Ел чемпионаты. Көкпардан топтық кезең ойындары аяқталды
Топтық кезеңнің соңғы ойыны Павлодар облысының «Сатты» командасы мен Қарағанды облысының құрама командалары арасында өтті.
D тобында өнер көрсеткен қос команда бүгінгі ойынның соңғы нүктесін қойды.
Бұған дейінгі ойындарда Ақмола облысының «Жекебатырына» есе жіберген қос команда өзара мықтыны анықтау үшін барын салды. Арқа төсін дүбірлеткен жігіттер Талас Алатауының бөктерінде біліктілік таныта алмады. Ерке Ертістің бойынан келген «Сатты» сатырлатып салым салғанда, Сарыарқаның саңылақтары шынымен сасып қалды.
Ойынның алғашқы айналымында-ақ Ержан Тосжановтың жігіттері есепті 5:0-ге жеткізді.
Қарағанды облысы құрамасы, команда капитаны – Ерлан Оспанов, жетекшісі – Шеризат Қазтаев.
Павлодар облысы «Сатты» командасы, команда капитаны – Ержан Тосжанов, жетекшісі – Жасұлан Әлиев, жаттықтырушысы – Амантай Солтанов.
Екінші айналымда Қарағанды облысының балуандары есепті айтарлықтай өзгерте алмады. Бұл мүмкіндікті «Саттының» жігіттері сәтті пайдаланды. Есеп – 8:2.
Салым салғандар:
Қарағанды облысы құрамасы: Марғұлан Исақ – 2 салым.
«Сатты»: Фархат Мұхитов – 1 салым, Мадияр Бағлан – 2 салым, Төрехан Амангелді – 1 салым, Жасұлан Рустамбек – 4 салым.
Естеріңізге сала кетейік ертең, яғни чемпионаттың төртінші күні алаңға Теңге ілудің ептілері мен Жамбы атудың сұрмергендері шығады.
Ал бұған дейін хабарлағанымыздай көкпардан финалдық ойындары 26 мамыр күні өтетін болады.