Мұқан САХАРИЕВ. Қасиетті түліктің қадіріне жетіп жүрміз бе?
Бұл шағын мақаланы оқырмандардың назарына ұсынудағы басты мақсатым, төрт түліктің төресі — киелі қазақ жылқысының ұмыт бола бастаған қасиеттерін қайта түлету үшін билік құрылымдары, кәсіпкерлер, ауыл ардагерлері, азаматтар қолдау жасап, көмек көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір «көкшолағы» болған. Қойшы өзінің қойторысын мінген. Осы ат-көліктің арқасында қазақ баласы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Алып аумаққа иелік етті. Жылқы малы жөнінде айтылатын мақал-мәтелдер, сөз тіркестері тым көп-ақ. Мысалы, бір ауылдың ұйтқысы болып отырған, жаны жайлау біртоға бәйбішені «Бес биенің сабасындай» деп береке-құтқа балады. Немесе түтеген қалың боранды «Ат құлағы көрінбейді» деп бейнелесе, баласы ер жетіп, есейсе, «Ат жалын тартып мінуге жарады» деп жатады.
Сонымен қатар, бірін-бірі қайта көрместей болып, ренжіскен екі жақты «Ат құйрығын кесісті» десе, араздасып барып татуласқан жандарды «Ат тізесін қосты» деп табысқанын айтады. Сонымен қоса, тек атқа ғана байланысты «Ер қанаты — ат», «Атың барда ел таны желіп жүріп», «Жылқының үсті жел, сүті ем», «Ат айналып қазығын табады», «Ат аунаған жерде түк қалады»,»Ат төбеліндей», «Ат бауырына түсіп», «Ат құлағында ойнау», «Атқамінер», «Көңіл деген көк дөнен» сияқты сөз тіркестері де көп. Ат ән мен күйге арқау болды. «Маңмаңгер», «Ақбақай», «Салторы», «Қаражорға», «Еркежирен» сынды әндер, «Көкдөнен», «Құлагер», «Телқоңыр», «Қоскүрең» сияқты күйлер өмірге келді.
Ал, қазақ баласы болса, құлын болып кісінеп, тай-құлын болып тебісіп, асау болып алысып, ат болып жарысып ойнап, ержетеді. Бәріміз де ауылда туып-өскендіктен, қолымызға түскен тал-шыбықты, атамыздың таяғын, апамыздың сабауын ат қылып мініп, қу ағашқа жан бітіргенбіз.
Ежелден қалған ескі сөз — «Ер қанаты — ат». Тақымы атқа тиген Алаш баласы әруақытта арқаланып, аруақтанып, қиялына қанат бітіп, шабыттанып, қуатына қуат қосып, қайраттанады.
Қазақ халқының тарихына терең үңілгенде, тәнті болатынымыз — бабаларымыздың елін, жерін қорғап, ата жауымен алысқандағы қандыкөйлек жолдасы, арқа-жарқа болып, алқа-қотан көшіп, ақ түйенің қарны жарылып, сән-салтанат құрғандағы қызығы, өмірінің көркі жылқы малы екендігін көреміз. Қазақ халқының дарабоз батыры Қаракерей Қабанбайдың Қубасы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы, кейінгі тарихтағы Ақан Серінің атын шығарған, қапияда мерт болған Құлагердей сәйгүліктің қанжоса басын құшып отыруы адамзат баласында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Ақан Серінің азалы зарын арқау ете отырып, дүлдүл ақын Ілияс «Құлагер» поэмасын өмірге әкеліп, батырлар серігі — жылқы малының құдіретін халыққа паш етті. Шыңғыс хан да, Қабанбай да, Ескендір де тұрпатты тұлпарлары болмаса түк те бітіре алмас еді.
Жылқының адам бойына күш, рух сыйлайтын алабөтен қасиеті бар. Ол — намыс, ол — ұлттың сана-сезімі, ол — тектілік рухы еді. Қазақ үшін бұл тіпті де қажет. Осыны жақсы зерттеген ақ және қызыл түсті отаршылдар қазақты жылқыдан ажыратпай, оның бойындағы «жылқы мінезге» әлі жетпесін білді. Сөйтіп, олар бірден қазақтың жылқысына ауыз салды. Қызыл империя алдымен алаштың атын алды, артынан ерлерінің басын алды.
