Темірхан Момбекұлы Түркістан: Қазіргі журналистер сөздің дәмін сезінуден қалды
Биыл пайғамбар жасына толып, зейнеткерлікке шыққан ардагер журналист, саяхатшы, жазушы Темірхан Момбекұлымен қазіргі қазақ журналистикасы, қоғамдағы журналистердің орыны, әлеуметтік мәселесі төңірегінде аздаған әңгіме өрбіткен едік. Қазақ даласын велосипедпен шарлап шыққан жиһангер-журналист бүгінгі таңда журналистиканың деңгейі тым төмендеп кетті деген пікірде.
— Темірхан аға, әңгімемізді қазіргі журналистиканың жалпы деңгейінен бастасақ.
— Мен үшін журналистика – өнер. Өнер дейтін себебім, саясатта жүргеннің жүзден бірі тарихта қалса, журналистикамен айналысатындардың оннан бірі тарихта қалады. Ал қазақ «өнер ешқашан өлмейді» дейді. Және бір қызығы әлемде өнердің шығу тарихын нақты тап басып тапқан адам жоқ. Өйткені ол халықпен бірге жасасады.
Журналистің біліктілігі дегеннен шығады, осы радиоға ең алғаш жұмысқа тұрған кезде жазып әкелген дауысты қағазға түсіру міндет еді. Ол текс жоғары жақтан тексеріліп, содан кейін ғана эфирге берілетін еді. Жаңадан келген, жас маманмын, тәжірибе жоқ. Бір күні диктофонға не жазсам, соның барлығын қағазға түсіріп алып келдім. Сөйтсем, ол олай емес екен. Сол кездегі жетекшім Төлепберген Тауалов барлығын түсіндірді. Қысқаша ғана, есеп ретінде жазып, редакторға беруім керек екен.
Баяғыда телеарнада «Айтыс», «Қымызхана» және «Тамаша» деген үш үлкен жоба болды. Соның «Қымызханасын» эфирге алып шыққандардың ішінде Кәкімбек Наржанов деген ағамыз зейнетке шыққан кезде жастар ол кісімен жылағандай болып қоштасып еді. Себебі ол кісі театрлық қойылымдарды, оның ішінде кім қалай ойнады, барлығын жатқа білетін. Ал біз оны бастан-аяқ қағазға не диктофонға жазып отыратын едік. Өйткені ол кезде театрландырылған қойылымдарға талдау жасайтын едік. Үш-төрт сағатқа жалғасқан қойылымдарды соңына дейін тыңдап шығу оңай емес. Ал Кәкімбек аға оның барлығын саралап, сараптап біліп отыратын еді.
Қазақта «басың жерге жеткенше үйренесің» деген сөз бар ғой. Сол секілді адам баласы өз қатарластарынан да үлгі алып, үйреніп өседі. Тіпті өзінен кішілерден де үйренетіндер бар. Мысалы өз басым журналистиканы оқығаныммен, тәжірибе жүзінде қатарластарымнан көп үйрендім десем болады. Әсіресе Жүрсін Ерман мен Серік Байқоновтан үйренген екі тәлімімді айтайын.
Серік Байхонов айтады; «Телеарнада көрініс көрсетіп отырып, тура сол көріністі сөзбен жазатын журналистер бар. Бұл — ақымақшылық. Көріністе көрсетілмеген дүниені айту керек. Мұндай сюжет жасау ең әуелі журналистің өзіне обал, екіншіден көрерменге, үшіншіден тыңдаушыға обал» — дейді. Расымен көріністе көрсеткен дүниені қайта баяндап беруден ештеңе ұтпасың белгілі. Мен өз өмірімде осыны ұстануға тырыстым.
Ал Жүрсін Ерманнан үйренген дүнием артық сөз сөйлемеу.
Жүрсін айтыс жүргізген кезде бірде-бір артық сөз қосқан емес. Ол оның шешендігі болуы мүмкін. Және әр айтыс өткен сайын жоғарыдан қатаң тексеру жасалатын еді сол кезде. Тіпті айтыс сайын Орталық комитетке арыз қарша борайтын еді. Соның барлығына төтеп беру үшін Жүрсін айтысты жүргізген кезде бір ауыз артық сөз қоспайтын еді. Мен де соны үйрендім.
