Қарабайыр — ежелгі шекті жылқысы

15724

Арал-Каспий өңірінің жылқы тұқымдары туралы алдымен адай жылқысы, одан соң қазіргі көшім жылқысы, мұғалжар туралы сөз болады. Шын мәнінде көптеген жылқы тұқымдары құрып кеткен, оған төмендегідей тарихи фактілерді келтіруге болады.
Қазіргі кезде қарабайыр жылқысы туралы сөз бола қалса «бұл өзбектің жылқысы екен», «Орта Азияның жылқы тұқымы екен» т.с.с. сөздер айтылады. Я.Я. Полферов 1898 ж. жазған еңбегінде: «…Бұл тұқым қарабайыр түркімен жылқысы мен қазақ тұқымының буданынан пайда болған өнім. Бұл тұқым қазақтардың бұхарлықтармен және хиуалықтармен араласа бастаған уақытынан айырбас сауда арқылы қазақтар түркмен айғырларын алған кезден бастау алады. Қарабайыр қазақ даласының оңтүстігінде кең тараған. Ор өзенінің солтүстік жағалауында шығыста Ертіске дейін, сонымен қатар солтүстік Түркістанда негізінде Сырдария мен Самарқан облысында таралған…» [1, 128-б.].
Зерттеушілер «қарабайыр» сөзінің мәнін де шешуге әрекет етеді. Ю. Кологривов қазақтардан бұл сөздің мағнасын сұрағанда: «Қарабайыр сөзінің төркінін біреулер «қара» таза – дегенді, ал «байыр» кеуде, бауыр – дегенді білдіреді. Яғни «таза жылқы» ұғымында, енді біреулер керісінше араб т.б. таза жылқылардың тұрпайы жабайыланған түрі деп жауап береді..» [2, 72–80-бб.].
Бұған ешқандай түсініктеменің қажеті жоқ. Себебі автор сөз мәнін шешуде дұрыс талпыныс жасаған, тұщымды пікір айтқан. «…Барлығы (қарабайырлар – А.Т.) арғымақ тұқымдарынан алған сұңғақ бойымен, тік аяқтарымен, бастарының әдемілігімен көзге түседі. Биіктіктері 2 аршын 3 вершок (154,0 см – А.Т.). Төзімділігі жағынан әрине қазақ жылқысынан әлдеқайда артта қалады…» [3, 121–122-бб.].
Я.Я. Полферов өзінің зерделі зерттеуінде қазақтың жылқысы – қарабайырлар туралы ойын сабақтай отырып, «шекті елінің төл тұқымы» деп дәлелдейді. Ферғана – түркімендер мен қарабайрлардың туған бесігі. Жақсы жылқыларды өсірумен атағы шыққан қазақ тайпасы – шекшті (шекті – А.Т.) жылқылары Ферғана қарабайрларына дөп келеді. Себебі шектілер үнемі Хиуа, Бұхара, Түркмен өлкесімен араласып жүрді, көшіп барып Ферғана жазығын қыстайтын. Шектілер бұл жақтан көп жылқы алатын, Орынбордың базарларына әкеп сататын. «Аспандай жүйрік сәйгүліктер» деп аталған қарабайрлар – шекті жылқысы болып шығады. Қазақ жылқысының көрнекті маманы полковник Сунгуровтың айтуынша: «20 жыл бұрын бүкіл Орал мен Торғай облысының оңтүстік аймақтары шекті жылқыларымен атағы шықты, бірақ қазақтар бұларды қарабайырлар деп атайтын еді» [4, 132-б.].
Шекті жылқысының кәзір ұмытылғаны болмаса, ХІХ ғасырдың аяғына дейін жеке тұқым болып өмір сүргені туралы 1892 жылы агроном И.В. Шумков: «Шекті жылқысы қазақ жылқыларының ішіндегі шомбал, кесек тұрпатты жылқылардың бірі. Бойы 2 аршын (142,2 см), кейде 2 аршын 1 вершок (146,4 см), екі аршынға жетпейтіндері өте аз кездеседі. Барлық бітімі келісті, сындарлы біткен, сібір жылқысына ұқсамайды, денесі жақсы дамып жетілген және қысқа емес. Аяқтары жуан діңгектей, бір аяғы ұсақ жылқының екі аяғындай, тұяғы үлкен, бір тұяғы орташа жылқының екі тұяғындай, жалы жерге сүйретіліп жүреді, жақсы жылқылардың жалының салмағы жарты пудқа (8 кг) жетеді, құйрығы да жалы сияқты қалың, қабалау, жерге шұбатылып жүреді. Жалы екі жағына жарылып және алдыға қарай кекіл боп бітеді… Кекілі басын жауып тұрғандықтан көзіне қар тығылмайды. Құйрығы арт жағын желден қорғайды. Жүні қалың және нәзік ұяң, қыста өскенде вершоққа (4,4 см) жетеді. Жүнінің қалың болуы арғымақ пен араласпаған қазақ жылқыларының бәріне тән, бірақ шекті жылқысынікі, ұзындығын есептемегенде ерекше қалың. «Арғымақтар» (орыс және азия) жүнінің қысқалығы мен сиректігінен қыста тебіндеп жайыла алмайды. Жалы мен құйрығының мықты болуы сүйектерінің кесек тұрқының мығымдығын, күштілігін аңғартады. Шекті жылқысы казак артилериясына зеңбіректерді тартуға пайдаланылады, бағасы 100 рубль тұрады, сонымен қатар күшті және мықты жылқыларды ұнатпайтындардың бәрі шектіні алады. Шекті жылқысының мойыны ұзын емес, қысқалау жуан. Басының көлемі орташа, маңдайы кең, көзі үлкен омырауы кең, бірақ өте үлкен емес, мұрыны аздап қырланып келген, басы алдынан қарағанда тузу, бірақ бұлан мұрын емес. Арқасы ешқандай дөңестігі де, ойығы да жоқ түп-түзу, сауыры құймышағына қарағанда көтеріңкі құйрығына қарағанда түсіп тұрған сияқты көрінеді. Шекті жылқысының түсі көбінесе ала болып келеді…» [4, 15–16-бб.].
Біз шекті жылқысының бәденіне байланысты белгілі зерттеушінің сипаттамасын толығырақ беріп отырғанымыз бұл жылқы тұқымы мүлдем құрып кеткен. Жоғарыдағы фактілерге қарап отырсаң И.В. Шумков шекті жылқысын қазақ тұқымның бірегейі етіп көрсетіп, шектілердің Хиуа, Бұқара, Ферғанамен араласқанынан қазақ руларының ішінде арғымақ тұқымының ең көбі шектілерде болғанын есепке алған. Кезінде И.В. Шумковтың бұл тұжырымдарын А.И. Добросмыслов сынаған [5, 4-б.].
Шекті жылқысы жайында информаторлардан сұрағанымызда Сабырғали Мусин ақсақал былай деп еді: «Бұрында әр рудың, әр елдің өз жылқылары болды ғой. Шектілер тек өз жылқысын мінетін, сонысымен мақтанатын, жағалбайлының, адайдың жылқысын місе тұтпаушы еді. Бәрін құртқан Орынбордың менауай дворы (Меновой двор – А.Т.), Орынбордағы мал базары. Қазақтар жұттан қырылады деп әдемі, сұлу жылқылардың бәрін таңдап тұрып жүздеп, мыңдап сатқан ғой. Қалғаны 1929 жылы кәмпескеде құрыды, одан қалды 1941 жылы соғысқа алды» (I). Ақсақалдың бұл сөзінен, тек шекті жылқысы емес, бүкіл қазақ жылқысының басынан кешірген алапат кезеңдерін көреміз.