Тарих дерегіне қарасақ, Қазан төңкерісіне дейін қазақ елінде 8 миллион жылқы болды деген дерек бар. 1929-31 жылдарғы аласапыранда содан қалған 4 млн. жылқының 80%-ы қырғынға ұшырады. Тіпті, асыра сілтейтін шолақ белсенділер арасынан қазақ жылқысының тұрқы әлемдік стандартқа сай келмейді деп, немесе «маңқамен» ауырады деп, тірідей шыңғыртып атқандары да кездесіпті. Мұның астарында қазақты жуасытудың бір жолы осы деген арам пиғылдың жатқаны анық.
Оған Голощекиннің «Ең бірінші қазақтарды жылқысынан айыру керек, сонда олардан жуас, бейшара халық болмайды» деуі жоғарыдағы сөзімізге дәлел. Бұл — заман трагедиясы еді.
«Арыстан — аң патшасы,
Жылқы — мал патшасы» деген нақыл сөз жылқының иесіне адалдығын, тектілігін, халықтың жылқығы деген алабөтен құрметін аңғартса керек. Жылқы малының кейбір қасиеттері адам баласын еріксіз таңғалдырады. Есту қабілеті — мысықтан артық, иісті сезу қабілеті — иттен артық, көру қасиеті — айсыз қараңғыда тұяғын ілмейді, ауа райының өзгеруін бірнеше күн алдын-ала білуі — ғажап нәрсе. Өз иесін — аяқ алысынан алыстан таниды.
Жылқының жершілдігіне қайран қалмасқа шараң жоқ, мұны ешнәрсемен теңгере алмайсың. Арыға бармай-ақ, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы бәріміз білетін, аса жүйрік Елікжиреннің аянышты тағдырын жершілдік демей, не деуге болады? Екі дүркін Семейдің ет комбинатынан елге қашуы — тектілік емей немене?
Жылқыда тіл жоқ. Бірақ, бәрін түсінеді, түйсінеді. Жылқы еркіндікті сүйеді, бостандықты қалайды. Айтулы қаламгер Асқар Сүлейменов: «Басқа халық маймылдан жаралса жаралған шығар, ал, дәл біздің қазақ жылқыдан жаралған шығар» десе, Қасым ханнан: «Біздің асыл дүниеміз — бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асылымыз — жылқы еті, сүйетін сусынымыз — қымыз, қызық көретініміз — өрістегі жылқымыз» деген сөз қалыпты.
Сонымен, 1985 жылы Кеңес Одағында 5,6 млн. жылқы, оның төрттен бірі, яғни, 1,5 млн. біздің Қазақстанда болған. Бүгінгі деректерге сүйенсек, елімізде 1,2 млн. жылқы бар деп айтылады. Бұл деректің шындық екені рас болса, бұған шүкіршілік еткен дұрыс болатын шығар.
Өкінішке қарай, «жеті қазынаның» бірі саналатын жылқыға мемлекет тарапынан оң көзқарас болмай тұр. Елімізде қазір, сенесіз бе, ат жарыстыратын мемлекеттік деңгейдегі ипподром жоқ.
Ал, жылқы жөнінде осы уақытқа дейін аты шықпаған Швецияда 29 ипподром бар. Францияда 234, Түркімендердің Ашхабад қаласында әлемдік деңгейдегі үш ипподром салынған. Түркіменстанда Ақалтеке жылқысына мемлекет тарапынан қолдау күшті. Онда жылда дәстүрлі түрде жылқы мерекесі тойланады. Тіпті, онда жылқы министрлігі бар. Біздегі жағдай, әрине, сын көтермейді. Қазақ жылқысын асылдандыру үшін мемлекет тарапынан көмек керек.
Ауылшаруашылығы министрлігінде жылқы шаруашылығымен шұғылданатын мамандарға штат қаралмаған. Жоғары оқу орындарында жылқы малымен шұғылданатын мамандар даярлайтын факультеттер жоқ. Сонда қалай болғаны? Жылқы малының еліміздегі тағдыры, өсіп-өнуі, іріктеліп-сұрыпталуы кімге тапсырылған? Кейбір елдер жоқтан бар жасап жатса, біз барымызды бағалай алмаймыз. Өзгелердің жылқысын өрге сүйреп, қазақ жылқысының басын төмен сүйреп жүргенімізді қалай түсінсек болады?
