Назерке Сембаева: Өзгелер атбегі қыздарды «сен қызсың!» деп кемсітпесе екен

4788

Қазақ даласында астына ат мініп, қолына қару алған арулар аз болған жоқ. Арғы түбін адақтасаң Қобыланды батырдың Тайбурылын баптаған Құртқа қызға барып тірелетін, бергі бедерін бағамдасаң кешегі Бопай мен Гауһарқызға тиянақталатын ат жалында өткен аруларымыз жетерлік.

Бүгін де ат жаратып, аламаннан ат оздырмаса да, бәйгенің бабын біліп, жүйріктің терін сүртіп, жалын тарап жүрген бойжеткендер аз емес. Оралдағы Айгерім Ғұмарова мен Фатима Оразова, Ақтөбедегі Гүлсезім Мәмбетова, Жамбылдағы Жания Сатылғанова, Қарағандыдағы Мейрамгүл Сейілханова, тіпті оңтүстікте көкпар атын дайындаумен, көкпаршылығымен даңқы шыққан Эльвира Әбдіраманова мен Адалот Әлтешова, әйгілі шабандоз Ақжол Жұматайды шабандоздыққа тәрбиелеп отырған Сағымгүл Оразымбетова қатарлы әпке-қарындастарымызды атауға болады.

Әрине, бұл біздің ойға оралғандары ғана. Ал «ел іші – өнер кеніші» дегендей, біз білмейтін қаншама желтақым, жылқымінез, атсүйер қарындастарымыз бар.

Сондай ат десе ішкен асын жерге қояр тағы бір қаракөз – Қарағанды облысы Шет ауданы Көктіңкөлі аулының тумасы, 18 жастағы Назерке Сембаева.

Назерке қазір Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 2-курсында оқиды. Болашақ – ветеринар. Назерке Алданышқызы бізге берген сұқбатында 5 жасынан бастап атқа мініп үйрене бастағанын айтады.

— Өзің өскен ортаң туралы айтсаң. Әулетте мысалы атаң не әкең атбегі болды ма? Атқа мінуді қайдан үйрендің?

— Кішкентайымнан малға, әсіресе жылқыға жақын болып өстім. Ата-бабамыз «Ат – адамның серігі» деп бекер айтпаған ғой. Ат көрсем болды, жақын досымды көргендей боламын. Біздің әулетте жүйрік баптап, аламаннан ат оздырған ешкім болған жоқ. Атам да, әкем де жылқыны малданып, еті мен қымызын пайдаланды. Ешкім атбегі болған жоқ. Өзім үйрендім.

Атқа мінуді есбіліп, 5-6 жасқа толған соң үйрендім. Әрине, әкем жүйрік баптап, сәйгүлік ұстамаса да, малға, ары-бері жүріп-тұрғанға мінетін атын қолынан шығарған емес. Сол кезде-ақ әкем менің атқа қызығатынымды, ат десе алып-ұшатынымды көрген соң, бетімнен қақпай, тай сатып алып берді. Әуелі соған мінгізіп, үйрете бастады.

— Жүйрік атқа ерекше бап керек. Ол күнде қойға мінетін шобыр емес. Әкең талабыңды байқаған соң, өзің де талпынып, ат баптай бастадың ба?

— Иә, жүйрік атқа ерекше бап керек. Оны күні бойы күтіп-баптап, жем-шөбін қадағалап отыру керек. Баладай мәпелеп, жем беру уақытын сақтап, ереже ұстау керек.

Әрине, мұның барлығы өздігінен бола салмайды. «Жылқыны жылқының тұяғынан да қатты адам баға алады» дегендей, атты да түн ұйқысын, күндіз күлкісін тыйған адам ғана баптай алады. Барлығы да тек еңбекпен келеді.

Әкем менің талабымды көрді. Атқа деген қызығушылығым ерекше екенін білді. Бірақ, аламанға қосар таза қанды жүйрік алуға шамамыз келмеді. Алайда, жақсы жүретін, шабысты, келісті аттарға мінгізді. Әуелі атқа тақымымды үйретті.

Ат баптаудың қыр-сырын ұғып, атпен қалай жұмыс істеу керектігін меңгере бастағанымды байқаған таза қанды аттардың иелері, көршілер мені өздерімен бірге алып жүретін болды.

— Мысалы жер бетінде қанша ат болса, сонша баптау әдісі болады. Әр аттың өз бабы бар дегендей. Сен ат баптауды қайдан үйрендің?

— Ат баптаудың түрі көп. Аттың мүшесіне, дене бітіміне, мінез-құлқына тікелей байланысты. Және, ең бастысы аттың бабы оның тұқымына тікелей байланысты. Бұл кез келген бапкердің ат баптаған кезде ойында тұру керек.

— Сен олардың бәрін қайдан үйрендің?

