Ілияс ЖАНСҮГІРОВ. Құлагер (поэмадан үзінді)
Ат қайтқанда
Жасымнан жылқы десе менің жаным,
Атырдым жылқы ішінде өмір таңын.
Жапанда жел жылқының үстінде өскем,
Мекендеп өміріме аттың жалын.
Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім,
Жырым — жылқы, жүйрік ат — салған әнім.
Аспан асты, жер жүзі — кең сақара,
Күн көріп атам қазақ келген мәлім.
Қазақтың жылқы аңсатқан жарлы, байын,
Жарлыны жалғыз атсыз алды уайым.
Сүйген жар, сенген достан жақын жылқы,
Білген жан бекер демес аттың жайын.
Бірге өскен бала күннен құлын, тайым,
Top кұнан көшке мінген күн-күн сайын.
Аптада ағарса да сақал, шашым,
Атымды не бетіммен ұмытайын!
Бұл күнде автом да бар, атым да бар,
Бәйге алу самолетпен салтымда бар.
Бізде жоқ Сағынайдың сасық асы,
Тойына Октябрьдің атым шабар.
Сауықты, салты қызық халқым да бар,
Жылқымда асылданды қолтумалар.
Түрлеңді қазағымның қалың малы,
Аттарым асыл тұқым жарқыл қағар!
Қызығы қырдың үлкен бәйге шапқан,
Күңірентіп көк жайлауды, атты тартқан.
«Бала, — деп, — әрі пысық, әрі жеңіл»,
Иесі талай аттың мені тапқан.
Мен-дағы мұндай кезде жылмаң қақтым,
Мінгемін не саңлаққа сумаң қаққан.
Көп атты талай-талай тастап кейін,
Қыр құсын тақымымда қылмаңдатқам.
Сәйгүлік мыңнан озған, өңкей саңлақ,
Қырғындап қайтар жерге жетті шаңдап.
Айдаушы тырна қатар тегіс тізіп,
Қайтуға ыңғайланды айдалған ат.
Қаз қатар, мың үш жүз ат жайды қанат,
Балалар бір-біріне «Алақ! Алақ!»
«Ал қайт!» деп қашан қолын сілтейді деп,
Бар бала айдаушыға тұрды қарап.
Шығар деп қашан даусы «Қайт! Қайттаған»,
Өзім де талай-талай жалтақтағам.
Болар ма ат үстінен қырда қызық,
Жалғанда арман бар ма ат қайтқаннан!
Ат қайтты әлде неше он шақырымнан,
Көп атты қайырмады жақын бұдан.
Жөнелді түтіндетіп мың үш жүз ат,
Шаң кетті көкке шапшып сапырылған.
Арыста ағалаған нелер саңлақ,
Қашаннан қатып-семген бәйгеге арнап.
Ұрандар бәйге шапқан бала халқы,
Күңірентіп жердің жүзін кетті шаңдап.
Шаңы — бұлт, екпіні — жел, аттар — қаңбақ
Балалар ұран салып, безді зарлап.
Шапқан ат, салған ұран — күңіренді Арқа,
Уда-шу, ұлан-азар болды жан-жақ.
Күңірентті ойды, қырды өңшең күлік,
Арқаны дүбірлетті дүбір қылып.
Көшіріп жерді, көкті келеді аттар,
Керілген кең даланы бүліндіріп.
Жер бетін қағып ұшқан құстай шүйгіп,
Адақтап барған сайын шықты жүйрік.
Төртеудің мың үш жүзден мойны озып,
Кұлагер келе жатты тістеп құйрық.
Артында төртеуінің мың ат қалды,
Балалар барған сайын шулап қалды.
Жер шіркін, барған сайын бауырын жазып,
Шаң шіркін, барған сайын будақталды.
Шаң көкке өртенгендей шумақталды,
Ат терге шомылғандай суды ақтарды.
Күн шілгер, адам, айуан судан кеуіп,
Түтігіп талай аттар құлап қалды.
Құдықтан, жерошақтан қазақ қазған,
Жұлдыздай жалт етеді жүйрік жазған.
Шынайы жел жүйріктер қырға біткен,
Деген сөз былшыл біздің жылқыны «азған».
Төрт тұлпар соқты желдей мыңнан озған,
«Жетсең ал!» деген есеп мұнша созған.
«Армансыз болсын аттар» деп әңгірлеп,
Қазақтар қоюшы ма ед құрты қозған?!
Жарысты өңшең тұяқ жолды сойып,
Төрт кетпен келе жатыр дабылды ойып.
Төрт тұлпар шаңын бөліп, ұзай салды,
Жолшыбай аттың бәрін қырып-жойып.
Өссем де атқа шауып, бала болып,
Айтуға жетпейді әлім мұны толық.
Бір сөзбен бүктеп айтып, байлағанда,
Осы айдау бопты қатты қырғын жорық.
Үстінде Құлагердің қандай бала?
Тастап ек баяндамай оны шала.
Ақанның елден келген бір жолдасы,
Кетелік оны да айта осы арада:
Бұл өзі елдегі бір жетім бала,
Ақанға бауыр басқан өкіл бала.
Көзіндей Құлагердің күтеді Ақан,
Бейбаққа Ақан сері секілді ана.
Ол кезде жетімдер көп қақтығатын,
Мынаны Ақан сүйіп, жақтыратын.
Асырап аш, жалаңаш қалдырмастан,
Біреуге еліндегі бақтыратын.
Бәйгеге қосар болса Ақан атын,
Мінгізіп бұл баланы апаратын.
Тақымы жетімектің құтты болып,
Құлагер қосқан сайын бәйге алатын.
Құланың біліп алған бала сырын,
Серінің келтірмейтін және ашуын.
Қалың ел, аспан, жердің арасында,
Ақан деп білетін ол жанашырын.
Ақан да әкесіндей баласының,
Жоқтығын жоқтатпаған анасының.
Қорғайтын ол өмірде үш-ақ затгы:
Құласын, баласын, көз қарашығын.
Сонымен Ерейменге төрт ат кетті,
Төрт бала барған сайын құзап кетті.
Қара үзіп қала берді өзге бала,
Қалғанды қорлық теуіп, ыза ап кетті.
Жүйріктер жүндей сабап жолды түтсін,
Ат солай бара берсін, бұл сөз бітсін.
Келейік көмбедегі көпке тағы,
Сарылып кеткен атты қанша күтсін.
Айғай, шаң аттан шыққан көкке кетсін,
Екпіні жел соққандай дүрілдетсін.
Жел жүйрік Сарыарқаны домбыра қып,
Төрт тұлпар тұяғымен жерді шертсін.
[…] «Ат қайтқанда» […]