Жеткізген СЕЙІТОВ. Ер қанаты (Соңы)

8937

Жыңғылдының жүйріктері хақында

Жігіттің үш түрлі шаттығы болады:
Баптап салған қыраның,
Алтайыны ілгенде,
Баптап салған палуаның,
Алқалы дуда жеңгенде.
Баптап салған тұлпарың,
Бәйгеден озып келгенде…

Ой, сол кезде менің шаттанғаным-ай. Бұл дүниеде менен бақытты адам жоқтай сезінгенмін. Келесі жылы ауданға қосамыз деп жүріп қоса алмадық. Себебі, малшының қиындау кездері болатыны сияқты қол тимеді ме, бір жайы болды. Ауылда уақ шабыстарда алдын бермеді. Бірде Қорабай деген кісі келін алып үй көтеріп, той жасады. Ол кезде Маңғыстауда Бесқаладан ағаш үй әкеліп, әсемдеп тігіп дүбірлетіп той жасайтын. Қорабай екі тойды бір жасап ат шаптырам деп хабар айтты. Бірінші орын — боталы түйе деген.
Әкеме «торы атты жаратайық» десем «Ай, ол өзі күпілдектеу адам еді, бәйгі бола қоймас» деп мән бермеді. Тойға бір күн қалғанда жан-жақтан жабулы жараулы аттар келе бастады. Ішім қыз-қыз қайнады. Қап, торы атты жарату керек еді деп қынжылып қоям. Атты әкем түнекке мініп кеткен. Ертеңіне таңертең әкем келді. Мен әкеме: «Көп аттар келді, бәйге болатын болды атты ең болмаса таң асыра алмадық-ау» деп назымды айтып жатырмын. Әкем: «Ай, балам сол бәйге болатын болса торы атты осылай қоссаң да аласың» деді. Той басталып кетті. Айналғанда бәйге болмайтын болды. Себебі, той иесі алдыңғы айтқан боталы түйесінен айныған. Содан үлкендер ақылдаса келе, не де болса жиналған халық қызық көрсін, жаратылып келген аттарға да обал болар, ырымын жасайық деп атжарыс жасайтын болды. Бұл енді айналма емес, тіке шабыс. Себебі, Шоңай Кенбай Түркменстаннан арғымақ әкеліпті. «Арғымақ айналымды жаратпайды тіке шабыс жасаймыз» деп Кенбай болмапты.
Үлкендер ақылдаса «Олай болса Тұщығұйдың ар жағындағы қара жалдан жіберу керек» десті. Барғанша желе шоқырақтап қайтарда бар шабысымен ірікпей жіберілсін деген келісімге келеді. Аттың саны — 13. Ат айдаушы — Жаңай Байғазы. Ауылдан текірек шабыспен шықтық. Уақытты ұту үшін топты жаздырмай едәуір шабыспен отырдық. Қатты шабысқа жібермеді. Себебі, қайтатын жерді біз білмейміз. Әрі, атты қарықтырып алмау керек. Шабыстың көкесі қайтарда болмақ. Межелі жерге жеткен соң Байғазы аттарды тұрғызып, балаларға «тартпаларыңды тартып алыңдар» деп нұсқау берді. Менің қауіп етіп келе жатқаным — Сұрарғымақ. Біріншіден — атым жаратылмаған, ең болмаса таң да асырылмады. Солай бола тұра жаратылысында жарау жүретін жылқы еді. Ал, Сұрарғымақ сүмбідей жаратылған әдемі келісті сұлу жылқы екен. Қатар тұрып жібердік. Мен топтың ең соңында қалдым. Сәлден соң атым ұмтылды. Ұмтылғанда анау-мынау емес, бауыры жерге тиердей көсілді.
Аттарды бірінен соң бірін тастап келе жатырмын. Сұрарғымақ қатты ұзап кетті. Шаңы реактивный самолеттің жолындай болып қалып барады. Атым басқа аттардан түгел озды. Алдында бара жатқан Сұрарғымаққа құлағын қайшылай қарады да, ерекше бір сілкінгендей шабысты үдетті. Мен атыма хошым келіп айқайлап жібердім. Айқайым күш бергендей күзенше бүктетілді. Әп-сәтте арғымаққа жетіп келдім. Үстіндегі бала қамшыны төкті. Бірақ, одан пайда болмады. Арғымақтың қасынан қояндай құлдырап өте шықтым. Сөйтіп, недәуір бұрын келдім. Бірінші орынға деп бір қой берді. Әкем ошақ басында қалсын деп алмады.
