Жылқы мифі. Жылқы және антропогенез

3456

Ат (жылқы) бейнесі адамды жарату (антропогенез) мифологиясына қатыстырылады. Мәселен, саха-якут мифіндегі бас тәңірие делінетін Юрюнг-айы-тойон жөнінде былай делінеді: «Юрюнг айы тойон атты адаммен қатар жасаған», солардың мифінің басқа вариантында – «ол әуелі жылқыны жаратқан, осы жылқыдан жартылай ат, жартылай адам туса, соңғысынан (яғни кентаврдан) адам тараған». Түркі-моңгол халықтарының фольклорында (эпосында) осындай «жылқыдан жаралу» мотивінің бар екендігін кезінде Р.С.Липец те атап көрсеткен болатын:

Эпостағы ат эпос қаһарманының ата-аналарының біреуі, көбінесе шешесі болып баяндалады. Мәселен, саха-якуттың олонхоларындағы «Жылқының баласы» әртүрлі нұсқаларымен белгілі, бір эпоста қаһарман-адам жылқының баласы болса, екінші эпоста ол – уақытша жылқы кейпіне енген қатын-тәңіриенің баласы, ал үшіншісінде ол – атқора ішінде кездейсоқ босанып қалған «адам кейіпті» әйелдің баласы болып көрсетіледі.

Қалай болғанда да, осындай қаһармандардың барлығы да өзінің шығу тегі жағынан жылқы (ат) тәңіриесі – Джесегеймен байланысты болып келеді.

  1. Ерен – жылқының баласы, яғни оның шешесі – Бие (ұрғашы жылқы).
  2. Ереннің шешесі – уақытша бие кейпіне енген адам сипатты әйел.
  3. Ереннің шешесі оны атқорада туады.

Бұдан шығатыны – ереннің өзі де жылқы (еркек құлын, тай) кейпінде бола алған.

Жылқы-ана немесе жылқы-қарындас (яғни жылқы тотемдер) ереннің басты көмекшісі болған, ол еренді емдейтін, өліп қалса – тірілтіп алатын болған. Кейінірек, бұл жылқы бейнелерін кәдуілгі адам кейіпті шешелер мен қарындастар (әйел текті тәңіриелер мен бақсы-абыздар) бейнесі ығыстырып шығарған. Осындай өзгерістердің сарқындарын түркі халықтарының эпостары мен ертегілерінен кездестіруге болады.

Басқа, барынша кейінгі эпикалық шығармаларда қаһарманның анасына емес, тек асыраушысына айналып кеткен Бие, еренге де, оның емшектес інісі – өзі туған құлынмен қатар қамқорлығын жасай береді. Бірақ ендігі жерде, қаһарманға қамқорлық жасау функциясы биеге емес, құлынға ауысады. Сірә, бір кездері, қаһарманның екі ата-анасы да зооморфты болған шығар.

Башқұрт фольклорында Бузансы батырдың биеден туғандығы айтылады, ол бие құрсағынан бірден адам кейіпті болып туады, бірақ оның әуелі құлын кейіпті болып туғандығы жөнінде де варианттар бар: «… үшінші күн болғанда боз бие (адамзат) баласын өмірге келтірді». Басқа вариантында «Боз бие (буз бейэ) боз құлынды (буз колон) туады, ал үш күннен кейін құлын күтпеген жерден балаға – болашақ еренге айналады». Сол башқұрт эпосында Башқұртстанның әр түрлі көлдерінде мекендейтін су жылқылары, олардың «Ақбозат» (Ак-Бузат) деген бастаушысы жөніндегі ежелгі мифологиялық сюжет кеңінен танымал; бірақ бұл мифтерде адамзат ұрпағы әлгі аттың өзі емес, су патшасының қызы болып шыққан».

Міне, саха-якут мифі де, түркі халықтарының батырлық жыры да бізге «жылқыдан адам туған» деген ерекше антропогенездік схеманы беріп тұр, тек, Р. С.Липецтің біз үшін аса құнды тұжырымында қазақтың фольклорлық материалы көрсетілмепті. Ал осындай мысалдарды біз қазақ фольклорынан таба аламыз ба? Әрине, қазақтың батырлық жырынан таба алмағанымызды қазақ ертегілерінен іздей аламыз, әзірге, қолда бар материал ішінен осыған сәйкес келетін үш мысалды таптық.

Бірінші мысал. Бір ертегіде «Айға қарап желіндеп, Күнге қарап құлындайтын бие» бар, осы биенің Құлатай деген баланы дүниеге келтіргендігі айтылады. Бұл мысал бойынша, «Адам жылқыдан туады», мұнысы әлгі саха-якуттық мифке толық сәйкес келеді.

