Қорғанбек Аманжол. Шұбар

6130

(Әңгіме)

Күздің қарасуық шағы. Алдыңғы күні жауған жаңбырдың ылғалы бойына әлі сіңіп үлгермеген топырақ сызданып, қатқылдана бастаған. Жыра, шұңқырларға молырақ иірілген лай сулардың бетін жұқа мұз жапқан.

Әлдеқайда асығыс жөңкіле көшкен бұлттар біресе көлегейлеп, біресе жайраңдап ашылған күннің қызуы мүлде сезілмейді. Сонда қоңыр көлеңке әудем жерге шапшаң жайылған әзірде ауа тым салқындап қалады. Ал бұлттардың бір шоғыры өтіп, күн пердесі жаймен түрілгенде маңай нұрланып, жер өңі кәдімгідей ашылады. Бірақ ызғар қайтпайды.

Орманшы Кәдірбай үлкен резеңке етігімен әр жерден қадап басып, мектептің қоршау шарбағын айналып өтті.

— Әй, Кәдірбай, есенсің бе? Шұбарың қалай, тәуір болды ма? – деп айғайлады оған жылқышы Жақия. Ол көшені бойлай ар жақтан салт келе жатқан.

— Шұба-ар, Шұба-ар, немене саған Шұбар? Жаныңа батып тұр ма сенің? – деп дүңк етіп, орманшы тоқтамай жүре берді. «Жөнін айтса қайтеді, жұртқа жанасып кетсең осы, қауып алады» деп күңкілдеді Жақия. Сосын атының басын тартып, Кәдірбайдың дүкенге кіретінін болжап білгенге дейін көзбен ұзатты.

Кәдірбай ешкімге, еш нәрсеге зер салмастан дүкеннен мойнынан қысып ұстап бір жартылық алып шықты. Сол бетімен үйіне қайтты. Аулада әйелі тосып тұр екен. Иығына қоңырқай түбіт шәлі жамыла салыпты. Жаңадан ғана үдей бастаған жел жұқа жасыл көйлегінің кең етегін тізелерінің арасына үйіреді. Өзі оң қолымен көкірегін жауып, шәлісін қымтап тарта түседі. бетінің ұшы қып-қызыл. Жағы қуқылдана бозарып, ақ түгі шығыпты. Шамасы далада ұзағырақ тұрып қалғанға ұқсайды. Көздерінде бейкүнә үрей, беймаза сезім бар.

— Раушан, мынаны апаршы үйге, — Кәдірбай әйеліне жартылықты ұсынды. – Мен Шұбарға барайын.

Раушан жыларман қалыппен тұтығып тез-тез сөйледі.

— Тыпыршып тұр. Есік жаққа бұрылып қарай береді. Сені іздегендей.

Иесінің дауысын естіген Шұбар бірден оқыранып қоя берген. Кәдірбай бұдан соң шыдап тұра алмады. Қораның есігін шалқасынан тастай ұмтылып атқа жақындады. Оттыққа көз салды. Шұңғыл ақ шараға сұлы, оның сол жағына иісі мұрын жара бұрқыраған перей салынған, шелекте су тұр. Тістеп те алмапты. Тек әлсін-әлі оқырана тыпырлап, кейде шыңғыра кісінеп жіберіп, Кәдірбайды шақырады. Қазір де алас ұрып, ақ көбігі шыға терлеген. Омырауы айғыз-айғыз. Құлақтарын түре қайшылап, алдыңғы оң аяғымен жер тебінген. Иесін көрісімен тына қойды. Көзі жасаурап, Кәдірбайға ұзақ қарады. Өңменінен өтіп, ішіп-жеп барады. Кейде сондай жалынышты, мұңлы; кейде көңілденетін, ешнәрсеге өкінбейтін сияқты. Әлденелерді айтып, кәдімгі адамша сөйлеп тұр. Көзімен айтып тұр.