Әдебиеттер:

1. Полферов Я.Я. Какая кровь нужна верховой киргизской лошади // Журнал коннозоводства. 1898. № 3.
2 Луговой жылқы зауытының архиві. 15 папка. Инв. № 48.
3. Полферов Я.Я. Лучшие народы киргизской лошади – карабайыр // Журнал коневодства. 1898. № 2.
4. Шумков И.В. Очерки киргизского коневодства Тургайской области // Сельское хозяйство и лесоводство. 1892. № 4, 5, 7.
5. Добросмыслов А.И. Коневодство и его значение для киргизсого населения Тургайской области Оренбург. Оренбург. 1894.
6. Овчинников К.А. Табунное коневодство // Труды Темирского опытного сельхоз. станции. М.: 1930. Вып.3.
7. ҚРОМА, 25–қ, 1–Т, 357–тізбе, 4199-іс.
8. Бабаджанов М. Лошади и их испытание по внут. Кирг. Орде // Журнал коневодства. 1871. № 5–7.
9. Уральская лошадь // Архив обществ. ветеринарии. 1892. № 3.
10. Мердер И.К. Исторический очерк русского коневодства и коннозаводства. Спб., 1897.
11. Лошади уральских казаков // Коневодство и конный спорт. 2004. №1.
12. Краснов Н. Настоящее положения коневодства у казачьих воисках (военно-статистический очерк) // Военный сборник.Спб., 1897. Т.СXIV.
13. Дубенский Д. Конские заводы Европейской России, Кавказа и Тургайской области и историческоий очерк их развития, с картой распределения пород, заводов и табунов. Спб., 1896.

Axmet.TАхмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.