Ертең Ұлттық спорттан ел чемпионаты басталады

3262

19-26 мамыр аралығына белгіленген ұлттық спорттан ересектер арасындағы Қазақстан Респубикасының чемпионаты ертең Тараз қаласында ту көтереді. Бүгін командалар арасында мандаттық отырыс өтеді.

Ұлттық спорттың республикалық басты бәсекесін көзбе-көз тамашалау осы жылы Жамбыл облысының жанкүйерлеріне бұйырды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің 2019 жылға арналған бұқаралық-спорттық, сауықтыру іс-шаралары мен республикалық жарыстардың күнтізбелік жоспарына сәйкес ұйымдастырылған чемпионатта спортшыларымыз төрт спорттың  түрінен бақ сынайды. Атап айтқанда, ересектер арасында көкпардан – ХІХ, аударыспақтан – ХІХ, теңге ілуден – ХІІІ, жамбы атудан – V  рет өтетін бұл бәсекеге 16 өңірдің командалары қатысуда.

Былтырғы  жылы Елордадағы «Қазанат» ипподромында өткен елішілік чемпионаттың додасын ұлттық спорттың білікті мамандары жоғары бағалады. Жанкүйердің жадында жаңғырту үшін, сол чемпионаттың үздіктері туралы қысқаша айтып өтсек дейміз.

Алдымен, Теңге ілу жарысын айталық. Тартысты бәсеке әлі көз алдымызда. Еліміздің барлық өңірінің үздіктері алғашқы айналымның өзінде бірінің жолын бірі кесті. Тіпті, 2015 жылы Теңге ілуден өткен І ашық Азия чемпионатының жеңімпазы, 2017 жылғы «Ақ бидай» VІ республикалық ауыл спорты ойындарының чемпионы, 2018 жылғы ІІІ Азия чемпионатының жүлдегері Ғалымжан Ізжановтан да шеберлігін асырған жігіттер сол чемпионатта талайды таңдандырған-ды. Бастапқы кезеңдерде 14,22 секунд жылдамдықпен 5 теңгені қатар ілген Ғалымжан ақтық сында 3 теңгеден өзгесін іле алмай, сан соғып қалды. Сөйтіп, 2018 жылғы Теңге ілу бәскесінде ақтөбелік Тимур Иманғалиев Қазақстан чемпионы атанып еді. Екінші орынды   қарағандылық Төлеген Серғазиев, үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының спортшысы Мағжан Жеңісов иеленген болатын.

Теңге ілуден бас жүлдені жұлып түскен Ақтөбе облысының командасы Аударыспақ жекпе-жегінде де қос алтын медальды қанжығасына байлаған-ды. 70 келі салмақтағы Шыңғысхан Ержанов, 60 келі салмақтағы  Азамат Серғазиндер қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Айта кетелік, бұл екі жігіт те Аударыспақтан 2018 жылы өткен ІІІ Азия чемпионатының жеңімпаздары.

Негізінде, өткен жылы аударыспақ спортында жаңа толқынның екпіні анық байқалды. Мысалы, алпысқа жуық аударыспақ балуандары арасынан 90 келі салмақта республикалық жарысқа алғаш қатысқанына қарамай қарсыластарын қидай сырыпырып ұтқан ақтөбелік жас балуан Алтай Сүйеубаев, аса ауыр салмақта ақмолалық Виктор Тимофеевтің әбжіл өнері жанкүйер ықыласын аудармай қоймады. Бірақ, жартылай финалдағы айқаста қапы кеткен Алтай Сүйеубаев қола жүлдені қанағат тұтты. Ал, тақымы тастай көрінген Виктор Тимофеевті қола жүлде үшін айқаста алматылық Мұратәлі Тезекбаев атынан аударып тастады.

Өткен жылғы елішілік бәсекеде Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай облысының аударыспақшыларына жүлде бұйырмады.  Бас жүлденің үшеуін Түркістан облысы олжалады. Атап айтсақ, Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров және Есімхан Рахматілла.   Екі бас жүлде есімдері жоғарыда аталған ақтөбелік балуандарға бұйырды.  Күміс, қола жүлделерге Алматы қаласының, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысы балуандарының ғана қолы жетті.

2018 жылғы   сұрмергендер сайысында 15 спортшы бақ сынады. Жанкүйерлер болжамы бойынша Жамбы атуда «Алтын жебе» халықаралық турнирінің жүлдегерлері Ералхан Айкөз, Айтбек Сарыбай, бірнеше шет ел жарыстарына қатысып, тәжірибе жинақтаған Елдос Бадашев, Абзал Тулыбеков қатарлы есімі танымал мергендердің бірі үздік шығуға тиіс еді. Расында да, «Қалқан ату» сайысында бір нысанаға қос жебеден дарытқан Абзал Тулыбековтен асқан мерген болған жоқ. Бірақ, жалғыз кезеңнен тұратын «Жамбы ату» сайысында суырылып алға шыққан қарағандылық хас мерген Талғат Омарбаев болды. Теңселе қозғалып тұрған «Алтын жамбыға» сегіз садақшының арасынан жебесін дәл қадаған да жалғыз Талғат мерген ғана еді. Сөйтіп, Талғат Омарбаев 2018 жылғы ҚР чемпионатының жеңімпазы атанып, Қарағанды облысының қоржынына тұңғыш алтын медалды салды. Екінші орын тараздық Абзал Тулыбековке, үшінші орын ақтөбелік Дәурен Кеңесбаевқа бұйырды.

Апта бойы жанкүйердің көңілін алаң қылған көкпар бәсекесіне 15 команда қатысқан-ды. Әдеттегідей, финалдық ойын түркістандық «Құлагер» мен тараздық «Әулие-ата» командалары арасында өтіп, 4:3 есебімен «Құлагер» командасы жеңімпаз атанып еді. Ал, үшінші орынға таласқан Қызылорда мен Маңғыстау облысы командаларының арасындағы ойында маңғыстаулық көкпаршылардың мерейі үстем болып, қола медальды қанжығаларына байлаған-ды.

Міне, 2018 жылғы елішілік чемпионат осындай қызықтарымен есте қалып еді. Ал енді, биылғы Қазақстан чемпионаты қандай деңгейде өтпек? Ұлттық спорттың есеп-шотын қаққан мамандардың айтуынша алдағы чемпионатта да жаңа есімдер молынан танылуға тиіс. Себебі, биылғы чемпионатқа қатысуға тілек білдіргендер саны өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым көп көрінеді. Әсіресе, Жамбы атушылар қатары қалыңдай түскен. Оның бір себебі, Елордада Жамбы атудан тұңғыш рет өтетін   «Алтын жебе» Әлем чемпионаты. І Әлем чемпионатында бақ сынауға әркім-ақ құмар. Алдағы Қазақстан чемпионатында үздік шыққан бес мергеннің осы тұңғыш Әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі бар. Еске салып өтсек, Жамбы атудан І Әлем чемпионаты Нұр-Сұлтан қаласында 31 мамыр мен 2 маусым аралығында өтеді.

                  Төлеген Жәкітай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.