Жылқының елі болмаса да, жылқыға мұражай ашып жатқан елдер аз емес. Айталық, АҚШ, Англия, Жапония, Францияда, Қытайдың Үрімжі қаласының жанында ашық аспан астында жылқы мұражайы ашылған екен. Өліп-талып, қаншама уақыт өткеннен кейін жылқы перісі «Құлагерге» ескерткіш орнаттық қой, әйтеуір.
Шыны керек, қазақы жылқының қадір-қасиетін түсінуге әлі жетісе алмай келеміз. Егер біз өзіміздің жылқыларымызды асылдандырып, жетілдіретін болсақ, онда арабтың да, ағылшынның да, түркіменнің де тұлпары біздің арғымақтарымыздың жанында шаң қауып қалар еді. Өйткені, қазақтың жылқылары өте төзімді келеді. Ал, түркімендердің ағылшын жылқылары қазақы жылқыларға қарағанда өте нәзік, әлсіз болады. Қазақы жылқылар алақанда мәпелеуді міндет етпейді, қыста тебіндеп, өз қорегін өзі тапқан. Ағылшын, түркімен жылқылары бала секілді, күтіп-баптамасаң, мұндайға шыдай алмайды. Себебі, тор ішінде өсіп-өніп, жасанды, қолдан ұрықтандырғаннан кейін төзімділігі жоғалады. Қазақ жылқылары төзімді, әрі ұзаққа шабады.
Жақында бір газетте адай жылқылары туралы мақала орыс тілінде жарық көрді. Онда Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь елдерінен келген тұлпарлар Спасск-Рязань қаласында 80 шақырым қашықтықта күш сынасқан. Сонда тұрқы қысқа, жерден шоқтығының биіктігі 147 см. болатын қазақы жылқы алдына жан салмаған. Намыстанған достастық елдерінің өкілдері қазақы жылқының төзімділігіне көз жеткізу мақсатында, жүйріктігін дүниежүзі толық мойындауы үшін 120 және 160 шақырымға бәйге ұйымдастыруға келісім жасапты. Осы бір фактінің өзі біздің жергілікті жылқыларымыздың қанының асылдығын, тектілігін, қазақтың өзіндей төзімділігін дәлелдесе керек.
Біздің Тарбағатай өңірінде жылқы малын өсіруге, тұқымын асылдандыруға талпыныс жасап жүрген шынайы жанашыр азаматтар баршылық. Айталық, кезінде үлкен спорттың дәмін татқан, қазақтың ұлттық ойыны «Көкпармен» айналысып, ұйымдастырушылық қабілетімен көпке танымал азамат Сержан Омарбековтің еңбегі ерекше. Талай рет ұсынылған үлкен қызметтерге бармай, туған топырағында тұлпарлар тәрбиелеп, өсірем деген мақсатпен жүр.
Жылқыны танып-білу, өсіру әркімнің маңдайына жазыла бермейтін қасиет болса керек. Сол Сержан азғантай еңбекақымен әлі күнге санаулы сәйгүліктерді тәрбиелеп, билік өкілдерінен көмек тосуда. Ат спорты мектебін жетілдіріп, жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп, қамқорлыққа алынса, үлкен бір игілікті іс болар еді. Өкініштісі сол, бүгінде араб, түркімен ақалтекесіне ұқсаған, таза қазақы қанды әрі әлемге әйгілі арғымақтарымыз жоқтың қасы.
Еліміздің экономикасы қарышты даму арнасына түсті, қаражат жеткілікті. Менің ойымша, ендігі міндет жарығы сөне бастаған ата дәстүрімізді қалпына келтіру болса керек. Өкінішке орай, ауқатты атбегілеріміз қазіргі уақытта таза қанды қазақы жылқы тұқымын өсірудің орнына ағылшын немесе түркімен, араб жылқыларына құмар болып барады. Біз ел болып бірігіп, осы салаға көңіл аудармасақ, қазақы жүйрік қайдан шығады?
Егер қазақы жылқы шаруашылығын дамытамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болса, онда қосымша жұмыс орындары ашылып, қазақы ат спорты ойындары қайта жаңғыра түсер еді. Сондай-ақ, жүген өру, ертоқым жасау, тіпті шабандоздардың киімдеріне дейін тігетін шағын цехтар ашылып, ел экономикасының көтерілуіне септігін тигізері анық. Сондықтан да, жылқы индустриясының дамуына көңіл бөліп, ата-баба дәстүрінің жаңғыруына қолдау көрсетейік демекпін.
Мұқан Сахариев,
Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы,
Грек-рим күресінен КСРО спорт шебері. Бақ.кз