Өнербай Жанбала: Қазақы жылқы өз бағасын жоғалтпайды
Атырауға сапарымыз кезінде қазақтың танымал атбегісі, Атырау өңірінде ұлттық спорттың қанат жаюына тер төгіп жүрген азамат, Ұлттық спорттың ардагері Өнербай Жанбала ағамызбен әңгімелесудің сәті түскен болатын. (Сұқбат Атырауда өткен «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі кезінде алынғанын ескертеміз.)
«Қазақтың ұлттық спорты оның ішінде ат спорты ежелден бері атадан балаға мұра болған спорт. Әсіресе көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, бәйге – осының барлығы ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүріміз. Кеңес үкіметі тұсында біраз кенжелеп қалғанымен, Тәуелсіздік алғалы бері ерекше қарқынмен, жаңа бір үрдіспен көшін түзеді. Мысалы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, республикалық деңгейдегі жарыстардың өзіне көкпар командасынан 3-4 қана команда қатысса, құсбегілеріміздің саны 5-6 құсбегіден аспайтын. Қазір 60-тан астам құсбегіміз, 20-ға жуық көкпар командамыз бар. Бұның барлығы елдің тыныштығы, тәуелсіздіктің арқасы», — дейді атбегі.
Мұнан соң ғана ол әңгіме ауанын Атырау өңіріндегі ұлттық спортқа бұрды.
«Әуелі Ұлттық құндылықтарымызға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, «рухани жаңғырып», «Ұлы даланың жеті қырын» тануға үндеп отырған Елбасымызға, ол кісі басқарып отырған «Nur Otan» партиясына және Тұңғыш президентіміздің идеяларын қолдап, ұлттық спортымызды дәріптеуге мүмкіндік жасап беріп отырған облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Жайық өңіріне Нұрлан Асқарұлы Ноғаев басшы болып келген соңғы бірнеше жылдан бері Атырауда «Дарабоз» халықаралық турнирі қолға алына бастады. 2017 жылы басталған бұл турнирде ұлттық спортымыз дәріптеліп, түрлі жарыстар өткізіліп келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен аттарын баптап, «Дарабозға» ат қосамыз, сайысқа түсеміз, мергендік таластырамыз, ептілік танытамыз, тазы жүгіртіп, қазақ күресінен мықтылық көрсетеміз» деп келетіндердің саны жылдан-жылға артып келеді», — дейді Өнербай Жанбала ағамыз.
Ол «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің биыл Атырау жерінде өтуі – Ұлттық спорт түрлерін өңірлерде дамыта түсудің жаңа жолы болғанын айтады.
«Жылда «Алтын тұлпар» Елорда маңында өтетін. Биыл алғаш рет Жайық жағасында өтті. Негізі ұлттық спорт біздің Атырау өңірінде кенжелеу қалған жер еді. Аталған аламанның «Дарабозбен» қатар өтуі үлкен жетістік деуге болады. Одан бөлек бұл үлкен абыроймен бірге, үлкен жауапкершілік екенін де ұмытпаған жөн», — дейді ол.
Өнербай Жанбала ағамыз Атырау өңірінде ұлттық спорттың дамуына, қалыптасуына, бүгінгідей дәрежеге көтерілуіне тер төккен азаматтардың еңдегі де ересен екенін айтты.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Төкен Жұмағұлов, Қайыржан Балжігітов қатарлы азаматтармен бірге осы өңірде ат спортын қолға алған едік. Бүгінде қатарымыз көбейіп, соңымыздан ерген жастардың да саны артып келеді. Облысымыздың барлық ауданынан ат бапкерлері қосылып жатыр. Бұл өте қуанышты жағдай. Ұлттық спорттың басқа түрлері де тура осындай деңгейде алға жылжып келеді. Аударыспақтың да, теңге ілу мен жамбы атудың да, бүркітшілік пен тазы жүгіртудің де өз көрермені қалыптасып, өз бәсекелестері анықталған деуге болады», — дейді ол.
Ұлттық спорттың жағдайына тоқталған, оған көңілі толатынын білдірген Өнербай Жанбала ағамыз, әңгіме барысын қазіргі атбегілікке, ат баптау өнеріне қарай ойыстырды.
«Бірінші атты таңдай білген дұрыс. Ал атты таңдау үшін аттың сынын білу керек. Қазақ бұрын «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дейтін. Қазіргі кезде «қан да шабады» дейтін болды. Қан деп отырғанымыз, асыл тұқымды ма, тегінде таза қанды жылқының қаны бар ма дегені ғой. Аттың қаны болмаса, оны қанша баптасаңыз да, ештеңе шықпайды. Әрине, бап та керек, бақ та керек, дегенмен қан болмаса болмайды. Сондықтан бәйге атын таңдаған кезде қанына да мән беру керек», — дейді қарт атбегі.
Оның айтуына қарағанда жүйрік аттың бабында оның жынысына, тұқымына, жасына байланысты қатып қалған қағида жоқ.
«Әр атқа жеке бап керек. Бұрынғы кезде қазақы жылқы, қазақы жүйріктер көп болды. Соңғы кезде жаңа жоғарыда айтқанымдай, қан болуы керек деп, таза қанды ағылшын, араб тұқымды жылқыларды, солардың будандарын көбейттік. Ал кезінде қазақы жүйріктерді бір-екі апта мініп, бір-екі рет ащы терін алып, қалаған бәйгемізге қоса беретін едік. Қазір олай емес. Жақсылап жілік майын толтырып, семіртіп барып, сарытап қылып міну керек. Көп мінілген ат – аяғын бермейді, яғни бәйгеден кейін ақсамайды. Әрине, шаршап тұрып қалуы мүмкін, бірақ аяғын, сіңірін, бермейді», — дейді Өнербай ағамыз.
