«Сары аттың сағынышы» күйінің шығуы

12301

Ерте заманда той жасап жатқан бір қазақ ауылын жау шауып, мал-дүниесін талап, ер жігіттерін түгел байлап әкетіпті. Байлап әкеткен жігіттердің ішінде әрі күйші, әрі ат сыншысы Смет деген жігіт те бар екен. Алты айлық жерден аңдып келген жау Сметті елдеріне апарып, құл қылып жылқы бақтырып қояды. Арада бірнеше жыл өтеді. Бір күні Смет барған елдің ханы ұлы дүбір той жасап, алыс-жақындағы әнші-күйшілерді ордасына шақырып, ән салғызып, күй тартқызып мәре-сәре болып отырыпты. Бір кезде сырттан өте зарлы қобыз дауысы естіліпті. Қобыз даусын естіген хан нөкерлеріне:
— Барып біліп келіңдерші, менің ұлы тойымнан қағыс қалған ол қандай өнерлі жан? — депті. Бір нөкер далаға жүгіріп шықса, қобызда күй тартып отырған ханның жылқышы құлы Смет екен. Нөкер ханға қайта келіп:
— Хан алдияр, мұңлы күй тартып отырған жылқышы құлыңыз Смет деген жігіт екен, — деп мәлімдепті. Хан оған:
— Тез, мұнда ертіп кел, өнерін көрейін, — депті. Нөкер Сметті ханның алдына алып кіріпті. Хан жігітке таңдана қарап:
— Сені сыртта қобыз тартып отыр дейді ғой, қане, қобызыңды тартшы, бізде тыңдайық, — депті. Смет қобызын қолына алып, тізерлеп отыра қалып, әлгінде далада тартқан зарлы күйін тарта бастапты. Күйдің шексіз құдіретіне ұйыған хан оған таң атқанша күй тартырыпты да, таң атқан соң:
— Рахмет, өнерлі жігіт! Бүгіннен бастап басыңа бостандық бердім. Өнерді бағаламай қор ету мен үшін үлкен қиянат. Жылқыларымның ішінен өзің таңдаған біреуін ұстап мін де, ел-жұртыңа барып өнеріңді дамыта бер. Өнер киелі, қасиетті нәрсе. Ол дос-дұшпанға бірдей қастерлеуге лайық, — деп ризлығын береді.
Өнерінің арқасында құлдықтан құтылған Смет жылқыға барып, жылқы ішінде жүрген өзінің Сары атын ұстап мініп, ел-жұртына қарай тартады. Ол күн жүріп, түн жүріп күндердің бірінде өз елінің шекарасына барады. Шекарадан өтіп, жан-жағы жасыл нулы, сыңғырап аққан бір бұлаққа келгенде, астындағы Сары аты кісінеп қояберіпті. Тіпті атының көзінен ағыл-тегіл жас парлапты. Сонда сезімтал да сергек күйші әсерленгенінен қоржынындағы қара қобызын суырып алып, ат үстінде тұрып:
— Е, жануарым-ай, туған жеріңді әбден сағынған екенсің-ау, мал екеш, мал болсаң да, туған жеріңді сен сағынғанда, мен қалайша бей-жай қалайын, — деп «Сары аттың сағынышы» деген күй тартыпты. Сөйтіп, өмірге «Сары аттың сағынышы» деген бір тамаша күй келіпті.

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Сымағұлұлы,
«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.