Бір тәулікте 400 шақырым жүрген Құбақұс

1157

(Деректі әңгіме)

Бұл шағын әңгіме Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына қарасты Цэнгэл ауданында өмір сүріп жатқан қарапайым шаруа Матай Сансызбайұлының қаламынан туған. Қоғамдағы, өмірдегі түрлі жағдайларға бей-жай қарамайтын Матай Сансызбайұлы аты шыққан жазушы болмаса да, өмір жолында көрген-түйгенін қағаз бетіне түсіруден жалыққан емес.

Argymaq.kz

1980 жылғы шілде айының орталап қалған кезі еді. Аймақтың[1] 40-жылдық торқалы тойының аламан бәйгесіне жүйрік, жорғаларын жарыстырып қайтқан цэнгэлдік бір топ бапкер Тұрғын өзенінен өтіп, Модонхөшөнің[2] қайқайысына ілінді.

Жорғадан бас бәйге алып, аламанда алдыңғы үште келген сәйгүлік иелерінің көңіл күйі көтеріңкі, дауыстары жарқын-жарқын шығады.

Әртүрлі өңді бұлдан әшекейлеп тігілген кежімді ат жетелеген салтанатты топ, екіден-үштен топтасып шұбалаңқы келеді.

Өзеннен өткен кезде мен алдыңғы топта едім. Жол қайқаңға өрлеген сайын астымдағы аттың аяңы қоюлап, сүрінуі жиілеп, болдырған сыңай танытып, қасымдағылардан біртіндеп кейіндей бастадым. Кезең жолы орталамай-ақ ең соңғы топ мені қуып жетті.

Бұл топта әйгілі бапкер Тұрды қария, Мақымет, Ақым және бірнеше шабандоз бала келеді. Бұлардан да қалып қоймас үшін атымды жиі қамшылап, сарт-сұрт тебініп мен келем.

Тұрдының жетегіндегі үлкен құлажирен ат жол жиегіндегі тарлауды шалып жайылып, жиі тұқырып келеді. Бұл биыл ғана бапталған бітеу ат. Түкеңнің бапкерлік атағын аймақ-сұмынға әйгілеген құла аты егделегеннен кейін, кәнігі бапкер үйде қарап отыра алмай жетелеп жүргендегісі.

Ал Ақымның жетегіндегі кішірек қызыл ат бұл тойда ілгерілемегенімен болашағынан үлкен үміт күттірерлік, көрнекті жас жүйрік. Мақыметтің жетегіндегі құла ат үшінші болып, тізгін ұстатып, көпшіліктің мәртебесін көтерген танымал жылқы.

Тұрды қария менің атымның болдырып келе жатқанын байқап келеді екен:

— Тегі осы өлкенің жылқысы бертінде жабыланып барады-ау. Мына жылқы – деді, менің астымдағы торы атты меңзеп. – Көп-көрім қоңы бар, жуан ат бола тұра, босаңсып келе жатқанын қарашы. Бір кездер сал жеткізіп қайтқанда арық бие, асау байталдарға шыжым-арқанымызды бөктеріп алып, аймақтан түс ауа шыққанда кештетіп Сырғалыға ілініп кетуші едік – деп әңгіме қозғады.

— Рас айтасыз, аймақ пен сұмын[3] арасы бүгін бізге алыс болып тұрғанымен, ол кездегі ат пен адам үшін таяқ тастам жер секілді ғой — деп Ақым қостап қойды.

— Аққолдан шыққан атты адамның бір тәулікте Хобдаға[4] барып қайтқаны жайлы тарихты естіп пе едіңдер? – деп, Тұрды қасындағыларға бұрыла қарады.

— Жоқ, жоқ естімеген екенбіз, атты адам қанша суыт жүргенімен Хобдаға күніге барып, қайтуы мүмкін бе? — деп қасындағылар күмәндана бастады.

— Мүмкін бе, мүмкін емес пе, мен айтайын, сендер тыңдаңдар – деп Түкең әңгіме бастады.

Әңгімені тыңдау үшін мен де атымды қамшылап, кейіндемеуге тырысып келем.

— Сонау бір жылы хошуун[5] ыдырап сұмын бола бастаған кез еді. Ол кезде менің жиырмаға жаңа толып, хоршооға[6] тиіп-қашып қызмет істей бастаған кезім. Бай-өлке орнамаған, орталық таңба (тамгын газар[7]) Хобдада. «Орталықтан келген маманды адамдар жаңа орнайтын сұмындардың жерінің шекарасын белгілеп, суретін шығарып кетіпті» — деп естіліп жүрген. Бірақ ауылдар арасында да, сұмындар арасында да жер дауы жиі шығып, жайлау-қыстау мәселесі шиеленісе түсті. Осы дау-жанжал Уланбаатардағы үлкен жер мекемесіне жетіп, ондағылар бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жедел жұмыс тобын құрып, жергілікті жерге жібереді.

