Абылай МАУДАНОВ. Қайырбектің Қара аты

7314

(поэмадан үзінді)

…Ат жайын білгің келсе тыңда мені,
Ат қосқан аламанға кім бар еді?..
Баптаған жүйріктерін қос-қосынан,
Бәйгеге басқармалар кіл кәделі.

Аттарын айтар болсақ атап кілең,
Екпіні тау жығардай Қапақ күрең.
Әйгілі Бекқалидің сұр байталы,
Талайдың бағын жүрген матап кілең.

Сұр байтал бәйге десе салған ширап,
Көздері жануардың жанған шырақ.
Қатырып қаншырдай қып жаратқанда,
Қимылы тазы қуған аңнан ширақ.

Бір жүйрік Сүйінбектің көкшұбары,
Оның да құйрық тістер жоқ сыңары.
Сөзіне ауылының сенер болсақ,
Шапқанда тұяғынан от шығады.

Мәреге келіп тізгін қақтырмастан,
«Мен» деген мысын талай аттың басқан.
Моншада терін алып, сумен сылап,
Жаратқан осы жолы шаптырмастан.

Қызбелден қаракөк пен бурыл дөнен,
Бір елдің үміті еді дүлдүл деген.
Сталин колхозының тортөбелі,
Кезі жоқ қанжығаға жүлде ілмеген.

Үмітін ақтап жүрген дәйім көптің,
Дабысын кім азсынар дауыл көктің.
Жүлде алған бұлар талай кәнігі аттар,
Басқасы қара атынан Қайырбектің.

Әркім жүр өз атынан үміттеніп,
Жүз айтып шабандозға үгіп беріп.
Ысқаяқ, ат танитын сыншы көздер,
Дәл осы қара аттан жүр күдіктеніп.

Бәйгеге даңқы өрлеп тұр қосылмай-ақ,
Түбінен қарақшының жосылмай-ақ.
Сүйсінді сымбатына сыншы біткен,
«Болсын, — деп, «жылқы болса осындай-ақ».

«Етсіз бас, сұйық жалды, қамыс құлақ,
Өткір көз бағып тұрар алысты нақ.
Қоян жон, шалқақ кеуде, қимылы шалт,
Арындап тыным таппас шабыс сұрап.

Аяғын шекіп басып нығарланып,
Алшайып аяңдаса сылаң қағып.
Бойында жылқыда жоқ бекзаттық бар,
Бажайлап қарар болсақ шын аңғарып.

Қарадан көз алмайды аңдып бұлар,
Қимылы көрген жанды таң қып тұрар.
Аунаса құлақ, жалын төсей құлап,
Мысықтай дүр сілкіне қарғып тұрар.

Қамшыны сипалата жай салдырып,
Жайнаңдап бұлаң басқан жайсаң қылық.
Жасқанып үркектемес батыл, сергек,
Һәм жуас тегінде бар байсалдылық.

Жарасқан өрме жүген қоңыраулы,
Шулап ел дақпырт етті оны-дағы.
Дуылдап аузын ашып, көзін жұмды,
Көргенде сала құлаш омырауды.

Мінезін әңгіме етті өз алдына:
«Еркелей бұлғап мойнын созар бұла.
Желдіртіп жел қайықтай кеткен кезде,
Жұмыр жер дөңгеленген көз алдыңа.

Маңдайын жайылғанда күнге бермес,
Тым саяқ өзге малмен бірге өрмес.
Жүйріктік жатырынан дарып туған
Дәл осы жылқы малда жүлде бермес!

Шапқанда төрт тұяқтан от өріліп,
Артынан шудадай шаң кетер еріп.
Бар күшін артқа сақтап сілтейді екен,
Басылып өзі қайта көтеріліп»…

Сыртынан дос сүйсініп, жау өсектеп,
Осындай қара ат жайлы қауесет көп.
Ұйғарып қойды халық, «қара да тұр,
Оңынан Қайырбектің желі есед» деп.

Кім болжап қайсы озарын біліп берер,
Түңілді өз атынан жігіт нелер.
Жарысты алда болар айтпай-ақ та
Жөні бар Қайырбектен күдіктенер.

Бұл Қақаң бәйге десе жай қалмайтын,
Жарыста жүйріктері жайнаңдайтын.
Қайырбек Көкалаттан ат қосқанда
Жылқысы басқа жақтың бәйге алмайтын.

Қайырбек осал атқа мінбейтұғын,
Ат жайын ешкімнен кем білмейтұғын.
Қарасы үкілеген үміті еді
Баптаған бір жыл бойы көрмей тыным.

