Қостанайда халықаралық «Ұлы дала жорығы» өтіп жатыр

Қостанай облысында Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына және Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтіп жатыр.
Марафонға қатысты баспасөз жиынына «JORYQ» ат спорты федерациясы қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ералы Тоғжанов, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков, Қостанай облысы спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы және Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің бас төрешісі Серік Абжанов қатысты.
«JORYQ» ат спорты федерациясы қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ералы Тоғжанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорттың дамуына және Торғай өңірінің өркендеуіне ұдайы көңіл бөліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін қабылдап жатқан Қостанай облысы әкімдігі мен өңір жұртына ризашалық білдірді.
Қостанай облысы спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы сөз алып, жорықтың жоғарғы деңгейде өтуіне барлық мүмкіндік жасалып жатқанын айтты.
«JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков Ұлы дала жорығының талап ережелеріне тоқталып, жарысқа қатысатын барлық командаға сәттілік тіледі.
Ал Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов құттықтау сөзінде «Ұлы дала жорығының» өткізілуі – ұлттық спорт түрлері жанданып келе жатқанының жарқын дәлелі екенін мәлімдеді. Ол халқымызға көптеген көрнекті мәдени және қоғам қайраткерлерін тарту еткен қасиетті Торғай жерінде ат марафонын өткізудің символдық мәнін айрықша атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға көп көңіл бөлетіні белгілі. Ел Президентінің қолдауымен былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ойдағыдай өтті. Ал қазір Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ауқымды ат жарысы мен ақынның шығармашылығына назар аударуға мүмкіндік беретін өзге де көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қазақ халқының ұлы перзенті де атқұмар, саятшы болғаны, жирен қасқа Алакөз атын жанындай қастерлегені мәлім. Шабандоздарды тарихи орындарды басып өтетін тартысқа толы ұзақ жол күтіп тұр. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Спикері ұлттық спорт түрлерін қолдау бағытында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Елордада Ұлттық спорт университетінің іргетасы қаланды, Ақтөбеде жылқы шаруашылығы институты ашылды. Былтыр ел Президенті отандық жылқылардың тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша арнайы заңға қол қойды. Соған сәйкес, жылқыларды, соның ішінде атақты Қостанай тұқымын сұрыптау бойынша жүйелі жұмыс басталды. Игі іске «AMANAT» партиясы да өз үлесін қосып келеді. Мәселен, осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырған және қоғамның үлкен қызығушылығын оятқан «Ұлы дала жорығы» сынды жобаларға қолдау көрсетеді.
Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне шет мемлекеттерден 3 команда, елімізден 15 команда қатысып жатыр.
Марафон-бәйге Жангелдин ауданы, Торғай ауылынан Халықаралық «Ұлы дала жорығы» басталып, Арқалық қаласының маңынан аяқталады. Жалпы қашықтық 500 шақырым.
Argymaq.kz