Кәкімбек САЛЫҚОВ. Бошайдың үш қарасы

8792

«Бұлаңқара», «Құланқара», «Желмая»,
Үш қараға ұшқын қосты кең дала.
«Желмаясы» шапқын жорға, су жорға,
Қос қарадан озар жонда жел ғана.

Үш бәйге де үш қараның таласы,
Дес бермейтін үш сәйгүлік дарасы,
Құлагердің мұрагері атанды,
Алтайдағы Бошайдың үш қарасы.

«Бұланқара» аламан бәйге қырғыны,
Қылшығына шаң тигізбес күн нұры.
Оза тартса жер мен көкті жалғайды,
Құйындатқан қырдың қара тұйғыны.

Артта қалса алғы топтың түйдегі,
Кең көсілер қара жебе сүймені.
Төрт тұяқтың дүбірінен естілер,
Құрманғазы «Серперлеткен» күйлері.

«Құланқара» жас құландай желігіп,
Топты көрсе дара кеткен бөлініп.
Атқан оқтай ағындаса жануар,
Қылаң қағар Құлагердей керіліп.

«Желмаясы» төкпе жорға тайпалған,
Бипыл-типыл қара түлкі жайқалған.
Әр қимылы «теріс қақпай» секілді,
«Көкейкесті» ырғағымен қайтарған.

Дана бапкер үш қараны зор қылған,
Ғашық болды үшеуіне той-думан.
Бошекеңнен сабақ алсын кей мырза,
Бабын таппай шын жүйрікті қор қылған.

salikovКәкімбек САЛЫҚОВ

(Тақырыпқа орай Жеңіс Кәкенұлының «Үйлесім-3» картинасы пайдаланылды. http://www.kakenuly.kz/2014/04/ujlesim-3/)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.