Тәуелсіздік – ұлт руханиятын өркендеткен ұлы құндылық

233

Әр қоғамның өз көсемі, өз көшбасшысы болатыны белгілі. Ол сол дәуірде ғана емес, адамзат тарихымен бірге жасайды. Ұлттың, елдің, тіпті кей мәселелерде әлемнің мәдени, қоғамдық-әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар ғасырлар құрдасы бола біледі. Қазақ даласы бұндай даралардан кенде емес. Бағзының баға жетпес баһадүрлерін былай қойғанда, бүгінгі қазақ қоғамында қаранардай қасқайып, халқын өрге сүйреген дара тұлғалардың да еткен еңбегі, төккен тері ұшан-теңіз.

Түнде ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Қара терімді төктім,

Қызыл қанымды жүгірттім

Түркі халқы үшін.

/Мәңгілік елдің бастауы болған

Түркі жұртының көсемі – Күлтегіннің бітігінен/

Егемендіктің өзегі – «Ел бірлігі»

Оның о баста көздегені ел бірлігі болатын. Кеңестік кертартпа саясаттың кесірінен Қазақ даласы тәжірибе алаңына айналып, Ұрымнан да, Қырымнан да қаратаяқтарды қазақтың құйқалы өңіріне құмырсқадай қаптатқан бір кезде. Бұл үрдіс өзгені қайдам, қазақ халқының қонақжайлылығын, «көрші ақысы – Құдай ақысы» дейтін сырбаздығын жалпақ әлемге жаяр ең таңдаулы көзірлерінің біріне айналды. Бір кезде өз даласына сыймай жатқандай-ақ қазақ жеріне әрбір ұлттан құрығанда бір отбасы әкеп, қазақ деген елді, қазақ деген ұлтты жер бетінен жойып жібермек болған сұрқия саясаттың жемісі бүгінде Қазақ елінің мақтанышы боларын, татулығымен, береке-бірлігімен, ынтымағымен алты құрлықты аузына қаратарын ешкім бағамдай алмаса керек.

Дәл осы жолда, яғни Қазақ даласына тарыдай шашылған өзге ұлт өкілдерін өз қазағынан кем көрмей, өгейсің деп өзекке теппей, өз балам деп бауырға басқан Елбасы, осы елдің бірлігі, осы елдің тыныштығының ұйытқысы болар «Ел бірлігі» доктринасын қабылдады. Ынтымақ кепілі, бірлік белгісі, береке бастауы болар бұл құжаттың 2010 жылы күллі әлем көз тігіп отырған ЕҚЫҰ саммитінде қабылдануының өзі тегіннен тегін емес. Бұл дүниежүзілік маңызды шара барысында Қазақстандағы әрбір ұлт өкілінің қазақ елі үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетудің бір мысалы еді.

«Бір ел – Бір тағдыр», «Тегі бөлек – теңдігі бір», «Ұлт рухының дамуы» қатарлы үш негізгі бөлімді қамтыған тарихи құжаттың негізін 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) алғашқы сессиясында Елбасы:

«Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын», – деп қалап берген болатын.

Ежелден еркіндік аңсаған жұрттың ендігі жерде азат елде, Тәуелсіз мемлекетте тағдыры бір болмақ. Бұл тұрғыда алғанда, тегі басқа – теңдігі бір ұлттар рухының асқақтауы қашанда көшбасшысының кемелдігіне байланысты.

Осы доктринаның негізінде еліміз бойынша көптеген іс-шаралар атқарылып, ҚХА бас болып, барлық өңірлерде доктринаның өзектілігі, қоғамдағы пайдасы, халықтар достығынан алар орны түсіндірілді.

2020 жылдарға арналған рухани, әлеуметтік мәселелер, тілге, ділге қатысты түйінді ойлар айтылды.

Ұлт Көшбасшысы ұлықтаған мерекелер

«Ел бірлігі» доктринасының соңғы, үшінші құндылығы – «Ұлт рухының дамуы»..

