Арыстанбек КЕНЖЕ. Саршыбын (Әңгіме)

7325

Сары байталда баяғы күй жоқ екен. Аяғын шекіп басып, тізгінді шұлғи сүзетін Саршыбынның орнына салғырт тартқан, әр қадамын санап басып, зорға ілбитін әшейін, бір тұғыр кетіп бар жатты…

Саршыбын!

Менің осыдан 30 жылдай бұрын таңдап тақымыма басқан күлігім болатын. Жабыдан туса да, жампоз жаратылған қылығы зият, адамнан есті жануар еді.

Сонымен, Саршыбын!

1988 жылы әскерден желтоқсанның аяғында келдім де, сол қысты ауылда өткіздім. Онда біздің үй Қаратаудың Саркөлінде түйе бағатын. Көктем шыға бота аяқтанғасын ауылда айтарлықтай жұмыс жоқ. Ерігіп 30 шақырым жердегі жылқышы ауыл Төртқұдыққа барғым келді. Онда апа-жездем тұрады. Жездем Ақылбек аға жылқышы, 500-ге тарта қылқұйрықтың иесі болды.

Ерте шыққан адам, лекітіп сиыр сәскеде базары қайнап жататын жылқылы ауылға құладым. Жақындағанда байқасам, ауыл үсті әбігер, қым-қуыт шабыс… Әлдебір қылаң қашағанды көп атты қаумалап қуып жүр. Аттары болдырған ба, әлде қашаған қарымды ма, шалдырар емес. Бірақ бой салып шығандап та кетпейді. Ұзап шығып, онан кері қайтып аттың да, адамның да жүйкесін жұқартып жүр.

Бүйірден ат қойып көп қуғыншының бірімен қатарластым. Бізге жиендігі бар Егізбай екен. Атүсті айқайлап не қуғын, қашағанды қайтпексіңдер десем:

— Жұлынын үзіп, басын кесеміз, жығылғырдың! — деп барқ етті. Не істеу керек десем, алдымен қамау керек қораға деп қала берді.

Астымда ағамның әйгілі шабдарқасқасы еді. Қашағанның тажалы. Аттатқан жоқ. Қуып, қайырып аттыларға бағыттадым. Жабыла жүріп қораға кіргіздік. Қора ішінде тұрған қашағанға енді көз тоқтаттым. Жас жылқы екен. Сары түсі терге малшынып бөртеленіп кеткен. Танауы талыстай болып, ентігіп, барып-келіп тұр. Сірә, көп атты ұтылап қуып мұның да сілесін қатырса керек.

Жылқышылар жалма-жан жығып, аяғын буып тастауға қам жасай бастады. Аяп кеттім, онсыз да көрмеген құқайы жоқ жануарды жабыла жұлмалаған жөн емес секілді. Әрі ыссылай жыққан жылқы жынығып, кейін ауру болады дейтін әкем. Жалынып жүріп, жылқышыларды көндірдім. Атты кісі бойы темір шарбақтан шыға алмасы анық қой, қалғанын кейін көреміз деп ашынып алған ағайындарды жездемнің үйіне жетеледім.

Шай үстіндегі әңгімеден ұққаным күні бойы қуалап жүргендері байтал екен. Жылқы малының бір қасиеті айғыр өз тұқымына шаппайды ғой. Күйіті келген тұқымын әкесі үйірден қуып шыққанға ұқсайды.

— Негізі бойы пәс болғанмен бұл биыл құнажын шығып тұр. Жай туған құлын ғой, үйірде қалып қойды. Енді міне, басымызға пәле болып жабысты. Өз үйіріне кіре алмайды, өзге айғырға тоқтамайды, саяқ жүрген құнан-саяқтарға қосып бірімен тоқырар десек, тіпті табынға тұрмайды. Бір сөзбен айтқанда безгек тиген жылқы — бұл. Жоғалса, немесе, қасқырға жарылса, қоғам малы, жауабын менен сұрайды. Ендігі амал, бүгін-ертең орталықтан жылқы алуға адамдар келмек. Соларға сойып салып жіберу, — деді жездем шайын ұрттап қойып.

Сонымен шайдан соң қораға қайта бардық. Жазғытұрғы жылқылы ауыл нағыз қызу-қырман болып жатады. Асау үйрету, қысырақ айыру, тай таңбалап, күзеу бәрі қызық. Және жігіттің шалымын, аттың алымын аңдататын сынақ та осы жерде өтеді. Сырттан келген адамның қаны қазақ болса, үйден гөрі жылқы жақты жағаттайтыны да, сондықтан.

