Жылқыға қатысты мақал-мәтелдер (жалғасы)
Өз аузына ие болмаған,
Астындағы биесінен айырылады,
Жетегіндегі түйесінен айырылады.
Жылан жылы – жылыс,
Жылқы жылы – ұрыс,
Қой жылы – заңғар тоғыс.
Күн қаңтарда қарға адым ұзайды,
Ақпанда ат адым ұзайды.
Сүмбіле туар қылтиып,
Ат семірер құнтиып.
Үркер көтерілді,
Босаға туды,
Қымыз сұйылды,
Сорпа қатық болды.
Аты-тоны бар кісіде,
Әзіретәлінің күші бар.
Ат аяғынан семірер,
Адам құлағынан семірер.
Құнты жоқ кісі,
Көсеумен атын қамшылар.
Біз де кісі болармыз,
Атқа кісен салармыз.
Кісі аты тершең,
Кісі киімі кіршең.
Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы.
Адал адамның аты арып, тоны тозбас.
Алтын ерің атқа тисе,
Алтынын ал да отқа жақ.
Шықсаң алыс сапарға,
Шалдықпас ат – отарба.
Жұмыстың көзін тап,
Қайыстың тезін тап.
Байлауы жоқ шешеннен,
Үндемеген есті артық.
Бәйге алмаған жүйріктен,
Белі жуан бесті артық.
Жақындықты ат айырады,
Оқымағанды хат айырады.
Еркенің көзі кеппес,
Жорғаның тері кеппес.
Жетімнің көзі кеппес,
Жорғаның тері кеппес.
Атпаз көрген ат таныр,
Ұстаз көрген хат таныр.
Ат жүйрігі айырады,
Тіл жүйрігі қайырады.
Бұралқы сөз – күлуге жақсы,
Бұралқы ат мінуге жақсы.
Сөз салысқан дауға ортақ,
Ат салысқан жауға ортақ.
Ақылсыз бас аяққа тыным бермейді,
Ақымақ айғыр саяққа тыным бермейді.
Ақылды ердің ішінде –
Алтын ерлі ат жатар;
Ақылды әйелдің ішінде –
Алтын бесікті ұл жатар.
Көңіл жүйрік пе,
Көк дөнен жүйірік пе?
Ата баласының ат мінгендей белгісі болады.
Баласы атқа шапса,
Анасы үйде тақымын қысар.
Алты жасар бала атқа мінсе,
Алпыстағы шал алдынан шығар.
Тайдың мінгені білінбес,
Баланың істегені білінбес.
Ұлың көңілшек болса,
Атының соры.
Қызың көңілшек болса,
Басының соры.
Қыз – қуыршақ – дейді,
Ұл – құлыншақ – дейді.
Арпа берсең атқа бер,
Күтір-күтір шайнасын.
Қызды берсең жасқа бер,
Құшақтасып ойнасын.
Қымызды кім ішпес,
Қызды кім айттырмас.
Есік алды төбе болса,
Ерттеп қойған атпен тең.
Ауылда кәрияң болса,
Жазып қойған хатпен тең.
Мал аяған аттан құр,
Төл аяған ақтан құр.
Қойлы бай – қорлы бай.
Жылқылы бай – сылдыр бай.
Көтерем деп түйеден безбе,
Салтанатың емеспе.
Тебеген деп биеден безбе,
Қос қанатың емеспе.
Бір теңге бие болмайды,
Екі теңге түйе болмайды.
Түйеге – дақ,
Жылқыға – пышақ.
Інгенімді қараймын деп,
Мінгенімнен айырылдым.
Жалғыз шапқан ат жүйрік.
Соқыр атқа қотыр ат үйір.
Бие көп болса, құлын көп.
Жүйрікке де бір томар.
Жүйрік тоқтығын білдірмес,
Жомарт жоқтығын білдірмес.
Жортар аттың тоғы игі.