Жалпы біз Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміздің жеткен рухани жетістіктерін жазуды «Ел бірлігі» доктринасынан бастауымыздың өзіндік негізі бар. Себебі, ел бірлігін ойлаған Елбасы осы доктринаның негізінде бір ұлттың ғана болмысы арқылы күллі елдің, 100-ден астам ұлттың тағдырын, өмірлік ұстанымын, әлеуметтік мәртебесін белгілеп берді. Елбасының 25 жылдағы қазақ руханияты үшін, Қазақстан халықтарының рухы үшін атқарған жұмысы жайлы айтқанда «Ел бірлігі» доктринасын негізге алуымыздың ең басты ерекшелігі де осында. Яғни, бір ғана доктрина арқылы Қазақстанды Отаным деп танитын кез келген ұлттың ұлт ретіндегі құндылықтарын нақты таныта білгендігінде.

Олай болса, ұлттың рухын көтеру – оның дәуірлермен астасқан ұлттық санасын жаңғырту. Осы ретте Елбасы қазақстандықтардың болмысына қозғау салған екі бірдей ұлық мерекенің шымылдығын түріп, Қазақ даласында салтанат құру жолында тер төкті.

Оның алғашқысы – ықылым заманнан бері иісі қазақты былай қойғанда, күллі шығыс халықтарының ұлық мерекесі болған Наурыз. Оны Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 – 1925) шығыс халықтары атап өткенімен, 1926 жылы «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып, тоқтатылды. Дегенмен Қазақстанның көптеген аумақтарында жасырын түрде сақталып келді. 1988 жылдан бастап Алматы қаласында, республиканың өзге де көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. Дәл осы мереке жайлы Елбасы:

«Жалпы ойлап қарағанда, біздің Жаңа жылымыз осы мерекеден басталса дұрыс болар еді. Қытайлар өздерінің жаңа жылын ақпанда, корейлер де өз күнтізбелері бойынша мерекелейді. Біз Жаңа жылымызды әлі күнге дейін Петр І енгізген қаңтардың 1-інен бастап жүрміз. Биыл біз Жаңа жылымызды кең ауқымда, бүкіл халықтық деңгейде, көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше салтанатпен жаңа мазмұнда тойлағалы отырмыз», – деген болатын.

Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқын 2010 жылғы Наурыз мерекесімен құттықтау сөзі еді. Осы жылдан бастап Наурыз мерекесі елімізде үш күнге созылған ерекше мейрам ретінде атап өтілетін болды. Сол жылғы 10 мамырдан бастап БҰҰ-ның 64-қарарына сәйкес 21 наурыз – «Халықаралық наурыз мерекесі күні» болып бекітілді.

Қайта жаңғырған қазақы сана мен түлеген наурыз мерекесі бүгінде Қазақстан халқының ынтымағы мен берекесінің, татулығы мен бірлігінің мызғымас темірқазығына айналды.

Елбасының тікелей атсалысуымен қайта жанданып, бүгінде қазақстандықтардың ұлтаралық қана емес, дінаралық келісімі мен бірлігінің қайнар көзіне айналған мереке – Құрбан айт мейрамы.

Құрбан айтты тойлау және құрбан шалу салты Орталық Азияда ислам дінінің келуімен бірге тараған. Ол Х-ХІІІ ғасырларда кең өріс алды.

Қазақ халқының Құрбан айтты алғашқы тойлаған кезі туралы ақпараттар ХІХ ғасырдағы орыс жазбаларында кездеседі.

Алайда бір кездегі солақай саясаттың дінді апиынға теңеп, негізсіз қыспақ жасауының салдарынан тамыры терең қазынамыз – Құрбан айт мерекесі де ұзақ жыл тұмшаланып келген еді. Құрбан айт мейрамы қазіргі Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде өзінің тұғырына қайта қонды. Елбасы дәстүрлі дініміздің ең басты мейрамы Құрбан айтты ресми мейрамдар қатарына қосып, айттың бірінші күнін демалыс деп жариялады.

Тіпті 2014 жыл «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланып, қазақ халқының ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі ислам құндылықтарымен байланыстырыла дәріптелді. Олай болуының да өз себебі бар, қазақ халқы – ежелден-ақ бір Тәңірге сеніп, бір Құдайға жалбарынып келе жатқан халық. Құрбан айт мейрамы – қазақ мәдениетінің қасиетті құндылықтарымен астасқан, санасына салтымен бірге сіңген ұлық мерекесі болып қала беретіні анық.

2005 жылдың желтоқсан айында Парламент еңбек туралы заңнамаға толықтыру енгізіп, соған сәйкес, Құрбан айт мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күні болып жарияланды.

