Алтай асқан айғыр

4818
Жолды әңгіме қысқартады. Қайсыбір күні «Саяхаттан» машинама бір қария мінді. Нарынқолдан екен. Радиода жылқы туралы әңгіме болып жатқан. Колонкаға құлағын тосып, тыңдап отыр. Дауысын көтеріп қойдым.

Бір кезде: «Жылқы туралы айтып жатыр. Жылқы деген жақсы мал ғой, жарықтық! Балам, жол қысқарсын. Жақсы ат туралы бір әңгіме айтып берейін. Тыңдайсың ба?» — деді.

Кешкі кептеліс.

— Айтыңыз, жол қысқарсын — дедім.

-Бір торы айғырым болды. Енесін қырғыз жақтан алып едім — деп бастасын.

Жақсы әңгіме екені кіріспесінен-ақ көрініп тұр.

— Келген жылы тобылғы түстес торы құлын тапты. Тайында қысыр емді. Құнанында тимедім. Дөненінде бір-ақ бас білдіріп, тоқым салдым. Бестісінде бәйгеге қостым. Қатарынан екі-үш аламанда қара үзді. Кейін, жүрісі қолайыма жаққан соң, ешкімге бермей өзім мініп жүрдім. Көктемде үйірге саламын. Қыстай қолда ұстап, мінемін.

Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай, ауылдан үйірімен жылқы, өрісімен мал жоғалатын қиын заман болды. Сол аласапыранда торы айғырдың үйірі де ізім-қайым жоғалып кетті.

2003 жылы Қытайдағы туыстарымды іздеп бардым. 70 жылдан кейінгі кездесу!.. Туыстарым шекараның түбіндегі, Нарынқолға жапсарлас бір ауылда екен. Менің құрметіме тай сойып, той берсін. Бәйгесіз той бола ма? Екі-үш ауылдың қылқұйрығын жинап, шағын бәйге берді. Аламаннан бір торы ат топ жарып жалғыз келмей ме? Көзіме оттай басылды. Құдды менің баяғы торы айғырымды сойып қаптап қойғандай. Денесі шағындау демесеңіз, сол торы айғырдың өзі. Кекілін жел қағып кермеде сұлу қыздай құлпырып тұрған торы аттың жанына қалай барғанымды өзім де байқамай қалдым.

— Мынау кімнің аты? — дедім, жүйріктің жанында тұрған шабандоз баладан.

— Пәленшенің — деді.

— Шақыр! — дедім. Ұзын бойлы, көк көз, ақсары жүзі күнге күйіп желге тотыққан елуді еңсерген жігіт ағасы келсін.

— Мына атты қайдан алдыңыз? — дедім, дауысым дірілдеп тұр.

— Өзімдікі.

— Мүмкін емес — деймін.

— Елден сұраңыз. Адал малым — дейді, анау көк көзі шегірейіп.

Қойшы, содан әлгі аттың тегін тектей бастадық. Сөйтсем, баяғыда менің қорамнан жоғалған торы айғырдың үйірінен шыққан құлын екен. Сатып па, айырбастап па алыпты. Салып-ұрып сол күні торы айғырдың үйірін таптық. Жайлауда екен. Жануар менің дауысымды естігенде сонадайдан оқыранып-оқыранып келіп, қолымды иіскеді. Көңілім босап кетті, көзімнен тарам-тарам жас ақсын. Жануардың жалынан құшақтап, көз жасымды қасымдағыларға көрсетпей сүртіп жатырмын…

Сөйтсек, торы айғырды ұрылар бері сол жаққа өткізіп сатқан ба, айырбастаған ба, бір үйір жылқының тоз-тозын шығарып жіберіпті. Менің бойтұмарымдай болған жүйірім бір жуас жылқышыға бұйырыпты. Ат танитын адам екен, үйіріне салып қойыпты. Менің атым екенін білген соң, қазақтың жолымен ұрлап алмаса да, ат-шапан айыбын беріп, бір құлынды биесін сатып, ақшасын қалтама салып, шығарып салды.

Кетерімде торы айғырды тағы бір рет көруге бардым. Жетелеп кететін ауыл арасы емес. Қимай-қимай қоштасып, жануардың жалы мен кекілінен кесіп алып, сілекейі мен терін сүріп қалтама салдым. Содан бері қалтамда жүр — деп, қария тұмаршаға түйілген алақандай ақ матаны алып шықты. Иіскеп-иіскеп қояды.

Мен де танауыма әкелдім. Жылқы иісі ғажап қой, қан тамырларымды қуалап барады…

Жарас Кемелжан,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.