Әлия Бекен: Садақ атуға арналған оқулық керек

212

Еліміздегі ұлттық спорт түрлері қатарында кенжелеп қалған бір түрі – жамбы ату. Дегенмен, кенже қалса да, қазіргі уақытта қарқынды дамып, ұлттық спорт түрлерінен халықаралық чемпионат бағдарламасына кірген де осы жамбы атудың қазақ стилі.

Жамбы ату немесе ат үстінен садақ ату қазақ халқының жадынан өшпеген, күні кешеге дейін «адырнасын ала өгіздей мөңіретіп» жай ағаштан жай тартып өткен көшпенділерміз. «Садақ толы сай кез оқ алған» бабаларымыздың «атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен» заман болған. Алайда, аталарымыз бұны бүгінгідей спорт түрі емес, жауын жамсатып салар қару ретінде пайдалана білді. Тіпті бір садақпен ғана бір ауылды асыраған ерлер болғаны жайлы аңыз көп.

Біздің бүгінгі сұқбатымыз да қазақтың осы бір дәстүрлі, рухты өнерін жалғастырып келе жатқан санаулы қыздарымыздың бірі – Әлия Бекенмен өтті.

— Әлия, әуелі өзің жайлы аз-кем айта кетсең.

— Тараздың тумасымын. Сондағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында білім алдым. Мен мектеп бітірген соң отбасмызбен Нұр-Сұлтан (ол кезде Астана қаласы болатын – Ә.Б.) қаласына көшіп келдік. Осында Еуразия Ұлттық университетінде «Басқару жүйелерінде автоматтандыру және ақпараттандыру» мамандығын игердім. Бірнеше жыл мамандығым бойынша жұмыс істедім. Кейіннен ІТ саласына ауыстым. Қазіргі уақытта осы сала бойынша жеке компаниям бар. Одан бөлек халал сабын шығару шағын цехын іске қостық. Қазіргі уақытта жайлап жұмысы бірізге түсіп келеді. Алғашқы өнімімізді саудаға шығарып үлгердік.

— Мамандығың бойынша ұлттық спортты қойып, басқа спортқа да қатысың жоқ екен. Бірақ Жамбы атуда жүрген санаулы қыздың бірісің. Бұл спортқа қалай келдің? Кішкентайыңнан ат мінуші ме едің?

— Рас айтасыз, мамандығым бойынша спортқа қатысым жоқ. Бірақ, мамандыққа қарап, спортпен мүлде айналыспайтын адам деп тон пішуге болмайды. Мысалы 9-10-сыныптарда оқып жүрген кезде каратэмен айналыстым. Тіпті, сары белбеуге дейін жеттім десем таңғалмаңыз…

— Мынау қызық екен, сыртыңнан қараған адам сені каратэші деп ойламайды.

— Әрине, бірақ, каратэші болу үшін ерекше бір белгі болудың керегі жоқ қой. Дегенмен қыз баланың аяғын сермеп, каратэмен айналысқанын әкем жақтырмады. Сол себепті университет бітіргенше ешқандай спорт түріне әуестенген жоқпын. Оқу бітірген соң, бос уақытымда жарыстарға қатысып, нәтиже шығаратындай бірдеңемен айналысқым келді. Ал атқа міну жастайымнан арманым болды десем де болады.

Осылай құлшынып жүргенде 2017 жылы астанадағы Жүніс Әміре атындағы түрік мәдени орталығы жастарды садақ атуға дайындайтын курс ашты. Сол жерде үш ай жаттығып, түрегеп тұрып садақ атуды үйрендім.

Осы орталық курс қорытындысы ретінде қыздар арасында бөлек, ұлдар арасында бөлек сайыс өткізді. Қыздар арасында мен жеңімпаз атанып, Түркияға жолдама алдым.

Түркияның Стамбұл қаласында садақ атушылар арасында халықаралық сайыс өтті. Бірінші орынды Малайзиядан келген Ирина деген қыз алды. Ол бұрыннан Малайзияның чемпионы еді, жақында Кореяда өткен сайыста Әлем чемпионы атанды. Екінші орынды – Германиядан келген садақшы, үшінші орынды – босниялық, төртінші орынды – жапониялық мерген иеленді. Біз алғашқы бестікке де іліне алмай қалдық. Бұл жағдай мені қатты қапаландырды. «Ата-бабаларымыз өмір бойы садақ тартып, ат үстінде өтті. Басқалар игерген дүниені қанымызда, тегімізде, негізімізде бар біз неге меңгере алмаймыз?» деген сұрақ тыныштық бермеді.

Сол сәттен бастап іздене бастадым. Әуелі, өзімді жеңіп кеткен Иринаның әлеуметтік желідегі парақшаларын ақтардым. Ол тұрып атуды қойып, ат үстінде де емін-еркін садақ тартады екен. Сонымен бәсекелестік басталды, олар жасағанды мен де жасап көруім керек деген мақсат қойдым. Садақ атуға қатысты дүниенің барлығын ақтарып көрдім, юутуб каналынан күндіз-түні садақ атудың қыр-сырын тамашаладым.