Дәл осы ұлық мерекеміз жайлы биылғы құрбан айт мейрамы қарсаңында Елбасы:

«Қазақстан табысты дамыған 25 жылда Құрбан айт шын мәнінде ел бірлігі мен қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайта түсуге бірегей ықпал еткен айтулы мейрамға айналды. Осынау қасиетті мереке күндері әрбір отбасыға бейбітшілік пен келісім, амандық және құт-береке тілеймін! Шаңырақтарыңыз шаттық пен бақытқа толсын!» – деп халқына ақ батасын берген болатын.

Қазақстанның ең бір ерекшелігі – көп ұлтты мемлекет ретінде жер-жаһанға танылуы. Осыны ескерген Елбасы да барлық күш-жігерін, ақыл-қайратын елдің бірлігі мен тұрақтылығына, ынтымағына арнап келеді. Елімізге қайта оралған мәдени құндылықтарымыздың барлығы байырғы қалпын сақтай отырып бүгінгі ұлттар татулығына қызмет етіп келеді. Жоғарыда аталған еліміздің ең басты екі мерекесі де бүгінде татулық мерекесіне айнылып үлгерді.

Кемтігі бүтінделген елдің керемет ойындары

Тәуелсіздік алған жылдары қазақ даласында ас пен той, аламан мен айтыс көбейді. Бұл – өшкені жанып, өлгені тірілгендей болған ұлттың бір сәттік марқа жүрекпен масаттануы еді. Дегенмен, кемерінен асып, кемтігі бүтінделген елдің болмысында бағзыдан бар өнер десек те, дәл осы ұлттық мұрамызды жандандыру сол кезде өте керек болатын. Ұлт руханиятының үш ғасырдан астам таптауырын болған намыс пен сана сілкінісі үшін мұндай шаралар ауадай қажет еді.

Бұл іс өз жемісін бермей қойған жоқ. Бүгінгі таңда ұлттық спортымыздың барлық түрі дамып, халықаралық дәрежеде чемпионаттар өткізетін деңгейге жеттік. «Көкпар», «Қазақ күресі», «Аударыспақ», «Тоғызқұмалақ», т.б. көптеген ұлттық ойындарымыз қайта жаңғырып, халықаралық аренада атой салатын дәрежеге жетті. Ал алдағы 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесі барысында «Қазақ күресі» мен «Көкпардан» әлемдік дода өз жалауын көтереді деп жоспарланып отыр.

Қазақ елінде қай спорт түрі де ел бірлігін, ұлттар достастығын дәріптейтіні белгілі. Ал ұлттық спортымыздың аз жылдың ішінде биік деңгейге көтерілуіне Елбасының 2012 жылы Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдауындағы мына жолдардың айрықша ықпал еткенін ерекше атап өткеніміз абзал:

«Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет» — деген еді.

Осының негізінде бүгінгі таңда елімізде әрбір аулада, әрбір мектепте, әрбір ауылда жеке-жеке аулалық спорт алаңдары бой көтеріп, спорт нысандары көптеп ашылды. Нәтижесін көріп келеміз.

Мәңгілік елдің Мәдени мұрасы

Осының барлығына мұрындық болып, кемтігін толтырып, кетігін бүтіндеген ерекше бір қозғаушы күш болды. Ол – 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы.

2003 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның мол мәдени мұрасын, мемлекеттік тілдегі гуманитарлық білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді, ұлттық әдебиет пен жазудағы сан ғасырлық тәжірибені біріктіре зерттеп, бірыңғай жүйе қалыптастыруға бағытталған бағдарлама жасауды тапсырды.

Бағдарламаны жүзеге асыру 2004 жылдан басталды. Бұл теңдессіз жоба ТМД елдері арасында алғашқы болып Қазақстанда жүзеге аса бастады. Үш кезеңнен тұратын бағдарламаға барлығы 9,8 млрд теңге жұмсалды. Дегенмен қазақы құндылығымызды түгендеуде жұмсалған бұл қаржы толықтай ақталды десек, артық айтқанымыз бола қоймас. Себебі, 2004 жылдан басталған бағдарлама (2011 жылы аяқталды) аяқталғанша төмендегідей ауқымды істер атқарылды:

Тарих пен мәдениеттің 78 ескерткішінде реставрациялық жұмыстар жасалды;

26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізілді;

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміздегі ескерткіштердің ауқымды инвентаризациясы өткізілді және республикалық (218 нысан) және жергілікті (11277 нысан) маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тізбесі қабылданды;