— Журналистиканың деңгейін түсіретіндер бар да, оны алға қарай сүйрейтіндер бар. Қазіргі журналистикаға келген буынға қандай баға бересіз?
— Біздің кезімізде де, біздің салада да жолбикелер болмай қалған жоқ. Бірақ журналистиканы сөз өнерінің ішіндегі ең киелісі санайтындар көп еді ол кезде. Журналистикаға сүйегіне сөз қонғандар, жазу қонғандар келетін еді. Және олар өзгеге үйретуге құштар еді. Әрине, қазіргі журналистика саласында жүргеннің барлығына топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, мынадай бір жайтты байқадым. Бір күні жаңадан келген жас журналистке редакторымыз Дүйсенбек Қанатбаев дүниеден өткеніне көп жыл болған, қазақтың әйгілі жазушысы жайлы жазып кел деп тапсырма берді. Сол кезде жаңағы журналист «Ол кісінің үйінің телефоны қанша еді?» деп, тап бір тірі адаммен жолығатындай сұрады. Соны естіген Дүйсенбек Қанатбаев шалқасынан түсе жаздады. «Ойбай-ау, оның қайтыс болғанын қазақтарды қойып, әлем біледі ғой, сен қалайша білмейсің?» — деді. Бұл сол кезде нағыз мешеулік еді. Ал қазіргі уақытта бұл модаға айналды. Тұлғаларды танымау, тұлғаларды менсінбеу деген қазір таңсық болудан, сауатсыздық саналудан қалды. Абай 37-ші қарасөзінде «көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» дейтіні бар еді ғой. Кейде халықтың расымен Абай айтпақшы «ес жоқ» тобырлық деңгейге түсіп кететін кезі болады. Осындайда көпті бастайтын тұлғалар болады. Осы тұлғаларды қарапайым халықтың танымай, білмей, құрметсіздік жасауы үлкен сын. Әрине, мен бұл жерде әр саланың өз көшбасшысын айтып отырмын. Әйтпесе «атақты теміржолшыны неге қарапайым егінші танымайды?» деп отырған жоқпын. Ал қалам ұстаған, сөз өнерінің тізгінін ұстаған жанға қай саланың болсын көшбасшысын танымау қылмыс деуге болады. Қазіргі журналистердің, әсіресе жас журналистердің ақсап жататын бір кемшілігі осы.
— Өзіңіз айтпақшы, «танымасын сыйламастар» көбейді дейсіз ғой…
— Мен саған бір мысал айтайын. Осы өзім қызмет ететін Қазақ радиосы 2012 жылы Алматыдан алғаш Астанаға көшіп келген кезде Қазақ журналистикасының қара шаңырағы Арқаға келіпті деп естіген Фариза Оңғарсынова редакцияны құттықтауға осы Қазмедиа ғимаратына келіпті. Қолында бір құшақ гүлі бар, құттықтауға келіп тұрған Фариза апамызды күтіп алатын журналист барғанша ғимараттың есігін күзеткен қарауылдар танымай, кіргізбей қойыпты. Әрине, олар өз қызметін атқарып тұр. Оған дауым жоқ. Бірақ келіп тұрған адам да тегін адам емес қой. Қазақ бола тұра, Фаризаны танымау қасиетсіздік қой. Қарауылдардың құрметсіздігіне ренжіген Фариза апамыз қайтып кетіпті. Қазақта ең жексұрын мақал бар, «Танымасын сыйламас» дейтін. Бұл мақал дәл қазіргі уақытта қаны жерге тамбай тұр. Және оны ешкім ұят деп санамайтын болды.
Мен Фаризаны мысал үшін ғана айтып отырмын. Әйтпесе мұндай жағдайлар күнде орын алып жатыр. Бірақ осыған іш жиып, мынау білімсіздік болды деген бірде-бір журналист болған жоқ. «Ой, сұмдық-ай, Фаризаны да танымайтын қазақ бар екен» деді де қойды. Ал жаңағы қарауылды жауапкершілікке тартып, қазақтың дарынды тұлғасын танымағаны үшін сынға алу керек еді. Себебі үлкенді, ұлыларды сыйлай алмаған халықтың қолынан ұлы істер келмейді ешқашан.
