Ат бапкерлеріне қосымша кеңестер

14131

Жүйрік баптаудың қыр-сыры көп:
Мысалы, жілік майы толмаған қуаты төмен жылқы мен қоңды жылқының етін қатыруды бірдей тәсілмен атқаруға болмайды. Атбегілер үшін баптаған жүйрігінің күш-қуатын қалыпты жағдайда ұстау оңай да, оның ішін дәл тарттыру өте қиын. Жалпы атбегілердің шеберлігі – жүйріктің ішін тарттырудың құпиясын меңгеруімен өлшенеді. Сондай-ақ, бәйге атты шабар етіне келтіруді толық игеру ат баптаудағы басты мәселе. Сондықтан да, жүйрік баптау барысында жалпыға ортақ қателесуге болмайтын қағидаларды еске салуды жөн көрдік.

• Ауа райы дымқыл немесе ылғалы мол жерде байланған жылқының тезегі сұйылып, тышқақтап, жөтеле беруі мүмкін.
• Қарынсал немесе кеңқұрсақ жүйрікті бәйгеге қосқанда аш жіберуге болмайды.
• Терісі жұқа, еті көбең, арықтау жүйрікті жарысқа шығар алдында денесін күні бұрын сулап (жауын-шашын болса тіпті жақсы), бәйге жолына шығармай тұрып бір дүркін жабулау әдісі арқылы жеңіл терін алған дұрыс.
• Ыстық немесе қуаңшылық айларында күндіз аттың терін алуға болмайды.
• Жүйрікті шаптырмай жабулап тер алу барысында: киіз немесе қоңыр аңның терісі тәрізді сұйық сіңірмейтін жеңіл затпен жабулаған жөн.
• Байланған жүйріктің арық-семіздігін жетік білмеуден баптау барысында кемшіліктер орын алып, аттың тынысы бітеліп, аяғы ақсайды. Бұндай жағдайда білетін адамды шақырып қан алдырған дұрыс.
• Денесі мығым, кебеже қарын, қабырғасы ұзын, сүбесі қалың жүйрікті ерте байлап, ерте жіберу керек.
• Бітімі жіңішке, бойы сұңғақ, қасы жұмсақ, сүбесі жұқа жүйрікті ерте байлап, кеш жібереді.
• Жауын-шашын аз қуаң жылдары ат байлаған керме маңына үнемі су шашып, салқындатып отырады.
• Аптап ыстық басылмай ұзаққа созылған жағдайда кермені жасыл желекті ылғалы мол, жасаңды жерге ауыстырған дұрыс.
• Жүйріктің іш тартуы бұзыла берсе күнделікті ішетін суын ауыстыр немесе қарақурайға тұз қосып суға қайнатып ішкіз. Оған болмаса, ыстық сумен бауырын булап, соңынан суық сумен жу.
• Жүйрікті баптау барысында, тер алу, іш тарттыру, әртүрлі жарыстар ұйымдастырудың сыртында оны демалдыру жайын жақсы білген жөн.
• Жүйрік атты жаздыкүні түнде қоя беріп, күндіз үш уақыт биенің сүтін беріп, жабулап мама ағашқа байлап бағады.
• Шілденің ай толған күні (ескіше15 жаңасында) таң асырған дұрыс.
• Жазғы маусымда жүйрік атты тоғайлы, шыбын-шіркейлі, ой жерге оттатуға, жайылтуға болмайды.
• Өзенді жердің өлең шөбін жүйрікке жегізуге болмайды.
• Жүйрікке күнара 1-2 литр сиыр сүтін беріп тұрса артық болмайды.
• Сұлы көп жеген жылқының іші майланады (жүрегі майланса қатерлі) шапқан кезде ішкі майлары ыдырап, аттың кеудесіне қан түсіреді. Сұлыны шектен тыс көп беруге болмайды.
• Өте көп сұлы жеп семірген жүйріктің қолаңсасынан қан алса іш майы тез ыдырайды.
• Баптау кезінде жүйрікті арқандап ашықтыруға болмайды. «Шабар аттың тоғы игі» дегенді ұмытпау қажет.
• Жүйрікті аш шаптыруға болмайды қартасы түйіліп, өліп кетуі ықтимал.
• Баптауда тұрған жүйрікті сортаң жерге жайылтуға болмайды.
• Бабына толық келмеген жүйрікті алғашқы кездері ұзақ қара жарысқа салуға болмайды. Тұяғы қызып, құрышы қайтып, аяғы ауырғандықтан алып қашатын жайттар туады.
• Іш майы кетпеген жүйрікті әр күні таңертең суарған соң бетегесіз жерге жайылтып, ішек қарталарын кеңітіп майын суалдыру керек.
• Бәйге атты кешкі салқында қағыр таза жерге қысқа арқандап, тәулігіне 5-6 сағат жайылту, еті қатқан соң тәулігіне 7-8 сағат жайылту керек. Таңертең күн көтеріле көлеңкелі саяға байлаған дұрыс.
• Баптауға ұстаған үш күннен кейін әр күні кешкі салқында бір сағат бусандырмай мінсе, топқазы болудан сақтайды.
• Семіз жүйрікті майынан тез арылту үшін суға салатын әдіс бар. Таң асырған жүйрікті түн ортасында ағысы қатты өзеннің иіріміне салып, ағысқа қарсы сүт пісірімдей уақыт жүздіру керек. Өзенде көп жүзген жылқы болдырады және тоңады, еті сылынып ари бастайды. Бабына да түседі. Мұндай аттарды қара жарысқа салмай терін жабулап алған дұрыс.
