Талғат Жайсаңбаев. Түркістандағы андалуз аттары немесе Қостанай жылқысының тағдыры
Қостанай жылқысының тұқымы туралы Республикалық зауыттық жылқы тұқымдары палатасының Президенті Талғат Жайсаңбаевпен әңгімелескен едік.
— Талғат аға, Қостанай жылқысының тарихынан бастайықшы әңгімені.
— Жақында Түркістанның тұсаукесері кезінде Испаниядан 18 андалуз тұқымды жылқы Қазақстанға әкелінді. Бұл аттар шоуға қатысып, қазақ көшпенділерінің атқа міну өнерін ұсынды, шоуды өз ісінің керемет шебері, француз Марио Люраши басқарды. Мен бұл кісіні құрметтеймін, оның өнерін көптен бері сүйсініп тамашалап жүрдім. Маған андалузиялық аттар өте ұнайды – әдемі, жылдам – Испания селекциясының мақтанышы…
Осыны көріп отырып, маған мынадай ой келді. «Біздің елде шынымен өзіміздің тұқым қалмады ма? Неге біз түріктердің ежелгі астанасын таныстыруға қазақ болып киінген француздарды шақырдық? Неліктен біздің бәйгелерде ағылшынның таза қанды асыл тұқымды жүйріктері алаңға шығады? Неге біздің конкур алаңдарда немістің ганновер тұқымы секіріп жүр? Ал көкпарымызда неге Ресей мен Қырғызстанның аттары ойқастайды?»
Қазақстандағы жылқының жалпы саны 3,1 миллионнан асатын оптимистік статистикасы үлкен бір мәселені жасырады. Өзіңіз білетіндей, Қазақстан Республикасында жылқының басым бөлігі өнімді типтерге жатады. Басқа тұқымдар мен типтерге жақсартқыш ретінде қызмет ететін зауыттық жылқылар, болжам бойынша, Қазақстан Республикасында 70 000 бастан аспайды. Сонымен бірге еліміз бойынша зауыттық жылқы ретінде тек бір ғана отандық тұқым – Қостанай жылқысы тіркелген.
Тұқым 1889 жылдан бастап 60 жылдан астам уақыт бойы шығарылып, 1951 жылы бекітілді. Статистикаға сенер болсақ, 1990 жылы бие саны – 423 бас, 329 құлын барын байқаймыз. Ал осы 1990 жылы 118 бас жас жылқы әрқайсысы 7127 кеңес рубліне баланып сатылған. Сатылымнан түскен табыс 56% құрады.
2001 жылы «Заречное» Қостанай ОФХ негізінде жылқы тұқымын асылдандыру орталығы «Қазақ тұлпары» РМК құрылды (кейінірек жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналды). OPH активтерін жаңадан құрылған ұйымға беру кезінде зауыттың мал шаруашылығында элита жылқыларының 300-ден астам аналығы және олардың төлдері, 47 айғыр бар еді.
— Қостанай жылқысының жетістіктері қандай еді?
— Кеңес заманында одақтас республикалардың барлық тұқымдары КСРО ипподромдарында сыналған кезде, Қостанай тұқымы ең жақсы нәтиже көрсетті. Спорттық бағытта қостанайлық аттар да олимпиадалық бағыттағы спортшылардың құрметіне лайықты болды. Әрине, Қостанай жылқысына сұраныс жоғары болды және сатылымдағы кірісі 56% құрағанын жоғарыда айттық.
— Нақты бірнеше атты атап бере аласыз ба мықты өнер көрсеткен?
— Әрине, айтып бере аламын. Сол кездегі Қостанай жылқысы – жан-жақты атлет болды! «Зевс» аталық ізінің өкілдері жегін бағытында еді. «Зевстің» өзі – Алматы ипподромының жүк сүйреу бойынша рекордының иегері. Ол 456 кг сүйреген болатын. Ал «Неон» ұрпақтары бәйгеде және ұшқыр бәйгелерде сәтті өнер көрсетті. «Турбина», «Красноармейск», «Трастид», «Запад» есімді жүйріктер неміс аттарынан еш кем түспейтін, конкурда өте жақсы өнер көрсетті. «Қостанайлықтардың» кең танымалдары – «Заказ», «Билетер», «Гостинец».
Мысалы, «Билетер» (Биограф-Триада) — 1971 жылы туған құлын. Ірі тұқымды айғыр, көптеген дәстүрлі сыйлықтың иегері. «Билетер» барлық шабандоздың ауызында аңызға айналған. Ол 1974 жылы 2000 метрдегі ең жылдам уақытын жасады – 2 минут 09 секундта мәре сызығын кесті. Ол өлген соң, Қостанай тұқымының лайықты ізбасары ретінде, Қостанай ауылшаруашылық тәжірибе станциясына жерленді.