— Біздің саладағы тіл мәселесіне не дейсіз?
— Ешкім де қазақты жек көргеннен немесе әдейі қазақ тілін жою үшін орысша, болмаса өзге тілде жазып, сөйлемейді. Қалыптасып кеткен. Өздері де байқамай қалады қай тілде сөйлеп, қай тілде жазып жатқандығын. Бірақ бұл отанды, елді сату. Өздері де білмей жайлап сата береді, сата береді.
Мысалы осы өзіміздің салада да мынадай бір жағдай болды. Осы ғимаратқа алғаш деп келіп, орналасып жатқан кезде әр кеңсенің есігіне орысша атауларын іле бастады. Ал біз сол бөлменің ішінде отырып қазақша хабар таратып, «қазақша сөйле, отаныңды сатпа, еліңді сүй» деп күнде қақсаймыз. Ал өзіміздің есігіміздегі жазудың сиқы жаңағы. Әрине, заңда көрсетілген, бірінші қазақ тілі, ал қажет болса ғана орыс тілінде жазу керек деп. Бұл жерге орыс тілі қажет те емес. Себебі осындағы қызметкерлер 100 пайыз қазақ тілін біледі және түсінеді. Келген қонақтар да сондай. Бірен-саран түсінбейтіндер бар, бірақ солар үшін қалған мыңдаған адамның шақпылайтын не жөні бар? Ал осыны біз өзіміз дұрыстамасақ басқа кім келіп, «Ойбай, қазақша жазыңдар» деп ағылшындар, жапондар келіп айтпайды ғой.
Қарапайым ғана, осы ғимаратта жұмыс істейтін көптеген журналист іні-қарындастарым бар. Кейде лифте кездесіп қалғанда даудырлап өзге тілде сөйлеп бара жатады. Оларға айтамын сол кезде:» Сендер тым болмаса өздеріңнің жеп жүрген нандарыңды ақтасаңдаршы. Осы елден, осы мемлекеттен нан тауып отырсыңдар ғой, соны ақ-адал жеуді үйренсеңдерші» деймін. Олар «біз білеміз ғой» дейді. Әрине, біледі, бірақ олар сол білгенін келесі біреуге үйрете алмай жүр ғой. Қазақша сөйлеп, қазақша жазбаса, оны білгенінен не пайда?
— Осының барлығына кім кінәлі?
— Осыдан біраз жыл бұрын журналистикаға жаңадан келген бір жас бала «Жақсы дауысың болмаса да, жақсы жазып, сөйлей алмасаң да жақсы журналист болуға болады» деген мағынада сұқбат беріпті. Біз білеміз, радиожурналистикада «дауыс қою» деген болады, сол қойылған дауыспен, біреудің жазып берген мәтінін оқитын диктторлар болатын. Бірақ олар сол өзі оқитын мәтіннің қатесін тексеріп отыратын еді. Мысалы Байжанбаев, Жақановалардың мектебі мүлде бөлек болатұғын. Сөздің дәмі, сөздің иісі, сөздің әсері болады. Ал қазіргі журналистер мұны сезінуден қалды. Бұл жаңа өзің айтып отырғандай, алдынғы буын ағалардың еңбегін пайдалана білмеуінен. Қазір әр саланың алтын қоры пайдаланылмай тұр. Мысалы газет журналистері бұрыннан келе жатқан газеттердің тігіндісін алып, бұрынғы атақты журналистердің мақалаларын, очерктерін, эсселерін оқып тұрса деймін.
Телеарнада да, радиода да алтын қор айналысқа түспей жатыр шаң басып. Тіпті «Қазақфильмнің» өзінде қаншама киноларымыз жылына болмағанда бір көрсетілмей жатыр. Айналып келгенде осының барлығына өзіміздің салғырттығымыз кінәлі. Кезінде талай әйгілі адамдардың қасында жүрдік, сырлас, әңгімелес болдық. Әкемнің қасында да қазақтың әйгілі адамдары көп бірге жүрді. Бірақ солардың ғибыратты әңгімесін не қағазға, не диктофонға түсіріп алмаған екенбіз. Ғабиттің, Сәбиттің жүзін көріп, әңгімесін тыңдадым. Бірақ «осы болашақта керек болады-ау» деп бірде-бірінің бір ауыз сөзін сақтап алмаған екем. Қазіргі жастардың осындай қателіктерді жібермей, өздерінің жеке архивтеріне қазіргі көзі тірі, аузы дуалы жандардың әңгімесін жазып алса, сақтаса деген ойым бар.