• Кейбір еті сақайған жүйріктер шапқанда ісініп кетеді. Оларды қара жарысқа салар алдында денесін құрт-ірімшіктің сарысуымен жуады.
• Жүйрікті бәйгеге қосуға екі күн қалғанда, жүйріктің зерігуін шығарған жөн. Ол үшін оны кермеден босатып үйірге жіберіп көңілін сергітіп, ертең бәйге болады деген күні ұстап тынықтырады.
• Жүйрікке шақтап сұлы берген пайдалы. Ол жүйрікті қызылдандырмайды, етін сақтайды, сүйегін түзейді, тебінін арттырады.
• Баптауға тұрған жүйрікті 2-3 күнде бір рет сабындап жуып, денесін таза ұстайтын болса сергек келеді.
• Жүйріктің төрт аяғы мен өкпесіне көп көңіл бөлген дұрыс. Терін алған соң баяу жетелеп жүріп суытып, тері құрғап, аптығы басылғанда тоқтату керек. Бұл бойындағы тасыған қанды сабасына түсіреді, аяғына қан түсуден сақтайды.
• Бәйге болатын жер тастауыт болса жүйрікті жеңіл тағамен һәм мұқият тағалап жарыстырған дұрыс. Ол табанына зақым келуден сақтайды.
• Жүйрік баптағанда жылқының бабы мен жарыс жолын дәл үйлестіру керек. Өйтпегенде, жүйріктің сіңірі созылады, аяғына күш түседі шабыстан мүлде қалады.
• Қара жарыстан кейін ыстықтай отқа қоюдан, суарудан сақ болған жөн. Суымаған жүйрікке су ішкізуге болмайды.
• Жүйрікті суық күндері ықтасында немесе қораға жабулап таң асыру керек.
• Шауып қызып келген жүйрікті суыққа алдырудан сақтанған жөн. Ол үшін суығанша байлап түн ортасында аздап дымқылдаған сұлы беріп таң асырған дұрыс.
• Жүйрікті күш-қуатына қарай баптайды. Мысалы, қанды бұлауға түскен жылқы қанша семірсе де майы шыныланбайды. Оған жемге піскен қойдың құйрығын ұнтақтап қоса жегізу керек.
• Семіз жылқыны бірден қинауға болмайды. Майы езіліп, қанталап кетеді. Қашан майынан арылып, қарны тартылғанша жетектеп аяң-желіспен суытады.
• Таза жем жеп семірген жүйріктің қазысын ыдырату үшін бір мезгіл құдықтың мұздай суымен бауырын жуып, қанын салқындатқан дұрыс.
• Кермедегі жүйрік ерігіп жалықпас үшін шылбырын жүгіртпелі етіп байлайды. Зеріккенде еркін жүріп, бойын жазады.
• Жүйріктің аунайтын жеріне киіз төсеп, соған аунап-қунауына үйреткен дұрыс.
• Байлаулы жүйрік жалығып, жабығып қалмас үшін анда-санда мұздай су шашып сергітіп отырған тиімді.
• Мүмкін болса жүйріктің танауындағы шеміршекті алып тастаған дұрыс. Шапқан кезде демін емін-еркін алады.
• Кейбір жүйрік арықтап болмайды. Мұндайда үнемі мініп, аттың аяғын кетіруден сақ болған жөн.
• Нағыз бапкер жүйріктің арқасына ер тигізбей баптайды.
• Дұрыс суып, тері алынбаған жүйріктің қаны бұзылып, ісініп кетеді.
• Өрге шаптырып жүйріктің бұлшық етін шынықтырамын деп аяғын кетіріп, қор қылудан сақ болу керек. Бабы келіскен сәйгүлік қашықтыққа бағынбайды.
• Семіз жүйрікті тез арыту үшін оған қант беріп іш майын ағызып, бір жұма сазға арқандап қазысын ыдыратып, бабына тез келтіруге болады.
• Жүйріктің қазы майының бар-жоғы жалынан білінеді. Жал қолды керіп, шіреп тұрмауы керек. Сауырындағы сулығы білініп тұрсын.
• Күн жылыда жүйрікті сабындап жуып, күн суық болса жылы сумен жуып, жүнін жақсылап кептіріп қара жарысқа қосқан жақсы.
• Жүйрік қоңды болса құрғақ шөппен баққан дұрыс. Арықтау болса күніне бір келі сұлы немесе жарған арпа берген жөн.
• Баптауда тұрған жүйрікке өте нәрлі жем беруге болмайды.
• Бапшыл ат жарау, бапсыз ат тоқ жарау күйді ұнатады.
• Бапшыл ат орақ тұмсық, бапсыз ат түзу тұмсық болады.
• Ертең бәйге басталатын күні атбегі түнімен атының жанында болуы қажет. Алдымен таға-шегесін тексеруі, бос болса мықтап, шеге ұштарын жақсылап жатқызу керек.
• Бәйге болатын күні жүйрікті ерте суарып, біраз жайылтып, бәйге төбеге жақындағанда шауып шығу керек. Сақа жүйріктер бәйгеге қосылатынын сезіп, тезек тастап тұрады.

301183_104849579670937_1382221119_nБекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.