Екінші мысал. «Дудар қыз» ертегісінде «бурыл атты сойғанда, оның ішінен бір қыздың дүниеге келгендігі» әңгімеленеді. Бұл жердегі «атты сою» дегенді «биенің тууы» деп түсіну керек.

Үшінші мысал. «Кемпір мен шалдың жалғыз биесі болады. Ол бие күніне бір құлын туады екен, оны шал жеп қоятын көрінеді, сондықтан бір күні бие сол үйдегі тазы итпен бірге қашып кетеді. Әлгі бие адамның басқан ізінен бір уыс топырақ алып, адам жасайды, сол адамның (баланың) есімін «Құланайжарқын» деп қояды». Бұл жерде жылқының өзі адамды жаратушы ретінде суреттеліп тұр, оның қасында көмекші ретінде иттің тұруы –жаратушының жылқы кейпінде болғандығынан хабардар етеді (өйткені түркі мифтерінде жаратушының қасында міндетті түрде ит жүреді).

Мәтіндегі «адамның басқан ізінен алынған бір уыс топырақты» мифологиялық деңгейде адамның емес, «жылқының басқан ізінен алынған бір уыс топырақ» деп қарастырған жөн, өйткені жылқы (бие) бұл жерде «адамзатты жаратушы, туушы» тәңірие-ана болып тұр, сондықтан мұндай жаратушының алғашқы адамды жаратуы үшін әлі жаратылмаған адамның ізінен емес, өзінін тұяғының ізіне түскен топырақтан жасауы қай жағынан қарағанда да қисынды болып шығады. Оның үстіне А.Тоқтабай қазақта «жылқының тұяғының ізіне» байланысты сенім-нанымдардың күні бүгінге дейін сақталғандығын көрсетіп отыр («періштенің ізі» деп жылқы тұяғының ізі түскен топырақты бесіктегі баланың жастығының астына салу, іздің орта шенінен бір шөкім топырақ алып, шүберекке түйіп, оны бесіктің басына жастап қою немесе сол топырақты суға қосып баланы шомылдыру, жартастардағы «жылқы тұяғының ізін» құрметтеу, оларды киелі санау, «Тұяқ», «Тұяқбай» сияқты адам есімдері, т. б.). Аталмыш автордың зерттеу мақаласында атап көрсетілген «баланы үзеңгі астынан өткізу» ғұрпы да (қырқына шыққан баланы атақты адамның (ақын, би, батыр, т.б.) тұлпарының үзеңгісінің астынан өткізу; атқа мініп тұрған адам оң аяғын үзеңгіден шығарады, сол мезетте құндақтаулы баланы үзеңгінің таралғысынан өткізеді) о баста «жылқы ана» туралы мифтік келтірімге байланысты болар деп шамалаймыз («екі аяқтың арасынан өткізу» жөніндегі басқа ырымдармен салыстыр).

Яғни қазақ мысалдарынан да алдында келтірілген саха-якут және башқұрт мысалдарындағыдай көне мифтік сюжетті көріп отырмыз, тек қазақтар көне келтірімнің кейбір тұстарын есінен шығарып алған, мәселен жылқыдан туған адамдардың есімдерінің «Құлатай», «Құланай Жарқыш» болып шығуы тегіннен-тегін емес; сірә, бұл есімдер бастапқыда құлын болып, артынан адамға айналу ситуациясынан қалған сарқыншақ болуы тиіс.

Үш мысалдан көретініміз:

Жылқы (бие) – адамды жасайтын жаратушының өзі.

Жылқы (бие) – адамзатты туғызатын ана.

Жылқы – адамзатты жаратуға қажетті болған биологиялық (генетикалық) материал.

Жылқы (құлын) – адамның өзі не егізі.

Бұдан Ұлы Ананың жылқы кейпіне енгендігі көрінеді. Бастапқыда жылан кейпінде болған Ұлы Ана энеолитте және қола ғасырында жылқы кейпінде деп түсініле бастаған, яғни жылан тұрпаты бірте-бірте жылқы тұрпатына ауысқан. Жалпы, жылан мен жылқы бейнелері бір-бірімен тығыз байланыста, өйткені екеуі де бір түсінік-қайнардан шыққан (бұл жөнінде арнайы тоқталармын).

Жалғасы бар, басын мына жерден оқыңыздар.

Серікбол Қондыбай (12-том)

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.