Есенқұл Жақыпбек. Жылқы мен заман

5807

Жылқы мен заман

Сығылысып найзалар сыңғырлаған,
Өтті қанша қазақта сұмдық заман.
Сондай кезде апайтөс ат үстінде,
Үзенгіңді шіреніп тұрдың бабам.

Қайран жылқы емеспе сол заманда,
Қара нанға қазақты құл қылмаған.
Ұлыңды құл, қызыңды күң қылмаған,
Қайран осы жылқының арқасында,
Әкеңді Әндіжанда Әшмәт әкә
Есектей сартқа сатып пұл қылмаған.

Қайта оралмай қазаққа бір сұм заман,
Жылқым да аман болсыншы, жұртым да аман.
Ішім де аман болсыншы, сыртым да аман
Дос пен дұшпан сүйсініп сыртымыздан,
Қазақ деген болсыншы ұлтым да аман.

Жамандарға не дейсің бұл заманда,
Бір-бірінің сыртынан тың тыңдаған.
Шибөрідей ұлиды бәз біреулер,
Шидің түбін тырмалап, сұңқылдаған.

Ішіп-жеуден басқа бір мұраты жоқ,
Мына дүние байқасам сұрқың жаман.
Жалғыз атты жігіттің сырттанына,
Ханның қызын беретін, шіркін, заман!

Ақ боранда ақ буы бұрқыраған,
Бірін-бірі көргенде шұрқыраған.
Кең даламда жүрсінші жылқым аман.
Елдің сесі ер жігіт сен де аман бол,
Сай-сүйегі елім деп сырқыраған.

Құла шабдар
(Хикая)

Ақиқы ақын Сүйінбай дүниеден өтерінде «Шапырашты баласы, келесі жылы маған ас бергенде қырғыз-қазақты түгел шақырып, ат шаптырарсыңдар. Сонда ат баптап әуіре болмаңдар. Менің ойға да, қырға да мініп жүрген жаман құла шабдарымды бәйгеге қоса салсаңдар болады, барлық аттан басып озып, бірінші келеді», деп аманаттап кеткен көрінеді.
Сүйекеңе ас беріп, ат шаптырар кезде бұрын соңды бәйгеге қосылып көрмеген құла шабдарды бәйгеге қосу керек пе, қоспау керек пе деген үлкен талас болады. Ақыры ақынның ақырғы аманатын орындаған біздің ел құла шабдарды баптамай-ақ бәйгеге қосып жібереді. Ақын атамыз айтса айтқандай сол бәйгеде қырғыздың атақты сары атын басып озып, құла шабдар елдің жағасын ұстатып бірінші келеді. Үш жүз аттың ішінде жаман шабдардың бірінші келгендігі ғаламат оқиға болып, жұрт бұл құла шабдар атты аруақпен тілдескен киелі жануар санатына қосады. Бұдан былай құла шабдардың үстіне шыбын қондырмай еркіндікке жіберуге келіседі. Бірақ ас соңында құран оқылып болған соң, құла шабдар кісінеп барып өліп кетіпті, деген аңыз бар.

Құла шабдар самғады,
Көзден жасы домалап.
Құла құла болғалы,
Топқа түсті, о, ғажап!

Құла шабдар самғады,
Құлағынан жел үрлеп.
Аярға жан қалмады,
Үзілердей кеңірдек.

Сары ат зарлап оңынан,
Ол да түсті қапталдай.
Арлан қасқыр соңынан,
Салып келе жатқандай.

Құла шабдар ышқынды,
Өлер шағым келді деп.
Ерні ыржиып үстіңгі,
Астыңғы ерні елбіреп.

Қиқулаған мынау кім?
Құла аруағын шақырды.
Бәйгесі еді құланың,
Ең алғашқы… ақырғы.

Сары ат аяқ салды алға,
Ілгізбеске бәйгесін.
Құла ат шапты жалғанға,
Білдірмекке қайғысын.

Шабдар үшін өмірлік,
Бұл бәйгенің мәні бар.
Ащы ішектей созылып,
Аңырады жануар.

Құла шабдар шапты алға,
Құдіретін жоқтаған.
Егесі өліп жатқанда,
Екі дәурен жоқ-ты оған.

Сары ат мойнын созды, әне,
Жұрт аузында «А, құдай!»
Құла шабдар самғады,
Қоян қуған тазыдай.

Тасын илеп тақырдың,
Ұшты құла от өріп.
Әруағын ақынның,
Бір қазақтай көтеріп.

Ұшқан құсты кез келген
Тістеп өтіп барады.
Жарлы, құзды жерлерден,
Құс боп өтіп барады.

Белес көрсе еліріп,
Бор қып өтіп барады.
Омыртқасы сөгіліп,
Орғып өтіп барады.

Жанын азап, ой қыштап,
Сүйекеңді зар қылды.
Шапқан жерін оймыштап,
Оймақтай ой қалдырды.

Аза тұтты асырып,
Қара менен төреден.
Ат иесі асығып
Күтетіндей сөреден.

Айтып аза иманын
Тірі адамша өкінді.
Сүйекемнің дидарын
Көріп шапқан секілді.

Білмей жүрген нарқын ел
Момын шабдар бұлқынды.
Бөктердегі қарсы жел,
Бөздей болып жыртылды.

Сары ат артқа тасталды,
Сөре міне, мінекей!
«Бауырымдап» бас салды,
Мойынынан бір екей.

Бәйге алды, Алла-ау, расында,
Ал, екейім, жылашы.
Сүйінбайдың асында,
Сүйінбайдың құласы!

Келді құла жел-дауы,
Ауыздықпен алысқан.
Құла ат емес онда бұл.
Шабдар түкті арыстан.

Шабдар жылқы пішінде,
Шамырқанып, қозданып,
Үш жүз күлік ішінде,
Ақ жолбарыс келді анық.

Жан шыдамас сөзіне,
Сүйекеңше бәйге алып,
Кете барды өзі де
Бір елеске айналып.

Шабдар өлді. Ақ жаны,
Ақтап ақтық парызды…
Сүйінбайдың әруағы,
Ат боп шапқан тәрізді.

Құла шабдар шартына
Мен де жастай шалдыққам.
Сары аттардың даңқына
Қызықпаймын сондықтан.

Сары ат даңқы, жез кеуде,
Жез омырау тозады.
Шын намысқа келгенде,
Шабдар аттар озады.

esenkhul-zhЕсенқұл Жақыпбек, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.