«Әттең, тілім жоқ» — дейді. Бақұлдасқандай, орманшымен өткізген ғұмырына риза сыңай танытқандай. «Енді хош бол, мен қара жер қойнына кіріп тынығамын, бойымда бір науқас бар, қайтейін, әйтпесе саған әлі де біраз қызмет қылар едім. Фәнидің мазасыз күндерін сен көре түс, қызығын кеше түс. Бейнетінен де құр қалмассың. Бір кезде біз де дәурен сүріп ек, ой-һой дүние десеңші! Кәдірбай, тай кезімнен тақымына басқан серігің ем, сенен ақтық тілегім – арулап көм, сүйегім ит пен құсқа жем болмасын. Жақия сияқтылар қасымнан өткенде: «Е-е, Шұбардың өлімтігі мұнда жатыр екен ғой» деп күлмесін».

Ат осының бәрін көзімен айтты. Дір-дір еткен танауының ұшына дейін сорғалап, жерге тамып жатқан жасына суарып айта берді. Кәдірбай Шұбардың жалын құшты. «Шұбарым-ай, жануарым-ай, саған не болды? Қандай қырсық кез келген? Сұлыны иіскеші өзің, шөптен бір тістеші. Қантты ұнатушы едің ғой. Мына жылы судан ішші, ұртташы сен…»

Шұбар басын қабырғаға үйкеп, сұлық, енжар күйге түсті. Манағыдай мазасыздану жоқ. Қара терге шомылған еді, оны Кәдірбай орамалмен құрғатып сүртті. Өзі денесін қатты дірілдетіп, сілкініп алды. Шелектегі суға аузын бір малды да, қайта басын көтеріп алды. Содан мойнын бұра, Кәдірбайға көзінің қиығын салып қойды. Сырттан Раушанның дауысы шықты.

— Кәдірбай, үйге жүрші, дастарханды жасап қойдым. Түс ауып барады. Ал сен болсаң таңғы асыңды да ішкен жоқсың. Құдайым-ай, не істеуге болады?..

Бұл жолы әйеліне еш қарсылық білдірмей үйге кірді. Бірақ асқа зауқы соғатын емес. Сосын арақтан қырлы стақанға толтырып ап, көзін жұмып, кеңірдегіне құя салды. Арақ әрі-беріден соң басына шауып, бойын қыздырды. Суықта көп жүріп, тоңазыған денесі жылы үйде балбырап, ұйқы шақырды.

Диванға кең көсіліп, тағы да сол Шұбар туралы ойға шомды. Осы атқа байланысты оқиғалар, байқап отырса, өз тағдырымен шиеленісе сіңісіп жатқан сияқты. Шұбар туралы ойы қайтсе де өз өмірі жайлы толғанысқа оңай ойысады. Қазір Кәдірбайдың жасы, міне, аз да емес, көп те емес, қырықта. Соның он бес жылын орманшылықпен өткізді. Осы уақыт ішінде Шұбармен арасы әлі күнге бір елі ажырап көрген емес. Ылғи да таң алагеуімнен тұрып, екеуі саялы да, салқын тоғай ішін аралап жүрер еді. Кейде Кәдірбай орманды жаяулап кезіп, Шұбар соңынан ереді. Әлдене тақылдап, орманшы құлағын тосса, бұл да бірте-бірте өзінше секемденетінді шығарған. Осы өлкенің ойы мен қырын, не бір жынысын алғашқы үш-төрт жылда түгел жатқа біліп болды. Кәдірбай атының ақылдылығын, зейінділігін, өзіне шын берілгендігін басқа орманшылардың алдында мақтан етеді. Шұбардың қасиетін және Кәдірбайдың бір бет, кейде ноқайылау мінезін білетін олар бұған таласпай, көбіне қостап отырады.

…Үй іші ала көлеңке. Раушан төргі бөлменің есігін ақырын ғана жауып, шынтақтап жағын таянып, столдың жанына келіп отырды. Көшеден Жақия салт өтіп барады екен. Осы жаққа бір қырындап, бұрылып қарайды. Раушан мұнысы қалай деп әшейін ойлады да қойды. Осылай отыра берді. Сосын күйеуінің жаңағы адамды жаратпайтынын, оны көрсе қабағы түйіле қалатынын есіне алды. «Шұбар мерт болатын шығар, әй, жазылмас» деді тағы да іштей. Бұл ойынан өзі шошып, селк етті. «Онда Кәдірбайдың көрер күні не болмақ? Құдайым-ай, енді қайтейін?!…» Раушанның жыламсыраған дыбысы шығып кетті.

