Көкпаршы келіншек

5960

…Намысын бермеу үшін жатқа қолдан

Арулар аз болды ма атқа қонған?… – деп Жұбан Молдағалиев «Мен қазақ қыздарына қайран қалам?»  атты  жырында қазақ қыздарының ерлігіне тәнті болады.  Ел басына күн туған замандарда еркектермен тізе қоса шайқасқа түскен аналарымыз, әпкелеріміз аз емес. Әріге сүңгісек Томирис, беріге қарай жақындасақ Бопай Қасымқызы, Жұбан ақынша айтар болсақ «Ерліктің қос қанатындай» болған  Әлия мен Мәншүк, Хиуаз Доспанова, Желтоқсан көтерілісі кезінде көзге түскен Ләззат пен Сәбира бастаған жүздеген қаракөз қыздарымыз бұл сөзімізге дәлел.

Бүгінгідей бейбіт заманда өнерімен, я болмаса білімімен атымызды әлемге танытып жүрген әпке-қарындастарымыз жетерлік. Алдыңғы бір мақаламызда Әйгерім атты шабандоз қыз жайлы жазған болатынбыз. Мақала барысында  «қыздар араласпаған бір ғана спорт түрі бар. Ол – көкпар» дегеніміз де бар еді. Десек те, жекелей көкпар тартқан қыз-келіншектердің бар екенін жоққа шығармадық.  Айгерім жайлы мақаламыз жарияланған күні-ақ, бір оқырманымыз өз ауылдарында көкпаршы келіншек бар екенінен хабардар етті. Сөз ауанынан-ақ аңғарып отырған боларсыздар.

Сонымен назарларыңызға көкпар тартып, қыз қууға тұрақты түрде қатысып жүрген Созақ ауылының тұрғыны  Алтешова Адолат Дадаханқызымен сұхбатымды ұсынамын.

— Адолат, оқырманымызға өзіңіз жайлы қысқаша мәлімет беріп өтсеңіз…

— Мен, 1971 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына, қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты Созақ ауылында туып-өстім.

— Жылқыға деген құмарлығыңыз қанша жасыңызда басталған еді?

— Туғанымнан атқа құмар болдым деп айтуыма да болатын шығар. Үш жасымда «Атқа мінем, атқа мінем» деп жылай берген соң, әкем атқа отырғызып, жетектеп жүрген екен. Бес жасымда үйдегі жуас аттарға міне алатынмын. Жай ғана мініп қоймай, мал қайырып келетін дәрежеге жеткен едім. Бес жасымнан бүгінгі күнге дейінгі өмірім тек жылқымен байланысты. Атқа да шаптым, көкпарды да тарттым, қыз қууға да қатыстым. Әлі де осы істермен айналысып жүрмін.

— Әке-шешеңіз жайлы айта кетсеңіз…

— Менің әкем де шешем де мал шаруашылығымен айналысқан, ауылдың күйбең тіршілігімен күнін көрген адамдар. Екеуі де атқа мініп, көкпар тартқан адамдар еді. Әкем жүйрік ат ұстап, оны бәйгеге қосып қызықтағанды жақсы көретін жан болатын. Анам да тап қазіргі мен секілді көкпар болса көкпарға, қыз қуу болса қыз қууға шыға салатын жантын. Әкем жоқта атқа мініп, жоқ қарап, жылқы қайыра салу ол кісі үшін үйреншікті шаруа болып саналатын.  Содан болар, олар менің атқұмарлығыма қырын қараған жоқ. Бәйгеге шабуыма да қарсы болмады.

— Сіз сонда бәйгеге шабандоз ретінде шауып көрдіңіз бе?  Жүлделі орындардан көріне алдыңыз ба?

