Аманбай Шаймұратұлы: Қазақ жылқысының көбі қазтабандап барады

1494

Аманбай Шаймұратұлы – 1992 жылы Моңғолиядан атажұртқа қоныс аударған. Бүкіл өмірі жылқы ішінде, ат үстінде өткен азамат. Өмірден көргені мен түйгені көп Аманбай қазақтың ат сыншылдығын, ат бапкерлігін бір адамдай бойына дарыта білген. Сәті түскенде ағамызбен ат баптау, жүйрік аттың шығу тарихы туралы, ат сыны жайлы сырласқан едік. Бүгінде жетпістің жетегіндегі қазыналы қария әңгімені әдемі айтады.

Аманбай Шаймұратұлы

— Жүйрік ат өзін-өзі жарата ма?

— Құнанынан бастап бәйгеге үзбей қосылған жүйрік ат, мезгілі келгенде өзін-өзі жарата бастайды. Жылдағы бәйге маусымы басталған уақытта аз жайылып, көп жусап, жылқының жел жағына шығып, дөңес жерде көп тұратын болады. Ондай атты көрген жылқышылар: «Мына жануар жарап жүр екен» дейді.

Біздің Мұхаметхан деген ағамыздың күрең ала аты болды. Бала кезіміз. Кішірек ат еді, домалақтау келген. Соны жазғытұрым мал төлдей бастаған уақытта ұстап мінеді. Аса қинамай, қу шөп беріп отыратын. Жер көктей қалғанда жылқыға жібере қоятын. Біраз күн аунап-қунап, бойын сергітіп, жайылған соң, қайта ұстап, байлай салатын. Бір-екі күн байлаған соң, «қара жарысқа» қоя беретін. Сонда ағамыз «Күреңала ат өзін-өзі жаратады» деп отыратын.

Одан бөлек, Семонар деген ағамыздың кертөбел аты болды. Сол ат өзін-өзі жаратады деп еститінмін. Уақыты болғанда жайылыстан тыйылады дейді.

Моңғолия қазақтары да атты жақсы баптайды, бірақ дәл моңғолдар секілді бапқа қатты көңіл бөлмейді. Десе де шаппайтын аттан жүйрік шығаратын жігіттер болады. Керісінше шабатын атты байлай алмай, бірде семіз, бірде арық қып, күйін тарылтпайтын адамдар да болады. Нағыз жүйріктер сондай жағдайдан болып, бәйгеге қосылмай қалатын кездер көп болады.

— Жүйрік бірнеше түрге бөлінеді дейді. Солар жайлы айтып беріңізші.

— Иә, жүйрік ат бірнеше түрге бөлінеді. Мұзбел, төңірек, қызбел, күдір, т.б. бірнеше түрге бөлінеді. Әйгілі Буденный жүйрік атта 80 түрлі белгі болады дейді. Ол кезінде жүйрік аттың сыны мен сұлу әйелдің сымбатын шендестіре жазған.

Мұзбел немесе мұзбүйрек – өте қыртысты, етті, алты ай мінсе арымас, мұзға байласаң да мыңқ етпес, нағыз мықтының өзі. Өр-еңіс демей, ұзаққа шабатын атты мұзбел дейді.

Төңірек – тұрқы дөп-дөңгелек, аяқ-қолы жуан, «екі шаптың арасынан түйелі көш өткендей» дейтіннің өзі. Алдынғы екі аяқтың ізін екі артқы аяқ баспайды. Екі артқы аяқ алдынғы іздің екі жақ сыртына түсіп отырады. Мұндай ат бүктеле-жазылып, қоян шабыспен шабады дейді. Өр-еңіске бірдей, ұзақшыл болады.

Қызбел – тұрқы ұзын, біршек, солқылдақтау болады. Өрге аса шаппайды, жазықшыл келеді. Ұмасы шабына, артына қарай тартық болады. Оның бір қасиеті – жыра-жықпыл, арық-атызға аяғын салып өтпейді. Өз бойы жететін жерге қарғып түсе береді. Мініп жүрген кезде де өз бойы жетер жерге емін-еркін қарғып кете береді. Тіпті екі жағына да еркін қарғитындары болады. Қызбелдің бір ерекшелігі – өте бапшыл. Еті сәл ояз болса немесе сәл толық болса жүгірмей қояды. Сәл аш болса, сәл тоқ болса да шаппайды. Ашыққанда шаппайтын себебі – төстің шеміршегі ішке қушияды да, өкпені қысып, тыныс алуын төмендетеді.

Күдір – жылқының күдірі көп жағдайда қолға түсе бермейді. Ол қолыңызға тисе, шаппай бәйге ала беруіңізге болады. Өр-еңіс, тау-тасқа қарамайтынның нағыз өзі. Алыс-жақынға бірдей шабады. Жалпы қу жауырын, қақпан белді аттар қолыңызға түссе, айырылмауды ойлаңыз.

— Осы айтып отырған сипаттарға сай келетін аттар бар ма бізде?