Ал «Гостинецке» келер болсақ (Тустеп-Гаспра) – 1970 жылы туған торы құлын еді. Ол ипподромда жақсы өнер көрсетті. Қостанай жылқылары арасында 1973 жылы Пятигорск қаласында өткен Бүкілодақтық жарыста ең жақсы нәтижеге жетті.
«Заказ» (Закон-Фауна) – 1971 жылы туған жирен құлын еді. Еңбек қабілеттілігі жағынан Қостанай жылқысының ішіндегі ең жақсыларының бірі. Оның жүйректігі «Билетерден» де асып түсті. 1977 жылы ол 2000 метр қашықтықты 2 минут 07,5 секунтта бағындырды. «Заказ» 1976 жылғы маусымда 9 старттың 5-ін жеңіспен аяқтап, ең үздік деп танылды. 1979 жылы 8 жасында «Заказ» Ростов-на-Дону қаласында Бүкілодақтық жарыстарға қатысты. Сәтті жарыс жолынан кейін ол «Алма-Ата» колхозына тұқымдық-өндіруші ретінде үйірге жіберілді.
— Осындай жетістікке жеткен Қостанай жылқысын қалайша әлсіретіп алдық?
— «Қазақ тұлпары» ЖШС құрылғаннан кейін зауыт жағдайының біртіндеп нашарлауы басталды. Жас жылқылардың сапасы төмендеуі біліне бастады. Әрине, сапаның төмендеуі – оларға деген сұраныстың азаюына әкелді. Нәтижесінде жылқы санының азаюы және жалпы олардың деградациясы байқалды.
2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша «Қазақ тұлпары» ЖШС асыл тұқымды жылқы зауытында саусақпен санарлықтай-ақ жылқы қалды. 2 – тұқымдық-айғыр, 31 – бие және әр түрлі жастағы 27 жылқы қалған екен.
Біздің ойымызша, тұқым дамымайды, зауыттық жылқылардың сапасы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді. Демек, бұл жылқылардан шыққан ұрпақ сұранысқа ие болмайды, бұл тұқымның толық жойылуына әкеледі.
— Мынау үлкен мәселе екен. Бұның шығу жолы бар ма?
— Біз министрлікке Қостанай жылқысымен жұмыс істеу тәсілін қайта қарау керек деген хат жібердік. Бірақ, бір ғана асыл тұқымды жылқы шаруашылығын қолдау шеңберінде Қостанай тұқымын сақтап қалу мүмкін емес. Бұған мемлекеттік деңгейде көзқарас қажет. Зауытқа ішкі қызметтерді құру үшін субсидия бөлу қисынсыз. Отандық тұқымға қосымша сұраныс жасау керек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Мысалы неміс спорттық тұқымдары, француз AQPS, араб тұқымы және басқаларының қалыптасу жолында кездескен қиындық бұл.
— Осынша құлдырайтындай «Қазақ Тұлпары» ЖШС неден қате жіберді деп ойлайсыз?
— Себебі көп. Бірінші – зертханаларды іске қосуға және мал басын жаңартуға субсидия алуды жоспарлады. Біз зауыттың «зертханалары» туралы өз пікірімізді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жібердік. Бұл мүлдем қажетсіз, қымбат жабдық еді. Мысалы, ДНҚ талдауға арналған жабдықты орнату қажетсіз.
Біздің түсінігімізде, біріншіден – жұмыс құны қол жетімді болуы үшін талдаулар үздіксіз жүргізілуі қажет. Реактивтерді сатып алу, кем дегенде, 10 сынамадан тұрады. Зертханалық процестерге тапсырыс көп болған сайын, реактивтер арзанырақ болады. Әлемде бірде-бір тұқымның (!) өз зертханасы жоқ. Өйткені тіпті бір тұқымды малдары бар олар үшін – бұл шынымен қымбат. Мысалы, әлемдегі ағылшынның асыл тұқымды тұқымы 220 мыңнан астам, неміс спорттық тұқымдарының 120 мыңнан астам басы бар. Неміс кәсіподақтарының бірінде де, бір федерацияда да, ешкімде де өзінің зертханасы жоқ. Демек бұларға да қажеттілік жоқ деген сөз.
Екіншіден – ДНҚ анализін бірнеше ондаған сертификатталған зертханалар жүргізеді. Әлемде 30-ға жуық зертхана бар. Барлық кәсіподақтар мен федерациялар олармен қызметтік келісімшарт жасайды және оларға ДНҚ үлгілерін жібереді. Зертханалар бұл бизнесті әлдеқашан дұрыс жолға қойған. Әрине, олар тек жылқыны ғана зерттеп отырмайды; мысықтарды, иттерді, басқа жануарлардың анализін жасап қызмет етеді. Осыған байланысты ДНҚ анализінің құны төмендейді.
