Жұлдызкөк

4152

Соғыстан соңғы жылдарда Қаратау мен Сырдың бойын атақты Қарагер даңққа бөлесе, сексен мен тоқсаныншы жылдары атышулы Жұлдызкөк досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіріп дабылдатып еді-ау. Бәйгеде алдына қара оздырмаған қайран тұлпардың озып келе жатып, үзілгені де, ақырғы тыныс алған жері де – осынау Сауран аймағы.

Барлық жер киелі, құтты. Әсіресе Қасиетті Қазақ Жері. Оның ішінде осы Түркістан-Жаңақорған аймағы, Сыр, Қаратау өңірлері мен Қызылқұм атырабы. Ал енді жарықтық жер осылай болған соң, адамдары ғана емес, жануарларына да кие дарыған деп отырады көнекөздер. Дәуірлеген күндерінде алдына қара салмаған, бәйге атаулыны өзі ғана билеп өткен Жұлдызкөктей ерекше төрт аяқтылар бұл төңіректе аз болмаған еді.

Көк ат деп те атайды. Аңызға айналған жануар еді. Көзі тірісінде алдына ат түсірмеген жүйрік. Небір аламан бәйгеде топ жарып шыққан. Жәдігер мен Амангүлдің, Таластың ғана емес, күллі аймақтың мақтанышы болған, қызығына айналған текті жануар.

Күтім тілемейді. Өте таза болыпты. Тезекті кез келген жерге тастамайды. Түнде Амангүл терезелерінің көзін ашады ғой,сонда Көк ат өз жайынан сыр береді. Шөлдей ме, шөп керек пе. Ештеңе керек емес пе. Кең қораның ішінде бос жүреді. Ал бәйге боларда өзін өзі суытқандай күй кешетіні бар. Жарыста соңына қарап-қарап қойып шабады екен. Шапқанда, созылып, сұмдық ұзарып кетеді.

Қажымұқанның 125 жылдық тойы Темірланда 1994 жылы өткенде, бәйгеге 86 ат қосылған еді.

Сонау Шардараның Арнасайындағы Әбдіғани қазақ дүрілдетіп сүндет той жасайды, алғашқы орындарға тоғыз-тоғыздан тігеді. Бәйгеге 117 ат қосылған. Мұнда да Жұлдызкөк қараүзіп ағып келеді ғой.

Ал Саурандағы мерт болатын бәйгеде де алдында келе жатқан. Мәре тақау қалыпты. Соңына қарапты. Содан жығылған: «Сонда соңына қандай қасіретпен қарады екен?!» деп көп ойлаймын. Өзінің жығыларын, өмірінің ақырғы нүктесі қойыларын текті жануар сезбеді дейсіз бе, сезді ғой. Сезгенде қандай! Жығылған соң, сонау келе жатқандар, олар-дағы оңай емес, жер танабын қуырып келеді, зуылдап өте шығарын ойлады ма? Жұлдызкөкке сол қасірет болған шығар? Өйткені, алдына қара оздырмаған жануар еді ғой.

Аты өлген соң, бүкіл Жаңақорған ауданы тойды тастап шығады. Жерлеуге қатысады. Қалың ел Жәдігерге көңіл айтады. Ауылдың ақсақал, қарасақалы үйге келіп, басу айтысып, жұбатады. Сөйткен Жұлдызкөк – қораның алды болды ма екен, сол жануар кеткен соң, үйдегі өзге қылқұйрықтар да құтаймады. Тіпті, бәйгеге тігіліп келген бота да өлді. Ол жануар да көпке дейін боздаумен болған ғой. Арнасайдан Көк атпен бір көлікте келіп еді ғой.

Жәдігердің бір ұлы Әбілақат тазы ұстайды екен. Ит жүгіртетін қазақ. Ал Таласы – Жұлдызкөктің дәуірлеген заманында бәйге бала атанып еді-ау.

***

— Өзін өзі суытып жүретін. Өзін-өзі жаратады. Бәйге болатынын алдын ала сезетін еді. Қорасында бос жүреді.

— Әншейінде жай ат дейсің. Ал енді бәйгеге шапқанда көрсең ғой! Жайнап кетеді!

— Бір бұрышқа тезек тастайды. Сол жерге тезек тастады ма, басқа жерге тезек тастамайды. Тек сол жерге ғана!

— Бәйге аттары өзін-өзі жасырады ғой. Бойын жасырады.

— Біреулер: «Мынаны бәйгеге қосасың ба?!» деп менсінбей тұрған. Ал енді бәйгеге қосқанда!

— Баласы көкпарға әкеледі. Салым біткенде, көкпарды алады да, тартады. Бір ат жете алмайды ғой!

