Қытай даласындағы «Қан терлейтін тұлпарлар»

7845

Қытайдың Шинжяңы мен Орталық Азия елдері – тұлпардың ата мекені. Осыдан 3000 жылдан астам бұрынғы қола дәуірінде аталған елдердің тұрғындары алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, ол өнерді қоғамдық тұрмыста қолдана бастады, яғни жылқыны көлік ретінде пайдаланды.

Осынау ұлы тапқырлық Еуразияның солтүстік далаларындағы экономикалық формацияны түбірінен өзгертті, яғни жай бақташылықты көшпелі бақташылыққа дамытып, мал шаруашылығы өндірісінің өресін биік деңгейге көтерді. Сонымен бірге, жұртшылықтың әлеуметтік өмірінде де төңкерістік өзгерістер орын алып, арасы алшақ жатқан әлеуметтік топтар арасындағы жиі қарым-қатынастар жүзеге асып, мәдени ауыс-күйіс қарқыны үдеді. Міне сондықтан да, жылқы малы адамдардың көңіл төрінен биік орын алды.
khan-terleitin-tulparҚытайдың Хан династиясы Жаң Чиянды Батыс өңірге елші етіп жіберіп, Үйсін елінен асыл тұқымды жылқыны Қытай орта жазығына алдырғаннан бастап, Хан патшасы У Ди «Пырақ» деген жырын жазып, жылқының ғаламат құдіретін тамсана жырлап, оған «Пырақ» деп ат қойған. Ұлы Жібек жолының бағыттарының онан әрі кеңи түсуіне байланысты, Хан патшасы У Ди Орталық Азиядағы ежелгі Ферғана елінде «Қан терлейтін тұлпар» болатынын (бұл айтылып отырған тұлпарлар – теке-жәуміт тұқымды жылқылар, қытайлар алғашында осы тұлпарлардың күрең-жирендерін көргенде, олардан шыққан тер қан сияқты қызыл көрінгендіктен, тер орнына қан шығады екен деп ойлап, оған «қан терлейтін тұлпар» деген ат қойған — ред.), оның тіпті Үйсін жылқысынан да керемет екенін естіп, соны қолға келтіру үшін сол елге елші аттандырады.
Ежелгі Ферғана елінің «қан терлейтін тұлпарын» өз еліне дін аман жеткізу үшін Хан патшасы У Ди арнайы жарлық шығарып, Ұлы Жібек жолының бойында тұлпарларды қабылдап алып, жөнелтіп отыратын арнаулы бекеттер құрған екен.
Сонымен бірге, Үйсін аттарын «қиыр батыс тұлпары» деп, ал ежелгі Ферғананың «қан терлейтін тұлпарын» «пырақ» деп жаңаша атайтын болған. Алыс батыстағы Ферғана жылқысының аман-есен жетуінің құрметіне бола, У Ди патшаның арнаулы жарлығы бойынша, атбегілеріне Ферғана жылқысының алтынмен апталған қола мүсінін құйдырыпты да, оны Лу Бан қақпасының алдына орнатыпты. Сондықтан да Лу Бан қақпасы «Алтын тұлпар қақпасы» аталыпты.
Хан патшасы У Ди Ферғанадан жеткізілген «қан терлейтін тұлпар» сияқты орта азиялық асыл тұқымды жылқыларды Үйсін сәйгүліктерімен және моңғол жылқысымен будандастырып, «данжүн» деп аталатын жылқы тұқымын өсіріпті. Сөйтіп, Қытайдың орта жазығында жылқының тұқымы асылданып, Хан патшалығының өндірісі де өркендеп, әскери қуаты да мықтап артқан.
Қытайдың ежелгі жазба деректерінде жазылуынша, Хан патшасы У Ди өзінің арнайы бұйрығымен ұсталарына осынау тұлпардың алтын мүсінін соқтырып, оны Ферғана еліне жіберіп, олардың «қан терлейтін тұлпарларына» айырбастатқан екен. Сонда патша не үшін тұлпардың алтын мүсінін құйдырғаны туралы тарихи деректемелерде ешбір түсініктеме жоқ. Дегенмен, бүгінгі таңдағы археологиялық олжалар мен зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, ежелгі Еуразия далаларындағы көшпелі халықтар тұлпарды тіпті тылсымға айналдырып, оны шексіз құдірет иесі деп пір тұтқан. Ежелгі үнді-иран тілдес көптеген этностардың діни наным-сенімінде жылқы күн мен күн құдайының рәмізі есептелген. Мысалы, массагет