Үшіншіден – ең бастысы, ДНҚ зертханасында ISAG (Жануарлар генетикасының халықаралық қауымдастығы – Е.Ж.) рұқсат сертификаты болуы керек. Мысалы, біз Чехиядағы зертханамен қызмет көрсету туралы келісімшартқа отырдық. Барлығы сағат тілі сияқты жұмыс істейді. Бір үлгіні талдауға кететін шығын, тіпті жолға кететін 25000 теңгені ескергеннің өзінде, 2-4 апта уақытыңды алады.
Екінші – бір кездері «Қазақ тұлпары» ЖШС-нің крио қондырғыны неліктен сатып алғаны түсініксіз. Қазіргі кезде олар тіпті, осы қондығы үшін мемлекеттік субсидия алғысы келеді. Зауыт жұмысшыларымен әңгімелесу барысында олардың мыңдаған дозалық ұрықты сақтағаны белгілі болды.
— Не үшін сақтаған?
— Оны өзім де түсіне алмадым. Бізде асыл тұқымды тұқымдық-өндіруші айғыр болған емес.
— Жалпы, әлемде ұрық сақтау мысалы бар ма?
— Негізі бар. Бірақ ол әлемге әйгілі асыл тұқымды айғыр болу керек. Нағыз көрнекі тұқымдық-өндірушілердің ұрығын сақтау мысалдары бар. Бірақ бұл сәйгүліктер әлемдік ат спортына өз үлесін қосты. Олар өзі шыққан жылқы тұқымында айрықша із қалдырды. Мысалы, соңғы 40-50 жыл ішінде осындай тұқымдық-өндіруші айғырлардың бірнеше жүзі тіркелді. Жылқы өсірушілер ара-тұра тұқым қорына жүгінеді. Не үшін? Шындығында, бұл өте практикалық маңызы аз.
— Онда қалайша осы тұқымдық-өндірушілердің ұрығы сұранысқа ие болып отыр?
— Оның да бірнеше себебі бар. Бірінші – классикалық спортта қол жетімді құнына байланысты салыстырмалы түрде 20-25 жыл бұрын шығарылған жас өндірушілер ғана қолданылады. Мысалы сол кездегі көрнекті неміс тұқымдық-өндірушілердің ұрығы 100-300 еуроны құрауы мүмкін. Ал белсенді (тірі) өндірушімен жұптасу құны 5000 еуроны құрауы мүмкін. Яғни қарапайым үнемдеу.
Екінші бір себебі – «кәрі» өндірушілердің ұрығы ешкімге қажет емес. Яғни қазіргі кезде спорттық аттың түрі өте қатты өзгерді.
Үшінші себебі – таза тұқымды аталықтардың ұрығы АҚШ-тағы квотерхорс сияқты аттар арқылы танымал. Неліктен? Бір кездері керемет өндіруші Сторм Кэттің (Storm Cat) тұқымы 500 долларға сатылады. Тағы да үнем.
Төртінші себебін айтайын, кейде ғылыми мақсатта өшіп бара жатқан аталық іздерді өндірушілерінің тұқымы ғана қолданылады. Бар болғаны сол.
— Ендеше, жаңағы сіз айтып отырған ДНҚ аппаратын сатып алудың не керегі бар?
— Дұрыс сұрақ. Ешқандай керегі жоқ деуге де болады. Біріншіден, біздің жылқы тарихымызда көрнекті деп санауға болатын бірде-бір тұқымдық-өндіруші жоқ. Сақталмаған. Екіншіден, Қостанай жылқысы – «салқын тұқымға» жатады. Яғни басқа тұқымдардан үнемі қан алу қажет. Олай болса, ұрық сақтаудың мүлдем қажеті жоқ. Үшіншіден, кейбір жетіспейтін белгілерді кез-келген басқа тұқымнан әкелуге мүмкіндік бар.
— Жақсы. Қымбат деп саналған аппараттарды алудың әзірге маңыздылығы жоқ екен. Ал енді, осы Қостанай жылқысының еліміздің жылқы шаруашылығындағы өзектілігін қалпына келтіру үшін тұқымды қалай және қай бағытта дамыту керек?
