Тұлпардың сыны

86832

(Батырлар жырынан)

Халқымыздың тарихында еліне қорған болған батырларды сүйікті тұлпарлары эпос-жырларда, аңыз әфсаналарда тарихи кейіпкер ретінде көрінеді. Көшпенділік қоғамның негізгі қозғаушы күші жылқы болғандықтан, бұл заңды құблыс саналады. Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Қамбардың Қарақасқасы, Арқалықтың Көкжалы, Телағыстың Телкүреңі, Шораның Таспакері мен Қатукері, т.б. иесі мен есімі қатар аталып, халық санасына сіңгені сонша, бірін-бірінсіз елестету қиын.
Түркі-моңғол халықтарының батырлық эпостары екі жақты аталады. Біріншісі – батырдың есімі, екіншісі – астындағы тұлпардың аты.
Түркі халықтарының эпосының басқа халық эпостарынан ерекшелігі: «Батыр сол кезде батыр болады, өзіне лайықты жан серігі – әскери атын тапқан кезде. Бұған дейін ол қаншама жойқын күшін көрсетіп, ерлік жасағанымен батыр деп саналмайды». (Гундогдыев О. «Конь и конница у туркмен») Сондықтан батыр болатын адам ат жалын тартып мінісімен, жақсы ат іздей бастайды. Мысалы, Қобыланды батыр өзінің еншісіне берілген тобылғы меңді торы атты мініп, әкесінің жылқысына барып, жылқышылардың қосында жатып құс салып, аң аулайды, ерлігін ұштайды. Құртқаға үйленіп, еліне қайтып келе жатқанда, Құртқа жолшыбай табын жылқының ішндегі көгала биені көріп:
«Көгала бие ішінде Көкбурыл құлын бар, келешкте саған жаугершілікте мінетін атың, жан серігің сол болады, қайтсең де ал, астыңдағы тобылғы меңді торы атың саған қол емес», — деп ақыл береді. Құртқаның көрімдігіне ағасы Сәлімбайдан алған көгала бие көп кешікпей көкбурыл құлын туады. Туа салысымен Құртқа құлынды ерекше күтімге алады, құлынға арнап арнаулы шатыр тіккізеді. Тонын жарып құлынға тыныс алдырады, тұяғын жерге тигізбей ішікке орайды, тынысы кең ашылсын деп аузын үрлейді.
AlpamysҚырық күнге шейін Бурылға
Қулықтың сүтін емізді.
Және қырық күн біткенше,
Қысырдың сүтін емізді.
Сексен күні біткесін,
Тоқсан күні жеткесін,
Алмасын деп, талмасын деп,
Маңқа қолқа болмасын деп,
Жеміне қосып қыз Құртқа,
Қызыл дәрі жегізді.
Бурылға қыз Құртқа,
Түндікпенен күн берді,
Түтікпенен су берді,
Дәрілеген жем берді.
Құртқаның баққан Бурылы
Жасқа толып тай шықты,
Жалтырап маңдай ай шықты,
Тайдан құнан бұл шықты,
Тасқа тиген тұяғы
Көмірдей ойып жаншыпты.
Құнаннан шығып дөненді,
Күн көрмеген көбеңді,
Жуандап мойны өссін деп
Ұзын байлап сүйретті.
Алты жаста ақтатты,
Өзіне өлшеп Бурылдың
Алтыннан тұрман қақтатты.
Бұлаңдаған Бурылдың
Маңдайында масаты бар,
Марал ішсе таусылмас.
Құйрығында құдық бар,
Құлан ішсе таусылмас.
Жырда тұлпар болатын аттың күтімі, тәрбиесі, жем-суы, емі рет-ретімен тәптіштеп айтылады. Күннің аптап ыстығы мен желі, жаңбыры тимесін деп жақсы аттарды құлын кезінен киіз үйде, жабық қораларда ұстайтыны белгілі.
Қазақта жас балаларды таңертең ерте күн шығысымен үйден көтеріп шығарып күнге тигізіп алайық, күннің нұры тисін деп ырым қылады. Эпоста айтылатын түндікті ашып құлынға күн түсіру, күн беру жақсы өсіп-жетілудің кепілі. Қамыс түтікпен су беру туралы ел арасында әңгімелер кездеседі, бірақ бұның нақты не үшін қажет екені белгісіз.
Осылай алты жыл жаратқан Тайбурылдың, Қобыландының Қараман бастаған жорыққа асығып тез аттануына байланысты, толық тұлпар болуына 43 күн жетпей қалады. Демек тұлпарды жаратудың мерзімі әдеттегідей жай атты жаратқандай 2-3 ай емес, бірнеше ондаған жылдарға созылатын өте қиын да, күрделі жұмыс екенін көреміз.
