Жылқы ұрлау

9545

«Жылқы адал адамдарды ұры етеді, бір жылқы үшін елінен, жұртынан айырылады, ел мен ел арасы бүлінеді», — дейді қазақ арасындағы жылқы ұрлығы туралы информаторлар. А.Головачев қазақ ішіндегі жылқы ұрлаушыларды төрт топқа бөледі:
Біреу жылқыны кедейліктен ұрлайды…
Енді біреулері кегін қайтару үшін ұрлық жасайды, осы арқылы өзінің еріксіз бұзылған құқығын қалпына келтірмекші болады.
Үшіншілері өзінің нағыз жігіт, сайыпқыран екенін көрсетіп, бұл іске сүйіспеншіліктен барады.
Төртіншілері, ұрылардың ұйымдасқан, біріккен тобы жылқы ұрлауды тіршілік қамын қамтамасыз ету үшін кәсіпке айналдырған. Кәсіпкерлік үшін біріккен ұрылардың ықпалды қамқоршылары болады. Әдетте мұндайлар өз қамқоршысының ауылының маңайында өмір сүреді, себебі қожайынына барлық жағынан тәуелді.
Негізінде жылқы ұрлаумен үстем тап өкілдерінің би-болыстары т.б. айналысты, сондықтан олар ұры ұстады. Орыс әкімшіліг ХІХ ғасырдлың ортасынан бастап жылқы ұрлаумен күрес жүргізе бастады, жекелеген ұрыларды, ұрылардың тобын ұстап жазалар да қолданды, бірақ бұл шаралардың бәрі айтарлықтай нәтиже бермеді. Осы орайда Семей облысында уезд бастығы болып істеген подполковник А.Белинский мынадай шаралар қолданған. Қай болыстың территориясында ұрлық жасаса, сол болысты әкеп түрмеге жауып тастаған, екі-үш күн түрмеде жатқан болыс барлығын айтып беретін болған. «А.Белинскийдің әдісі оңды нәтижелер беруде, ұрлық тыйылып келе жатыр» деп жазады орыс баспасөзі.
Барымтаға қарағанда билер соты жылқы ұрлаушылардың қатаң жазалаған, билікке кеткен шығындарды есептегеннің өзінде, жылқының иесі ұрылардан он есе артық өндіріп алған.
И.Левашовтың жазуынша, қазақ соты бойынша ұрланған жылқының құнын төлеп, материалдық шығынды қайтарумен ғана шектеледі. Жылқы ұрлаушы ұрлаған жылқысын екі есе етіп төлейді, бірақ бәрібір құны төмендеу болады. Мысалы, бес ірі ат (бесті – А.Т.) ұрласа, орнына бес дөнен және бес құнан қайтарады. Ал ұрлықшы басқа болыстың жерінен ұрласа, ондайда ұрлаған жылқысының жартысын қайтарып құтылып кететін.
Жоғарыдағы екі фактіні салыстыратын болсақ, бірінші жағдайда қазақтың рулық жүйесінің бұзылмай, билер пәрменінің жүріп тұрған кезін көрсетеді, яғни ұрлықты он есеге дейін төлеттірген. «Ұрлық түбі – қорлық» деген сөз қазақтың дәстүрлі қоғамының бұлжытпас ережесі. Екінші жағдайда қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптары ыдырап, ел болыс-болысқа бөлініп, ырың-жырың болып, билер арасында парақорлық етек алғандығының айғағы. Жылқысы ұрланған ауыл, ауылдың ортасына бақанды жерге қадап, қызыл не көк байлауыш байлап қояды. Мұндай белгіні көрген көрші ауылдың адамдары ұрлықтың мән-жайын сұрап, істің мәнін біледі… «Қазақтардың бақан көтеруі – құдайдың кәріне ұшырамай, ұрының істеген қылмысын мойнына алып, ұрлаған жылқысын қайтаруы үшін», — деп пайымдайды. Киіз үйді көтеретін бақан – қасиетті зат. Адам қайтыс болғанда бақанның, найзаның басына марқұмның жасына сәйкес қара, қызыл, көк жалау байлап көтеріп қоятын. Сондықтан ұрлық істеу өліммен тең деген қағида бойынша істеген шара болуы мүмкін.