Кәдірбай осының бәрін сезіп жатыр. Раушанды аяйды. Бір жылы сөз айтып жұбатқысы келеді. Тек қазір өзін азаптап жатқан ауыр ойдың, әлдеқандай елестердің ләззатынан құтылғысы жоқ. Көз алдында – Шұбар. Ол жәудіреген қос жанарынан жас парлап, сөйлеп тұр.

«Кәдірбай, саған серік болғаннан соңғы үшінші жылдың қысын есіңе түсірші. Сен Қараталдағы орманшының – Төлеутайдың үйінен теңселіп шықтың. Шанаға гүрс етіп құладың. Төлеутай менің көтермемді көтеріп, қамытбауды қайта тартып байлады. Оның уылжыған жап-жас келіншегінің ортада шыр-шыр етіп жүргені әлі есімнен кетпейді. «Кәдірбай деймін, осында қона салсайшы. Мына боранды көрмейсің бе, құтырып тұрғанын. Төлеш, айтсайшы сен, сені тыңдайды ғой» — дейді жылай жаздап. Оны тыңдаған ешкім жоқ. Төлеутай делбені қолыңа ұстатты. Үйден ұзап, біздің ауылға беттейтін жолға түсуіміз мұң екен, сен де соңғы күшіңнен айырылдың. Делбе бос қалды. Тұлыбыңның бір қапталы жерге сүйретіліп келеді. Тегі, дұрыс түймелетпегенсің-ау деймін. Өзің шананың оң жақ қалдайына қисайдың. Абырой болғанда сол шананың қалдайы биік еді. Сонда да жолда аударылып қалмағанына таңмын.

Май боран көз аштырмай ұйтқи соғып тұр. Қар жолды да қымтап үлгеріпті. Жолсызбен мүлде жүріп болмайды. Бұрын шашылған шөптің, сабанның, жылқы тезегінің иісі адастырмады. Қораның алдына келіп тоқтадым. Сенің тұратын ыңғайың байқалмады. Үй іші жатып қалыпты. Кішкене кідіріп, сосын кісінеп жібердім. Ақыры Раушан мен марқұм әкең оянып шықты-ау үйден. …Осы оқиғадан кейін маған біртүрлі жылы сезіммен қарай бастадың. Бірақ, алғашқы екі-үш күнде ұялып, әлденеден ыңғайсызданып жүрдің…

Ал енді, шөп белуардан келіп, кереметтей көп шығатын жаздан кейінгі күзді өзің де өмір-бақи ұмытпассың, иә, Кәдірбай. Жаңылмасам, қыркүйектің аяғы. Сен мені кешқұрым ерттеп, орманды аралауға бет алдық. Күн жылы. Майда, қоңыр самал еседі. Біз екпе көшеттерге жеткенде ымырт үйіріліп, Кішітүкті тауының арғы бетінен қызыл құлақтанып ай туды. Сындырып алған жұқа шілікпен сауырымнан сипап қоясың. Кейде алдымыздан, таяқ тастам жерден сыбдырлатып әлдене томпаң қағып жүгіріп өтеді. Бұл – әрине, қоян. оған тіпті көңіл бөліп, көз қиығын да салмаймыз. Әбден үйреншікті болып кеткен көріністер ғой.

Орманда екі сағатқа жуық жүрдік. Маңай тып-тыныш. Сен де, мен де күздің осындай шыбынсыз, қоңыр салқын түндерін ұнатушы едік қой. Рахаттана тәтті қиялдарға шомып, бейғам келе жатқанбыз. Кенеттен тақ-тақ еткен балта дауысы естілді. Шалт тоқтадым. Сен дыбыс шыққан жаққа бұрып, алға ұмтылдың.

