Құрманбек Тұрғанбек, 37 салым салған көкпаршы: Қанша салым салғанымды санаған емеспін
Жас та болса еліміздегі саңлақ көкпаршылармен үзеңгі қағыстырып, командалық көкпарда есімі жеке-дара таныла бастаған Құрманбек Тұрғанбекпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.
– Құрмаш бауырым, жарақат алып, емделіп шықты деп естідік. Аяқ жазылды ма? Алла тағаладан алған еміңнің шипа болуын тілейміз.
– Рахмет. Жаттығуда алған жарақат қой. Бір жарым айдан асты. Тізенің ішкі жағындағы сіңір созылыпты. Уақытында емделмесе асқынып кету қаупі бар деген соң, Астанада емделуге тура келді. Бұл ретте, Ұлттық спорт қауымдастығына айтар алғысым шексіз. Емделуге қажетті барлық қаражатты төлеп берді. Сөйтіп, оншақты күн Елордада ем алдық. Қазір алаңдайтын ештеңе жоқ. Дәрігерлер көкпарыңды ойнай бер деді. Бірақ, бірер айдан соң тағы бір ем-дом алуым керек екен.
– Көкпар ойнауды неше жасыңда бастадың?
– Шынымды айтсам, көкпарға бала кезімнен қатты құмарттым. Бала шағымда Қоңырбек атамдай мықты көкпаршы болуды армандайтынмын. Туған жерім – Жамбыл облысының, Жамбыл ауданындағы Тоғызтарау деген ауыл ғой. Біздің жақта балалардың есек көкпар, тай көкпар тартуы да кең тараған. Кішкене кезімде сондай «доданың» ортасында жүрдім. Ал, есейе келе командалық көкпармен тұрақты түрде айналыса бастадым. 14-15 жасымнан Жамбылдағы атақты «Әулие-ата» көкпар клубының мүшесі болдым. Бапкерім – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрдәулет Момынов.
– Көкпаршы болуыңа ата-анаң қарсы болған жоқ па?
– Жоқ. Ата-анамнан ондай қарсылық болмады. Біз тоғыз ағайындымыз ғой. Мен үйдің кенжесімін. Көкпарға құмартқан да өзім ғана. Әйтпесе, ағаларымның ешбірі көкпарға дәл мен сияқты қызыға қоймаған. Қазір барлығы өз алдарына шаңырақ көтерген. Анам Гүлзахира – «Алтын алқа» иегері. Әкем – Тұрғанбек ауылшаруашылығы саласының маманы.
– Басқа саладан мамандық таңдау ойың болды ма? Жоғары білім алдың ба?
– Мықты көкпаршы атануға шындап бел буған соң шығар, басқа салаға қызығып көрмеппін. Сондықтан мектептен соң құжатымды бірден институттың денешынықтыру факультетіне тапсырдым. Қазір Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 4 курс студентімін.
– Жуырда Қырғызстанға барып, Көшпелілер ойындарының «Үздік көкпаршысы» атанып қайттың ғой?
– Иә, өздеріңіз білесіздер, ІІІ Көшпелілер ойындарына кілең жастар бардық, яғни, жастар командасы. Қазақстаннан ат апарған жоқпыз. Көкпар өзіміз үйренген шеңберде емес, қазандыққа ойналды. Біле білгенге, мұның бәрі оңай кедергілер емес. Соның өзінде намысты қолдан берген жоқпыз. Бұл біздің халықаралық жарысқа тұңғыш рет қатысуымыз ғой. Алғашқы қатысқан жарысымыздан қола жүлдемен оралдық. Командаластарымның барлығы жақсы өнер көрсетті. Солардың ішінде маған арнайы жүлде бергені – Көшпелілер ойындарында салымды ең көп салғаныма байланысты екен. Шынымды айтсам, салымды көп салғанымды білемін, бірақ, соның нақты қанша екенін өзім санаған жоқ едім. Сөйтсем, барлығы – 37 салым көрінеді.
– Қырғызстанға өзіңнен басқа қанша спортшылар шақырылыпты?
– Санаулы ғана. Анығында қырғыздың алыш күресінің бір балуаны екеуіміз ғана. Сосын Көшпелілер ойындарында мен мінген «Спират» есімді күрең ат. Мені «Үздік көкпаршы» атағымен марапаттады, қаржылай сыйлығын берді. 2014 жылдан бергі Көшпелілер ойындарының үздіктеріне арналған кітап бар екен. Сол кітапқа аты-жөнім мен барлық спорттық мәліметтерімнің тіркелгенін көрдік.
– Алға қойған мақсаттарың қандай?
– Қазақтың командалық көкпарының әлемдік деңгейде дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Барлық күш-жігерімді, қайратымды осы салаға арнаймын деп шештім. Мақсатым – көкпардың даңқты шабуылшысы атану. Бізден алдыңғы толқын көкпаршы ағаларымыз Азия, Әлем чемпионы атанды ғой. Көкпардан ендігі үлкен жарыс – 2021 жылы Қазақстанда өтетін Бүкіләлемдік этноспорт ойындары. Бұйыртса, сол дүниежүзілік бәсекеге Қазақстан құрамасы сапында қатысып, ұлтымыздың мерейін асырсам деймін.
— Әңгімеңе рахмет!
Көкпаршы Құрманбек Тұрғанбек туралы қысқа мағлұмат: Жасы – 22-де. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Тоғызтарау ауылында дүниеге келген. Көкпардан жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы (2013, 2014, 2017, 2018). 2014 жылғы «Алтын тұғырда» «Жылдың жас саңлағы» атағын иеленді. 2015 жылы Қызылордада өткен фестиваль чемпионы. 2015 жылы және 2016 жылы «Әулие-Ата» командасының сапында ересектер арасында ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды. 2018 жылы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қола жүлдегері және жастар арасындағы «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінің чемпионы болды. «Алтын тұғыр-2018» атты жыл үздіктерін марапаттау салтанатында «Жыл салымшысы» сыйлығымен марапатталды. ІІІ Көшпелілер ойындарының «Үздік көкпаршысы» атанды.
Төлеген Жәкітай, ethnosport.kz