— Оған көз тиді! Қасиетті мал еді жануар! Көз тиді! Жұрт та «Көз тиеді! Апарма!» деген-ақ екен. Өзі де «Апармаймын. Қоспаймын» деген екен. Әбіләсім қоймапты. Содан қосқан ғой. Мына Сауранда. Сегіз айналымда келе жатты. Анадай жерде, -деп бұзауды нұсқады. Алпыс-сексен метрдей аралық еді. – Айдархан екеуіміз көріп тұрдық. Бірінші келе жатты жануар! Артына қарап қоятын әдеті. Артына қарады. Екінші келе жатқан атты көрді. Соған қарады. Сөйтті де, бірден аяқтары икемге келмей, шатқаяқтап, өстті-өстті де, -деп Мейірбек аяқ-қолымен көрсетіп келеді. Біз Жалғастікінен ұзаған соң, Жәдігердің көк атын әңгімелеумен болғанбыз. – Сол жерде бірден өлді.

— Өмірі бірінші кеп жүрген. Ана атқа: «Озасың-ау!..» деген қасіретпен қарағаны шығар, -дедім қайран жүйрікті аяп.

— Сөйткен шығар, -деп Мейірбек аянышты әңгімені жалғастыра түсті. – «Адал малың. Сой» деп еді, Жәдігер сойғызбады. Қан шығармай жерлемекші болды. Жұрт ырым қып, құйрығынан, жалынан кесіп алып, қаптап… кетті, тоқтар емес!

— Жәдігер оларға «Қойыңдар» деген шығар?

— Қайдағы! Жәдігер өкіріп жылап жүр.

— Бір кісі кейін ұрысты: «Немене, сонша жылап?!» деп. Үстіндегі өзінің баласы еді. «Балаң өлсе, қайтер ең?! Балаң аман қалды. Соған шүкір де. Немене, сонша жылап?! Ат өліпті. «Бәле-жала сонымен кетсін де!» деп ұрысты.

***

Қайран жүйрігім-ай. Бәйгеде ағып келе жатып, күрт үзіліпті. Өліп бара жатса да, көзі тірісінде алдына ат түсірмеген жарықтығым… Даламыздың перзенті еді ғой. Даланың өз жаратылысы! Өзінен ешкімді оздырмайтын!

***

Әлқисса, Жәдігердің көк аты көкейімнен кетпей қойды. Жүрген жерімде айта жүремін. Мән-жайын сөз етемін. Алматыға келген соң, Мейрамбектерге жырламаймын ба. Сондағы жиенімнің айтқаны еді:

— Темірхан, Түркістанның 1500 жылдық тойында «Талдықорғаннан келген Үштөбелік жігіттер тез кетіп қалды» деп отырсың ғой. Бәйгеге ат қоссаң, солай болады. Жәдігердің аты өлгенде, біз сөйттік. Бүкіл Жаңақорған ауданы тегіс кеттік қой сол тойдан! Бәріміз жиналып, адам сияқты ардақтап көмдік. Ой, ол ат!.. –деп еді.

***

— Қап! Репортерімді әкелмегенім-ай! Бұл жолы баратын жерлер көп болды ғой. Әйтпесе, небір әңгімелерді репортермен, не диктофонмен жазып алғанда! Жәдігердің өзімен де, Аманкүлмен де асықпай сөйлескенімде. Уақыт қысып барады, — деймін.

— Аманкүл апамыз қандай! Ақкөңіл! Бар әңгімесін айтып берер еді. Қалай күткенін атты. Бәрін де, — дейді Мейірбек жиенім.

***

— Қасиетті мал еді. Бәйгені алдын ала сезіп!.. Өзін-өзі жаратып! Бәйгеге қосатын күні кісінейді екен. Сол күні кісінепті жануар…

— Бағына біткен ат болған екен да, — дедім мен.

— Бағына бітіп еді. Сұмдық еді ол.

— Көк қой. Ірі ме еді?

— Онша ірі емес. Кішкентай да емес. Келісті еді өзі де!

Жалғыз Мейірбек қана емес, атқұмар елдің бәрі де жарықтық жүйрікті әлі күнге аңыз етеді екен. Аңызға айналған сол жануар жайындағы сыр-толғауларды, Алла жазса, Алла қолыма қуат берсе, күллі дүниеге жеткіземін. Мәңгілікке толғанатын ескерткіш соғамын. Сөзден! Ия, Алла, сол тілегіме жеткізе гөр!

Темірхан Момбекұлы-Түркістан
жазушы, велосаяхатшы

Argymaq.kz

ФОТО: Сембіғали Смағұлов

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.