Қазақ «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді ғой. Осы сөзі тура айтылған негізі. Біз «ауыл молдасының аузы сасық» деп өзіміздің қасымызда жүрген адамдарды онша бағалай бермейміз. «Азаматтың қадірін, алаш білмес, жат білер» дегендей, өзге ел біздің қаншама тұлғаларымызды мойындады, алайда біз солардың қасында жүріп, «биіктігін байқай алмадық».
Қазір журналистиканың, қазақ журналистикасының деңгейі өте төмендеп кетті. Мысалы Астанаға зиялы қауым келмей отыр немесе әкелмейді оларды. Себебі зиялы қауым көптеп шоғырланса халықтың санасы түзеледі. Ал қазіргі уақытта халықтың санасы түзелу кейбіреулерге жақпауы мүмкін. Сондықтан да Астанада зиялы қауым аз. Керісінше Астанаға мансапқорлар толып алды. Қалағанын істеп, жеп-жеп кетіп жатыр. Бұл жасырын емес және қоғамдағы барлық салада осындай. Ал журналистердің әлеуметтік жағдайы, журналистің рухани деңгейінен де төмендеп кетті. Шын мәнінде журналистердің мұң-мұқтажын, әлеуметтік мәселесін қаузайтын, тектеп-тексеретін бірде бір ұйым жоқ. Ал журналистердің өздерінің бұған қолы тимейді. Қазіргі кезде журналист десең өсек айтатын біреулер көз алдыңа елесетегендей болады. Жасыратыны жоқ, өсек айтатын газеттер де, сайттар да, телеарналар да бар. Адам бойындағы шерін шығарып, стрестен арылу үшін ондайлар де керек қоғамға. Бірақ шер тарқатамын деп ондайларда қаптатып жіберуге болмайды ғой.
Мұнымен не айтқым келіп отыр? Қазіргі уақытта қай салада болсын өзінің жеп отырған нанының қайдан келіп жатқанын білмейтіндер көбейді. Әр мекемеде негізгі маманды, және қосалқы мамандық деген болады. Қосалқы мамандық иелері негізгі мамандық иелеріне жағдай жасауы керек. Мысалы біздің мекемедегі негізгі мамандық журналистер. Қалғандары еден жуушы, күзетші, жарық беруші т.б. сол негізгі мамандық иелеріне қызмет етушілер. Сол секілді ауруханада негізгі мамандық иелері дәрігерлер. Ал енді, қараңыз, ауруханада негізгі мамандық еден жуушы не есіктегі қарауыл болса не болар еді. Дәрігерлер, медбикелер қосалқы мамандық болып кетсе. Ол жерде адам шығыны болар еді ғой. Сол секілді журналистика саласында да негізгі мамандық иелері күзетшілер болса қалай болар еді? Қазіргі уақытта дәл осындай. Журналистердің үстінен барлығы қожайын болуға құштар. Ал бұл жүйеге қарсы шыққан бір адам болса, «кете бер» дейді. «Басқа маман табылады, көнсең осы, көнбесең кете бер» дейді. Журналистер амал жоқ, айтқанына көніп, айдағанына жүре береді.
— Әрі журналистсіз, әрі жазушысыз. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тарихына көзқарасыңыз қандай?
