Қазақ жылқысы әлемдік өркениеттің бойына қан жүгіртті
(Этно-археологиялық пайымдау)
Екі мың жылдан бұрын тарихи-мәдени негізі қалыптасқан көшпелілердің өмір сүру дағдысы, салт-санасы, ғұрып-дәстүрі сан-салалы, алуан тармақты екендігі белгілі. Көшпелілердің дүниетанымдық таңғажайып түсінігін, ой өрісін, философиялық пайымдауларын, зерде зейінін, түйсік қабылетін айтпағанның өзінде, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі табиғи болмыс пен үйлесім міне, күні бүгінге дейін талайларды тамсандырып келеді. Еуропалық мәдениеттің етегі түріліп, ендігі жерде айтарға, көрсетерге ештемесі қалмай қалған шақта табиғи уыз қалпынан ажырай қоймаған қазақ секілді ежелгі халықтардың этно-мәдени өткен өміріне қызығушылық танытып, өндіршектерін созуға бейіл болып алды. Қазақтың жылқысына, қымызына, құсбегілік өнеріне деген құмартушылық пен қызығушылық белең алып отыр. Қазақстанға келіп кеткен қарапайым жапон қызының бие байлап, қымыз ашытуды үйреніп алып, соны өз еліне барғанда кәдеге асырып, осының негізінде қымызды «жапонның ұлттық сусыны» дегізіп, оған халықаралық сертификат алғанын қалай түсінуге болады. Барымызды өзіміз бағалай алмай жатқанымыз жоқ па?-деген ойға қаласың.
Жалпы алғанда, көшпелі тұрмыс-салттан тұрғызылған өзгеше өркениеттің аумағы қаншалықты кең болса, оның рухани-мәдени һәм тұрмыстық-заттық негізі де сан тарау екендігі айтпасақ та түсінікті. Сондай көшпелі өмір салты туғызған зор тарихи құбылыстың бірі – жылқы түлігін түбегейлі қолға үйретіп, жаугершілік жорықтарға, күнделікті тұрмыстық қажеттілікке пайдалана білу еді. Шындығына келгенде мүлгіген қалыпты, бірсарынды тіршіліктің, қам-қаракеттің бойына ыстық қан жүгіртіп, мына дүниені дүбірге толтырған тұлпарлардың тұяғы еді ғой!
Осы бір тамаша жануар, ғажайып түлік жайында біздің ертегілеріміз бен эпостық жырларымызда қандай көтеріңкі шабытпен, көркем кестелі сөзбен жырланған деңізші. Расында, түркі-моңғол халықтарының ежелгі жыр-аңыздары батырлар мінген тұлпарларға тікелей қатысты болып келмейтін бе еді. Күллі түрік әлеміне ортақ Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылын айтсақ та жетіп жатыр. Адамша сөйлеп, ақыл айтатын, дұрыс жол сілтейтін «жылқы-бейнелер» Еділ патшаның тақымымен еуропаға жетіп, талайлардың зәре-құтын ұшырғанын ұмыта қойғамыз жоқ. Байырғы көшпелі тайпалар өздерінің тотемдік нанымдарының бірі болған жылқыны әспеттеп ерліктің, азаттықтың, адалдықтың қастерлі белгісі ретінде таныған. Ежелгі ғұн, үйсіндердің тұлпар аттың тұяғын қанжығаға байлап жүруі осының бір айғағы болса керек. Жылқы жалынан бір-бір тал үзісіп анда (ажырамас дос) болу рәсімі де аталмыш түлікті ерекше қадір тұтудан туған болар. Көне түріктердің жылқысының көп болғандығы, олардың бие сүтінен қымыз ашытып ішкендері жайында деректер жеткілікті.
