Елбасының 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялағаны қуантты – өзбекстандық қазақ

39

Наурыз мерекесі қарсаңында Өзбекстанда тұратын қандасымыз Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының мүшесі, Өзбекстан республикасы Қазақ мәдени орталығының білім саласы бойынша екі елге бірдей өкілі, Науаи облысы әйел-қыздар ұйымының төрайымы Клара Сәдірбаевамен ондағы қандастарымыздың жай-күйі, білім саласына қатысты пікірлесудің сәті түскен еді.

Атажұрттан жырақта тұратын қандасымыз бұрынғыдай емес Өзбекстан билігінің қазақтар үшін көзқарасы жақсы екенін айтады.

— Клара Қондыбайқызы, Наурыз мерекесі құтты болсын! Астанаға қош келіпсіз, әлі де Науаида тұрасыз ғой иә?

— Иә, Науаида тұрамын. Қаншама дәуірлерден бері қайта жаңғырған наурыз мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Еліміздің егемендігі мәңгілік болып, ырыс-береке, тыныштық бола берсін!

— Өзбек елінде тұрып жатқан қандастарымыздың жай-күйінен бастасақ әңгімені.

— Қазіргі таңда Өзбекстанда бір миллионнан астам қазақ тіршілік етіп жатырмыз. Оның 57 мыңнан астамы Науаи облысында тұрады. Облыс жалпы индустриялық аймақ болып саналады. Сондықтан да онда тұратын қазақтардың да жағдай өте жақсы. Мысалы облыс бойынша 71 мектеп болса, соның 31-і қазақ мектебі. Осыдан-ақ мұндағы қазақ халқына, қазақ тіліне қаншалықты жағдайы жасалып отырғанын бағамдауға болады.

— Салт-дәстүрге, рухани мұрамызға деген көзқарас қалай?

— Салт-дәстүрлер, қазақы болмысымыз, әдет-ғұрпымыз, барлығы да Науаи облысында жақсы сақталып келеді.

Кешегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жариялауымен 2018 жыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы деген ақпаратты естіп қуанып жатырмыз. Соның негізінде қазірдің өзінде жұмыстар басталып кетті. Әйтеке би бабамыздың, Нұратаның басына барып, оның барлығын түсіріп, тарихын тағы бір түгендеп жатырмыз. Бұның сыртында сіздердің «Қиырдағы қазақтар» жобаларыңыз арқылы да біраз жақсы дүниені көрдік.

Жалпы екі ел басшыларының ынтымақтастығының, берекесінің арқасында қазіргі кездегі жағдай өте жақсы. Өзбек халқы да, қазақ халқы да түркі текті ұлт ретінде іргесі ажырамаған ел. Сондықтан да, Абай атамыз айтқандай, «атаның емес, алаштың баласы» болуға тырысып, өзбек пен қазақ халқына бірдей қызмет жасауға тырысып жүрміз.

Әрине, ешкім де бізді Өзбекстаннан қуып жатқан жоқ, ол – туып-өскен жеріміз, бірақ Қазақстан – атажұртымыз. Сондықтан біз қай жерде жүрсек те, Қазақстан деген тұтас елдің бір бөлшегі екенімізді ұмытпаймыз!

— Ол жақта ұлттық тұрғыда, болмаса материалдық, тіпті адами тұрғыда қазақтарға төніп тұрған қандай да бір қауіп бар ма?

— Бұрын азын-аулақ кедергілер болған еді. Сол себепті де көп қазақ көшіп кеткен. Бірақ олар да жаман болған жоқ. Әсіресе Қазақстанға көшіп келген қазақтар тым жақсы тұрмыс кешіп жатыр. Ал қазіргі таңда біздің өмір сүруімізге, салт-дәстүрімізді сақтап, қазақы болмысымызды дамытуға ешқандай кедергі жоқ. Президентіміз барлық халыққа, соның ішінде қазақтарға да ерекше қолдау көрсетіп жатыр. Шавхат Миромонұлы Мирзиеев жан-жақты қолдау көрсетіп, қазақтар орналасқан аудандарға, облыстарға барып, олармен кездесіп, жағдайларымен танысып жатыр. Бұған дейін Өзбекстанда тұратын этностық қазақтармен кездесу болған емес еді.

— Қазақстанмен байланыс қалай? Ақпарат болсын, білім саласы болсын, экономикалық, мәдени-рухани байланыстың барысы қалай?

— Жаңа өзіңізге айтқанымдай, мен негізі білім саласындамын. Сол сала бойынша Алматыдағы Қазақ қыздар университеті мен Науаи қаласындағы Педагогикалық университеті бірлесіп, менің басшылығыммен Ыбырай Алтынсарин атындағы халықаралық олимпиада өткізуді қолға алып жатырмыз. Алла аманшылық берсе, 10 сәуірде Науаи қаласында өтетін болады. Сонымен қатар қазақстандық 30 ЖОО Науаи қаласында Қазақстанның білім күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жоспарды да абыроймен атқарып шығарымызға сенемін. Себебі мұндай істе тәжірибеміз бар. Мысалы, 2017 жылы Ташкент қаласында Қазақстанның білім күндерін өткізгенбіз, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қолдауымен.

— Әңгімеңізге рахмет! Тағы да наурыз мерекесі құтты болсын!

Ержан Жаубай, 2018 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.