Тұлпар қазіргі айтылып жүргендей ешқандай мифтік жануар болмаған, көшпенділер күнделікті сүтін қымыз қылып ішіп, етін жеп, мыңдаған жылқы табындарын бағып жүріп жылқыны мифке айналдыруы мүмкін емес.
Құртқаның Тайбурылды жаратуы — тұлпар атты жаратудың үлгісі деуге болады, себебі халық әлі күнге дейін ұмытпаған «Тайбурылдың ақыры» деп аталатын үшбұрыш алып тасты, қасиетті Тайбурыл тұлпар жем жеген деп әлі күнге дейін сыйынады. Ақыр қазір Тараз қалалық музейінің ауласында тұр. Ақырға қарап-ақ Тайбурылдың заманында бойы биік, мойны ұзын тұрпаты зор жылқы болғанын көреміз. Бұл теңдесі жоқ заттық тарихи мұра жырда да айтылып өтеді.
Жүгіре басып Құртқа да,
Ақырда тұрған Бурылды,
Шығарып ептеп алады.
Қобыланды батыр – тарихи тұлға, оның арғын Ақжол биді (Дайырқожа) өлтіргені, қазақ хандығының шаңырақ көтерген заманымен сәйкес келеді. Енді Қобыланды Ақжол биді неге, не үшін өлтірді десек, әлі күнге дейін зерттеушілер жауап таба алмайды. Мынадай фактіге назар аударайық. «Жамиғат тауарихтың» авторы Қыдырғали Жалайри Ораз Мұхамедтің Қасимов ханына сайланған кезде, тақтың сол жағында екі бектің отырғанын, біреуі арғын, екіншісі қыпшақ екенін жазады.
Тарихтан белгілі Ораз Мұхамедті 1588 жылы жазда Ертіс бойында нөкерлерімен аң аулап жүрген жерінде, воевода Данила Чулков тұтқындап, Москваға алып кетеді. Кейін Москваның күшімен Ораз Мұхамедті Қасимовке хан сайлағанда, осы екі ру шешуші рөл атқарған, сонымен қатар ханға жақын, сөзін өткізу үшін екеуі бақталас болған. Демек Қобыландының Ақжолды өлтіруі жеке тұлғаларлың арасындағы бас араздық емес, арғын мен қыпшақтың арасындағы қайшылықтан туады.
Тұлпар аттың тұлғасын Ер Тарғынның Тарлан атының сынынан көреміз. Тарланды жаратудың Тайбурылдан ешқандай айырмашылығы жоқ. Құлынында, тай кезінде, құнан кезінде емеді, дөненінде үйретіледі. Бес жасында бес бедеуге айғыр болады, алты жасында ақтатылады. Жырда тіпті арпа-бидай беріп жемделгені де көрініс береді:
ca41d56ec1199bdb42e8d9b724b60210Айналайын, Тарланым,
Бектер мінген бедеудей,
Безектей басқан аяғын,
Сен тұрғанда бармадым.
Сен құлында емдің, тайда емдің,
Құнан жаста арда емдің.
Дөнен жаста үйреттім,
Алты қабат ала арқан
Жібектен өріп сүйреттім,
Бес жасыңа келгенде
Бел қызығын көрсін деп,
Бес бедеуге салдырдым.
Алты жаста ақтаттым,
Алшақтатып ойнаттым,
Арпа-бидай асаттым!
Жеті жасқа келгенде,
Жер тарылды желгенде.
Дұшпанның көзі қорықты
Көлденеңнен көргенде!
Қандай қатын қинайды,
Таудан асқан тұлпарым,
Иең, Тарғын, өлгенде?
От орнындай тұяқтым,
Омыртқаң бар отаудай
Жаурыныңа болайын
Сыпыра шапқан тақтадай.
Құйрығыңа болайын,
Қынаптан шыққан қанжардай!
Жалыңа сенің болайын,
Күлтеленген жібектей!
Шықшытыңа болайын,
Оралып жатқан түбектей!
Құлағыңа болайын,
Көлге біткен құрақтай!
Қабағыңа болайын,
Қара албасты қабақты!
Бауыздау жеріңе болайын,
Піскен алма сағақты!
Екі көзіңе болайын,
Қорықтан жанған шырақтай!
Омырауыңа болайын,
Еділден шыққан бұлақтай!
Телміреп қиқу келгенде,
Шұбар туды шұлғанып,
Қара терге бұлғанып,
Ақ сүңгіні қолға алып,
Мінер ме еді заңғарды?!
Сауырыңа болайын
Занкеткі қара көмірдей!
Сүбелік жеріңе болайын,
Тастан соққан қорғандай!
Жамбасыңа болайын,
Ұста соққан сандалдай!
Тұрпатыңа болайын,
Тұлпардан туған жорғадай!…
…Қысқа бақай, тар мықын,
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Құлжа мойын төгерек
Ұмтыла шапқан Тарланым.