Бір кездердегі көшпелі тұрмыс-салттың сарқыншағын, жұқана жұрнағын ұстанып қалған халқымыздың тарихи жадында, этникалық санасында жылқыға қатысты сақталынып қалған ұғымдар мен түсініктер, нанымдар мен ізгі құрмет дүниесі баршылық. Ең әуелі «Тұлпар–ер қанаты» деп түсінген қазақ жылқыны түлік патшасы деп, күні бүгінге дейін арғымағын ардақтап, сәйкүлігін сайлап, тұлпар атын ту етіп, жорға-жүйрігін байлап, бабасынан жеткен қасиетті кәсіпті түлетіп, өмір сәнінің мәніне айналдырып, сал-серілік салттың сарқытындай сақтап келеді емес пе?! Жылқы мінезді қазақ аттың жалын жастанып, өздерінің ерлік жолдарын шаңдатып, Махамбетше айтқанда, «Ерулі атқа ер салып…» еркін көсілген ерлік жырларын да тұлпарлардың тұяқ дүбірімен егіз өріп отырған.
Қуса жететін, қашса құтылатын, желден жүйрік жануар – жылқы түлігі мінсе көлігі, жесе асы, ішсе сусыны болып, өмір-тіршілігінің айнамас бөлшегіне айналғалы қашан. Алайда, мұның нақты тарихи кезеңдеріне қатысты болжамдар мен деректер де ала-құлалау. Белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалықтың айтуынша, бұдан 4-4,5 мың жыл бұрын Тұран өлкесінде қолға үйретіліп, Таяу Шығысқа, араб түбегіне ауып барған жылқы малы әлемнің әр түкпіріне тарай бастаса керек. Тіпті, ежелгі шумерлердің жеті атаға дейін қыз алыспауы жылқының өз қандасына шаппайтын қасиетінен бастау алған дегенді алға тартады. Мұндай тектілік бүгінгі қазақтарда қатаң сақталынғанын айтсақ та жеткілікті. Қысқасы жылқыны қолда ұстау осы кезеңмен тұстас келетінін айтады.
Көшпелілер өркениетінің көш басында тұрған сақтар мен сарматтардың, ғұндар мен түріктердің барлығы дерлік салт атты сарбаздарымен дүниені дүр сілкіндіргені белгілі. Жазба деректердегі сараң мәліметтер жеткіліксіз болған жағдайда археологиялық материалдар көмекке келетінін ескерсек, 6 ғасырдың жәдігеріне жататын Тұрфанға жақын жердегі мазардан (Тұйық) табылған салт атты сарбаздың мүсіні тарихшыларға көп жайдың мәнісін түсіндіріп бергені белгілі. Оны Лев Гумилев растайды. «Мүсіндерге қарағанда, түріктердің аты тоқпақ жал, қазық аяқ, қысқа мойын, басы үлкен, шоқтығы биік болып келеді. Қырқып, тарап қойған жалына қарағанда, олардың мұқият күтілетіні көрінеді. Бұл аттар моңғол жылқысына мүлде ұқсамайды, бірақ Саманидтер аттарының суретіне, әсіресе Хэнаннан табылған кішкене мүсінге ұқсайды.
Қысқасы, түріктерде сауытты салт аттылардың көп болуы олардың тезірек жеңіске жетуіне бірден-бір себепші болғаны рас. Осындай салт ат мінген батырлардың ерлігін қалайша тасқа қашап жазып (Күлтегінді еске түсіріңіз) немесе ауызша жыр етіп айтып кетпеске?! Тарихи жазба ескерткіште Күлтегіннің Байырқудан әкелінген ақбоз айғырға мініп ұрыс салғаны, ол мертіккен соң Башгу торысымен атойлап шыққаны, сөйтіп түркештердің сапына бұзып-жарып кіргені мақтанышпен жырланатын еді ғой.
Күлтегінді айтамыз-ау, одан 10 ғасыр кейін өмір сүрген Қаракерей Қабанбайдың Қубас аты да бізге аңыз болып жетті емес пе. Тарихтың кедірлі-бұдырлы ұзын жолына қарап отырсақ, кешегі көшпелілер – бүгінгі қазақтар жылқы түлігіне мәңгілік қарыздар секілдіміз. Бүгінгі қазақ қасиетті «Қамбар ата» түлігін қаншалықты қадірлеп, қазақ жылқысының атын қалай шығарып жүр деген әңгіменің тақырыбы өз алдына. Кезінде дүниені дүр сілкіндірген «Абсенттің» ізбасары, жалғасы арманға айналғаны айтпасақ та түсінікті.