— Төрт құбыласы тең, сыны толық ат аз болады. Бір мүшесі сай келсе, бір мүшесі сай келмейді. Қазақтың, Қазақстанның жылқысының ішінде небір жүйрік бар. Ағылшын, араб, таза қанды дейді ғой, олар қазақ жылқысының қасында жылқы емес. Қазақ жылқысының ішінде қолға түспейтін, қолға түссе бабы келмейтін жүйріктер көп. Ат қосудан, жүйрік баптаудан біраз қол үзіп қалғандықтан, жүгірте алмай жүрміз. Кейде айналып шабудың да зияны тиіп жатады. Айналып шапқанда аттың аяғы тез кетеді. Сонымен қатар, соңғы кезде біздің елдің жылқысының көбі қазтабандап барады. Бұл жақсы емес. Қазтабан жылқы алысқа шаба алмайды. Оны үнемі тағалап міну керек. Тұяғы неғұрлым жұмыр болса, соғұрлым жақсы. Қазіргі кезде жұмыр тұяқ жылқының көбі Шығыс Қазақстан облысы аумағында. Арқаның жылқысының көбі қазтабан болып барады. Қазтабан жылқының жүрекшесі өте аласа болады да, біраз шапқан соң, табаны, жерсоғары қызып, шаппай қалады. Әрине, өз деңгейінде олар да жүйрік.

— Қазақта «шошқа көздің жүзден бірі жүйрік, бота көздің мыңнан бірі жүйрік» деген сөз бар ғой. Осы шошқа көздің белгісін айтыңызшы?

— Иә, қазақ солай дейді. Шошқа көз аттардың қабағы үңірейіңкі, көзі кішкене болады. Шошқаның көзі секілді. Көздің астыңғы еті сыртқа шығыңқырап, білеуленіп көрініп тұрады. Ондай жылқының көзі өте өткір болады. Алды-артын бірдей көреді. Тура жүріп бара жатып, дәл артында алыстағы дүниені бірден көре алады. Бота көз аттың көз аясы үлкен. Қарсы алдына келіп, көзіне қарағанда сенің бүкіл денең оның көз айнасынан көрініп тұрады.

— Соңғы жылдары жорға азайып бара жатқан секілді. Қазіргі жорғаларды жорға емес, рысак дейтіндер бар. Оған не дейсіз?

— Үлкендер «жорғаның ең жаманы ат өлтіреді» дейтін. Яғни, ең жаман, жүре алмайтын жорғаның өзі мінген атты арықтатып, зорықтырып өлтіреді деген сөз ғой. Ал кейбіреулер, әсіресе орыстар жорға жылқыны кемтер деп санайды. Ол ешқандай кемтар да, ауру да емес. Ол Алланың жылқыға берген ерекше дарыны, қабілеті.

Мен көрген жоқпын, біздің ауылда Хасеннің сұр жорғасы деген болыпты. Сол сұр жорғаның інісі Бопанның құла жорғасы деген болды. Оны өз басым бала күнімде көрдім. Екеуін де қасқыр жепті. Қателеспесем, Баян-Өлгейдің 20 жылдығында сұр жорға екінші келді. Күңгейбайдың Чойбалсанға берген сұр жорғасы бірінші келген. Біраз жүріп, еті қызған соң жорғаға жай аттар ілесе алмай қалады.

— Қазір сыншы, ат сыншысы жоқ деп жатады. Мұның себебі не?

— Жүйрік атты құлынынан танитын адамдар болады. Желіде тұрған құлынның қандай жүйрік болатынын тап басатын сыншылар болған. Керейдің Ботақара руынан шыққан Қанжарқажы деген сыншы болған екен. Сол кісі Қыстаубай руының үкірдайы Сәлімбақамен бәстесіп, «мен сенен өткен сыншымын» деген екен. Екеуі сол жерде дауласып қалады. Сәлімбақа: «Мен сенен артық білемін» дейді. Осылай дауласып отырып, екеуі бір асқа барады. Кімнің мықты сыншы екенін түбегейлі шешіп алмақ болған екеуі, сол аста қай ат бірінші келеді деп, бәйге аттарына сын айтпақ болады. Сөйтіп екеуі кежіммен тұрған аттарды сынаған екен дейді.

Сәлімбақа бір торы атты көрсетіп, «осы ат бірінші келеді» дейді. Ал Қанжарқажы бір ала атты көрсетіп, «мынау екі күн шапса, бірінші келеді, бір күн шапса бәйге ала алмайды. Егер бір күн шапса, анау тұрған ала ат бірінші келеді» — деп анадайда тұрған басқа бір ала атты көрсетеді.