1040836_149946078531656_26746024_oҚарабек батырдың Құлаша атын жаратуы Қобыландының Тайбурылы мен Тарғынның Тарланынан айнымайды.
Үш жыл ұдай қысырап,
Жалғыз бие тумаған,
Барлық ене «құлын», — деп,
Кісінесіп шулаған.
Сол жылқының ішінде
Жалғыз құлын мен едім,
Бес енеге тел едім,
Емер сүтке мол едім,
Тайымда мен тағы емдім,
Құнанымда тағы емдім,
Дөненімде үйреткен,
Жібектен арқан сүйреткен,
Бестімде мені алдырып,
Бес бедеуге салдырған.
Алтымда мені алдырыпы,
Алпыс құлан қайырған,
Жетімде мені желдіріп,
Жетпіс құлан қайырған.
Тоғызымда толғанмын.
Ат секілді болғанмын…
…Астына мінген құла аттың,
Семіздігін сұрасаң,
Қабырғасы екі елі,
Қашқанда қоян шекелі,
Омырауы есіктей,
Ойынды еті бесіктей,
Танауының тесігі,
Таудағы үңгір тесіктей,
Қиғаш қамыс құлақты,
От орнындай тұяқты
Жер тарпынып алысып,
Жау іздеген сияқты.
Ат жүрісін сұрасаң
Жүрісі оның құйындай,
Үстіндегі батырды,
Көрмейді тіпті бұйымдай.
Жүрісі жайлы бұл аттың
Жорға туған құлындай,
Жануардың бағасы,
Бір тайпа елдің құнындай…

5a1R2NVFТөрехан батырдың Құла атының тұлпар екені жырда нақты айтылады, Тайбурылды баққан Құртқадай, Сәуленің Құлашаны күтіп-баптауындағы еңбегі егжей-тегжейлі баяндалады.
Батыр төре келіпті,
Ардақтап баққан тұлпарды
Өз көзімен көріпті.
Төңкерілген сауыры
Келбетті құла келісті,
Денесінің бәрі тең,
Қабырғасы шеңберлі,
Жоны тұтас тегіс-ті.
Жалтаңдатып бастырған,
Арпа мен сүт беріп.
Бағып Сәуле мас қылған.
Шылбырына Құланың
Жібектен есіп тақтырған,
Қос құлағын тігілткен,
Ортекедей ойнатып,
Құланың көңілі өссін деп,
Еш адамға көрсетпей,
Оңашада жүгірткен.