Алайда, жылқының алғаш рет қолға үйретілуі қай кезеңнен басталған? –деген сұраққа келгенде біздің ғалымдарымыздың алға тартар тиянақты әңгімесі, тұрлаулы ізденістері баршылық екен. Ол тікелей қазіргі Солтүстік Қазақстан аумағына, нақтырақ айтқанда Ботай өңіріне қатысты болып отыр. «Мал шаруашылығының шығу тегі және оның даму формалары, соның ішінде жылқы шарушылығының Еуразия далаларында пайда болуы туралы тұжырымдарға әлі де нүкте қойылған жоқ деуге болады. Әйткенмен де Ботайдан табылған соны археологиялық қазбалар мұндай түйткілдердің неғұрлым тезірек шешілуіне өз септігін тигізері сөзсіз»–дейді көкшетаулық археолог-ғалым Виктор Зайберт. В.И.Цалкин, В.И. Бибикова, В.О. Витте, Б.С. Қожамқұлова, Т.Н. Нұрымов қатарлы палеозоолог ғалымдардың да пікірлері бір жерден шыға бермейді екен. Тек соңғы жиырма жылдың көлемінде тиянақты жүргізілген кешенді археологиялық жұмыстардың арқасында ортақ байламға келудің мүмкіндіктері қарастырылып отыр.
Ең алғаш рет 1981 жылы Л.А. Макарова, онан соң 1983-1986 жылдары Т.Н.Нұрымовпен бірлесіп, осы өңірден қолға үйретілген жылқының және басқа да жабайы хайуандардың сүйектерін тапқан болатын. Ботайдан табылған қаңқа сүйектердің жалпы саны жүз мыңнан асады екен. Ал осы олжаланған сүйектердің 99,9 пайызын жылқы қаңқалары құрайды. 133 мың сүйектің 29,1 пайызы бес жасқа дейінгі жас жылқының қаңқа сүйектері деген қорытынды жасалған. Жан-жақты биометриялық зерттеудің нәтижесінде жылқы малының бақай, шаша сүйектері мейілінше жіңішке екендігі (42,3 пайыз) және алдыңғы аяғының бақайынан бастап шоқтығына дейін өлшемнің әртүрлілігі анықталған. Ботайдағы жылқылардың бақай сүйегі, алдыңғы аяғының тұрқы жағынан осы өлкеге жақынырақ орналасқан Ащыкөл, Шағалалы қоныстарынан табылған қаңқаларға өте жақын екендігі айқындалған. Әсіресе, алдыңғы аяқтардың пропорциясы бронзы кезеңіне жататын басқа да қазба ескерткіштерден өзгеше.
Ботай жылқысының биік шоқтығы 136-144 см. құрайды. Бұл дегеніңіз Пазырық қорғанынан табылған ең биік шоқтықты жылқыға жетеқабыл деген сөз. Бронзы кезеңінде тіршілік еткен үй жылқылары мен тарпандар дәл мұндай жоғарғы индекске жеткен жоқ болатын. Пржевальский жылқыларындағы диафизалық кеңдіктің мұндай индексі ұшырасқан емес-ті. Мұндай жылқылардың белгілі тұрпаттары көбінесе жартылай жұмыр сүйектерде кездеседі. Ботай қорымындағы жылқылардың алдыңғы аяқтары Атасу сүйектеріне орайлас келеді — дейді ғалымдар. Сондай-ақ ботайлық жылқылардың төменгі, жоғарғы жақ сүйектері, тістері аңғарлы, айқын, сойдақ, ірі болып келеді. Ғалымдардың айтуынша олардың тістері мен эмаль қабаты арқылы да көптеген ұқсастықтарды және айырмашылықты аңғаруға болады екен. Бұл прогрессивті белгілерді танытса керек. Ботай қорымындағы жылқы сүйектерінің жаппай, тұтас бір жерден табылуы да өзіндік ерекшелігі болып отыр. С.Бекени, В.И.Цалкин, В.И.Бибикова қатарлы ғалымдардың тұжырымдары бойынша бұлар біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырларда тіршілік еткен, қолға үйретіле бастаған. Оңтүстік Шығыс Еуропа мен Жайық жағалауындағы қазба деректерге қарағанда Ботайдағы жылқы сүйектерінің саны жағынан көптігі жылқы шаруашылығының осы өлкеде бәрінен ерте, әрі кең дамығандығын айғақтайды.
