Атты турға қатысушы нені ескеруі керек?

4562

Осыдан бірнеше күн бұрын «Киелі Қазақстан» экспедициясының құрамында Елордадан Баянауылға дейін атпен барған едік. Осы сапар барысында ұлан даланы атпен кезіп жүрген адам нені ескеру керек деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Атты тур, яғни салт атпен сапар шегу – эктремальдық туризм қатарына жатады. Сондықтан да бұл турда адамның амандығы, қауіпсіздігі ең басты қағида болуы керек. Бұл айтпаса да түсінікті жайт. Сондықтан біз одан басқа ескеруге тиіс жағдайларды тізіп көрейік.

Ең әуелі атың өзіңе сенімді болуы керек, яғни айдалада қашып кетпейтін, үйірсек, шылбырқашаған болмауы керек. Және атқа мінетін адам сол аттың қыр-сырымен танысып, қандай жақсы, қандай жаман қасиеттері барын толық білгені дұрыс.

Екінші, алыс жолға жүргенде киетін киімің мен ер-тұрманың жеңіл, ықшамды, мықты, толық болсын.

Үшінші, қоналқада не түскі ас кезінде атты бекітетін шідер немесе арқан, қазықтемір болғаны қолайлы.

Төртінші, атты уақытылы суарып, суытуын қандырып барып жайылту керек. Әйтпесе арқасына «ыстық шығып» жол ортасында жауыр болып қалуы мүмкін.

Бесінші, күндік жүрер жолыңды алдын ала белгілеп, қоналқаңды қамдап ал. Бұл ертеңгі жолыңа дайындық. Атың да, өзің де жақсы тынығуға мүмкіндік болады.

Алтыншы, күн ыстық болса, қайнамаған су алғаннан гөрі, қайнатып, аздап шай салған, яғни салқын қарашай алған тиімді.

Жетінші, алыс жолда адамның ерні тілініп, шөлдеп, әлпетіңіз сортаңдап кетеді. Ол үшін шикі құйрық майдың бір тілімін алып, соны жағып отырған дұрыс. Ерінге түссіз ерін бояуын (помада) жағып алған жақсы.

Сегізінші, жүретін жолыңда байланыс бар-жоғын анықтап, егер жоқ болса, алдын-ала жақын-туыстарыңа ескерткен жөн.

Тоғызыншы, жол бойында кездескен бұлақтардан, өзен-көлдерден атың су ішкеннен кейін ғана, (қатты шөлдеген жағдайда) су ішуге болады.

Оныншы, күннен, масадан, егер бар болса аллергиядан қорғайтын сықпамайларды алып жүрудің артығы жоқ.

Он бірінші, аяғыңыды үзеңгі, тақымыңды таралғы, құйрығыңды көпшік қажамайтындай жайлы ер-тоқым таңда.

Он екінші, денсаулық ең бастысы. Сондықтан тауға шыққанда, атпен қатты жүргенде қысым көтерілмейтін, бас айналмайтын болғаны жөн.

Он үшінші, түнде далаға ұйықтайтын жағдай болса, терлікті не тоқымды жастанып жату керек. себебі жылқының исі, тері сіңген бұйымға жылан, бүйі, қарақұрт, т.б. қатарлы зиынды жәндіктер жоламайды.

Он төртінші, жол бойындағы өзен-көлдердің, орман-тоғайдың, жер-судың атауларын қағазға түсіріп, мүмкіндік болса жер атауының шығу тарихын да жаза жүрген жақсы.

Он бесінші, жолға шыққан салт атты жер жағдайын өте жақсы білмесе, навигатор пайдаланғаны абзал.

Әзірге осы 15 түрлі кеңесімізді ұсынып отырмыз. Мұнан бөлек, күнделікті тұрмыста керектенетін – шай-тұз, ішіп-жем, оттық-сіріңке, шатыр, көрпе-жастық, дәрі-дәрмек, т.б. қажеттіліктерді атап өтуге болады.

Осы орайда, өзіміз көзбен көрген бірнеше мәселені де айта кетейік. Біздің сапар, Нұр-Сұлтан қаласы — Қарағайлы археологиялық кешені (Жаушоқы); Бұйратау ҰТП — Елтай ауылы — Алғабас ауылы; Қараағаш (Бұйратау ҰТП) — Әлкей Марғұлан ауылы; Қарабұлақ ауылы — Теңдік ауылы; Бұхар Жырау кесенесі — Жаңатілек ауылы -Жасыбай көлі (Баянауыл ҰТП) бағыты бойынша жалғасты.

Осы кезде жол бойы кездескен ауылдарда бір ғана байланыс операторы жұмыс істейтінін байқадық. Және онымен интернетке қол жеткізу өте нашар. Мұнан бөлек, ауылдарда ауызсу мәселесі әлі де түбегейлі шешілмеген, тіпті әлі күнге дейін мешіті жоқ ауылдар бар.

Жол бойындағы тазалық мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл халқымыздың жүргіншілік, яғни жолаушы жүру мәдениетінің әлі де төмен екендігін байқатады. Осыдан-ақ, «Бұл – біздің жер, біздің ел» деген түсініктің әлі де адамдар санасына жетпей жатқанын бағамдауға болады.

Естеріңізге сала кетейік, «Киелі Қазақстан» экспедициясының атты турға қатысушылар күнделігінің алғашқы күннің қорытындысы мен екінші күннің қызықтарын және үшінші күн мен төртінші күнніңбесінші күнніңалтыншы күннің, сонымен қатар жетінші күн мен ақырғы күннің жолжазбасын осы жерден оқыңыздар.

Ержан Жаубай, argymaq.kz

1 comment

  1. Ерлік 14 Шілде, 2019 at 10:15 Ответить

    Ассалаумағалейкум бауырлар, «өрелі істі өресіне жеткізіпсіздер», құтты болсын! Ақыл кеңестеріңізге рахмет. Келесі жылғы атты турға дайындық кезінде біздің ауылдың да (зауыттың) қонақжайлығы мен саумал ұнтағын шығару жұмысымен танысып, жариялай жүрерсіздер деп үміттенеміз. Қазағымызға керек дүниялар жалғасын табуы керек. Жарайсыңдар азаматтар!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.