Түрлі мемлекеттерге жасалған ғылыми-зерттеу экспедицияларының нәтижесінде тарихқа, этнографияға, Қазақстан өнеріне байланысты 5 мыңнан астам құнды архивтік құжаттар, қолжазбалар мен баспа өнімдері алынды;

Бір жарым миллионнан астам тиражбен 537 кітап шығарылды, олардың арасында тарихқа, археологияға, этнографияға, жаңа энциклопедиялық сөздіктерге байланысты қайталанбас сериялар кездеседі;

Қазақтың дәстүрлі әндерінің «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» антологиясы шығарылды; т.б. көптеген мәдени құндылықтарымыз қалпына келтірілді. Дәл осы құндылықтарымыз жайлы Елбасы:

«Мәдени мұра» бағдарламасы – мәдениетке деген мемлекеттік көзқарастың соны стратегиялық ұстанымын айқындаған маңызды жоба. Ол жаңадан қалыптасып жатқан қазақстандық қауымдастықтың әлеуеті мен гуманистік бағыт-бағдарын танытты.

Бұл бағдарламаны қабылдағанда біздің алдымызға қойған басты мақсатымыз – халқымыздың өскелең рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру болатын» – деп атап көрсеткен еді.

Мәдени ошақтар

Осынау Мәңгілік ел болуға ұмтылған азат халықтың тірнектеп жинаған мәдени мұрасын шашпай-төкпей, шашауын шығармай сақтап қалар күш керек. Ол күш тағы да сол ел бірлігінің төңірегінен табылады.

Біз тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асқан ұлттық құндылықтарымызға өзек етіп отырған «Ел бірлігі» доктринасының екінші құндылығы «Тегі бөлек – теңдігі бір» деп аталады. Расында Қазақстанда өзінің ұлттық рухын асқақтатып отырған бір елдің, бір тағдыр иелерінің тегі бөлек болса да, теңдігі бір. Оған біз алыстан дәлел іздемей-ақ, әр өңірде, әр жылдары ашылған мәдени ошақтарды атауымызға болады.

Ғасырлар тоғысына тап келген біздің тәуелсіздік, Елбасы айтқандай, нағыз сын-қатерлер кезеңіне тұспа-тұс келді. Соған қарамастан мәдени мұрасын түгендеген халықтың осынау асыл қазынасын сақтап қалуда соңғы демі қалғанша күресері анық еді. Бұл жолда бір кездегі тоқырауға ұшырап, рухани орталықтың барлығын бизнес көзіне айналдырып жіберген олқылықтың орны қайта толтырылды. Бүгінде еліміздің әрбір облыс орталығында кемінде екі-екіден театр, музей, кітапхана мен мәдени орындар өз жұмысын атқарып келеді.

Дәл осы рухани орталықтардың мемлекет дамуында, ел руханиятында алар орыны жайлы Елбасы:

«Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Елдің дұрыс таңдап алынған бағыты арқасында біз көптеген биіктерге – бүкпесіз ашық саясат жүргізуге, Қазақстанға ғана тән экономикалық даму жолына, игілікті әлеуметтік реформаларға – біздің мемлекетімізді айнытпай тануға игі ықпалын тигізіп отырған табыстарға қол жеткіздік. Бірақ басқа бір қабат – нәзік және сонымен бірге қыртысы қалың рухани қабат бар, Қазақстанның тамырын тереңнен тартқан ұлы тарихы бар ел екенін көрсетіп, дәлелдей отырып, дүниежүзілік аренада біз елімізді осы қабат арқылы паш етеміз» – деген болатын. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан – 2050» стратегиясында айтқан анық бағыттарымыздың бірі.

Бір ғана Елордамыздың төрінде ашылған Бейбітшілік және келісім сарайы, «Тәуелсіздік» сарайы, «Астана» опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Қазақстан» орталық концерт залы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, т.б. ұлттың руханияты мен халықтың бірлігінің орталығына айналған мәдени ошақтардың Мәңгілік елдің мәдени мұрасын сақтап қалу жолында алар орны ерекше.