Осы мақсатта ең әуелі өзіме садақ сатып алдым. Бір жыл бойы ізденіп, үйреніп, биыл 2019 жылы енді атқа мініп үйренуім керек деген мақсатпен, қай жерде атқа мінуге болады, қай жерде атпен садақ атуға мүмкіндік бар дегенді қарастыра бастадым. Осы мақсатта Елбасымыздың атқорасына бардым. Сол жерде бізбен бірге садақ атуға қатысып жүрген Азамат деген жігіт маған атқа қалай мініп, ат үстінде садақты қалай тартуды үйретті.

Ат үстінде садақ атуды өлермендікпен үйрендім десем болады. Себебі атқора дүйсенбі күні жұмыс істемейді, басқа күндері күн сайын барып, қыстың аязы, жаздың аптабына қарамастан үйренуге деген талпынысымды мұқамас үшін жанкештілікпен меңгердім. Әрине, аттан құлап, майып болып қалғам жоқ, Аллаға шүкір, басқа қиындықтың барлығына төздім.

Соның нәтижесінде мен ат үстінде садақ атуға кәсіби түрде машықтандым.

— Ал осыдан кейін ат үстінде садақ ату сайысының қаншасына қатыстың? Жүлделерің жайлы айтсаң?..

— Жарыстарға қатыса бастағаныма көп бола қойған жоқ. Биыл сәуір айынан бастадым негізі. Соның өзінде бүгінге дейін 7 сайыста бағымды сынап үлгердім. Алғашқы сайысым – Қазақстан чемпионаты болатын. Онда 24 адамнан іріктеліп, 12 адам финалға өттік. Сол 24-тің үшеуі ғана қыз болды. Финалистердің қатарында болсам да, алғашқы қатысқан мергендік бәсекесінде жүлде ала алмадым. Екінші мергендігімді межелеген сайыс – Алматыда өткен Көшпенділер әлемі фестивалі болды. Ол жерде қыздар бөлек, ер азаматтар бөлек сыналтылды. Үшінші орын бұйырды. Бұл мен үшін үлкен жетістік еді. Ал Нұр-Сұлтан қаласында өткен Көшпенділер әлемі халықаралық фестивалінде мүлт кеттім.

Садақ атуды енді ғана меңгерсем де, биылғы жылы Қырғызстанда өткен сайыста ат үстінде садақ атудан үшінші, тұрып атудан екінші орын бұйырды. Бұл да менің мерейімді көтерген сапар еді. Ал Башқұртстандағы төртінші орын менің шеберлігімді әлі де шыңдай түсуім керек екенін ұқтырды. Ақтөбеде өткен Республикалық фестивальде де қолым жүрмеді. Финалға жолдама алсам да, жүлдеге ілінбедім. Соңғысы өздеріңіз куә болған «Дарабоз-2019» турниріндегі үшінші орын.

— Жеңістерің құтты болсын! Жаңа бір сөзіңде, Қазақстан чемпионатына үш қыз қатысқандарыңды айттың. Өзіңмен бірге осы салада жүрген қыздарға қандай баға бересің? Жалпы жамбы ату, әсіресе ат үстінде садақ ату қыздар үшін ауыр емес пе?

— Иә, өкінішке қарай, бұл салада қыздарымыз өте аз. Небары 5-6-ақ қыз. Дегенмен, солардың арасында алматылық Гүлдана Алыбаеваның шеберлігін ерекше атап өтуге болады. Алайда, қыздарға осы саламен түбегейлі айналысатын болса, өте көп дайындық керек. Ол үшін мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау қажет. Бір ғана қыздар емес, жігіттерімізге де қолдау керек. Себебі қазіргі күнде бұл спорттың жағдайы мәз емес. Әр облыста жақсы жағдай жасалса, мықты жаттықтырушылар болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Мысалы мен өзімнің бірдеңенің соңына түссем, аяғына дейін жетпей қоймайтын табандылығымның арқасында және соған жұмсайтын қаржымның барлығынан аз да болса меңгеріп алдым. Ал осы спортқа қызығатын қыздарымыздың көбінің ондай мүмкіндігі жоқ. Қыздар ғана емес, жігіттердің де ондай мүмкіндігі аз. Ал мемлекет осы спортқа көңіл бөліп, дамуын қалайтын болса, көп жұмыс жасауы керек.

Ал қыздардың ат үстінде, немесе тұрып садақ атуы айтарлықтай қиын шаруа емес. Себебі бұл бокс емес, жарақат алатындай, күрес емес, бір жеріңді майып қылып алам деп алаңдайтын. Ат үстінде мықты болып, садақ тартуды меңгерсеңіз болғаны. Әрине, астыңдағы атпен үйлесіп, соны өз ырқыңызға көндіре алсаңыз, садақ атудан алаңдайтындай еш негіз жоқ.

— Мемлекеттен қолдау, көмек керек деп жатырсың ғой. Нақты қандай көмек керек?

— Иә, жамбы ату спортына ең керегі – алаң. Лажы болса, орталықтан болса. Және ол алаңда ұлттық спорттың барлық түріне қатысқысы келетін адамдарға мүмкіндік жасалған болса. Мысалы мұндай алаңдар өзге елдерде де бар.