Еш сыншы Қақаңменен таласа алмас,
Жаманмен жұлдызы оның жараса алмас.
Рас па екен, ер жігітке бақ қонарда
Деген сөз «аты алдына қара салмас»…

…Көре алмай азаматтың абыройын,
Қызғаныш күншілдердің қарыр ойын.
Жақсыға жамандарды өш қып қойған,
Опасыз өмір неткен ауыр ойын.

Тұлпарға жүгіретін тұсау ала,
Ісіне қорқаулардың құса дала.
Өшіккен Қайырбекке өңшең надан,
Қара атты алады енді нысанаға.

Өзара жасасты да кесімдерін,
Жоспарлап, нақтылады шешімдерін.
Ауызым былғанар деп, сорлылардың,
Сенсеңіз, атамадым есімдерін.

Жүйріктік өзіне жау тұлпардың да,
Не дерсің талас толы бұл тағдырға.
Қара атты сүріндірмек болады олар,
Таба қып Қайырбекті жұрт алдында.

Үстінде шабандозын алдап тұрып,
Ұстатса жолын байлап салмақ бүлік.
Өз аты озсын мейлі озбай қойсын,
Қараны бір қорламақ шаң қаптырып.

Осылай олар сөзді байласыпты,
Жорыққа сайлы кісі сайласыпты.
Табыла кетті оңай талапкер де,
Жендеттер жатырқаған қай кәсіпті.

Санаспай обал, кие, сесінен де,
Өшікті не үшін олар есіл ерге.
Жазықсыз жануарды кінә қандай,
Соны ұқпас жендеттердің есі кем бе?

Шарлаған шартарабын кіл сананың,
Шешуін таба алмадым бұл сауалдың.
Шерменде шер жүрекпен жауыздарды
Шетінен кезеп аттым жыр садағын.

Жылқыдай өрістеген желге қарай,
Шығандап кетсем, кешір, жерге талай.
Қайтадан оралайын орта жолдан,
Манағы ат айдаған жерге қарай.

Қызығын тойдың басқа ұмыттырып,
Айналды «көз құртына» қырық күлік.
Айдаушы бәрін реттеп жазып алды,
Аттарды милициямен жазып тұрып.

Әр сөзін жандаралдай нығарлы қып,
Милиция алған екен шұбар мініп.
Тоққажа өзі бас боп кіріскесін
Несіне көңілге алар бұлар күдік.

Артында шаңы қалып борандатқан,
Кешеден ел көңілін алаңдатқан
Шығыстан таң рауандап күлген шақта,
Кетті аттар қылаңдатқан, барандатқан.

Қара да барады осы шаң ішінде,
Жұлқынып, ауыздықпен алысумен.
«Жібер» деп тізгізімді өтінердей,
Жүйрікке жақының не, алысың не?!

Қарагер желіп емес, қалқып келед,
Топ жарып шалқақ кеуде шалқып келед.
Ұқтырып қайтардағы жолдың бойын,
Айдаушы балаларға айтып келеді.

Қадапты жол бойына қызыл жалау,
Балалар көңілінде үміт, жүзінде алау.
Жүрісі аттардың да ширап келеді,
Бауыры жүйріктердің қызынған-ау.

Желгенде жер дүние дөңгеленіп,
Тоқтады биіктеу бір дөңге келіп.
Балалар аттарды сәл тыныстатты,
Бәсеке басталатын жерге келіп.

Бекінді тастүйін боп балалар да,
Сақ отыр сияқты дәл ала қарға.
Көздері айдаушыда, жүрек дүрс-дүрс,
Айдаушы қан шығармай жан алар ма!

Дегенше ат айдаушы «ал, тарт!» деді,
Жүз алпыс тұяқ сол сәт тап-тап берді.
Дүлдүлдер екпінінен дауыл тұрып,
Аппақ шаң айналаны қаптап берді.

Бақасқан кезі келіп бақ-талайдың,
Жұлқына ұмтылғаны жатқан айдын.
Ұқсайды тұяқтардан ұшқан тозаң
Ақ түтек боранына ақпан айдың.

Жүйріктер тізгіздерін кере сүзіп,
Түскенін намыс сынға сезеді нық.
Кеткенде алдыңғы аттар үш қыр асып,
Бір белге жаңа шықты келесі жұп.

Елеріп, ерегестен жай тапқандай,
Өзінің асқақтығын байқатқандай.
Қара атта бара жатты шабысымен
Еріксіз сүйсінтіп бас шайқатқандай.