Ұлыларын ұлықтаған ел озады

Негізі, елдің бірлігі сақталған, бай мәдени мұрасы, оны сақтауға, дамытуға толық жағдайы бар ұлттың ендігі ұлықтары еліміздегі әрбір ұлттан, әсіресе қазақтан шыққан дара тұлғаларды дүние жүзіне танытып, ұлтымыздың тектілігін дәріптеу болуға тиіс. Осы тұрғыда алғанда, алысты болжай білген, ертең елдің болашағы үшін, жаһандық дәрежеде дәріптелуге тиіс дүниелерімізді таныту жолында қолдаушы-демеушіміз болар ЮНЕСКО секілді әлемдік ұйымға мүше болдық. 1992 жылы 22 мамырда қазақ деген ел, Қазақстан деген мемлекет әлемдік ұйымның бір мүшесі ретінде тіркелді. Міне, осы ЮНЕСКО көлемінде қазақтың талай таутұлғаларының даңқы жер жарды. Ұйымға мүше болған соң үш жылдың ішінде дүркіретіп Абай Құнанбайұлының 150 жылдығын тойладық. Бұл тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекеттің нағыз тұсаукесер тойы болды десек, артық айтқандығымыз емес. Осы тойда сөйлеген сөзінде Елбасы:

«Бұл — бүкіл планетамыздың мәдени-рухани тынысын жүйелеп отырған аса беделді халықаралық ұйым — ЮНЕСКО-ның біздің жеке өтінішімізді ыстық ықыласпен қабылдап, мұндай шаруаның қалыптасқан жылтізбелік үрдісін алғаш рет бұзып, оны дүниежүзілік деңгейде өткізуді өзінің биік құзырына алуға шешім қабылдағанының арқасы» – деген еді.

Елбасының осы сөзі расқа айналды. Мұнан кейін де қазақ даласында ЮНЕСКО-ның қолдауымен талай тойлар, мәдени іс-шаралар дүркіреп өтті. Жамбылдың 150 жылдығы, Құрманғазының 190 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығы, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы, т.б. жампоздарымыздың мерейтойлары халықаралық дәрежеде аталып өтті. Сонымен қатар дәл осы ұйым көлемінде Қазақ елінің тағы бір даңқты сәті – «Қазақ хандығының 550 жылдығы» да әлем назарын аударды. Елбасының ұлтымыздың, еліміздің руханиятына сіңірген тағы бір ұлы ісі осы екенін айта кеткен абзал. Сонымен қатар, әрбір мереке, кез келген іс-шара ұлттың, елдің, халықтың бірлігі мен берекесін негіз етерін де ұмытпаған жөн.

Біз – ұлты бөлек болғанмен, ұстанымы бір елміз

Әрине, әр елдің, әр мемлекеттің өз тілі, өз саясаты, өз ұстанымы болары анық. Ел бірлігінің ең басты кепілі де, ең басты қозғаушы күші де – мемлекеттік тіл. Бұл тұрғыдан алғанда, 25 жылдағы жетістігіміз ауыз толтырып айтарлық дәрежеде. Тағы да «Ел бірлігі» доктринасына назар аударайықшы. Доктринада оның мақсаттарының ең бастысы да, ең маңыздысы да Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екенін анық көрсетеді. Және:

«…Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге қатысты. Оны меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл – шешуші басымдық, рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы» – делінген. Демек, ұлттық құндылықтарды сақтау, мәдени мұрамызды дамыту, Елбасының өзі Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы ретінде танытқан ел бірлігін сақтау жолында да мемлекеттік тілдің алар орны ерекше. Бұл жөнінде Елбасы:

«Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» – деген еді.

Осы талапты орындау барысында еліміз бойынша көптеген орталықтар ашылып, тіпті мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді тегін оқытатын мүмкіндіктер жасалды. Ешкімді мәжбүрлеп, зорламай-ақ мемлекеттік тілді білу халық арасындағы байланыс құралы, татулық негізі екенін таныта білді. Бұл тұрғыдан Елбасы жыл сайынғы Жолдауында ел азаматтарына қазақ тілінің мемлекеттік тіл ғана емес, татулық кілтіне айналғандығын жеткізіп келеді.

1989 жылы ел Тәуелсіздігін алмай тұрған сәттің өзінде елімізде заңдық тұрғыда қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Ал 1997 жылы Тәуелсіз елдің тілдер туралы заңы қайта қаралып, азат елдің азаматтарына ыңғайланып жаңадан жазылды. Бүгінде мемлекеттік тілді қолданушылар саны артып, тіпті қазақ тілін қазақтан артық меңгерген өзге ұлт өкілдерінің саны молайды. Бұған Елбасының халыққа жасаған кезекті Жолдауында 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендер үлесін 80 пайызға, 2020 жылға дейін 95 пайызға, ағылшын тілін меңгергендердің үлесін 22 пайызға дейін жеткізу міндетін қоюы себеп болып отыр.

