Арайбек Манабаев: Полиция қызметі – еліміздің келбеті

29

Кез келген әкімшілік болсын, жеке ғимарат болсын кірер есіктің алдында сіздің әр қадамыңызды, әр әрекетіңізді, тіпті қалтаңыз бен сумкаңызды тексеріп кіргізетін қыз-жігіттер болады.

Олар – күзет қызметінің мамандары, нағыз сақшылар. Бүгін сіздерге осы қызметтің қиыншылығы мен қызығы туралы айтудың сәті түсті. Бұл жайлы біз Астана қаласы мамандандырылған күзет қызметінің 3-полиция батальонының 7-взвод командирі полиция капитаны Манабаев Арайбекпен әңгімелескен кезде толығырақ білдік, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Ол әңгімесін «біздің міндет – ғимараттарды күзету, сондағы жұмыс істейтін адамдардың тыныштығына, амандығына жауап беру, сондай-ақ қылмыстың алдын алу» деп бастады. Іштей кіреберісте бақайшығыңа дейін тексеретін кейбір ғимараттарды есіме алдым.

— Бұл салада қызмет атқарғаныңызға қанша болды?

— Мен Жамбыл облысы, Талас ауданында 1987 жылы дүниеге келдім. Тараз қаласында Аса ауданында 30-жылдық мектепті бітіріп, Астана қаласындағы Д. Қонаев атындағы универсетінің заңгер мамандығын тамамдадым. Бала кезде әскери форма киген адамдарды көріп, қатты қызығатын едім. Былайша айтқанда, форма кию — арманым еді. Әкем Манабаев Сәкен Жиенқұлұлы Ауған соғысының ардагері, қазір зейнеттің жеміс көріп отыр. Анам Телқараева Гүлнар Есбергенқызы ҚР ұлттық музейінде құрметті қызметкер. Әкемнің туған інісі — Есен Манабаев ағам да отыз жылға жуық полиция саласында абыройлы қызмет атқарды, бүгінгі таңда өнегелі зейнеткер. Міне, менің қызығушылығымды одан сайын артырған тұлғалар осы кісілер. Соларға қарап бой түзедім.

Арманымның орындалуына, мақсатымның жетуіне себепші және өмірде ұстаз болған әкем мен ағама алғысым шексіз. Жұбайым Жансая екеуміз ару қала Астанада екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жайымыз бар. Құдайға шүкір, ІІО-да қызмет еткеніме 10 жылдай болды. Алты жылдан бері командир міндетін атқарып келемін. 30-дан астам қызметкерім бар жеке өзімнің жауапкершілігімдегі.

Бұл жұмыстың өз қиыншылығы, өз қызығы бар. Әрине, жұмыс болған соң жауапкершілік болатыны анық, бірақ бізге берілген жауапкершілік екі есе ауыр десек болады. Себебі біз адам өміріне жауап береміз, екіншіден ғимараттың қауіпсіздігі де біздің мойнымызда. Қазір, Құдайға шүкір, еліміз тыныш, Елбасының арқасында халқымыз береке мен бірлікте өмір сүріп жатыр. Бірақ ата-бабамыз «жау жоқ деме жар астында» деп өткен елміз ғой. Беті аулақ болсын, бірақ әлемнің кез келген елінде тынышсыз қоғамға тап болып отырмыз. «Ана жерде жарлыс болыпты, ана елде теракт ұйымдастырылыпты» дегенді күнде естіп отырмыз. Бұл біздің жауапкершілігімізді күн сайын күшейтіп, әр күнімізді мұқият болуға шақырады.

— Сіздердің жұмысқа қатысты сын көп айтылады ғой. Кіреберістерде жөнсіз тексеру жасалады дейді.

— Мысалы сізді алайықшы. Сіз журналиссіз, ал сіз де әр мақаланы жазар кезде сол туралы толық біліп алып барып жазғыңыз келеді ғой. Бұл сіздің жұмыстың талабы. Бізде де сондай, әр ғимаратқа кірген адамды мұқият тексеруіміз керек. Бұл – біздің жұмыстың талабы. Жаңа жоғарыда айттым ғой, біздің басты міндет – ғимараттарды, ондағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қалай десекте, біз өз қызметімізге адал, өз міндетімізге деген жауапкершілігімізді жоғалтқан емеспіз! Және бір айта кетерлігі, таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін, не керісінше кешкі 9-ден таңғы 9-ға дейін бір орныңда қозғалмай қызмет ету, онда да неше түрлі көңіл-күйдегі, неше түрлі психологиядағы адамдармен қарым-қатынаста болу оңай емес. Олардың әрқайсысын тексеру, көлігін қарау, сумкасын интераоскоп арқылы өткізіп-тексеру тағысын тағы, сол сияқты жұмысты ұйымдастырып, дер кезінде заң жүзінде шаралар қолдана білу — біздің күнделікті міндетіміз.