Манағыдай емес, сары байтал тынығып, қунап қапты. Елеңдеп, жат ортаны жатырқап тұр. Өзі де сүліктей әсем жануар екен. Оның үстіне, құлын мүсінді қысырақ байтал жылқы малының көркі ғой! Бойы ортадан биік емес. Бөрі құлақ, тәует бас. Жалпы бас бітімі ерекше. Орақ тұмсыққа келмейді, тұмсығы керісінше алға қарай қайқая біткен. Алдынан қарағанда танауын кіржитіп, күліп тұрған бала сияқты. Тұрқы ұзын, алды-арты тең, жебедей сүйір, ұршықтай шымыр бітім. Артқы аяқтарында шідерліктен сауырға дейін, алдында шашадан төске дейін созылған болар болмас қара-тарғыл жолақ бар. Қамшылар жақ алдыңғы аяғы білекке дейін алаяқ. Былайша, құйрық-жалы, түсі ерекше жалқын сары.

Айтқандай, сол жақ омырауында жас баланың алақанындай қалысы бар екен. Анық көрініп тұр. Оны өзге жылқышылар да байқапты. Жылқы баласында сирек кездесетін белгі. Қызығып кеттім.

— Қаз дауысты Қазыбек бидің ұлы анасы, Қаракесек руының ұраны болған Қарқабаттың омырауында осындай қалысы бар екен, ол белгі жетінші ұрпағына дейін сақталыпты. Қазақтың мақтанышы болған, батыр-әнші Мәди Бәпиұлында сол қалының болғанын ел айтады. Әйелдің омырауында қалысы болса, ұрпағына қасиет дариды дейді ғой! Байталдың омырауындағы қалы нені білдіреді, — деп Егізбай жиен көп оқығандығын білдіріп қиыс сөйлеген.

— Оны үйдегі Сара жеңгемнен сұрашы, — деп құтылдым…

Мен сары байталды қиып тастап кете алмайтын болдым да, жездеме осыны сойғызба, маған бер алып кетіп, ат қылып мінейін деп жата жабыстым. Жездем жуытар емес.

— Өзінің түсі де болмай қалған. Жігіт деген ақбозға, сүлік қараға, болмаса, тобылғы торы мен қан жиренге қызығар еді. Әрі байталды қайтпексің, табыннан қалаған құнаныңды ал, қолыңды қақпайын, — деді байсыды пішінмен.

Бір бүйірден Егізбай жиен де «бұлардың нағыз байталға көзі түсетін кезі ғой, дегенмен, балдызыңның құсы осыға құласа, берсеңші», — деп әрі итеріп, бері жықты. Сонымен сүт пісірім уақыт ырғасып мен сары байталды алатын болдым. Ендігі ойым жылқышылар айнып кетпей тұрғанда, ыждағаттап олжамды ауылға алып кету. Әрі сап етіп, мал алушылар келсе, сары байталдың маған қылы да тимейтіні белгілі. Күн түстен ауып барады Соған қарамастан жолға шықтым.

Асауды өз бұғалығыммен қалмақшалап, аузын кергізіп алғам. Бой салып қаша алмай, басын шайқай береді. Әрі манағы қуғында шабдар аттың қарымын байқаған қашаған неме, құтылмасын сезетін де секілді. Жолда арқанға оратылу, сорға түсіп, жаяу айдау секілді мехнатты қоспағанда, сол күні ауыл мал қоралайтын шамада біз де Сарыкөлге маңдай тіредік.

Мәзбін. Жасым 20-ға келсе де, ат жалын тартып мінгелі асау әкеліп, азамат атанғаным. Төбе басында әкем отыр екен. Қасында көрші Мырзабай шал бар. Менің қарамды алыстан шалып, күтіп тұрса керек.

— Мынау не жылқы, — деп, екеуі төбеден төмен түсіп бізге таянды. Келе жатып, сыралғы көз ғой: «Өзі байтал ма басы кішкентай екен, осы ауылдан аяқлау таппадың ба, баламысың деген сонша азаптанып» деді де, әкем қонағын бастап үйге қарай жүре берді. Сірә, сорға батпақтаған шабдар аттың да,сары байталдың да, менің де тұрпатымыз келісіп тұрмаған болуы керек.

Болды!

Бұл — әкемнің рұхсат бергені. Әйтпесе, кері апарып таста деп айта ма деп қорқып келгем. Ол кісінің айтқаны біздер, балалары үшін өмір бойы заң болып еді, жарықтық!