Қара аттың үстіндегі қатқан бала,
Бұрын да атқа талай шапқан бала.
Тіл алғыш, құйма құлақ қалпыменен,
Қашаннан Қайырбекке жаққан бала.

Қайырбек балаға айтқан «сақ отыр» деп,
«Тобырдың жел жақ бетін ала отыр» деп.
«Тізгінді тежеп ұста, ұра көрме,
Шығандап өзге аттар баратыр» деп.

«Жер ұзақ аттың күшін түгесетін,
Сонда да жылқы аз бұмен тіресетін.
Орта жолда Қапақтан озып шықсаң,
Жылқы жоқ қара атыңа ілесетін».

Айқындай бәрін алға жайғандай ғып,
Қайырбек кеңес берді жайдан барлық.
«Қарай жүр, аттың хәлін білдеретін,
Ақылшың қанжығаңа байланған жіп».

Осы жіп саған көп жай білдіреді,
Дәл бұған әсер етпес желдің лебі.
Қара атың шын шабысын тапты дей бер,
Дегенше жіп созылып желбіреді.

Атыңды ұрма балам, ақылымды ап,
Қорықпа қалса және ақырындап.
Баяулап аттың ол жай басылғаны,
Өндіртер сосын қайта шақырымдап.

Асқасын орта жолдан тартпа басын,
Құйрығын қыр желіне ат тарасын.
Басқадай бәле-жала жоламаса,
Бәйгеде болмас, балам бақталасың!».

Соны еске ап бала артына қарап келед,
Құлдилап қырдан ойға қара ат келеді.
Желбіреп қанжығаға байланған жіп,
Төрт тұяқ қырдың жолын сабап келед.

Қарагер қия тартты лашындай,
Қалдырды бәрін кейін қыр асырмай.
Жалғыз-ақ бір күрең ат сылаң қағып,
Жеткізбей қылды әбден қыласыны-ай!

Қарқыны тудырғандай зор күдікті,
Күреңнен біздің бала болды күпті.
Шыдамай қарагерге қамшы басты,
Артқандай қамшыға бар соңғы үмітті.

Тигесін қара ат қамшы шырқырады,
Төрт тұяқ көз ілеспей зырқырады.
Қалғысы келмей мұнан Қапақ күрең,
Ышқынып жанын сала ұмтылады.

Ақ көбік езулерден бұрқырады,
Тізгінге ерік бермей жұлқынады.
Сын сәтте ерегесте сыналатын,
Құлы ғой өр-намыстың жылқы малы.

Арман боп оза шабу айдан да алыс,
Оңайға ерегестен айналмады іс.
Өліспей-беріспеске бекінгендей,
Кернеген қос кеудені қайран намыс!

Өткендей өне бойын жасын тіліп,
Санынан шаққан қамшы ашындырып,
Қарагер ытырылып алға шықты,
Танытып бәсекеде басымдылық.

Алдына шығарып ап қарагерді,
Күрең ат бірте-бірте қала берді.
Қапақты адуынды артқа тастап,
Адақтап дара шапты далада енді.

Алдында ат кеткен соң дара шығып,
Ышқынды Қапақ күрең аласұрып.
«Қарасы Қайырбектің озды-ау, қап» деп,
Жүлдеден етпеді енді баласы үміт.

Сонымен өзге қалып қара кетті,
Қырандай жеке самғап дара кетті.
Шабандоз бала байғұс қайдан білсін,
Жау күтіп тұрғандығын арам кекті.

Жарасып ойнағандай желмен бейне,
Қарагер аршындады белден белге.
Тайсақтап, пысқырынып, жалт бұрылды,
Тұсына шоқ тобылғы келген кезде.

Тізгінді бұрғанынша бала бекіп,
Қос атты шыға келді жалаң етіп.
«Қарағым, шөлдедің ғой, су іш» деп,
Торсықты ұсынады амал етіп.

Кезінде таңдай кеуіп қаталаған,
Сараптап алды-артты ойлап жата ма адам.
Алданып әлгілерге тартты тізгін,
Дегенге «су, іш, бері тақа, балам».

Осылай баланы олар алдасады,
Қапысын тауып атқа жанасады.
Қаумалап екі жақтан тақап келіп,
Екеуі қос тізгінге жармасады.

Аңырап түсінгенше мұны бала,
Жөнелді бүйірге атты бұрып ала.
Оңбай бір тұтылғанын бала да ұқты,
Ашылып «тосқыншының» сыры жаңа.