Осы он жылдық жұмыс тәжірибемде бір байқағаным бізге деген халықтың көзқарасы әлдеқайда түзу. Себебі олардың тыныштығы, амандығы бізге тікелей байланысты екенін саналы түрде түсінеді. Әрқашан постан өтерде сенің қызметіне ризашылық білдіріп, алғыстарын айтып жатады. Басына іс түссе, қандай бір жағдайға тап болса, бірінші бізді іздейді.

— Бос уақыттарында сақшылар немен шұғылданады?

— Полицей әрқашан дене бітімі шыныққан, білімі толысқан болуы шарт. Қандай жағдаят болса да, бес қаруы сақадай тұруы абзал. Сондықтан, біздің сақшылар аптасына бір рет кәсіби-жауынгерлік даярлық сабағына қатысып, «Алатау» спорт кешенінде үнемі жаттығады. Спорттық-мәдени және қоғамдық шараларға белсенді түрде ат салысып, үлкен жетістіктерге жетіп жатады.

— Кейде күзет қызметінің құрамынан қыздарды да байқап қаламыз. Жаратылысы мұндай қызметке арналмаған қыздар үшін қиын емес пе?

— Жаңа айттым ғой, қол астымда істейтін 30-дан астам қызметкерім бар деп. Солардың ішінде 5 қыз бар. Әрине, олар үшін бұл жұмыс ауыр болатыны анық. Дегенмен форма киген соң бізде қыз-ұл деп бөлінбейді. Барлығы да маман, барлығы да қызметкер. Басқа мәселе болмауы керек. Ал қыздардың да өз міндеттері бар. Мысалы кезекшілікті көбінде бір қыз бір жігіт атқаруға міндеттеледі. Себебі ғимаратқа кіретін қыз-келіншектерді тексеру көбінде әйел қызметкерлерге жүктеледі. Оның сыртында қыздардың байқағыштығы, қырағылығы жоғары деуге болады.

— Міндеттеріңіз ғимараттарды, ондағы адамдардың амандығын күзету болса да, қызметтен тыс уақыттарда да қырағылықпен жүретін шығарсыздар?

— Солай деуге де болады. Әдет болып кетеді екен. «Балықшы су көрсе қармақ іздейді» дегендей, біз де көшеде адамдардың дұрыс жүруіне, қауіпсіз болуына алаңдап жүреміз. Онымыз жаман да емес, жақында ғана бір қызметкеріміз, яғни полиция сержанты Досмұхаммед Дүйсенов көшеде бір әйелдің сумкасын ала қашқан бұзақыны дер кезінде ұстап, кезекші бөлімге хабарлап, құқық қорғау қызметіндегі әріптестерімізге тапсырды. Мұндай оқиғаларды көптеп мысал етуге болады.

— Жалпы Ішкі істер министрлігінің полиция қызметі бірнеше түрге бөлінеді ғой, сіздердің басқа әріптестеріңізден ерекшеліктеріңіз қандай?

— Бірінші біз жоғарыда айтқанымдай ғимараттардың, ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысамыз. Екінші ерекшелік, осы басты міндетіміздің нәтижесінде елімізге келген кез келген адам әуелі бізді көреді. Неге десеңіз олар кіретін барлық ғимаратты біздің жеке құрам күзетеді ғой. Сондықтан да мен өз қызметімді әрқашан Қазақстанның келбеті ретінде көремін. Сол үшін осы міндетіме адал, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілігіміз, құрметіміз жоғары болғанын қалаймын. «Анасын көріп – қызын ал, аяғын көріп – асын іш» дейтін халықпыз, әрі қонақ аз отырып көп сынайды. Сондықтан оған елімізге келгенде кездескен алғашқы адам жағымды әсер қалдырса, ол жүрген жерінің барлығында ұлтымызды, елімізді жақсы жағынан әңгімелесе екен деймін.

— Әңгімеңізге рахмет.

Ержан Жаубай, 2018 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.