Сонымен астың беташары – ошақ бәйге (топ бәйге – Е.Ж.) басталады. Ол бәйгеде Қанжарқажының екінші көрсетке ала аты бірінші келеді. Екінші күні аламан бәйгеде Сәлімбақа көрсеткен торы ат бірінші келеді де, Қанжарқажы «екі күн шапса озады» деген ала ат екінші келген екен. Сонда Сәлімбақа: «Сен менен мықты екенсің. Енбі бір аптадан соң тағы бір той болады. Сол тойға осы асқа келген қонақтардың атының ішінен бір бітеу атты таңдап алып, жаратып, бәйгеден бірінші келтірсең, мен саған өмір бойы басымды иіп өтемін» — дейді.

Содан Қанжарқажы мен Сәлімбақа екеуі бағана тек жүйрік аттарды ғана аралса, енді асқа келген елдің мініп келген атын түгел аралайды. Сонда Қанжарқажы қаракөктен ағарып, бозшулан тарта бастаған бір көк аттың қасына келіп тоқтайды да: «Мына көк атты мен келесі тойда алдымен келтіремін. Иесін табыңыздар, астына ат мінгізіп, жолына салайық та, көк атты алып қалайық» — дейді.

Әлгі аттың иесін іздесе, бір жұпынылау, кедей шаруаның әйелі екен мініп келген. Қанжарқажы оған басқа ат мінгізіп, көк атты сұрап алып қалады. Алып қалады да, астың соңына қарамастан, дереу ауылына қайтады.

Ас тарқайды, межелі уақыт жетеді. Бірақ Қанжарқажыдан сыбыс жоқ. Дәл келесі той болады деген күні көк атқа шабандоз баласын мінгізіп, Қанжарқажы той ауылға жетіп келеді. Көк ат оқтаудай болып жараған. Аламан басталады. Қанжарқажы көк атты көп аттың ішіне қосып жібереді. Кәртеңдеп қалған ат екен, сонда да бәйгеден жалғыз келеді. Мұны көрген Сәлімбақа Қанжарқажыға: «Мен енді сенің алдыңда ат сыны, бәйге, жүйрік, жылқы туралы сөз айтпаймын» — деп, жеңілгенін мойындаған екен.

— Өзіңіз ат қосып, ат жаратып па едіңіз?

— Ат қоспадық. Небір жүйріктерді көріп, қолымызға да түсірдік. Бірақ бәйгеге қосқан емеспін. Қобда бетінде, Алтай бетінде небір жүйріктер өтті. Алтайда Марғабылдың қара қасқа аты деген болды. Тәбікеннің торы аты, Бастаубайдың сары аты, Көнекбайдың көк аты, Сәлімбақаның жирен қасқа аты қатарлы небір дүлдүлдер болған екен. Ал жорғалар жайлы айтсақ, таңды таңға жалғаймыз. Кешегі Сүкірбай мен Оспан батырды араз қылған Құндыз қара, Жұлдыз қара екеуі де жорға. Нағыз бір-бір жесірдің құнын беретін аттар ғой. Айдаубайдың Қадылы «Алматының елі волга мінсе, Баян-Өлгийдің елі жорға мінеді» деп жазғаны бар.

— Жоғарыда сыншылық жайлы, ат тану туралы әдемі әңгіме айтып отырсыз ғой. Соны жалғастырыңызшы.

— Алтайдан шыққан Тәбікеннің торы аты деген жүйріктің шығу тарихы да қызық. Тәбікен өзі кедейлеу, жұпыны адам екен. Бір жылы күзде көшетін болып, біреуден екі-үш түйе сұрап алып, көшкенде әйелін торы атқа мінгізіп, түйе жетелетеді. Әйелі екі қабат, күні таяп қалған кісі екен. Әйелі атта, өзі жаяу келе жатса, қастарынан бәйгеге шауып бара жатқан оншақты ат өте шығады. Тәбікен оған аса мән бермейді. Межелі жеріне жетіп, жүкті түсіріп, үйді тігіп, шәй ішіп отырғанда әйелі Тәбікенге: «Мына торы аттың обалына қалып жүр екенбіз, сен осы торы атты бәйгеге қосшы» — дейді. Сонда Тәбікен: «Ойбай-ау, біздің барымыз да осы, нарымыз да осы. Өзі жалғыз ат. Тамағымызды осымен тауып отырған жоқпыз ба, жалғыз атты бәйгеге қоссақ, күнімізді қалай көреміз?» — депті. Сонда да болмай әйелі: «Жоқ, осы атты қосшы бәйгеге. Жүйрік екен» — дейді. Оның жүйрік екенін қайдан білдің деген күйеуіне жұбайы: «Бағана көштің тұсынан бәйге аттары қиқулап өткенде торы ат күрсінді. Сол кезде қабырғасы керілгенде ішімдегі балам қозғалып, астым ашылып кетті» — дейді.

Тәбікен әйелінің айтуымен торы атты топқа қосады. Бәйгеден бірінші келіп, тоғыз-тоғыз бәйге алып, сол торы аттың арқасында Тәбікенге дәулет біткен дейді. Сонда Тәбікеннің әйелінің аттанығыштығы недеген мықты десеңізші?!

— Аманбай аға, әңгімеңізге көп рахмет!

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.