Сол жылы қазанның соңғы күндері болатын сіркіреген жылы сылбыр жаңбыр жауып тұрған. Мен кешкісін қойдан келдім. Үйде Мектеп деген ағамыз отыр. Әкем маған: «Балам, мына ағаңның ертең бір шаруасы бар. Атыңды таң асыр», — деді. Әңгімелерінен байқағаным, саяқ жылқылар тым қашаған екен, ұстаймыз деп машинамен, атпен қуып шығындырып тастаған. Қара көрсе аңша қашады. Ішіндегі жуасы — шабдар, қалғандары ақталған, бірақ, ұсталмаған асау жылқылар. Соларды ұстауға Жеткізгенді бер торы атымен деп келіп отырған жайы бар екен. Ертеңіне Мектеп екеуміз Бесіктің дөңіне қарай бардық. Мекеңнің астында бір қолапайсыздау қоңыр ат. Менің атым суырып аяңдағанда ере алмай қорып-қорып етіп жортады. Байқаймын, ол кісіге қолайсыздау болып келе жатыр. Маған алдағы жағдайды айтып келеді: «Ол жылқылар қазір дөңде жатыр. Кешегі жаңбырмен сілтісі кеткен-ақ. Бұйрығынның нағыз бал татитын кезі. Сен көрінген бойда адырға жіберме. Әбден шаршатып Жетіқыздың жоғарғы жағында, сайдың басында жайдақ қора бар, соған қамау керек. Мен сол қораның қасында тұрамын» — деді.
Бұл айтып келе жатқаны маған етене таныс жерлер. Үндемей тыңдап келемін. Дөң аттың тұяғына өте жайлы екенін сезіп келем. Себебі, кешегі сылбыр жаңбыр шөл жерге жақсы сіңген балшық емес, ат жығылатындай қауіп жоқ. Бір кішкене жүрген соң жылқылардың қарасы көрінді. Жайлап аяң жүріспен жақындап келеміз. Торы атым өнерімді көрсетейін жібер дегендей тізгінді жұлқи кере түйіп-түйіп қояды. Бір кезде жылқылар басын көтеріп бізге сәл қарап тұрып, Қыздарқорған адырына қарай тартты. Мекең: «Ал бала, жібер атты!», -деді. Өзі жұлқынып келе жатқан атым шу дегенде атыла секірді. Ағызып келе алдын орай кең дөңге қарай қайырдым. Әбден дөңге шыққан соң тікелей салдым. Себебі, қатты қысып ентіктіру керек. Заулап жетіп келсем бытырай қашатын болды. Не де болса тобын жаздырмай алу керек. Қатты қыспаққа алмай тобымен шаршату болды ойым. Бұларды түгел ұстауға тиісті екенімізді Мектеп ағам алдында айтқан. Бәрі де бір-бір үйдің соғымы. Ол кезде ауыл адамдары бір-біріне қайырымды бола ма, біреуін ұстамай түгел ұстап, мал иелеріне хабар айтады. Міне, осылай ауыл адамдары бір-біріне қолғабыс етіп отырған. Әйтпесе, шабдарға қуып жетіп құрық салғанда да болатын еді. Себебі, жуас жылқы. Осылай екі-үш сағат қуып бәрін шаршатып, манағы айтқан қораға қамадым.
Мектеп шабдарды бөлек шығарып ноқталап алды. Жуас жылқы ғой, ноқта түскен соң момақан бола қалды. Қалған жылқыларды қорада қалдырып, шығар аузына труба байлап кеттік. Содан жол бойында да, үйге келген соң да Мектептің аузында торы ат болды. Баяғы өзінің астындағы арық торының осынша жүйрік жылқы екенін біле алмағанына таң қалады. «Қобыландының Тайбурылынан кем болған жоқ бүгінгі шабысы» деп мақтауын әбден жетістірді. Мені де мақтап жатыр. «Әп деп атылып үш секіргенде түскен жоқ» деп. Себебі, мен жасымнан тай-құнандарды жуасытып машықтанғанмын. Бірде Үсембай ағам «Осы сені асау жуасытады дейді, көрейін мықтылығыңды. Менің құнанымды жуасытып бер», -деді. Ағам екеуміз Дарханбайдың ауылына келдік. Бір топ адам күзем алып жатыр екен. Ішінде Өтелген, Әмір, Ізбай тағы да сол маңдағы малшылар бар. Көзіме өрелеулі ірі қоңыр айғыр түсті. Шамасы жуасытатын жылқым осы болу керек деп ойладым. Үсекем маған сынай қарап, «Ал, бала мінесің бе мынаған?»-деді. Мен келісе кеттім.