Орманның тауға ұласқан тұсында кең қолтық бар-тұғын. Осы жерде шілік, шоқ-шоқ боп топтасып, жас талдар өседі. Бұта шапқан балта дауысы қолтыққа жақындаған сайын үдей түсті. Үлкен шоқ талдың тасасынан машинаның артқы қызыл шамының жарығы көрінді. Дәл тұсына келгенде үш адамның тұлғасы қараңдады. Сұлап жатқан самаурындай-самаурындай қайыңдар қақтаған күмістей боп көзге оттай басылды. Кәдірбай, сонда мен іркіле бердім. Ашуға булыққан сен мені шілік шыбықпен сауырға салып жіберіп, ілгері ұмтылдың. «Оңбаған қарақшылар, тоқтатыңдар қане! Оңбаған қарақшылар!» деп айқайладың. Сол кезде олардың біреуі қолына кеспелтек бірдеңені ұстап, бізді жанамалай жылыстап, ұры жүріспен келе жатты. Сен оны байқамадың. Сөйткенше әлгі адам кеспелтегін жайлап жоғары көтерді. Енді сілтей бергенде мен аласұрып, шыңғыра кісінеп, аспанға қарғыдым. Тік шапшып, артқы аяғыммен қаз басып, тұра қалдым. Осы екі ортада сен «А, сайтанның сапалағы! Жақия! Таста андағы темірді!» деп ақырып үлгердің. Құлаштап сермеген Жақияның темір сүймені ауаны қармап, өз екпінімен біздің алдымызға омақаса жығылды. Келесі сәтте ол менің тұяғымның астында жатты. Жігіттерді отын ұрлауға үгіттеп әкелген де сол екен.

Кәдірбай, шыныңды айтшы, осыдан кейін мен сенің сиынатын піріңе айналдым, солай ғой. Ал Жақияны сен сотқа бермекші болдың. Ол бишара жалынып жылап, өлердегі сөзін айтып күнде келеді саған. Сені әбден мезі қылған кезде бір күні кешке есік алдында «Жоғал! Құры! Сот-мотыңмен қоса құры. Сенімен соттасып арзандайтын, құнымды түсіретін жәйім жоқ» деп айғай салдың. Осыдан соң Жақияның жүрегі орнына түсіп, үйіне қайтты. Байғұстың өзі осыдан соң да кез келген жерде жалынышты болып, жарамсақтанып, алды-артыңды неліктен орай беретініне күні бүгінге дейін түсінбеймін. Әлде сені сөзіңнен танып, сотқа беріп қоя ма деп қорқа ма екен?.. Бірақ сол көзіңе ғана мүләйімсиді ғой деймін…»

Кәдірбай осының бәрін расында Шұбардың аузынан естігендей сезімде еді. Осылай ойланып ұзақ жатып, ақыры шаршап, көзі ілініп кетті.

Раушан түн ортасында сарайға барды. Шұбар өліпті.

Ертеңінде Кәдірбай Шұбарды арулап көмді. Сосын үш күн үйінен шықпай жатып алды. Кейін ештеңе болмағандай, жұмысын бұрынғыша жақсы істеп, қалжыңға қалжың қайтарып, досқа жомарт пейілін білдіріп дегендей, күнделікті тұрмыс ағынына араласып кетті. Тек анда-санда ішіп алғанда Жақияны боқтайды. «Ойбай-ау, ол ақымақ мені де, Шұбарды да өлтіре жаздады ғой, сонысына күйіп кетемін» — дейді.

Бірақ орманшының көңілінен Шұбарға деген сүйіспеншілік пен сағыныш тарқамады. Қолы бос сәттерінде, үлкен-кіші жанына жиыла қалса-ақ болды, Шұбар жайындағы таусылмайтын, қисабы жоқ әңгімелерін шұбырта жөнеледі.

Qohganbek A. Қорғанбек Аманжол, 1975 ж. argymaq.kz

(Басту сурет: П.Мордвинцов)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.