Жақсы атты қолға түсіру үшін небір әдіс-тәсілдерді қолданған, сол жайындағы құлақ естіп, көз көрмеген әңгімелерді ел арасынан естуге болады:
Тарбағатай жақта ұрылар қылаң, ашаң боз жылқыларды иесі танымау үшін бір жағын қазанның түп күйесіне қойдың майын араластырып бояйды екен, сонда боз жирен жылқылардың бір жағы көмірдей қара, екінші жағы ақ болып, адам танымастай, бұрын-соңды көрмеген кейіпке түсетін көрінеді. Ат іздеуші анадайдан көргенде бұл менің атым емес деп, жанына жуымайды.
«Атақты ұры бір кісінің күрең атына қатты қызығады, иесінен сұрайды, сұраса бермейді. Көктем шыға әлгі ұры күрең атты ұрлап алып, төбесіне және бақайына суды қайнатып отырып құяды. Сонда ат адамша шырқырапты. Жазда атты қоя береді. Әлгі ақбақай, күрең төбел ат болады. Күзде сол атты мініп, бір құла жорғаны жетелеп иесіне барыпты. Ерін алып тастап екі атты қатар қойғанда иесі: Төбелі болмаса, көктемде жоғалған құтты менің күрең атым екен», — депті. Ұры: -«Болуы мүмкін, жанына барып қарамайсыз ба, — дейді. Иесі тағы да: «Мал малға ұқсайды екен, тұрысын қарашы! – дейді де, шыдай алмай жанына келіп көріп: «Ойпырмай , сол екен», — деп, отыра кетіпті. Сонда ұры: «Қисаң бер, қимасаң атыңның орнына мына құла жорғаны әкелдім»,- дейді. Иесі әрі-бері ойланып, құла жорғаны алып қалыпты».
«Байтұрбай байдың бәйгенің алдын бермеген Бозшұбар аты болады. Қапал өңірінің Есімбек болысы Бозшұбар атқа жығыла жабысып: «Дос болайық, қызымды берейін, құда болайық», — десе де Байтұрбай атын бермейді.
— Бермесең ұрлап аламын, — деп Есімбек кетеді.
Байтұрбай Жаркент жаққа құдалыққа барарда Бозшұбарды Иманбақ атты батырына тапсырып кетеді. Аңдыған жау қоя ма, Есімбектің жігіттері Иманбақты өлтіріп, Бозшұбарды алып кетеді. Шапқыншы Жаркент жақтағы Байтұрбайға барады, сол түні бір пәленің болғанын сезгендей, түнімен ұйықтамаған ол: «Иманбақ аман ба?» — деп бірден сұрайды. Тойды тастап, еліне келіп Иманбақтың өлімін атқарады. Бір жыл тырп етпей жатады. Бір жылдан кейін Есімбек болыс бітімді алсын деп шақырады. 2-3 жыл өткен соң бір-ақ барады. Есімбектің үйіне түскенде 40 кесе қымызды Есімбек, 45 кесені Байтұрбай ішеді.
Есімбек:
-Жарайсың, бітіміңді ал, — дейді.
Байтұрбай:
— Бітім алсам, үш ердің құнын алам, Иманбақты өлтірген батырыңды көрсет, атымды тауып бер! – дейді.
Есімбек батырын шақыртып дастарқан басына отырғызады.
Есімбек:
Атың келмеске кетті. Иманбақ үшін, шекараны бұзғаным үшін айыбыңды ал, — дейді.
Сонда Байтұрбай:
-Батырың осы ма, — деп, үш рет арқасынан қағыпты. Сол күні Есімбектің батыры ауырып, жауырынының ортасы қап-қара болып кетеді, 3 күннен соң өледі.

Безимени-6Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы»

(Малик Мукановтың «Барымта» картинасы пайдаланылды)

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.