«Жіберлеп» байғұс бала шырылдады,
Шырылдап бара жатыр шыбын жаны.
Жетектеп бір бүйірге кері әкетіп,
Жендеттер жалынғанға бұрылмады.

Тұлпардың бұл да айрықша таланы ма,
Осы ойлар сартап қылған сананы да.
Бақастық, атың өшкір, қу надандық,
Қаныңнан қайран, қазақ, қалады ма?!

Тоғышар топастыққа қара мына,
Не түрлі қиянатқа дала куә.
Жүйріктің жүйріктігін қызғанғаннан,
Қамады қиянаттың қамалына.

Сынаптай сусып кетіп қолдағы арман,
Жүйрікке ауыр жаза жолда қалған.
Кетпеді Батыраштың бағы ашылып,
Құланың жолын жауып торлағаннан.
Бақастық бұлты жапқан құрғыр тірлік,
Наласыз наныңды жеу болған арман.
Жер беті арыла алмай келеді әлі,
Жексұрын, аяр сұм мен оңбағаннан.
Қыранға қастық ойлап өтер қарға,
Теңесер басқа амалы болмағаннан.

Баланың көңілі жер қиын хәлі,
Бір Құдай көкте, жерде сиынғаны.
Бетінде балалықтың нышаны жоқ,
Көп болды көзінен жас тиылғалы.
Жолының қырсыққанын көрмеймісің,
Қиянат, жеңіліс боп бұйырғаны.
Көңілде көктеп тұрып үміт-гүлі,
Қиын ғой қыршынынан қиылғаны.
Барлығы жас жүрекке соққы болып,
Өмірдің қалмағандай түйір мәні.

Тағдырдың бұл да болса көздегені,
Салғасын сынағыма төз дегені.
Көретін көз жоқ мына теңсіздікті
Боп жатыр қиянаттың өз дегені.

Тағдыры қолында боп тек кісінің,
Өксумен өтті уақыт ет пісірім.
Құсада қорлық жұтқан осы уақытқа
Тағдырдың татыр ма екен тепкісі мың.

Бұл кезде қалған аттар алыс кеткен,
Бірі жоқ мұнан өзге шалыс кеткен.
Сезгендей ат та мұны аласұрад,
Жүрегі жарылардай намыс, кектен.

Құйғытып көсіле алмай құйын сынды,
Басынан өткеріп тұр қиын сынды.
Жанары жануардың шатынаған,
Сияқты қарғап тұрған дүйім сынды.

Алдында шырқап ұзап келгенімен,
Әлі де озарына сенгенімен
Барады кері кетіп бір бүйірге,
Жауыздың босай алмай шеңгелінен.

Шаңдатпай құйма тұяқ құба белді,
Шаңы да Дүбір жақтың тына берді.
Жүрегін жануардың жай таптырмай
Қиянат қыл бұрауын сыға берді.

Қаншама талпынса да босатпайды,
Не қайрат істей алар бұған енді.
Мәреден күткен халық қарагерді
Қалуын себебінің ұға ма енді.

Бәйгеге баптап қосқан үміт еді,
Сөнді ме бұл үміттің шырағы енді.
Дәлелдеп бермесе егер шабысымен,
Дегенге кім сенеді пырақ еді.
… Қыстығып келе жатқанда алдарынан
Милиция-бақылаушы шыға келді.

***

Милиция Тоққажа еді жалаңдаған
(Дейтұғын халық оны табанды адам).
Аттарды қайтардағы түстеп жүріп,
Ішінен қарагерді таба алмаған.

Қарасы Қайырбектің қайда жүр деп,
Көз салып жан-жағына алаңдаған.
Тоқаңның білуінше дәл қарагер,
Қалуға орта жолда жаралмаған.

«Уазикпен» барлық жерді шолған екен,
Сай-сала қалмасын деп қаралмаған.
Дүбірден қыр жақ бетке бұрған екен,
Үшеуді көзі шалып қараңдаған.

Келместен артық-ауыс сөзге бөтен,
Қыр жақты тобылғылы кезген екен.
Қылмыстың үстіп міне, дәл үстінен,
Жүрегі бір пәлені сезген екен.

Мынаған Тоқаң қалай шыдай алар,
(Және де қылмыскерді кім «аялар?!»).
Суырып пистолетін «атам!» депті,
Жаныңды мен алам деп, Құдай алар.

Қызу қан ойлатпаған қара басты,
Тоқаңа тоқтап қалу жарамас-ты.
Білетін сол мінезін шопыр жігіт,
«Ағалап» білегіне жағаласты.
Әлгі екеу мұны көріп, жаннан безіп,
Бастарын жолсызбенен ала қашты.