Алдында тай-құнан жуасытып жүргенде байқағаным — тулайтын жылқының көзі шатынап тұрады. Мына жылқының да көзі шатынап тұр. Әуелі ер салғанда қозғалған жоқ, өресін алып шапшаң мініп алдым — қозғалмады. Қамшымен ұрып қалып едім — дір ете түсті. Сөйтті де, басын тұқырып алып арпалысты деймін. Ерттегенім темір ер еді. Бір қолыммен артқы қасынан қадалып қалдым. Түсіре алмаған соң шайқап тулады. Ең жаманы осы — шайқап тулау. Шатымды айырып кете жаздады. Бір саябырлағанда түсе қалдым. Алдында бір қара тай қатты тулағанда әкем айтып еді: «құйрығын бұтының ішінен алып қайырып қанжығаға байлап таста. Мөңкігенде содан қатты тарта бер, еркін тулай алмайды» деп. Осы әдісті істедім. Манағыдай емес, аса қатты тулай алмады. Текіректей шауып кетті. Асау жылқы жазылып шаппайды. Әбден шаршатып алып келдім. Үсекемнің қабағы жазылып қалыпты. Шай үстінде Ізбай жездем мені мақтай жөнелді: «Мұның Хамит деген нағашысын көргенмін. Алты жасар айғырға жайдақ мініп бір сағат арпалысқанда тақымы желімдей жабысып түспеді. Соны көріп қайран қалғанмын»-деді. Осындай асау жуасытып жүрген адамға шапқан аттан құлау деген ойға келмейтін нәрсе. Мектеп ағамыз Шабдарын жетелеп ауылға кетті.
Жыңғылды онша қашық емес. Манағы қорада қалған жылқылардың иелері машинамен келіп алып кетіпті. Артынан біздің үйге біраз жылқының еті келді. Сол торы атымның арт жағы мұңлылау болды. Жаратып жүргенімде аяғын тасқа ұрып ақсап қалды. Жүйрік жылқы еді. Тұрқы өзге аттардан ұзын болатын. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалдының нақ өзі. Алдыңғы аяғының ойынды еті жай тұрғанда шеңгел толғандай бөп-бөлек болатын. Артқы аяғының сан еті бөлектеніп білініп тұратын. Арт жағынан қарағанда ішкі сан еті екі бұтын кере толтырып, теуіп, мол көрінетін, қапталынан қарағанда алды артынан сәл еңкіштеу, сауыры құйымшаққа қарай дөңгелене біткен қоян жон, құлын сауыр сұлу жылқы еді.
Осы торы атыма мініп келе жатқанда маған ерекше шабыт, көңіл-күй пайда болатын. Бір ерекшелігі үсті өте жайлы жылқы еді. Әрі тым жуас еді. Бұрындағы Адай жылқысының тұқымы болар деп ойлаймын. Жалпы менің естігенім — Адай жылқысы дегеніміз — қазақтың қарабайырымен түркменнің арғымағының арасынан шыққан будан. Оның екінші, үшінші ұрпақтары өте мықты болады деп отыратын үлкендер. Соғыс аяқталған жылдары Маңғыстау жылқышылары жылқыны асылдандырамыз деп Түркменстаннан төрт арғымақ айғыр әкеліп салады. Солардың тұқымдары өте мықты болады дейді. 1953 жылғы Адай жылқысын сынау кезінде 300 шақырымды 24 сағатта шауып өткен төрт ат солардың тұқымы еді дегенді талай естідім. Міне, менің осынау ерекше түлік жөніндегі аз-кем айтпағым осы болды.

БезымянныйЖеткізген Сейітов,
Жыршы,
Маңғыстау облысы
«Не хабар?!» газеті,

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.