмек көрсету, жем-шөп бағасын тұрақты ұстап тұру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта далада табылған жылқылардың иелері анықталмауда.

Өзіңіз көтеріп отырған мәселе – Кеңестік кезеңде осындай жағдайда мемлекет тарапынан үлкен күш салынғаны рас. Дегенмен, ол уақытта мал толығымен мемлекеттік меншікте, яғни, ортаның малы болып табылды. Соған сәйкес, тиісті шаралар қабылданды. Қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Жылқы малы толық жеке меншік иелерінде. Сондықтан, оларды базаға тіркеу, жем-шөп қорын даярлау, олардың бағылуын ұйымдастыру мемлекеттік орган құзыретіне кірмейді. Жем-шөп шығынын қайтару үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да әркім арнайы жүйеге (базаға) кіріп, электронды қол қою арқылы, жергілікті әкімдіктің қатысуынсыз сұраныс бере алады.

Шөптің тоннасының бағасы 120 мың деген дерек негізсіз. Қызылорда мен Шымкент жақтан жоңышқа жеткізіліп, сатылуда. Аудан ішінде шөп қоры бар, шаруашылықтар тоннасын 35-60 мың аралығында сатуда. Кебек қоры жеткілікті. Олар әр пунктте қабы 1350-1450 теңгеден сатылуда. Аудан әкімдігі жем-шөп бағасын көтермеу үшін кәсіпкерлермен келісімге келу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жалпы, Жаңаарқа ауданында агроөнеркәсіптік кешенінде 12 ЖШС, 987 шаруа қожалықтары жұмыс жасайды.

2023 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен бекіткен ережесіне сайкес, талапқа сай келетін шаруа қожалықтарына облыстық бюджет есебінен ауданымыздың 584 шаруа қожалығына жем-шөп шығынын өтеу үшін барлығы 749 млн. 294 мың теңге көлемінде субсидия берілді.

Жаңаарқа ауданында қарасты шаруа қожалықтарына субсидия үлестіруді Ұлытау облысының ауыл шаруашылық басқармасы жүзеге асырады. Ол үшін “EGov” электронды үкімет парталы арқылы өтінім беруге болады.

Менің жауабым:

ҚАДІРЛІ ҚАНАТ ҚОЖЫҚАЙҰЛЫ!

Алдымен, менің жазбаммен танысып, оған пікір білдіргеніңізге ризашылығымды білдіремін. Елге келген жұттың (мұны жұт деп мойындау керек) жайын көріп бей-жай қарап отыра алмадым. Аудан тұрғындарымен сөйлесе келгенде аңғарғаным – екі жақтың: жергілікті билік пен мал иелерінің өз шындығы бар екен. Халық билікті, билік халықты кінәлайды. Бірақ бұл мәселені шешудің жолы емес. Екі жақ та жұттың алдын алу шараларына кеш кіріскендіктен, дер кезінде қимылдамай, мал басын аман сақтап қалуға болатын бар мүмкіндікті жіберіп алған. Қандай шара қолдансаңыздар да енді кеш. Себебі жылқыларды көрдім, малдың кетеуі кетіп қалған. Ауыр да болса айтайын, енді наурыз айының ортасына қарай, әбден тұралаған, бойын суық алған жылқы малы жаппай қырыла бастайды. Кеше көрдім, қолға қараған жылқылардың алдына шөп пен кебекті төгіп қойған. Бірақ арық жылқылар оны жей алмай, құлап жатыр. Өйткені бойынан күш кеткен әлсіз жылқы жеген шөбін қорыта алмай өліп жатыр. Себебі малдың бойында жеген азығын қорытатын күш-қуат жоқ. Мен малдың ішінде өскен адаммын, сондықтан мұның сырын бір кісідей білемін. Осы қазір әкеммен әңгімелесіп отырмын. Әкем ұзақ жылдар бойы бас мал дәрігері болған жоғары білімді маман. Ол кісі де Кеңес кезіндегі жұттарды айтып, өзінің көргендерімен бөлісіп отыр. Ол кісінің айтуынша, күші кетіп, әбден жүдеп, тұралаған малды аман сақтап қалу қиын.

Тағы бір байқағаным, атқамінерлер (бұл барлық аймақтарға ортақ жағдай) бұл мәселені ішінен білмейді. Ал білген маманға еліміздің мал шаруашылығында қордаланған проблема шаш-етектен. Бұл проблемаларды жүрдім-бардым, ат үсті шешуге әсте болмайды. Мұны тек кешенді шаралар қолдана отырып, бірнеше жылдың ішінде шешуге болады. Бірақ мұны шешуге Үкімет, оның ішінде Ауыл шаруашылық министрлігі құлықсыз. Себебі Министрлікте елдің ішінен шыққан мал шаруашылығын бүге-шігесіне дейін білетін мамандар жоққа тән. Мәселен сіздің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарыңыз юрист көрінеді. Сонда юрист мал мәселесін, оның ішінде жұт проблемаларын қалай шешпек? Сонда Жаңаарқа сияқты малды ауданда ауыл шаруашылығын басқаруға бір арнайы білімі мен еңбек тәжірибесі бар бір білікті маманның табылмағаны ма? Осыған қайранмын.

Ал енді шөптің тоннасы 120 мың теңге дегенге келейік. Кешелі-бүгінді бірнеше мал иелерімен сөйлестім. Айтуынша, олар шөптің әр рулонын 20 мың теңгеден сатып алуда. Ал әр руллон 200 кг тартатын көрінеді. Яғни 5 рулон шөп – 1 тонна. Бұл – 100 мың теңге. Алайда кей рулондар 200 кг жетпейді, ішінде тіпті 150 кг тартатын жалған рулондар кездесетін көрінеді. Сонда орта есеппен бір тонна шөп 120 мыңға шығады дейді мал иелері. Мен бұл сөздерге сенемін. Өйткені алыпсатарлардан мұндай қиын-қыстау сәтте бәрін күтуге болады.

Қадірлі Қанат Қожықайұлы!

Әзірше менің айтарым осы. Алматыға барған соң елдегі жұт жайын, басқа да проблемаларды кеңірек жазамын деген ойдамын. Өйткені көзіммен көрдім, мал баққан елдің жағдайы аса мүшкіл. Көріп жаным ауырды. Өйткені мен осы елдің азаматымын. Туған елімнің жетістігін көрсем, қуанамын, кемшілігін көрсем, жаным жабырқайды. Әрине, сіз мені танымайсыз, өйткені сыртта жүрген мен сияқты елдің азаматтарымен байланыстарыңыздың жоқ екені белгілі. Сол сияқты мен де сізді тек сырттай білемін. Сондықтан жеке басыңызға деген бөгде пиғылымның жоқ екенін де жеткізгім келеді. Жерлестеріміздің аузынан сіз туралы келеңсіз әңгімелер естіген жоқпын. Оған әрине, қуанамын. Тек мына жұт елге қиын боп тұр. Сіз басқарып отырған аудан басшылығы жұт зардаптарын жоюға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырады деп сенемін. Лайым сол күнге жеткізсін! Ел аман болсын!

Жаңаарқа ауданындағы болып жатқан жұтқа сенбей жатқандар үшін мына фото-видео айғақтарды жариялап отырмын.

Ерлан Төлеутайұлы,

Argymaq.kz

Айтпақшы, жылқы жұтап бара жатқанын, оған үкіметтің жұмған аузын ашпай отырғанын бұған дейін де бірнеше рет жазған болатынбыз.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!