Біз — Мәңгілік елміз

Тұрақтылығын, дамуын, әлемдік беделін бірлікке негіздеген елдің, ұлттық руханияты қуатты, мәдени мұрасы айқын, ұлттық болмысы нақты, мемлекеттік тілі басым елдің Мәңгілікке, Мәңгілік ел болуға ұмтылуы заңдылық. Бірліктің алмас қамалы, шықпас биігі жоқ. Ақкөңілдің аты арып, тоны тозған емес. Олай болса, бірлікті ту еткен ақ пейіл қазақ елінің мәңгілікке ұмтылуы заңды еді. Бұл тұрғыда Елбасы тағы да тізгінді халыққа берді. Халықпен санаса отырып, Мәңгілік елдің ұлт жоспарын жасап шықты. Мәңгіліктің жолындағы алғашқы нақты 100 қадамның қандай боларын да айқындап, даралап берді. Бұл туралы Елбасы:

«Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.

Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді.

Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді.

Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық» – деді. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан жолы – 2050. Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында айтқан сөзі.

Жеті бірдей құндылықты негіз еткен Мәңгілік ел идеясы Қазақстандағы ұлттардың ұзақ жылдарға болжанған нағыз өміршең бағдары болды. Осы жолды ел бірлігінің негізіне айналар барлық сала қамтылып, оны жүзеге асу тетіктері, мақсаттары мен нақты міндеттері жекелей көрсетілді. Бүгінгі таңда Мәңгілік ел идеасының рухани да, саяси да өзектілігі әрбір қазақстандықтың бүгін-ертеңдік емес, дәуірлермен бірге, уақыт кеңістігінде өмір сүре алар ерекшелігін танытты.

Елбасының Қазақстан Тәуелсіздігіне жасаған ұшан-теңіз еңбегін бағалаған қазақ елі жақында ғана «Тәуелсіздік» декларациясын қабылдады. Онда«Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақырын, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың принципті маңызы бар. Өз тәжірибемізден білетініміз, біздің «осал тұсымыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық», – делінген.

Әуел бастан 100-ден астам ұлттың тыныштығын, берекесі мен бірлігін, ынтымағы мен тұтастығын көздеген Елбасыға деген құрмет әрбір қазақстандықтың кеудесінде ерекше мақтаныш сезімін ұялатқаны сөзсіз. Себебі, қазақстандықтар бірауыздан қабылдаған «Тәуелсіздік» декларациясында «Ел Конституциясында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз – Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтау және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу» екендігі анық көрсетіледі.

25 жыл – мәңгілікке ұмтылған, Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан Қазақстан Республикасы үшін саусақпен санарлықтай ғана уақыт. Ал мемлекеттік дәуірлеу уақытымен өлшер болсақ, бір буын ауысып, екінші буынның дамып, жетілер кезеңі. Осы ширек ғасыр уақытта қазақ елі, Қазақстан мемлекеті айтарлықтай өзгерді. Оған сіңірген Елбасы еңбегінің өлшеусіздігі айтпаса да белгілі.

Әр кезде, әр сөзінде ел бірлігін, ел тыныштығын тілге тиек ететін Президентіміздің 25 жылда Қазақстан үшін атқарған рухани еңбегінің бір парасын ғана атап өттік. Ал біз атамаған, бір ісі бір кітапқа татыр қаншама дүние бар. Ендеше ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда, ұлттық руханиятымызды түгендерде Елбасының еңбегін айналып өтпеуіміз керектігі анық.

«Қазақстан», «Тәуелсіздік», «Назарбаев» деген үш ұғымның біте қайнасып кеткендігін байқау да қиын емес.

Ел үшін біреуді екеу етіп, екеуді ынтымақтастыруды мақсат еткен, әу баста көпұлтты қазақстанның кемшілігінен де өзгеден атқұлағы артық тұрар ерекшелік іздеген Елбасының еңбегіне әрқашан халқы ғана баға бере алатынын ескеріп, әңгімемізді осы жерден аяқтауды жөн көрдік.

Ержан Жаубай, 2016 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.