сақтары жануарлардың ішіндегі ең жүйрігі саналатын жылқы малын құдайлардың құдайы саналатын күн құдайына арнап құрбандыққа шалатын. Қазақстандағы Есік обасынан табылған ежелгі сақ көсемінің алтын тәжінде таутеке мүйізді қанатты пырақ сомдалған. Демек, алтынмен сомдалған жылқы мүсіні тұтас ұлттың қасиетті тотемі саналған. Қытайдың Хан династиясының патшасы тұлпарға қол жеткізу үшін, жылқының алтын мүсінін құйдырып, соған айырбастап алуы сол ұлттың дәстүрін құрметтегенінің өнегесі болған шығар.
Қытайдағы Шинжяң археологтары Қызылсу Қырғыз автономиялы облысының (ҚҚАО) Ақши ауданындағы Құлансарық қорымынан алтыннан соғылған тұлпардың мүсінін тапты. Мүсінде сомдалған тұлпардың басы етсіздеу ұзыншақ әсем келген, бүкіл тұлғасы жарасымды да сұлу, жіңішке белді, екі алдыңғы аяғынан жүйткіп шауып бара жатқандығы белгілі, ал екі артқы аяғы көтеріліп, біреуі қара құсына тиіп тұрғанда, екінші артқы аяғы оң аяғының тірсегіне тиіп қалған. Ал оның шалқұйрығы төмен қарай шұбалып, тұлпардың сол аяғын орап алыпты. Ақшиден табылған осы алтын тұлпар мүсінінің сыны мен сымбаты аңыздағы «пырақтың» келбетіне дөп келеді.
tuiagynda-kus-kalgan1969 жылы Қытайдың Ганьсу өлкесінің У-уей деген жерінен арынды сәйгүліктің қоладан сомдалған мүсіні табылды. Ондағы сәйгүліктің бейнесі аяғы жерге тимей ұшыртып бара жатқан, арыны бет қаратпастай еді… Атақты ғұлама Го Моро оған «Тұяғында құс қалған» деген есім берді. Соңғы зерттеулердің дәлелдегеніндей, «Тұяғында құс қалған» – Шығыс Хан династиясы кезінде жасалған қола бұйым екені, яғни бұдан 1800 жыл бұрынғы жәдігер екені анықталды. Ал осы сәйгүліктің прототипі Батыс өңірден Орталық Қытайға жеткізілген «қан терлейтін тұлпар» екені даусыз.
Батыс өңір пырақтары Орталық Қытайға жеткізілген соң, ол елдің әлеуметтік өміріне орасан зор ықпал етті. Жылқы малының жүйрік те, жүрісті, кісіге жан серік болар елгезек те, тамаша қасиеттері қытайларды тәнті еткені сондай, олар жылқыны киелі санап, өздерінің мәдени тотемі саналатын айдаһармен бірдей орынға қойды. Тарихи деректерге сүйенсек, б.з.б. 119 жылдан бұрын-ақ Қытайда Батыс өңір пырақтары «Айдаһар серігі», кейде «Айдаһар елшісі» деп аталған екен. Олар пырақты ерлік пен айбынның нышаны ретінде қабылдаған көрінеді.
aidahar-atҚытайдың орта жазық аумағының жұрты әу баста жылқыны емес, айдаһарды пір тұтқаны белгілі. Алайда кейін олар Батыс өңірдегі елдермен қарым-қатынасы жиілеп, сол елдердің сәйгүлік тұлпарларына қолы жетіп, оған деген сүйіспеншілігінің артқаны соншалық, Орта Азия далаларынан апарылған сәйгүліктерді өздерінің киелі ұлттық тотемімен байланыстырып, «Айдаһар ат» деген атау тудырған. Хан династиясынан кейінгі Оңтүстік-Солтүстік патшалықтар заманының көне деректемелері «Айдаһар ат» туралы мынадай сипаттама береді:
«Айдаһар ат дегеніміз киелі жылқы, ол өзен суынан шыққан пері нәсілі. Оның бойы 8 чы 5 цүн келеді (1 чы – 33 см; 1 цүн 3,33 см — ауд.), өзі қаз мойын, қанатты, төгілген жалды, кісінеген дауысы жер жаңғыртады». Бұл сипаттамалар «Айдаһар атты» қасиеттендіргені соншалық, оның мықтылығында шек жоқ деп, тіпті оның көрінуін игіліктің аяны деп есептеген.
Сәйгүлік жылқылар ежелгі заманда әлеуметтік өмірде өте маңызды рөл атқарғандықтан, көне қытай елінде жұрт асыл тұқымды жылқының бәрін «Айдаһар ат» деп атаған. Кейде, тіпті ондай жылқыны киелі айдаһармен будандасқан айдаһардың тұқымы деп санаған. Қытайдың көне деректемелерінің бірі – «Оңтүстік тарихнамасы. Батыс ұлыстары баянында»:
«Хуаңхы өзенінің оңтүстіндегі бір елде, айналасы жүздеген шақырым келетін көк көл бар, биелерді көл бойына жайса болды құлындайды екен, сол елдің жұрты ол құлындарды айдаһар тұқымы деп атайды екен. Ол елде асыл тұқымды жылқы көп» — деп жазылған.
«Сүйнама. Батыс өңір баянында» мынадай дерек кезігеді:
«Тұйғұн еліндегі Көкнор көлінің айналасы мыңнан астам шақырым келеді, орта тұсында кішкентай тау бар, олардың әдетінше, қысты күні биені осы жерге бақса, айдаһар тұқымын алуға болады екен».
Пырақтар мен айдаһар ат туралы аңыз-әфсәналар өзара кірігіп, жұртқа кең тараған. Шуан Заңның «Ұлы Таң әулеті заманындағы Батыс өлке туралы жазбаларында»:
«Күсән мемлекетінің шығысындағы бір қаланың терістігіндегі ғибадатхананың алдында үлкен айдаһар көлшігі бар. Көлшіктегі айдаһарлар жылқы кейпіне кіріп, әрдайым судан шығып, биеге шабады екен. Олардан туған айдаһар жылқы тұқымы мойыннан ұстатпайтын шу асау болыпты. Олардың тұқымдары кейін қолға үйретіліп, арбаға жегілетін болыпты. Сондықтан да, бұл елде асыл тұқымды жылқы көп» — деп жазылған.
Ең қызығы, Шинжяң археологтары ежелгі Күсән (қазіргі Күшар ауд.) өңіріндегі Тұңгүзбашы көне қала жұртынан айдаһар аттың бейнесі салынған қыш кесе тапқан. Ол кесенің биіктігі 8 см., аузының диаметрі 22 см. Қыш кесенің бүйіріне қалың жалы бар, өзі қанатты, бауырын жазып шауып бара жатқан жылқының бейнесі салынған. Жылқының сауыр жағы ирелеңдеген айдаһар кейпінде бейнеленген. Осы айдаһар ат бейнесінің көркемдік шешімінен оның Шығыстың да, Батыстың да мәдениеті мен өнерінің Батыс өңірдің төлтума мәдени-өнер үлгілерінің өзара кірігіп, тоғысуының арқасында дүниеге келген туынды екенін бірден аңғаруға болады.
Батыс өңірдің киелі пырақтары ежелгі Ұлы Жібек жолының бойымен Қытайға жеткен соң, ол қытайлықтар тарапынан қастерленгені соншалық, мифологиялық айдаһар ат аталып қана қалмастан, талай-талай ақындардың жырларына да арқау болған. Ғалымдардың зерттеуінше, Таң дәуірінің ұлы ақыны Ду Фудың жырларында тұлпар атауы үш жүз он рет аталады екен, ақынның сондай жырларының бірінде:
«Көсіле керген кең төсін,
Жел көтеріп кететін.
Қуырып жердің апшысын,
Төтелеп тартып жететін» — деген жолдар кездеседі.
Қытайдың ежелгі жұртының «айдаһар ат» туралы қиялы өте бай болған, олардың «айдаһар аттың» түр-тұлғасы мен құдіреті туралы түсініктерінің молдығын айтпағанның өзінде, оны тіпті аса өскелең мінез-құлықпен сипаттағысы келгенінің өзі бір бөлек әңгіме. Қытайлар кісінің ерік-жігері мен дегдарлығын дәл осы «айдаһар аттың» мінезімен, яғни рухымен өлшеген. Бұл дегеніміз «айдаһар ат рухы» деген ұғымның алғаш тәмсілге қосылуы еді.
Жылқы малы адам баласының жануарлар арасындағы ең жақын серігі, оның адамзат тарихының даму үрдісіндегі рөлі орасан зор. Міне сондықтан да Шығыстың да, Батыстың да мәдени жүйесінде жылқы киелі жануар саналады, ол тіпті әулие деп те танылған. Дәл осындай таным-түсінікпен тарихта жұрт киелі жануар жылқыға арнап ғаламат бейнелер салып, мүсіндер сомдаған. Тұтас Еуразия аймағынан табылып отырған жылқының көркем бейнесі сомдалған археологиялық олжалар осының айғағы.

Қытайшадан аударған: Сағынтай Сұңғатай

«Көрші» торабы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.