Күйсіз көлік жүгірмес.
Ат көрмеген ат көрсе,
Шаша-шаба өлтірер.
Тон кимеген тон кисе,
Қаға-қаға бітірер.
Арық атқа қамшы жау,
Жыртық үйге тамшы жау.
Жылқыда өт жоқ,
Құста сұт жоқ.
Басты балта бұзар,
Жылқыны маңқа бұзар.
Көбеңді көр де қой.
Атыңды жүріп тұрғанда қамшыла.
Жақсы айғырдың үйірін ат жақтайды.
Қас жүйрікте сын болмас,
Қас сұлуда мін болмас.
Атпен ойнаған тайдың арқасы жұлынар.
Тұлпардың оттауы бір болса да,
Жусауы бөлек.
Бар қашаған құтылмас,
Жоқ қашаған жеткізбес.
Керді мінбегенде,
Жерді мінем бе?
Жаман айғыр енесіне тап берер.
Көбең мініс көтермейді,
Мәстек жүріс көтермейді.
Жорға жолына тоқтар,
Жақсы жөніне тоқтар.
Арық атты түсте бақ,
Қарғып тұрса қанатың.
Жаман да болса жылқы жасығы.
Аттың аты үлкен,
Түйенің табаны үлкен.
Аттыға тай мінсе де жарасады.
Бие кәрі, құлын жас,
Келер жылы қолың бос.
Құрық тимес құлын жоқ,
Қырықтық тимес қозы жоқ.
Екі торының өзгелігі жоқ,
Игі жақсының бөтендігі жоқ.
Жылқының бүгелек аздырар,
Ешкіні кемелек аздырар.
Ат биеден,
Аруана түйеден.
Жылқылы елде жау көп,
Жатақ елде дау көп.
Аттан тай озады,
Атадан бала озады.
Ат айында,
Бие жылында құлындайды.
Жүйрік аттың сауырын берік алар.
Алабұтаға ат бекітпе.
Аттың бәрі тұлпар болмас,
Құстың бәрі сұңқар болмас.
Ат байлама жыңғылдың сабағына,
Дос болма адамның жаманына.
Арықты мінгенше, аяғыңа мін.
Ат арқасына ер батса, аяңшыл болады.
Ерге жаттың тізесі батса, ағайыншыл болады.
Жабыны жалды екен деп сатып алма,
Жаманды малды екен деп жақын қылма.
Екі бие – ел асы,
Үш бие – бұлақ басы,
Бір бие – жоқтың қасы.
Жүйріктен жүйрік шықса,
Аяғы тыпыр-тыпыр етер.
Аттан айырылсаң да,
Ер-тоқымнан айырылма.
Мынау атты жұрт көргендей тәуір ғып бер,
Болмаса бәрін құртып жауыр ғып бер.
Өмірі зақым жылқы бақсын,
Үзеңгісін ұзын тақсын.
Жауынды күні ат көрме,
Айт күні қыз көрме.
Байтал мінсең құлын жоқ.
Ат шаппайды, бап шабады,
Бап шаппайды, бақ шабады.
Ат күйгелек болса, арық болар,
Ер күйгелек болса, қаріп болар.
Ат қадірін жоқ білмес,
Ас қадірін тоқ білмес.
Тұлпардан тұяқ қалар,
Сұңқардан қияқ қалар.
Жылқының басы мың қаладан қайтады.
Жүйрік бестіден шығады,
Кеңес келістіден шығады.
Ай мінбей атыңды мақтама,
Жыл тұрмай қатыныңды мақтама.
Арқандағы ат қазығына оралар.
Ат жақсысы қартады,
Негізіне тартады.
Атты күнде мінсең – тулақ,
Аптасына мінсең – қунақ.
Жауыр атқа жіп құйысқан.
Бие қоста жүріп терлесе,
Құлын босқа жүріп терлейді.
Сылбырдың аты шылбырына сүрінер.