— Әр аттың мінезі әр түрлі. Тек баптайтын атыңыздың мінезін аша білуіңіз керек. Оның жанын түсінуге, оның не қалайтынын ұғуға тырысқан абзал. Сол кезде ғана ол сіз үшін бойындағы барын салатын болады. Жүйріктігін танытады.

Мен сұраудан жалыққан емеспін. Нені білмесем – соны білетін адамдардан сұраймын. Олар маған ақыл-кеңесін, ат баптаудағы әдіс-амалдарын үйретуден шаршамайды. Ал мен сол ағаларым айтқан амалдарды талдаймын. Бірнеше адамның ат баптау әдісін талдау арқылы өзім баптап жүрген атқа қандай әдіс сай келетінін түсінемін.

Қазір бәйгеге ат дайындап жүргем жоқ. Біраз кедергілер болып тұр. Әзірге өзімде де ат жоқ, бұған дейін ат баптауға беріп жүрген таныстарымда да болмай тұр. Сондықтан қазіргі кезде Алматы ипподромына жұмысқа тұрдым. Бір жағынан жұмыс істесем, бір жағынан ұшқыр бәйгеге шабандоз болуды меңгеріп жүрмін.

— Қазір қолыңда ат ұстайсың ба?

— Қазіргі кезде бір тай, бір дөненім бар. Тай «Жасмин» деп аталады. Будан, қазақы мен «Эверест» атты таза ағылшыннан тараған. Осы кезде ауылда. Жазда ауылдағы бір бәйгеге дайындап, шауып жүргенде аяғынан жарақат алып қалды. Аламанға қосуға болмайтын болды. Ұрғашы тай еді, енді не де болса, жақсы айғырға қосып, тұқым алуды ғана ойлап жүрмін.

Одан бөлек «Ветерок» деген дөненім бар. Бірақ, бір жағдайларға байланысты оны сатуға қойдым. Жақсы ат болатын жылқы еді, амал жоқ…

— Өзің бәйгеге шауып, шабандоз болып көрдің бе?

— Үлкен топқа, дүбірлі аламандарға қатысып көрген жоқпын. Бірақ, ауыл ішіндегі кішігірім бәйгелерде сынаққа түскен кездерім болды.

— Қалай ойлайсың, қыз баланың бәйгеге ат жаратып атбегі атануы, не нөпірге араласып, шабандоз болуы қиын емес пе?

— Менің ойымша, атқа жаны ашитын, жылқыға қызығушылығы бар, атқұмар жастарды қыз бала, ұл бала деп бөлмеу керек. Осы салада нәтиже шығарамын, бірдеңе істеймін деп талпынған адам қайтсе де істейді.

Әрине, шабандоз болу немесе ат жаратып, аламанда ат оздыру оңай шаруа емес, бірақ соған берілген бала қайтсе де бір нәтиже шығармай қоймайды.

— Жаңа бір сөзіңде Алматы ипподромына жұмысқа тұрғаныңды айттың. Онда не істейсің, немен айналысасың?

— Биылғы жылдың ақпан айынан бастап ипподромға жұмысқа тұрдым. Қазір ұшқыр бәйгеге ат дайындауды үйреніп жүрмін. Әрі өзім де ұшқыр бәйгеге шабандоз (жокей) болуды меңгеріп жатырмын.

Ұшқыр бәйгеге ат дайындаудың өзіндік ерекшелігі бар екен. Мысалы біз аламанға ат дайындағанда терін алып, уақытымен жем-шөбін, суын беріп, бәйгеден соң арнайы суытамыз ғой. Ал ұшқыр бәйгеге ат дайындауға бір сағат уақытың кетеді. Бәйгеден соң жем-шөбін бере беруге болады. Тағы бір ерекшелігі ұшқыр бәйгенің аттарын қатты арықтатпайды екен. Аламанға түсер аттарды бабына келтіріп отырып жаратып, кейбір аттарды арытып, етін қайтарса, ұшқырда керісінше ет алуы керек. Салмағы мен жылдамдығы мағызды рөл атқарады. Көбінде жылдамдықпен жұмыс жасалады. Бір сағатта жылқы жылдамдық алуы керек. Ал аламанға ат баптауды өзіңіз білесіз.

— Сонда ұшқыр бәйге мен аламанға ат дайындау екеуі екі түрлі дейсің ғой?

— Дәл солай. Екеуі екі басқа дүние.

— Бір сөзіңде аттарға трюк үйретемін дедің. Ол қиын емес пе, қалай үйретесің?

— Ипподромдағы бір жұмысым осы десем болады. Жылқы ең ақылды жануарлардың бірі. Тіпті ғалымдар жылқының түйсіну қабілеті 7 жастағы баланың қабілетімен бірдей дегенді айтады. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, 7 жастағы балаға не айтсаңыз да қағып алады емес пе? Жылқы да тура сондай, түсіндіре білсеңіз болғаны, бірден үйренеді.

Тағы бір қызығы, жылқылардың нұсқауды қабылдауы да әр түрлі. Қанша үйретсең де ұқпайтын бала секілді, қанша қайталасаң да қабылдамайтын аттар болады.