— Біздің ойымызша, алдымен қай бағытта даму керектігін түсінуіміз керек. Бұл жерде нені айтып отырмыз? Біз зауыттық жылқылармен айналысамыз, ал Қостанай жылқысы – зауыттық тұқым. Өнімді жылқыларда бәрі қарапайым: басты ерекшелігі – ет өнімділігі. Біздікі – күрделі. Сіз жылқы өсірудің қайда бара жатқанын түсініп, көруіңіз керек. Бұл – ХХІ ғасыр.
Біз нарық жағдайында өмір сүріп жатырмыз, зауыттың өнімі (құлындары) сұранысқа ие болуы үшін салт ат заманауи спорттық қажеттіліктерді қанағаттандыруы керек. Зауыттың өмір бойы мемлекеттің мойнында болуы дұрыс емес. Зауыт ақша табуы керек. Яғни, оның өнімі сұранысқа ие болуы керек. Не айтпағымды түсіндіңіз деп ойлаймын.
Сіз спорттың не екенін және оған бүгінгі күні не қажет екенін түсінуіңіз керек. Соңғы 10-15 жыл ішінде жылқының түрі қатты өзгерді. 20 жыл бұрын құнды болып көрінген жылқы қасиеттері, бүгінде қажет емес. Ол кезде мықтылық, ірілік, қарапайымдық бағаланды. Бүгін бізге: жылдам реакциялар, икемділік, ерте жетілу, тез қалпына келу мүмкіндігі қажет.
Қазіргі әлем – мамандар әлемі. Спорт әлемінде тарпаң мен жылқы арасындағы айырмашылық еш жерде, ешкімге керек емес. Оларға бар болғаны жоғары нәтижеге қол жеткізетін және ақшалай сыйлық табатын спортшы керек. Ал, егер сізге тебінге қабілетті жылқы керек болса, онда ол бұрыннан бар – жабы тұқымы.
Спорт жылқысы – ауылшаруашылығында ең жоғары қосымша құны бар өнім. Ал Қазақстанда асылдандыру шығындарын қоса есептегенде (эксплуатациялық шығындар деңгейінде – Е.Ж.) бір жарым жасқа дейінгі төлдің бағасы – 500000-600000 теңге. Ересектері – 700 мыңнан 1,5 млн-ға дейін барады. Операциялық кіріс 30-дан 120%-ға дейін жетеді.
— Біздің мақсат қандай болу керек сонда?
— Жалпы, Қостанай тұқымы шұғыл түрде мақсатты индикаторлары бар қалыпты даму бағдарламасын қажет етеді. Біз оны 10 жылда жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жылқы шаруашылығын дамыту жоспары ұзақ мерзімді межеге құрылу керек. Өйткені жылқының ұрпақ алмасу циклы ұзақ мерзімге негізделген. Мысалы бие жылына бір рет қана құлындайды.
Соған қарамастан біздің ең басты мақсатымыз – бір зауытты қаржыландыру емес, бүкіл ел бойынша тұқымға жасанды сұраныс жасау. Мұны тұқымның барлық түрлерден және аспектілері бойынша сынақтарын ақшалай қаржыландыру арқылы жасауға болады:
— бонитировка;
— Қостанай жылқысына арналған жабық сынақтар;
— Қостанай аттары үшін конкур, троеборье және выездка жарыстарын ұйымдастыру.
— Бұндай сынақтарды өткізуге, болмаса бәйге ұйымдастыруға Қостанай жылқысының саны жете ме? Зауытта небары 48-ақ жылқы қалғанын естідік.
— Бұл – бүгінгі күннің ең өткір мәселелерінің бірі. Яғни бізде қанша мал басы бар екенін түсіну керек. Жоғарыда айтылғандарды іске асыру үшін біз «Қостанай жылқысы» деп санауға болатын барлық жылқыны қамтуымыз керек. Ол үшін бірінші – бонитировка, екінші – қолымызда барды толықтай паспорттау керек.
— Бонитировканы, яғни жылқы тұрқын өлшеуді түсінеміз. Ал паспорттау қалай жүріледі? Қымбат болмай ма?
— Иә, паспорттау, яғни жылқы тұқымының Қостанай жылқысы екенін куәландыру процедурасы объективті түрде қымбат: ISAG зертханасында ДНҚ анализі 25000 теңге болса, палатаның ең төменгі шығыны – 20000 теңге. Палата «Мал шаруашылығы туралы» заңға сәйкес өзін-өзі қаржыландырады. Сондықтан да ол қымбат болып отыр. Осы орайда, менің ойымша, сертификаттау шығындарының кем дегенде 70%-ын жабатындай мемлекет көмегі қажет. Себебі Қазақстандағы асыл тұқым саналатын бір ғана отандық тұқымды жаңғырту жеке меншік иесінің ғана емес, мемлекеттің де назарында болуы тиіс.
— Әңгімеңізге рахмет!