Аңқау астындағы атын алтай іздейді.
Жүйрікті кекіл қағысынан таниды.
Құлындаған биеден,
Құдықтағы су артылмас.
Жігітке лайық ат туады.
Ат адамның қанаты,
Ас адамның қуаты.
Атдорба түбін иіскемей ат тоймайды.
Қарға мақтанып сұңқар болмас,
Есек мақтанып тұлпар болмас.
Шағала келмей жаз болмас,
Шаңқан болмай боз болмас.
Жақсы кісі қартайса да,
Ақылынан танбас.
Жақсы ат қартайса да,
Жүрісінен танбас.
Ат жақсысы керуеннен,
Зат жақсысы шеберден.
Ақ сұңқар, ұшқырмын деп мақтанба,
Алдыңда құрулы торлар бар.
Арғымақ, жүйрікпін деп мақтанба,
Алдыңда талай орлар бар.
Жаман қатын байына,
Жалғыз атын сойғызар.
Жаманның аттан құлағаны да жаман.
Алғаның жаман болса, көңілің жарым,
Атың жаман болса, талар қарың.
Тартып үзген шабанның ісі,
Өткізіп қуған жаманның ісі.
Атың жаман болса,
Арманың кетеді.
Алғаның жаман болса,
Мейманың кетеді.
Атың жаман болса, қарың кетер,
Балаң жаман болса, арың кетер.
Ас барында дос жоқ,
Ат барында той жоқ.
Досыңа ат берме,
Ат берсең, ақырын жүр деме.
Ат барда, есекке жол болсын,
Дос барда, есепке жол болсын.
Бір кісі атқа мінсе,
Қырық кісі атқа мінеді.
Тозбас жасау болмас,
Бас білмес асау болмас.
Әулекі би ат үстінен билік айтар.
Жауырды жаба тоқып.
Астарханда атты кісі таң болар.
Ұлы-қызы бар кісі құдалыққа барысар,
Аты-тоны сай кісі жиын-тойға барысар.
Сенің атың жүре тұрсын,
Менің атым тұра тұрсын.
Тумаң бар,
Туысқандай болмайды.
Тұрман бар,
Құйысқандай болмайды.
Арық деген жаман тай,
Жазға шығып ат болар.
Жамандығы сезілсе,
Жақын кісі жат болар.
Жазғы етте жасық жоқ,
Қымыз аста қасық жоқ.
Аты бардың тынысы бар,
Асы бардың ырысы бар.
Тарта жесең тай қалар,
Қорқа жесең қой қалар.
Қоймай жесең не қалар?
Есек мінген ат сұрамайды,
Балық жеген ет сұрамайды.
Жылқы еті – жесең тісіңе кіреді,
Жемесең түсіңе кіреді.
Ауру кісі күлкі сүймес,
Ауыр жүкті жылқы сүймес.
Балықшының аты шөлден өледі.
Аң таппаған, атынан көреді,
Ата алмаған, мылтығынан көреді.
Біреудің ат көтермес бөзі бар,
Біреудің ат көтермес сөзі бар.
Екі айтқызған жаманның ісі,
Қамшылатқан шабанның ісі.
Есек қанша ұрсаң да ат болмайды.
Жайдақтаған жауыр болады,
Жабдықтанған тәуір болады.
Ат айналып иесін табар,
Сөз айналып жүйесін табар.
Ат жүйрігі азаптан құтқарады,
Тіл жүйрігі мазақтан құтқарады.
Ат тұяғы алтын – алысқа алып баратын,
Адам тілі алтын – алысты сұрап табатын.
Құрастырған Жаубай Ержан
(Басталуы мына жерде 1, 2, 3, 4.) (Жалғасы бар)
[…] дейін Argymaq.kz сайты қазақтың жылқыға қатысты мақал-мәтелдерін жинастырып, жариялаған болатын. Бұл […]