Келген топ мүшелері даулы сұмындардың әрқайсысымен жеке-жеке мәжіліс өткізіп, түбегейлі шешімді соңғы күні біріккен жиылыста шығаратын болып шешім қабылдайды. Соңғы шешім қабылдау мәжілісіне келгенде «әр сұмын жауаптыларының қолында Хобдадағы жер мекемесінің шығарған шешімі мен жер картасы болу шарт» — деп мәлімдейді.

Ал Аққол сұмынының бұл іс қағаздары әлі Хобдадан келмеген. Мәселе жер картасына тірелген соң қалайда ол құжатты қолға келтіру керек болып, сол тұстағы сұмын басшылары жедел бас қосып, ақылдасады. Уақыт тығыз, не бары екі тәулік. Ол тұста бүгінгідей заулап тұрған машин-техника жоқ, ең жылдам көлік – ат. Сонда осыған жүріп келетін ат қайда, аттың жүрісіне шыдап, барып келетін адам қайда деген мәселе туындайды.

Осы жағдайды елден естіген Есікбай деген кісі өзі келіп сұмын әкімдеріне:

— Егер жарамды ат тауып берсеңдер мен барып келейін – деген.

Есікбай саңыраудың[8] Пұшықсары деген әулетінің кенжесі Қасқырдың баласы. Шағатай жеңіл денелі, қайратты да қайсар адам болған екен.

— Жә, адамы бұл болды, ат қайда бұған? — деген сауалға сол кездегі саңырау сұмын әкімі Бапар деген кісі:

— Бұл жүріске жараса тек Дөлденбайдың «Құбақұсы» жарайды, өзге жылқы шыдамайды — дейді.

Саңыраудың әйгілі байы Дөлденбайдың «Құбақұс» деген атын сонда көрдім. Сары-бауыр қоңырқай ат екен, өмірі қабырғасы мен сауырының өлі көбірі түспей, құбақандап жүретін ат болған соң «Құбақұс» аталған сыңайлы. Сол тұста сүйектіс болып қалған кезі-ау деймін. Дөлденбай кей жылдары Алтайдың күнгей бетіндегі Шірікжон деген жерге отармен қыстатқан жылқысына осы Құбақұспен күніге барып келе береді дейтін.

Сонымен Құбақұсты түнімен алдыртып, таң сыза Есікбайды Хобдаға жөнелтеді. Бүгінгі есеппен Аққол мен Хобда арасы авто көлікке 300 км жол. Салт атты төте жолмен жүреді деп көргенде, кемінде барып-келуі 400 км-ден кем емес жол ғой бұл.

Есікбайды атқа мінгізгенде тісқақты үлкендер, ат соғып тастамасын деп кеудесіне киімнің ішінен бір қабат тоқымды қайыс шылбырмен тартып беріпті.

Сонымен бәрін айт та, бірін айт дегендей, Есікбай Хобдаға бір тәулікте Құбақұспен барып, қажетті іс-құжатты алып оралған. Алыс жолдан оралған Есікбайды күтіп алып, аттан түсіргендер үйге кіргізіп, киімін шешсе, тоқым тартқан қайыс жауырын үстіндегі ісікке бір елі батып кеткен екен дейді көргендер.

Міне бұл жанды тарих, болған оқиға. Сол кездегі ат қандай, адам қандай болғанын енді өздерің ойлап көріңдер – деп Түкең әңгімесін аяқтады.

Шынында, бүгінгі таңда ондай белі берік, жүріске жарамды ат пен күні бойы ер үстінде отырып шыдайтын ер-азамат бар дей алмаймыз. Заманның жаймашуақтығы мен техникалық өркенге иек сүйеген ат та, азамат та жабыланып бара жатқанымызды мойын дауымыз керек.

[1] Баян-Өлгий аймағы

[2] Жер аты (моңғолша)

[3] Аудан деңгейіндегі жергілікті әкімшілік басқармасы

[4] Моңғолиядағы аймақ атауы (моңғолша)

[5] Бірлестік (моңғолша)

[6] Артель (моңғолша)

[7] Аймақ әкімдігі (моңғолша)

[8] Ру аты. (Шеруші руының бір тармағы. Керей)

Матай Сансызбайұлы

Аққол, 2017.09.12.

Argymaq.kz.

ФОТО: peakpx.com

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!