Түркияға барған кезде олардың осындай алаңдарын көрдік. Жабық алаң да, ашық алаң да үздіксіз жұмыс істеп тұр. Кім қай спортпен айналысқысы келеді, шамасына қарай көреді. Ол жерде балалар бес жастан бастап садақ атып жаттығып жүр.

Ал Мажарстанда әр үйдің жертөлесінде біздегідей ойын автоматтары емес, садақ ату залдары орналасқан. Біз де сондай жағдай жасап қоюымызға болады ғой?! Әр қалада ұлттық спорт алаңдары болғаны дұрыс.

Сонымен қатар, бұл алаңдарда әрбір спорт түріне, яғни көкпарға бөлек, жамбы атуға бөлек, теңге ілу мен аударыспаққа жеке-жеке аттар ұсталса. Мысалы өзге елдердегі осындай алаңдарда жеке атқоралары болады қосымша.

Сондай-ақ, шетелдерде мұндай алаңдардың қасында ұлттық спортқа керек жабдықтарды, арнайы киім-кешекті дайындап беретін шеберханалары жұмыс істейді. Олар көкпаршыларға тұлыпты, ер-тұрманды, спортшыларға форма дайындаса, жамбы атуға садақ дайындап берумен айналысады. Бұл да Түркия мен Венгрияның тәжірибесінде бар.

— Сонда біздегі жамбы ату қалай дамып келеді? Әлде әркім өз бетімен дайындалып жүр ме?

— Солай деуге де болады. Соған қарамастан соңғы 3-4 жылда жамбы ату спорты айтарлықтай жолға түсті. Әлем чемпионаттары өте бастады. Халықаралық турнирлерге қатысып жүрміз. Бірақ, бұл – аз. Әлі күнге дейін елімізде оқу-жаттығу ойындары өтпейді. Тіпті, Қазақстанның бас қаласы – Нұр-Сұлтанда жамбы атуға дайындалатын орын жоқ. Үлкен қалаларда болмаса, облыстарда, аудандарда садақ атуға қызыққанымен, оған қатыса алмай жүрген, шын мәнісінде қатысатын орын таба алмай жүрген жастарымыз көп. Мысалы менің өзім бір жылдан бері осы спортпен тұрақты айналысып, жарыстарға қатысып жүрмін дегеннің өзінде, барлық ат үстінде садақ атқан уақытым – 30 сағатқа жетер-жетпес қана екен. Оның өзінде жарыс кезіндегі, жарысқа дайындық кезіндегі уақыттарымды қосқанда.

Ал осы садақ атуға қызығушыларға садақ деген не, ол қандай бөліктерден құралады, қалай атылады, садақшы ат үстінде қалай отыру керек деген секілді садақ атудың әліппесі әлі үйретілген жоқ. Әркім өз бетінше талпынып жүр.

Бұдан бөлек, әр облыс орталығында, ірі қалаларда ұлттық спорт мектептері болуы керек. Тіпті болмаса, мектепте ұлттық спорт пәнін ашуға болады ғой. Сол жерде әр спорттың әліппесін үйретсе. Бұндай тәжірибе де бар. Мысалы Башқұртстанда болған кезде мектептегі денешынықтыру пәніне қосымша садақ атуды үйрететінін естідім.

Тағы бір айта кететін жайт, жамбы атуға, жалпы садақ атуға қатысты оқу-әдістемелік құралы жоқ. Бұрыннан садақ тартып жүрген кәнігі мергендерге де, жаңадан бастаған үйренушілерге де бағыт-бағдар беретін оқулық болуы, онда жамбы ату ережелерінен бастап, садақты таныстыру, қалай қолдану, тіпті қалай жасауынан бастап үйретсе деген ұсынысым бар. Ол кітапқа жамбы атуға, мергендікке қатысты тарихты, аңыздарды енгізсе деп ойлаймын.

— Жаңа жоғарыда жеке кәсіпкерлікпен айналысатының жайлы айттың. Сол туралы айтсаң…

— Негізінен ІТ саласы бойынша қызмет көрсетумен айналысып келгеміз. Әрине, бұл саланың да өзектілігі айтарлықтай, дегенмен, біздің ел үшін Елбасымыз айтатын «саламатты Қазақстан», яғни дұрыс, табиғи өнімдерді тұтыну маңызды екенін байқадық.

Осы мақсатта халал сабын өндіруді қолға алдық. Онда біз сабынды екі түрлі технологиямен жасаймыз. Бірі – баяғы қазақы дәстүрмен, әжелеріміз қалай жасаса, солай жасаймыз. Ал екіншісі – қазіргі стандартты технология бойынша өндіріп жатырмыз. Сабын жасау барысында сиырдың, қойдың және қымбат экзотикалық өсімдіктер мен Қазақстанда өндірілген күнбағыс майын пайдаланамыз. Бірі – иіссіз, екіншісі – иіс сабын. Елімізде үш-ақ халал сабын өндіретін өндіріс бар. Біз соның біріміз.

— Әңгімеңе рахмет!

Ержан Жаубай, 2019 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.