Жылқы түлігін қолға үйрету неолиттік кезеңге түбірімен өзгеріп жетеді. Ландшафтың өзгеруі далалық тұрғындардың біртіндеп өз тұрмыстарын өзгертіп, табиғи ортаға бейімделуіне, балық аулап күнелтудің қажеттілігіне итермелейді. Бұл – тұрғындардың қозғалыссыз қоныстануына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Өзен-сулардың көктемдегі тасуы, жайлымды су тасқынының алуы, ауаның дымдануы, экожүйенің өзгеруі үйірімен жүрген жылқы табынына да әсер еткені белгілі. Жабайы жылқыларды аулау далалықтарға тән болатын. Ал өзен-сулардың тартылуы ежелгі адамдардың балық аулап күн көру мүмкіндіктерін шектеді де, олардың жабайы жылқыларға деген «қызығушылығын» арттырды. Ботай өңіріндегі ландшафтық жағдай қазірдің өзінде сол кездегі адамдар мен жылқылардың арақатынасының қандай болғандығынан хабар бере алады. Қарағай қаумалаған ашық алаңқайдың қазіргі көлемі 10-12 га жерді құрайды. Мұның өзі неше табын жылқыны иіріп әкеліп қамауға өте ыңғайлы. Сонымен бірге, арнайы тұрғызылған арқаулар, қазылған орлар және жас қарағайдан жасалған қадалар жабайы жылқыларды қамап ұстауға керектенілгені белгілі.
В.А.Шнирельманның пайымдауы бойынша жылқыны алғаш қолға үйретушілер жер өңдеумен айналысқан адамдар, яғни отырықшылыққа бейімделгендер болатын. Ол мұндай қортындыға келгенде, байырғы адамдардың ұсақ, ірі қара малды қолға ұстағанда негізінен бақташылық жағдайында өмір сүргендерін ескерсе керек. Ал табынымен жүйткіп жүретін тұяқты жылқы түлігіне қатысты бұлайша бір жақты пікір айту асығыстық болар еді. Жылқы ежелгі адамдардың азығы ғана емес, олардың еңбек құралы, күн көру негізі, аңшылыққа қеректенетін мінісі болғаны ақиқат. Далалы өлкеде жүйрік аңды жылқымен қуып аулаудың қажеттілігі ең бірінші кезекте болғаны белгілі.
Энеолит дәуірінде қазіргі Орал-қазақ далаларындағы экологиялық жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты жабайы жылқылардың топаны молаяды. Олар 120-150 шақырымдық аумақтарда еркін жүйткіп жүрді. Адам мен жылқы табиғаттың жазық даласында, тіршіліктің тайталасында бетпе-бет келді. Адамдар жылқыларды аңшылықтың құралына айналдыра жүріп, біртіндеп қолға үйретуге дағдыландыра бастады. Әрине, тарпаң тағылықты тақымдап, асаулықты ауыздықтау, бұғалықтау оңайға түспеді, ол ұзақ кезеңдерге созылды. Энеолит дәуірінің соңғы ширегінде экологиялық дағдарыста өмір сүруге мүдделі болған адамдар жылқыны өзінің шынайы досы етіп алды және осыдан былайғы тіршілігінің басты өзегіне айналдырды.
Адам баласы жылқыны толық үйрету арқылы тарихи жаңа бір сатыға көтерілді. Ал, көшпелілер жылқы малын қадірлеудің, қасиеттеудің, аялап сақтаудың, оның тамаша жаратылысын танып-білудің, сөйтіп, көк аспанның астын, қара жердің үстін арғымақтардың адымымен, тұлпарлардың тұяғымен, сәйгүліктердің сәнді желісімен жүріп өтудің тамаша үлгісін көрсетті.
Сол бағзы сапардың басы біздің Ботайдан басталады екен.
Ерболат Баятұлы,
(«Бағзы сапардың басы Ботайдан басталады» атты мақаладан қысқартылып алынды)