Жылқы атаулары. (Мінезі мен тісіне қатысты)

15522

Жылқы мінезіне байланысты атаулар

Бас асау жылқы. Басына жуытпай, осқырып шалқалап, жүгендетпейтін және мойнына қамыт кигіздірмейтін жылқы. Бұл жылқының көп ұсталмауынан болады.
Кекжек (шегіншек) жылқы. Жетекке алса, немесе мінсе, ілгері баспай, шегіншектеп тұрып алатын жылқы.
Безер (тентек) жылқы. Теуіп, тістеп, маңына адамды не малды жақын келтірмейтін жылқы.
Жебір жылқы. Байланған соқаны немесе тұрған жерінде көзіне көрінген нәрсені кеміріп, жеп тұратын жылқы.
Жеруік. Жылқының судан жерігіштігі.
Қара тарту. Жол үстінде міністе келе жатқанда немесе жегіліп жүргенде, жақын жердегі ауылға, кетіп бара жатқан көлікті адамға жалт бұрылып жүре беретін жылқының әдетін білдіреді.
Желдеу. Аңызақ, ыстық күндерде немесе желкемді түндерде масадан, шыбын-шіркейден қорғану үшін, жылқының желге қарсы қарап тұруы және желге қарсы жүріп кетуі.
Жерсінбеу. Бір жерден екінші жерге келген жылқының сол келген өңірдің шөбін де, суын да місе тұтпай өгейсіп, арықтап, (жүдеп) кетуі. Мұндай мал өзінің үйренген мекен жеріне, ен жайлауына қашып кетеді.
Жерқорқақ. Күндіз не түнде аяғын еркін батыл басып жүрмей, кібіртіктеп, өте баяу жүретінің айтады. Бұл атау басқа малға да қолданылада.
Үйездеу. Жылқының ыстық күндерде шыбын-шіркейден, бөгелектен, масадан, сонадан қорғалап, екі-үштен не одан да көп болып топтанып бір-бірінің көлеңкесіне бастарын тығып, шұлғып тұруларын айтады.
Шұлғу (бас изеу). Ыстық, аңызақ күндерде шыбын-шіркейден қорғану үшін, жылқылардың иегін жоғары-төмен изеп тұруы.
Шыбындау. Ыстық күндері жылқының бөгелектен, шыбын-шіркейден өздерін қорғау үшін, құйрығын жоғары-төмен, екі жағына сипаңдатып, басын изеп тұруы.
Масалау. Кейбір күндерде жылқылардың іңіргі, не түнгі масаның қаттылығынан жайыла алмай, масадан қорғалақтап (қорғану үшін), түнгі соққан самал желге қарсы жүре оттап, немесе оттамай жүріп кетулерін айтады.

Жылқының тісіне байланысты атаулар

Қазақтар жылқыны тісіне қарап, жасын, кәрісін, асыл-жасықтарын, жүйріктігін айырады. Оны төменгі атаулардан көруге болады.
Сүт тіс. Жаңа туған құлынның еміп жүргендегі шыққан тістері.
Күрек тіс. Жылқының аузындағы астыңғы және үстіңгі жақтарындағы екі-екіден шыққан күрек сияқты тістері.
Жұлқар (от) тіс. Шөпті жұлатын және оңды-солды қиятын тістерді айтады.
Қасқа тіс. Жылқының алдыңғы тісі
Шет тіс. Күрек тістен кейінгі тістерді айтады.
Тұрақты тіс. Жылқының тістері түскеннен кейінгі екіден бес жасқа дейінгі шыққан тістері.
Үкпе тіс. Азу тістер.
Ұры тіс. Азу тіске қосарланып шығатын ұзын тіс. Ол шыққанда жылқы оттауынан қалып, қатты жүдейді.
Қырқылған тіс. Тіс бедерлерінің мұқалып тегістеле бастағаны.
Тісеу. Сүт тістері түсіп, орнына жаңа тіс шығып келе жатқаны.
Қос тіс. Негізгі сүт тістері мен тұрақты тістерінің жанынан (қабаттаса) шыққан тіс.
Мөр (бедер). Тісінің үстіңгі бедерлеріндегі шұңқыры.
Сопақ мөр. Бес жастан он жасқа дейінгі жылқының тіс бедерінің (шұңқырларының) мұқалмаған көздері.
Дөңгелек мөр. Он екі жастан он сегіз жасқа дейін тістің шұңқырлығы сопақ түрінен өзгеріп, дөңгелек түрге айналғаны.
Үш бұрыш мөр. Он сегізден жиырма үш жасқа дейінгі тіс шұңқырларының өзгеріп тозуынан дөңгелек мөрлерінің үш бұрыштанғаны.
Қыр. Тістерінің үстіндегі шұңқырларының жиектері.

(Жалғасы бар)
koshpendi.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.