Сонымен ертесі сары байталды бас білдірдім. Анау дегендей асаулық байқатқан жоқ, алыс жолдан салығып келгендігі болар. Арада ай өтті. Байтал өте елгезек, елеңдеп ұшып тұрады. Жүйрік емес, бірақ ақ мылтық-ұшқыр. Қозы көш жерге дейін алдына ат шығармайды. Сосын аяңы апат! Тізгінді сүзе тартып, қысқа да қалың сап-сары кекілін ойната, шұлғып тастап есіп кеткенде, шамалы жылқы бұлаңқұйрықпен жортып зорға ілеседі.

Енді төл атымды бойыма үйрете бастадым. Суды өз қолымнан шелекпен үйдегі ауыз су құдығынан ішеді. Ептеп қант қосып жемге үйреттім. Қозықұйрық қазақы ерге арнайы қыл терлік бастырдым. Жеңіл жонамен ғана ерттеп мінемін. Ыссыда арқасы кетпесін дегендігім, өзімше.

Төл атым ғой. Төл ат дегеннен шығады. Негізі жылқы ұстаған ағайын біледі, асаудың үстіне алғаш шыққан үйрету емес, ол бас білдіру ғана. Оны орыс та жасайды. Өзіңді жатырқамайтын, барсаң қашпайтын тіпті, шақырсаң келетіндей етсең, үйрету деген сол. Сосын да әр жерден оқығандарым мен әкемнен көргенімді жасап жүргенім. Нәтиже жаман емес. «Ықылықтағанда» жетіп келмегенімен, сары байтал даусымды кәдімгідей таниды Қай жағынан қалай келсем де қашпайды.

Мен оны бас білдіргелі тұсап, не арқандап көргем жоқ. Бос жүреді. Тіпті суытқанда да қаңтарып қазыққа байламай, ерін сыпырып алып, жалына тізгінді түйе салам. Менің риясыз ниетімді таныған болар, жалпы жылқа малы есті ғой, сары байталмен арамызда достық басталды. Оған қоймаған есімім жоқ: «Гүлсары», «Сарығыз», «Саршыбын», «Ақбілек», «Кербез». Солардың ішінде тоқтағаным Саршыбын болды. Мен ғана емес, барлығы солай атап кетті. Арыстанбектің Саршыбыны!

Өзі де керемет кербез, қылықты болатын. Басқа атқа мініп жолға шықсам артымнан ілесіп жүретін. Бірде әкемнің атын ерттеп жатқам. Тоқымды салып енді ерді алуға еңкейсем, тоқымым жоқ Түсіп қалыпты. Қайта салдым, тағы еңкейдім, тағы тоқым жоқ. Сөйтсем, Саршыбын менің салғандарымды кері лақтырып тұр. Қызғана ма екен?

Бір ғажабы ол жылқы болып үйірге де, саяқ аттарға да қосылмады. Сауын биелердің шетін ала оқшау, оңаша жайылады, жеке жусайды. Көп қуғын көріп, белең алғанның белгісі болар..

Жаз бітіп Алматыға оқуға кететін күн де таяды. Әкемнің қыста айтқан шешімі солай. Бірақ төл атымды қиғым жоқ. Амал не, «Саршыбынды» мініп жылқы ауылған Ақылбек жездеме жол тарттым. Қоғам малын түгендейтін жауапты адам сол. Әрі, мен кетсем басқа біреу мініп ала ма деген пендешілік қызғанышым тағы бар. Онан да табында болсын дегендік.

«Қайтқан малда береке, бас үйретіп бергеніңе бек рахмет» деп жылқы ауыл атымды алып қалды. Саршыбынды мінбеңдер, қуғындап қинамаңдар деп барымша тапсырып, қимай-қимай Алматыға аттандым.

Келер жылғы жазды зорға болдырып асыға ауылға келісімен, кешікпей жылқы ауылға тарттым. Саршыбынымды сағыныппын! Түскі мігірлік кез болатын. Бір топ ат керме ағашта байлаулы тұр екен. Шетте тұрған Саршыбын көзіме сонадайдан оттай басылды. (Мен оны мың жылқының ішінен жазбай таныр едім!) Үстінде үзеңгісі тізесін қаққан қайықтай орыс ер, құрым киізден жүні шыққан тулақтай қалың тоқым. Азып кеткен. Жаным шығып кете жаздады.

