«Астана жұлдызында» бас бәйгені Байторы иеленді

6605

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай Елордадағы «Қазанат» атшабарында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Ұлттық спорт тұрлері қауымдасытығының ұйымдастыруымен «Астана жұлдызы» руспубликалық турнирі өтті.

Елордада алғаш рет ұйымдастырылған турнир барысында ұлттық спортымыздың оннан аса түрінен еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларының спортшылары сынға түсті.

Ұлттық спортты ұлықтаған айтулы доданың соңы 9 шақырымға созылған ұшқыр бәйгемен аяқталды. «Әйт» зыр ете қалатын желаяқ тұлпарлардың сынына 30-дан астам сәйгүлік қатысып, көрермендердің қанын қыздырды. «Қазанат» атшабарының мүмкіндігіне орай (1,8 км) сәйгүліктер 5 айналым жасады.

Жарыс барысында жүйріктер жақын қашықтықтағы аламанда еркін көсіле алмады. Алғашқы үш жүйрікке ақшалай сыйлық беріліп, бас бәйгені жеңіп алған тұлпарға автокөлік кілті табыс етілді. 30 аттан сурылып алға шыққан үш жүйріктің бірі – Алматы облысы Жамбыл ауданы Беріктас ауылынан келген Ұлан Омаровтың «Қыран» атты 5 жасар асыл тұқымды торы жүйрігі болды. Шабандозы — Омаров Асхат, ал бапкері — Мұқатай Әділет.

Екінші орынды иеленген Ерасыл Жаппасовтың «Триумф» атты ағылшын тектес 3 жасар күрең айғыры. Шабандозы – Жұматай Ақжол, бапкері – Жаппасов Есбол.

Естеріңізде болса өткен жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай өткен екінші кезекті «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде бас жүлдені жеңіп алған «Самал» атты сәйгүліктің шабандозы да осы Жұматай Ақжол болатын.

Бас бәйгеге тігілген отандық жол талғамайтын автокөлікті иеленген сәйгүлік – Бейбарыс Ибрайқынның Байторысы. 4 жасар ағылшын айғырының шабандозы – Төлегенов Ержігіт. Ал атты баптаған сейіс – Мұқатай Әділет. Ат иесіне көлік кілтын Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев табыс етті.

Естеріңізге сала кетейін, ертең, яғни 11-қыркүйек күні сағат 10:00-де Астана қаласынан 30 шақырым жердегі «Қабанбай батыр» ауылының маңында, батыр кесенесінің жанында дәстүрлі «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтеді. Барамын деушілерге «Азия парк» ОСО жанынан арнайы автобустар қызмет көрсетеді.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!