— Әрине,  шабандоз болу бақытын  сезініп көрген адаммын. Ұмытпасам, 1984 жылы өзіміздің үйдің бір құнанына шапқан болатынмын. Бұл бәйге ауданның басында өткен еді. Сол жолы бірінші орынды иемдендім. Дәл сол жылы күзде өзіміздің ауылда өткен бір бәйгеде екінші орынға іліктім. «Атыма шауып берші»  деген ауылдастарымыздың талайының қолын қақпай,  атына шаптық қой. Қайсыбірі  есте қалды дейсің.

— Өмірлік серігіңізді табуға ат спортының септігі тиді ме?

— Жолдасымды ат спорты арқылы таптым десем өтірік болып кетер. Екеуміздің отбасын құруымызға жарыстың да, көкпардың да еш қатысы жоқ. Дегенмен, ол да атқұмар жан. Атбегілігі бір төбе, көкпаршылығы бір төбе жігіт қой. Екеуміз бір-бірімізді бұрыннан білетінбіз.

— Қыз қууға қанша жасыңыздан бастап қатыстыңыз?

— Қыз қууға он бес жасымнан бастап қатыстым. Ол кезде совхоздың атынан қатысатынбыз. Шопандар тойы, Сабан той секілді үлкен тойларда совхоз-совхозға бөлініп, түрлі ойындар ойналатын. Созақ ауылының атынан талай мәрте қыз қууға қатысқан болатынмын.

— Қыз қууға әлі күнге қатысады екенсіз. Бұған бала-шағаңыз, жолдасыңыз қалай қарайды?

— Мен қыз қууға қатысамын десем күйеуім ат жарата бастайды. Бұл оның қарсы емес екенін білдіреді емес пе? Атымды үкілеп, қыз қууға өзі апарады.  Бала-шағам «Анамыз атқа жігіттерден кем мінбейді» деп мақтан тұтып отырады.

— Қыз қууға қатысқан кезіңізде қуып жеткен жігіттің жауырынынан шынымен қатты ұрасыз ба?

— Бұл ойын ғой. Жәй ғана бір-екі рет қамшы тигізіп өтемін. Ойынның есебіне жазылатындай көрініс жасаймыз ғой. Қазіргі қарсыластарымның көбі жас балалар. Ана ретінде оларды қатты «жазалауға» қолым бармайды.

— Балаларыңыз ат спортына жақын ба? Қанша бала тәрбиелеп отырсыздар?

— Балаларымыз ат десе елеңдеп тұрады.  Әкесі мен шешесі атқұмар болған соң олардың қанында бар дүние ғой. Машина дегенге қарағанда жылқыға жақын. Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Қолым қалт ете қалса, ұлдарымды атқа мінгізіп, ат өнерінің қыр-сырын үйретіп қалуға тырысамын.

— Негізгі табыс көзіңізді қандай кәсіптен тауып отырсыз?

— Мен кішкене кезімнен «оқу оқысам, қалаға барсам екен» деп өскен бала емес едім. Соның әсері ме ешқандай да жоғары білім беретін оқу орнында оқымаппын. Кәсібіміз де, нәсібіміз де жылқы. Бие сауып, саумалы мен қымызын сататын қатардағы көп келіншектің бірімін. Біздің ауылға келіп жатсаңыз, үйге соғып, бал қымызымыздан дәм татып қайтыңыз.

— Сізді көкпарға да қатысқан деп естіп жатырмыз. Көкпар шабу дегеніміздің өзі анау-мынау азаматтың қолынан келмейтін дүние ғой. Осы өнеріңіз жайлы тарқата кетсеңіз

— Мен негізі үлкен салымы бар көкпарларға қатыспаймын. Ондай көкпарға қатысам десем де қатыстырмас еді.  Ал, бір ауылдан екінші ауылға көкпар алып қашу секілді ауыларалық көкпарларға қатысып тұрамын. Ондай көкпарға күйеуім де қатысады. Екеуміз бір команда сапында ойнап, талай серкені ауылға әкелдік қой. Біздің жақта көкпар ойыны екі күнде бір болады ғой.  Ауылдың жігіттері тартысып жүріп, серкені менің алдыма өңгеріп береді. Менің жұмысым жүйрік атпен ауылға қарай алып қашу.