***

Жез тарақпен таратқан,
Жолы жұмсақ болсын деп,
Көтендігі шығыңқы
Келбеті артық әр аттан,
Қос жұдырық сыйғандай
Үңірейген сағақтан
Жал-құйрығы салынған.
Азырақ аттың еті ауыр
Жоны майға малынған.
Ардақтап жақсы бағылған.

***

Батырға тұлпар жағады,
Аттың көзін жайнатып,
Ауыздығын шайнатып,
Құйрығымен ойнатып,
Олай-былай сыдыртып,
Ортекедей жүгіртіп,
Құлын сауыр, құлан жал,
Ерекше белін бүгілтіп
Атты баптап алыпты…

E7fM1V26OcMҚамбар батырдың Қарақасқа атының сымбаты туралы айтылған жолдар тұлпардың сынын толықтыра түседі:

Мойның алтын таяқтай,
Қамыстай екі құлағың,
Төрт аяғың қазықтай,
Төңкерген кесе тұяғың.
Сұлулығың сүмбідей,
Жылқыға бітпес жануар.

Тұлпар аттың шабысы да ерекше, басқа жүйріктерге ұқсамайды, тұлпар талмай тоқтамай шабады. Алпамыс батырдың Байшұбарының шабысы:

Ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып.
Астындағы тұлпардың
Ойынды еті бұлтылдап,
Құйындай шаңы бұрқылдап,
Құлақ салсаң дыбысы,
Тау суындай сыңқылдап,
Қолтығынан аққан тер,
Тебінгіде сылпылдап.
Маядай мойнын созады
Шүу деген жануар,
Ұшқан құстан озады.
Тарта-тарта баланың
Алақаны тозады.

tGLiRKnYe7gТұлпар алыс қашықтарға, күншілік, апталық, айшылық шабатын болғандықтан жүрісін өзгертетін тұстары да болған, бірақ жүрісін әсте бәсеңдетпеген, анда-санда желгенінің өзі жай аттың шабысындай аяңының өзі жай жүйріктің желгеніндей болады. Ер Қосайдың Сарғыш аты:

Астындағы Сарғыш ат,
Қаршығадай найқалып,
Тұрымтайдай шайқалып,
Лашын құстай шүйіліп,
Ақ сұңқардай түйіліп,
Шабынып қойып Сарғыш ат,
Ауық-ауық желеді.
Желгені де тұлпардың,
Шабысындай болады.
Оны да тастап аяңдап,
Ақ бөкендей орғытып,
Аңқайып салып келеді.

Жұбаныштың Қарааты:

Жануардың жүрісі
Ор қояндай ырғиды,
Аяңдамай желеді.
Дөңгеленіп келеді,
Диірменнің тасындай
Жүрісі қызық осындай.
Жоғарыдағы эпос жырларын саралай келгенде тұлпарды жас кезінен тәрбиелеу, баптау, жарату барысын көреміз, және бұл жүйрік бәйге аттарын жаратуға ұқсамайды. Жай бәйге аттарын жаратуға бір-екі айдан бір тоқсанға, әрі кетсе екі тоқсанға дейін уақыт кетсе, тұлпарды жаратып, әбден бабына келтіруге құлынынан бастап тоғыз жасына дейін өте мұқият, шебер ең бастысы көп жылға созылған ерекше шыдамдылықты керек ететін зергерлік жұмыс қажет. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «тұлпар түбін табады», «Тұлпардың ізі бітпейді, тұяғы кетпейді», — деген мақалдар тегін айтылмаған.
Батырлар жырында жылқылардың тұқымы, қандай қызметке жарамдылығы дәлме-дәл айтылады. Батырларға алдымен қазанат міну ұсынылады. Қазанат – әскери жылқылар, көшпенділік қоғамда жылқы табындарының ішінде әскери іске арнап қазанат өсіру салты болған. «Мінуге керек қазанат, беліңе керек шарболат», «Айналайын қарағым, қазанат мінсең болмай ма», — деп «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларында баяндалады. Қобыланды да, Алпамыс та қазанатты місе тұтпайды, себебі олардың арманы тұлпар, тұлпардың мәртебесі қай жүйріктен, қай қазанаттан болса да жоғары. Көп жылдар қазақ жерін аралаған этнографиялық экспедицияларда тұлпар деген болды ма, әлде бұл қиялдағы жылқы ма, әсерлеп айтылған сөз бе? – деп сұрағанымызда Оралдағы бір ақсақалдың сөзі есімде қалыпты.
— Тұлпары ат болды ма?
— Болды ғой, қарағым. Бұл ерте заманда, біздің бабаларымыздың тұсында, — деп айтады. –Тұлпардың бойы биік, әсіресе тұяғы жай аттың тұяғынан бірнеше есе үлкен «атбасар орны отаудай», — деген. Тұлпар алысқа қыза шабатындықтан, екі қанжығасына екі құм бөктеріп алып нағыз қызғанда еселей шапсын деп қапты пышақпен тіліп жіберетін. Әбден қызған тұлпарды кесе-көлденең бірнеше жерден арқан салып тоқтатыпты. Бірінші арқанды үзсе, екіншісі, үшіншісі тағы бар. Кәжденбек, Раушанбек деген батырлардың тұлпарларын осылай тоқтатыпты. Бұрында бізге үлкендер кез келген атты қойып, жүйріктің өзін «тұлпар» деп айтқызбайтын. Осы кісінің айқан сөзінде бір шындық бар.
Батырлар жырында жырланатын тұлпарлар өмірде нақты болған. Тек кейбір әсірелеулері болмаса (құстай ұшатыны, сөйлеуі).
Тұқымы асыл, жаратылысы ерекше, жаратуы көп жылдарға созылған жүйріктерді тұлпар деп айтуға болады.
Эпостық жырлардың бір ерекшелігі жылқыны қанша мақтағанмен, жылқыны түрге, тұқымға бөлгенде нақты шындығы айтылады. Мысалы: қазанат, араби, тұлпар, т.с.с. Бұл замандардың өзінде жүйрік жылқылар пайдалануына қарай классификаияға бөлінген. Қазіргі уақытта тұлпарды мифтік, мифологиялық жылқы деп ат қойып, айдар тақтық. Ол ол ма, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарында айтылатын сорақы сөздерді естігенде күлкің келеді. Мысалы: «Алматы облысының тұлпары Жамбыл облысының тұлпарын басып озды», «бәленбайдың тұлпарлар табынын көргенде», т.с.с. Тұлпар сөзін кез келген жерде, кез келген жылқыға, мейлі ол жүйрік болсын қолдануға болмайды. Тұлпар – қасиетті сөз, қасиетті жылқы. Қазіргі уақытта тұлпар неге жоқ дегенде, қазақтың бұрынғы жылқысының тұқымы азыпа кетті, генефондысы мүлдем құрыды, тұлпар шығатын тұқымдар жоқ. Қазіргі жүйрік деп, «тұлпар» деп «мерседес», «джип» ұтып жүргендеріміз тұлпардың шаңына ілесе алмайтын бұрынғы замандағы ауыл арасында шабатын жүйріктер ғана. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген сөз ешқандай әсерлеусіз, бояусыз айтылған. Сонымен қатар тұлпар жүз жылда, мың жылда бір туатын жануар десек артық айтпаймыз. Мен үшін тұлпар деген сөзді көрінген атқа, көрінген жүйрікке телу – ғалымдардың бәрін мың жылда бір туған әл-Фараби деп, ал ақындардың бәрін жүз жылда бір жаратылған Абай деумен бірдей.
Тұлпарды қайта тудыру үшін алдымен «тұлпар» деген сөздің этимологиясын шешу қажет, түбегейлі тарихи-генетикалық, селекциялық зерттеу керек.

Axmet.TАхмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.