Жездеме өкпемді айтып-ақ жатырмын. Бірақ ортақтың малы бас үйретілген тұғырды кім мінем десе де еркі ғой. Әрі кейін білгенім, Саршыбынның жүргіштігі мен ұшқырлығы өзіне сор болған сыңайлы. Сапарға шығатындарға да, жылқы жинайтындарға да жүрдек ат керек. Ал мал ұстайтын болса, қашаған қууға сары байталдан басқа тақымдарына тағы жақпайды. Ымыңды тақымыңнан танитын қазанатты кім жек көрсін. Жүйрік пен жорғаның терлігі кепкен бе? — деді жездем.

Қайран Саршыбын! 4 ай бойы үстін еркін жайлаған. Ерен жүрісімен, бекзат болмысымен жанымды жадыратқан, жансерігім едің. Талай шолақ бәйгеде мерейімді үстем қылған, пырағым! Еркелеп ойнап, топ адамның ішенен өзімді жазбай танитынсың, ортада отырсам, бас киімімді жұлып тастап, жейдемді тістеп зықымды шығарушы едің. Кейде айнала қашып ұстатпай қинайтының да бар еді. Бірақ қант көрсетсем, қос құлағын қайшылап жетіп келетін бәсірем, менің!

Жалпы, жылқы малының құлағы оның көңіл-күйін болжайтын барометрі ғана емес, алдын бағдарлар локаторы-сынды. Оның құлақ қимылына қарап бәрін аңдауға болатын. Саршыбын мен үстінде болғанда құлағын тек алға қадап отыратын. Онысы өзіне сұмдық жарасатын. Тіпті алдында арлан қасқыр жатса да үркуді білмейтін. Ал өзге адам үстіне шықса ол мінезі өзгеріп, сабындай бұзылатын. Сұрап мінгендер мынауың жылқы емес, пері. Қимылыңды бағады, темекі тұтаттырмайды, балағың желілдесе ала қашуға дайын тұрады деп сөгетін. Сірә, хайуан да болса, оның маған деген адалдығы да осы шығар.

Кешкісін жылқыны іңірлетуге еркек кіндік атаулы түгел көтерілді. Жездем «Саршыбыныңды мінесің бе?» деген. «Жоқ!» дедім. Біртүрлі, батпадым ба, болмаса, талайдың тақымынан шыққан тұғырға зауқым шаппады ма, қалыс қалдым. Тек қасына барып үйден алып шыққан қантымды ұсынғам, «Бұл не?» дегендей, қарады да қойды. Аузына салып еп, талмады, бірақ көбі езуінен түсіп жатты. Сірә, өзінің ерке күндері осымен тәмам екенін ұғып, тәттінің дәмін ұмытқан шығар.

Сөйтіп, Саршыбынға Қайрат деген көмекші мінді.. Бір кездегі аяғын шекіп басып, тізгінді шұлғи сүзетін сылаңдаған Саршыбынның орнында әр қадамын санап басып, салғырт тартқан, зорға ілбіген әшейін, бір тұғыр кетіп бар жатты…

Қыста келгенімде әкем:

— Балам аналар сенің Саршыбыныңды өлтіріп тыныпты ғой! Өңкей мал көрмеген ноқай. Осылар жылқының қадірін біле ме? Қамбар атаның қасиетінен садаға кеткірлер, — деп күйінді.

— Баламның бәсіресі, тақымына басқан төл аты еді алып кетем десең сенің қолыңды кім қағыпты, — деп шешем де шағып алды шалын.

— Алмайын дедім бе? Күзде көргенімде байталдың екі аяғына қан түсіпті, арқасы жауыр. Тіпті шыжың дейді. Ыссылай жіберген бие қырыққуық-шыжың болмай қайтушы еді. Сосын үйірі жоқ ұрғашыда күй бола ма, әр азбан бір қуып қашақ қылған. Ат қылып мінуге ақсақ, бие деуге жатырына арам сідік араласқан биеден қандай құлын туады? Амалсыз айнып қалғам. Соным бекер болған екен, — деді әкем.

Сірә, менің көңілімді аулғаны. Мен тұқырайып шайды тарта бердім. Қимастық па, қызғаныш па, өкініш пе, әйтеуір бір алапат сезім өзегімді ыстық шайдан бетер өртеп бара жатты.

Әлі күнге даладан қылаң жылқы көрсем тұра қаламын. Саршыбынды іздеймін. Сары жылқы көрсем бір кезде бауыр басқан төл атыммен салыстырам. Бірақ әлі кездестіргем жоқ. Бәсірелеріңе бекем болыңдаршы!

arystanbek-kenzheАрыстанбек Кенже, argymaq.kz

Басты сурет hdw.eweb4.com сайтынан алынды

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.