— «Әй, осы өнеріңді қойсаңшы» деп ескерту жасаған адамдар болды ма?

— Жоқ, ондай ескерту естіп көрмедім. Себебі, кішкентай кезімнен атқа мінгендігімнен болар, ешкімге бұл қылығым ерсі көрінбейді. Ауылдың адамдарының көбінің көзіне еркек  болып көрінетін секілдімін. Мені әйел санатына қоспайтын секілді көп ауылдасым. Көрші маңайлардағы көкпар, қыз қуу ойындарына ауылымыздың атынан баратын команданың белді мүшесімін деп мақтанышпен айта аламын.

— Қыз қууға қанша жасыңызға дейін қатыспақ ойыңыз бар?

— «Мына жасқа келгеннен соң қоямын» деп нақты бір жасты белгілеп айта алмаймын. Бұл спорт болғанымен  тап осы спорт ойынында ойыншының межелі жасы көрсетілмеген.  Алла аттан түсірмейінше, денсаулығымыз жарап тұрса әлі біраз қатыса беретін болармын.

— Қызыңыз өзіңіздің жолыңызды қуып, «қыз қууға қатысамын» десе рұқсатыңызды бересіз бе?

— «Әке балаға сыншы» деген мақал бар ғой. Қызым атқа міне алғанымен тақымы бостау.  «Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген де бар. Жалындап тұрса, рұқсатымды берер едім. Бірақ, қызым ол жағынан менің жолымды қумапты. Әйтпесе, қазір алтыншы сыныпта оқып жүр ғой. Өзіміз бұл жасымызда аттың  құлағында ойнайтынбыз. Ал, екі ұлыма келер болсам, олар шынымен де атқұмар. Болашақта екеуінен мықты шабандоз шығып қалуы да мүмкін. Кіші ұлымыз әлі бес жаста, үлкен ұлымыз төртінші сыныпта оқиды.

— Атбегілік, шабандоздықтан басқа қандай қырларыңыз бар?

— Әйел адам болғандықтан тамақ істей білу міндетіміз. Күйеуім мен балаларымның жыртылған киімдерін жамау да күнделікті тірлікке жатады ғой. Шапан пішіп, тон тігетін өнерім бар деп сізді алдай алмаймын. Атқа шапқаннан бөлек мотоцикл тебе алатын өнерім бар.

— Аңшылыққа деген көзқарасыңыз?  Мал шаруашылығымен айналысып жүрген соң  мылтық ата алатын шығарсыз?

— Аңшылық деген бағзы заманда адамдарға азық керек болғаннан кейін туған дүние ғой. Қазір дала жануарларына қарап қалғанымыз жоқ қой. Аңды жол талғамайтын көлікпен оңды-солды қуып, алыстағы жыртқышты көз алдыңа әкеліп беретін мылтықпен атып алуды мен аңшылыққа санамаймын. Ит қосып, құс салғанның да өз қызығы бар шығар. Бұл жерде түз тағысы мен аңшының күші тең болып тұр. Мен жалпы зорлық-зомбылыққа қарсы адаммын. Сондықтан аңшылыққа да қарсымын. Ал, мылтық ата аламын. Баяғыда әкемнен мылтық атуды да үйренгенмін. Әкеміз қайтыс болған соң «Құжаттары толық емес» деген желеумен құзырлы орган қызметкерлері ол мылтықты алып қойған болатын.

— Рахмет, Адолат! Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз! Әрқашан айналаңыздағы адамдарға қуаныш сыйлап, гүлдей жайнап жүре беріңіз! Ауыздығымен алысқан тұлпарларыңыздың тұяғы мұқалмасын!

AisultanАйсұлтан Жақыпов, el.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.