Ең бастысы атқа не істеткіңіз келеді, соны түсіндіре білсеңіз болғаны. Ол үшін, әңгімеміздің басында да айттық, аттың жан-дүниесін түсініп, оның не қалап тұрғанын, өзіңіздің оған не айтқыңыз келіп тұрғанын түсіндіре алсаңыз болды. Бір сөзбен айтқанда, алдыңызда тұрған жылқымен тіл табыса білсеңіз болғаны.

Жабағы-тайлармен жұмыс істеу қиын. Оларға бірдеңе үйретпес бұрын, өздерін адамға үйірсек етіп алу керек. Ал мініс аттары немесе арнайы спорттық дайындықтан өткен аттарға трюк үйрету жеңіл. Олар тезірек түсінеді.

Қалай дегенмен де әр атқа үйрету, оған жақындау, оның серігіне, досына айналу әр қалай. Мысалы бір аттар болады, бірден сізге бауыр басып, не айтсаңыз да соны істейтін. Ал бір аттар болады 1-2 ай бойы уақытыңызды алады. Барлығы да сіздің атпен тіл табыса алуыңызға тікелей байланысты.

— Қандай трюктер үйретесің? Мысалы, әдемі жүру ме, кедергіден секіру ме?

— Жаңа да айттық, жылқы – өте қабілетті жануар. Мен мысалы жылқыны жатуға, артқы екі аяғымен тік тұруға, иіліп сәлем салуға (паклон), алдыңғы аяғын беріп амандасуға, болмаса кез келген аяғын көтеріп, белгі беруге, «Испан қадамы», «көсіле иілу» (передний кранч) және алдыға, артқа жүруге, оңға, солға бұрылуға үйретемін.

— Ұлттық аграрлық университетте оқитыныңды білеміз. Болашақта ветеринар боласың ба, әлде осы ат спорты саласында қаласың ба?

— Қазіргі кезде білікті маман тапшы. Әсіресе жылқытануда, жылқы ауруларын емдеуде білікті ветеринарлар аз. Сондықтан да мен ветеринарлықты да, ат спортын да қатар алып жүрсем деймін. Әзірге талпынысым осы. Ветеринар болғанда да, қатардағы мал дәргері болып қалғым келмейді, әрине. Оқып, біліп, жылқы саласына көбірек уақыт бөлсем деймін.

— Өзің секілді атбегілікпен айналысып жүрген қыздардан кімдерді білесің?

— Гүлсезім, Ұлболсын, т.б. қатарлы әпкелерімді білемін. Содан кейін, өзімнен кейін осы жылқы саласына, атбегілікке қызығып жүрген сіңілілерім бар. Мысалы Қостанайда тұратын Жазира деген қыз бар. Әлі мектепте оқиды. Бәйгеге қатысуды, ат баптауды, шабандоздықтың не екенін аса қатты білмейді. Бірақ, бұл салаға деген қызығушылығы жоғары. Мектеп бітірген соң осы Алматыға келіп, оқимын деген арманы бар. Егер Алла қалап, Алматыға келіп жатса, өз қасыма алып, өзім тәрбиелеп, білгенімді үйретемін.

— Дұрыс. Атты кез келген нәрсеге үйретуге болатынын айттың. Жылқы психологиясын меңгеру қиын ба?

— Ол үшін жылқыны көбірек зерттеп, бақылау керек. Әр аттың психикасы әр түрлі ғой.

— Мысалы аттың ерекше психологиялық мінезі туралы не айтасың?

— Жаңа жоғарыда да айттық, кейбір аттар адамға өте үйірсек, бауырмал болады деп. Сол секілді, кейбір аттар болады, тура адам секілді, психологиялық тұрғыда жабылып қалған. Өз мінезін көрсетпейді. Бір қызығы, трюктерге тәрбиелеген кезде, осы мінезсіз аттарды тез үйретуге болады екен. Олардың қабілеті сіз берген ақпаратты тез қабылдайды.

Ал керісінше, мінезі шәргез, қырсық, үркек, тентек аттарды үйрету оңайға соқпайды. Дегенмен жылқы табиғатынан өзінен күші басым (доминант) айғырға тез бағынады ғой. Сол секілді, сіз де өзіңіз үйрететін аттан ішкі рухыңыз биік, оны қалай да бағындыра алатыныңызға сенімді болуыңыз керек. Сол кезде алдыңызда тұрған жылқы сізге тез бағынып, тез үйренеді.

— Егер жақсы ат тапсаң, атбегілікті қолға аласың ба?

— Әрине, жақсы ат табылып жатса, неге баптап, аламанда бағын сынап көрмеске!

— Атбегілерге қандай өтінішің бар?

— Бір ғана айтарым бар. Атбегілікпен айналысып, шабандоз болып жүрген қыз балаларды «сен қызсың!» деп кемсітпесе екен!

— Әңгімеңе рахмет!

Ержан Жаубай

baq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!