— Біздің тарихымыз әлі күнге толық тани алған жоқпыз. Басқаны былай қойғанда күллі түркі тектінің бабасы Шыңғысханды бізге қарсы қойып, біздің жауымыз ретінде көрсетіп келді. Және солай оқытты да. Бұл қытайдың империялық, орыстың шовинистік сясатының жемісі. Енді қараңыз, біздің ата-бабамызды өзімізге қарсы қойып келгенде, басқасына не жоқ? Шыңғысханның қазаққа етене болатын бір ғана мысал айтайын. Шыңғысханның ұрпақтары аты-жөнімен, тегімен сақталған бір ғана халық ол – қазақтар. Басқа елдерде де оның ұрпағы болған, бірақ олар сол халықтың құрамына сіңіп, өзге ұлт болып кеткен. Ал қазақтардың құрамында Шыңғыс тұқымдары күні бүгінге дейін бар, ортамызда жүр. Сондықтан да, тарихымызды танып, ұлттық рухымызды, елдік мәртебемізді, түп-тамырымызды тану үшін, менің ойымша, Қазақстанның әр облысының орталығында Шыңғысхан ескерткіші тұруы керек. Біз үшін тарихымыздың нағыз ақтаңдақтарын аршып алатын уақыт әлдеқашан жеткен.
Мысалы немістердің бір дерегінде ҰОС кезінде «Егер ертең фашистер жеңіліп қалған жағдайда қандай әрекет жасау керек?» деген мәселені шешіп қойған деген аңыз бар. Олай болмған болуы да мүмкін, бірақ олар тас-талқан болып жеңілгеніне қарамастан дамыды ғой. Бұдан шығатын қорытынды не? Ол – сол мемлекеттің халқының санасы саясаттан да жоғары екенін көрсетеді. Мысалы Черчильдің мынадай сөзі бар, «Мәңгілік дос та жоқ, мәңгілік жау да жоқ, тек британ халқының мүддесі ғана тұрақты» дейді. Бұл сөз Ататүріктің «Түріктің түріктен басқа досы жоқ» деген сөзінен де, Абайдың «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзінен де асып түседі. Себебі, Ататүрік пен Абайдың сөзінде адамдардың достығы ғана айтылса, Черчиль нағыз ұлттың, халықтың мәңгілік екенін айтып отыр. Біздің халыққа да, әрбір қазаққа осындай түсінік, осындай сана керек.
— Қазақ даласын велосипедпен аралап шыққан саяқатшы-журналист ретінде қайта қалпына келтірілген жер атауларына не дейсіз?
— Өткенде көптеген стансалардың атауы қазақшаға өзгертілді. Қуанарлық жағдай. Бірақ сол тізімге қарап отырсаңыз ылғи оңтүстік жақтағы атаулар екен. Әрине, ол жақтың халқы қазақи, өзгерту де оңай. Ал мына тұрған солтүстік әлі сіресіп тұр.
Бұл ең жаман нәрсе, жер аттарының бұрмалануын айтам. Алматыда талай орыстың алқаш кемпірлері бетімізге де басқан кезінде. «Сендерге жерлеріңнің атын да біз қойып бергенбіз» деп. Қазіргі уақытта да жер атауларын, көше, ауыл, аудан атауларын қазақшалағанда қазіргі заманауи дүниелерді де ескерген жөн. Мысалы Астана атауы өте сәтті қойылған. Қай тілде жазылса да, аталса да қазақы қалпын сақтайды. Бұл біздің өзге елдерде, әлемге танылуда тіл тазалығын сақтауда ерекше рөл атқарады.
Ал бір өкініштісі Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да, ойын-сауық, сауда-саттық орталықтарының барлығы дерлік жекеменшік, соның салдарынан барлығы да өзге тілдегі атауды, өзге тілдегі жазуды қолданып отыр. Тап бір өзге мемлекетте жүргендей әсерде боласың. Бұлардың барлығы әуелі қазақша жазылуы керек қой. Содан кейін ғана өзге тілде жазылсын. Осындай нақты заң қабылдауымыз керек.
— Сіз Кеңес дәуіріндегі журналистиканы да, Тәуелсіз елдің журналистикасын да көрдіңіз. Осы екі дәуірдегі сөз өнерін салыстырып көрдіңіз бе?
— Көрдім. Кеңес уақыты тұсында цензура қатты болды. Жазуға мүмкіндік жоқ. Ал қазір еркіндік бар. Бірақ өз басым жазудан алыстап барамын. Осы кезде отырып алып ойлаймын. Шіркін, сол кездегі ізденімпаздық пен жігерді осы еркіндік тұсында берсе ғой деп. Себебі біз Тәуелсіздік алғаннан бергі еркіндікті дұрыс пайдалана алмай келеміз.
-Әңгімеңізге рахмет!
Ержан Жаубай, 2017 жыл