Қарсы алар қарақшыдан аймақ, халық,
Қорқаулар аттың бағын байлапты анық.
Құтылып қарақшының қыспағынан,
Құлпырып шыға келді ат айбаттанып.

«Мәреге кезің еді таянатын,
Самғауға қырандай боп сай әлі атың.
Бетке ал да, мына жақты сілте балам,
Жерің жоқ енді сенің аянатын!»

Тоқаңның айтқан жағын бала көрді,
«Айт, шуу» деп бір тебінді қарагерді.
Зуылдап атқан оқтай кетті қара,
Соңында шаңы борап қала берді.
Манағы қанжығаға байланған жіп,
Желбіреп, көтеріліп сала берді.

Қарагер енді мінді намысына,
Үдетті шабыс қосып шабысына.
Түскендей ерегеске тағдырменен,
Дегендей намысымды тағы сына.
Жүрегін намыс шіркін жай таптырмай,
Ышқынды тұла бойда қаны ысына.
Ұқсайды бүктетіліп жазылғанда,
Жем ілген таулы жердің барысына.
Жел беріп жігер қосты жер менен көк,
Қараның құйын желмен жарысына.

Жүйріктің жеңіс болар басты арманы,
Бәйгені тартып та алар асқан бағы.
Жануар жаны қалмай сілтегенде,
Көзінен тарам-тарам жас парлады.

Көзінен тарамдап жас тамып келед,
Кеудесін намыс оты қарып келед.
Қиядан қызыл көріп құлдилаған
Қырандай қанаттарын қағып келед.
Сияқты сырлы жебе зуылдаған,
Сорғалап «қара жұлдыз» ағып келед.
Қозы көш жер қалыпты алдыңғы атқа,
Арасын аңдап бала бағып келед.

Қайсы бар қарсы тұрар бұған енді,
Келеді жалғыз жайлап құба белді.
Отыз тоғыз мойынды жалт қаратып,
Қылт етіп желке тұстан шыға келді.

Сақпанның серпе атылған тасындай боп,
Сорғалап көкті тілген лашындай боп.
Тобырды кірді бұзып қақыратып,
Бейне бір көктен түскен жасындай боп.

Қараны көріп бәрі жалт қарады,
Бәрі де сол қарадан сақтанады.
«Әй, бәсе, жүлдені алмай қайтушы ма ед,
Бәйгеде Қайырбектің баптағаны», —
Осындай күйінішпен, сүйінішпен,
Көбісі қапталында қап барады.
Кетіпті ең алдында үшеуі ұзап,
Мал екен көптен басым бақ-таланы.

Көсілтіп қарагерді тақымында-ай,
Жеттім бе деп келгенде ақырында-ай.
Мәреге азғантай-ақ жер қалыпты,
Бар-жоғы бір, бір жарым шақырымдай.

Көргенде мұны жаны тағы ышқынды,
Қалуды жүлдені алмай намыс қылды.
Қаңтарда жауған қар ма деп ойлайсың,
Үстінен домалаған ақ ұшқынды.
Көзіне түк көрінбей сарқа сілтеп,
Өмірде боп көрмеген шабыс қылды.

Бауырын шапқан сайын соза берді,
Артына аспанды алып тозаң ерді.
Даусынан қалың елдің қиқулаған,
Шымырлап арқа басы қоза берді.
Қасынан үш жүйріктің сумаң қағып,
Сурылып бірте-бірте оза берді.

Сурылып озар еді-ау дара шыға,
Оқ бойы озық келді дара шыға.
Тортөбел, Қапақ күрең өтті сосын
Жұлқынып жайлана алмай аласұра.
Сұр байтал безек қағып ол да жетті,
Бір секунд уақыт салмай арасына.
Бірінен бірі сосын келіп жатты,
Күреңі, бозы, көгі, аласы да.
Оларға қарап жатқан адамдар аз,
Ел көзі Қайырбектің қарасында.
Қызығып есі кете тамсанады,
Шабандоз үстіндегі баласына.
Қиянат құлы болмай қайран жүйрік,
Аңыз боп кетті Торғай қаласына.
Пырақ деп халық оны санап жатса,
Ол-дағы берген әділ бағасы да.
Бағасын алмауға оның қақысы жоқ,
Ақылдың салар болсақ сарасына.
… Осындай бір алапат бәйге болған,
Арқаның Торғай деген даласында.

1487829_400259763442206_1404191124_oАбылай Мауданов, 
2003 жыл.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.