Қуат Қайранбаев. «Қараторғайдың» монологі
Бірде Қапал ауданының әкімі Тұрсынғазы Медетбеков ағамыз кабинетіне шақырып:
— Қуат, қолың бос болса Қызылағаш совхозының жылқылы ауылына барып қайтайық! — деп ұсыныс білдірді. Бастығың айтып тұрғанда жүрмей көр. Келістім.
Қас қарая Қапалдан шығып, бір сағаттың мөлшерінде таулы қыраттардың бір жотасында орналасқан қыстауға да жетіп келдік. Біздің келетінімізден хабардар болса керек, жылқышы үйі бұрқыратып ет асып қойыпты.Аз-кем сусын ішкеннен кейін Тұрсынғазы ағамыз далаға шығуға асықты. Сөйтсем, аяғынан жарақат алғаннан кейін атақты жүйрік Қараторғай осы жерде тұрақтаған екен.
Тұрсынғазы ағамыздың атбегі екенін бұрыннан білетінмін. Алайда, Қараторғайдың мойнынан құшақтап, жалынан сипап, көзінен жас моншақтағанда таңданғаным рас. Жылқыны айналып-толғанып біраз жүргеннен кейін маған қарап: «Қуат, сен ақынсың ғой. Қараторғай туралы өлең жазшы?» деді өтініп. Сол түні үйге келгеннен кейін жаңағы көріністен алған әсерден осы жыр дүниеге келген еді.
Тұлпар тағдыры
немесе «Қараторғайдың» монологі
«Жақсы ат аяғынан қалады» дегендей, республикалық, облыстық, аудандық аламан бәйгелерде алдына қара салмаған Қызылағаштан шыққан әйгілі жүйрік «Қараторғай» иесі қайтыс болғаннан кейін көп кешікпей аяғынан жарақат алып, бәйгелерге қатысудан мүлдем қалған еді. Алайда тегі асыл жануар мейрам қарсаңында өзін-өзі жаратып, ұлы дүбірге қайтадан қосылуды аңсайтын көрінеді.
/Автор/
Тағдыр мұндай болар деп ойлады кім,
Ет-жүрегім сезеді той дабылын.
Төрт тұяғым тарпиды қара жерді,
Шаң тигізбес шабандоз қайда бүгін?
Екпін бар-ды кетерлік таптап Айды,
Енді келіп кім мені ноқталайды?
Танауларым сезеді той дүбірін,
Ием келіп неліктен баптамайды?
Қолдан берді кім менің тілегімді,
Шабытпенен қарсы алдым күле күнді.
Азу тісім аңсайды ауыздықты,
Кигізеді кім келіп жүгенімді?
Шемен болған шерді кім жұмсартады,
Маған мініп шабатын сұңқар кәні?
Арқам қозып барады, арқам қозып,
Ертоқым сап, айылды кім тартады?
Жаным тыншу таппайды аласұрып,
Тұлпар жанын сезініп, наласын ұқ.
Осы мезгіл жыл сайын, осы кезде,
Жарататын жарысқа таң асырып.
Келген кезде бәйгеге шабатын күн,
Қиындық та ұмыт боп, қалатын мұң.
Хас жүйріктер жиналған сөре жаққа,
Жібек кілем жамылып баратынмын.
Шын тұлпарды көргендей кезікпеген,
Сыншылар да сөйлейтін сөз үптеген.
Сәйгүліктер қарайтын осқырына,
Иелері қарайтын сезікпенен.
Жамылғанда жарыста жасын атын,
Жүйріктерден жолады қасыма кім?
Шапқан сайын жеңілдеп тұла бойым.
Шапқан сайын тынысым ашылатын.
Үстімдегі жабысып тәй-тәй балам,
Сауырымда дөңгелеп, ойхой, далам.
Шабытыма шабыт кеп қосылатын,
Көрген кезде халықты «пай-пайлаған».
Шапқан кезде көсіліп паңдықпенен,
Болған емес еш жағдай мен күтпеген.
Көрмеп едім алдымнан құйысқанды,
Ешқашан да артта қап, шаң жұтпап ем.
Көп қолдауы тигенде делебеме,
Жеттім талай жалғыз боп сөреге де.
Тағдырыма осылай асықтым ба,
Сорладым мен сол жолы, неге, неге?
Соңғы болған бәйгенің сұмдығын-ай,
Қасіреттің сондағы шындығын-ай.
«Міне, сөре, жеттім» деп ойлағанда,
Аяғымнан алды да ұрды Құдай.
Содан кейін бағым бір ашылмады,
Көктеген жоқ құрметтің жасыл бағы.
Маңайымнан дүбірлі той алыстап,
Қолпаштаған жұрт кетті қасымдағы.
Табиғат та таныған кемеңгерін,
Ат тұяғын аңсадым, елеңдедім.
Суретшілер өзгені түсіреді,
Арнайды ақын өзгеге өлеңдерін.
Азулының батса да тісі мейлі,
Көрмеп едім өзімнен күші дөйді.
Сәйгүліктер салтанат құрып жүр-ау,
Маңымда тек жабылар кісінейді.
Тұяқ үнін қалайша елемейін,
Кеудем толып кеткендей телегей үн.
«Қараторғай қайда?» деп іздей қалса,
Сай болайын тартулы жебедейін.
Тағдыр мұндай боларын ойлады кім,
Ет-жүрегім сезеді той дабылын.
Төрт тұяғым тарпиды қара жерді,
Шаң тигізбес шабандоз қайда бүгін,
Сеземін той дабылын…
Басты сурет: Даңқты жүйрік — Қараторғай