«Аттарға бір-бір асатыңдар!» Қазақ жорық аттарын қалай жемдеген?

8292

Бабаларымыздың батыр болғанынан басқа біз не білеміз. Әрі кетсе есімдерін атап, ерлік істерін еске түсірерміз. Алайда олардың ұстанған әскери тактикасы, жауларын қаусатқан қару-жарақтары жайында көсіліп айта алмаспыз. Бұл ретте белгілі жазушы, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұловтың мақаласын ықшамдап, оқырман назарына ұсынамыз. Мақала ежелдегі ер жүрек жауынгерлеріміздің жорық жағдайында қалай тамақтанғаны жайында.

Жорықтағы жауынгердің ас мәзірі

Қандай да болмасын халықтың азық-түлікті ұқсатуы мен қамдауы, сақтауы және пайдалану әдістері сол халықтың өмір салтына бағынады. Көшпенділердің кулинариясы негізінен көшпенді тұрмысқа лайықталған сүр ет пен ашытып барып кептірілген сүт тағамдарынан тұрады. Бұл, бір жайлағанда жарты дүниені басып өтетін сансыз көш жолдарында әбден сыннан өткен, қанша сақтаса да бұзылмайтын, жібітіп жіберсе аз ғана уақыттың ішінде өзінің бұрынғы қалпын табатын баға жетпес нәрлі, дәмді тағамдар. Мысалға, екі-үш жыл жатқан сықпа құрт қайнаған ыстық суда тұрып бір-ақ сағатта езіліп кетеді. Тұзға пісіп бес жыл тұрған қақпыш ет бұлақ суында он сағат тұрып, жібіп, асқанда езіліп піседі. Дәмі тіл үйіреді. Жайлаудан көшерде қарынға салып ошақтын астына көміп кеткен қима қуырдақ бір-бір жарым жыл сақтала береді. Көшіп келе жатқанда, тісі түсіп қызылиек болып қалған қариялар сықпаламай кептірілген ежігейді жейді. Сондай-ақ, қоржында түннен қалған сүр етті жейді, сабада жүре-жүре шайқалып әбден бабына келген қымызды ішеді. Мінеки, аламандар жорыққа осы тағамдарды алатын болған.

Нәрлі тағам түте

Әр үй азаматын соғысқа өзі дайындайды. Қазақта сол заманнан қалған «Алты қоржын аламан» деген сөз бар. Оның мәнісі мынадай. Сықпай кептірген майлы ежігейден екі қоржын толтырып, қосар атқа бөктереді. Мұны бір деңіз. Содан соң, қазақта «Түте» деп аталатын, жорыққа арнайы дайындалатын тағам болған. Қойдың семіз етін аямай тұздап, жақсылап кептіреді. Қақпыш болып қатқан етті келіге салып түйеді. Содан соң мылжа-мылжа болған етті бір үйлі жан отырып, жүн құсатып талшықтап түтіп шығады. Түте дегеніңіз осы. Осы түтені қоржын етіп толтырып, атқа артады. Мұны екі деңіз. Аламанның азығы осы. Енді қойдың сүр құйрығын екі қоржынға сықастыра толтырып, атқа оны да артады. Мұны үш деңіз. Бұл аттардың азығы.

Асар аттың мәнісі неде

Қосар-асар аттың мәнісіне келетін болсақ, мұндағы қосар ат – мініс аты. Алаша ат шаршағанда ауысып мінетін көмекші күлік. Ал асар ат, атынан көрініп тұрғандай, азыққа арналған ат. Сонымен жорық басталды дейік. Қосар атты әскер күніне 150 шақырым жол жүре алады. Тоқтаусыз жортқан аламан қалай демалып, қалай тамақтанған? Таңалагеуімнен, кейде тіпті түн ортасында аттанып кеткен әскер күн шықпай-ақ, салқынмен талай жерді шалады. Өмір салтының өзі үздіксіз көші-қон, ат үстінде туып, ат үстінде өлетін қазақ ұлына ертемен, не түнде тұрып суыт жорыққа аттану – үйреншікті іс. Күн түске тырмысқанда қол бастап келе жатқан хан әскербасыларға белгі береді. Тубегі, мыңбасы, жүзбасы мен онбасы бәрі бір кісідей айқай салады.

– Бір рет асауға болады!

Сол сәтте бүкіл әскер бір адамдай, қоржындарына қол салып, ежігейден уысын толтырып бір асайды. Содан соң хан, әскердің жүріс қарқынына қарап аттардың жілік майының жұқара бастағанын сезсе, оған да арнайы белгі береді. Тағы да аспанды жаңғырықтырған зілді айқай.

– Аттарға бір-бір асатыңдар!

Сол сәтте бір адамдай тізгін тартқан әскер аттан түседі. Ең әуелі аттың ұмасын уқалап сигізеді. Содан соң қоржындағы киіздей сүр құйрықтан бір-бір білем кесіп алаша, қосар, асар аттардың аузына салады. Келесі сәтте қалың қол жылжып та кетеді. Кідіріс көп болса бес-ақ минутқа созылады.

Бастырманы білемісіз

Осы көне күндерден, жаугершілік заманнан қалған қазақтың қадірлі асы болған. Оны бастырма дейді. Кейде хан апта жортып ыстық ас ішкісі келген әскерге, асар аттың біреуін союға рұқсат етеді. Әр жүздік өзінің қосарындағы аттың біреуін шалады. Түн ортасында сойылған жылқының етін мүшелемей көрпе құсатып сылып алады да алаша аттардың ертоқымының астына төсеп, айылды қатты тартып тастайды. Етінен жалаңаштанған сүйек-саяқты тастамай қоржынға салып алады. Кешке отқа көміп пісірілген жіліктерді шаққанда ішіндегі майы балдай тәтті болады екен. Алайда тамақтың үлкені күні бойы ертоқымның астында жаншылып әбден езілген, отқа қақталып үлбіреп піскен бастырма.

Бұл жерде аттың тері етке шауып кетпей ме деген күмән болуы мүмкін. Айтайық сізге, аттың алғашқы қамау тері шынында да удай ащы болады. Содан кейінгі қара тер де ащылау. Бірақ бірнеше ай жорықта, міністе жүрген мініскер аттың тері адам ішкендей дәмді болады.

Эмиграцияға кетіп Батыс Еуропада өлген моңғол ғалымы Эренджен Хара-Даван өзінің Шыңғыс хан туралы зерттеу еңбегінде моңғолдардың жорық кезінде түйенің қолтығына нан пісіргенін айтады. Кім біледі? Қиял да болуы мүмкін. Бірақ моңғол мен ойраттың етті бір қайнатып, қаны тарағаннан кейін (бұл бізше шикі ет болып саналады) жей салатын әдетін ескерсек, онда түйенің қолтығында тұрып буланып, қабарып кеткен шикі қамырды неге жемейді деген сұрақ туады.

Ал бастырма ертоқымның астында тұрып ақ жем болып кететіні анық.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жорыққа мінер аттың босқуық, жорыққа шығар азаматтың тасқуығы жақсы екенін жазғанбаз.

BaqtiarДайындаған Бақтияр ХАМИТ, argymaq.kz  

Басты фото: Ш.Захидов «Атты шайқас»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.