Осы орайда, Өнербай ағамыздан ат таңдаудағы өз тәжірибесі жайлы сұраудың сәті түсті.
«Ат таңдаудың тоқсан түрлі талабы бар десек болады. Өз басым жүйрік жылқының белі қайқы, ұзын болғаннан гөрі, тұрқы қысқа болғанын жөн көремін. Қысқа бел, сауыры кең, салқы төс, сағағы кең, жұдырық сиятындай алшақ болса, құйма тұяқ, құлағы, мойны, басы, көзі барлығы бір-бірімен үндесіп жатса. Дегенмен, мен айтқан талаптың бәрі бір аттың бойынан табыла қоюы қиын. Болмағанда осы айтылған талаптардың 50 пайызы кездессе, бұл жаман ат болмағаны», — дейді кәнігі көз атсейіс.
Сонымен қатар ол қазіргі таза қандылардың көбейуі қазақы жүйріктердің жарыққа шығуына кедергі келтіре алмайтынын айтты.
«Қазақы жылқы өз бағасын жоғалтпайды. «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі 51 шақырым. Мұнда алысқа шыдамды, қазақы қолтума жүйріктер қосылады. Таза қандылар бұған шыдамайды. Сондықтан да, жақын қашықтықта дызетпелердің бағы жанса, алысқа сермегенде қазақы жүйріктердің бәсі жоғары болары сөзсіз», — дейді ұзақ жылдан бері жүйрік баптап, талай бәйгеде қанжығасы майланған ағамыз.
Сөз реті келгенде Өнербай ағамыздан қазіргі бапкерлердің бәйгеге қосар атына дәрі егетіні жайлы, допинг қолданатыны жайлы сұрадық.
«Мәселе олар қандай дәрі қолданатынында. Қазіргі кезде жылқыға қолданатын дәрінің түрі көбейді. Ал оны нақты білмейтін, сырттай көрген қарапайым халық, жүйрік атына допинг салады екен дейді. Мысалы, адам баласының да ағзасын дәрумендермен толтыру мақсатында түрлі дәрілер, дәрумендер қолданады ғой. Сол секілді глюкоза, аскорбинка, физраствор қатарлы дәрумендік сұйықтарды система ретінде құяды. Бұл допингке қатысы жоқ. Иә, допинг пайдаланатындар да бар деп естимін. Өзім көрген емеспін. Елімізде ұшқыр бәйгелерде допингтен тексеріледі, ал біздің аламанда, топ бәйгеде допингтен тексеру жоқ және оны қолданып жүрген атбегі де жоқ. Сондықтан жылқы қанына құйылатын дәрумендік сұйықтар мен допингті шатыстырмаған жөн», — дейді Өнербай Жанбала ағамыз.
Әңгіме барысында атбегі қазіргі алыс қашықтыққа ат жүгіртіп жүргендердің жайына да тоқталды. Әсіресе 90-100 шақырымға, тіпті жүзден алыс қашықтыққа ат мойнын талдырып жүрген атбегілердің әрекетіне көңіл аударды.
«90 шақырымнан алысқа ат шаптырудың өз тәртібі бар. Әрбір 30 шақырым сайын демалып, аттың жай-күйін бақылап, демігін басып, аптығы қайтқан соң қайта жалғастырады. Осылай межелі шақырымды жүріп өткенше, ат пен адамның төзімін тексере отырып жүріп өтеді. Ал мұндай форматтағы бәйгені мен онша қабылдай алмаймын. Бізде мұндай бәйгенің өткенін өз басым қол көрмеймін. Өзіміздің қазіргі ең ұзақ бәйгеміз 51 шақырым бар, бұдан бұрынырақта 70-80-ге де жіберіп жүрдік. Осы өзіміздің ұлттық аламанымызды сақтап, соны дамытып алсақ, соның өзі үлкен еңбек болар еді. Ал жаңағы демала-шабатын бәйге бізге сырттан келіп жатыр. Өзіміздің таңсығымыз барда, өзгенің қаңсығын не қыламыз? Тіпті, бұл «кірме бәйге» осылай жалғасып, дәріптеле берсе, біздің аламанымыз бен топ бәйгемізге де кесірін тигізуі мүмкін ғой», — деген өз қаупін де айтып қалды атбегі ағамыз.
Өнербай ағамыз қазіргі кезде атбегілер үшін ең үлкен мәселеге айналып кеткен шабандоз бала табу, оны тәрбиелеу жайына айрықша тоқталды.
«Қазіргі кезде шабандоз бала табу қиын. Бәйгеге ыңғайлы, шыдамды, жылқыға бейімі бар шабандоз табу – қазіргі атбегілердің барлығында бар мәселе. Әрине, бала бар, бірақ саналы бала болуы керек. Ол астындағы аттың шамасын, шабысын, терлеуін, тіпті аттың демін сезініп отыратын бала болуы керек. А деп шыққаннан бар күшін сарқып, соңғы айналымға жетпей тоқтап қалатын аттар болады, немесе басында жүгірмей, соңында қыза шабатын аттар болады. Соның барлығын тақымынан танып, бақылауда ұстай білетін бала болуы керек. Жалпы шабандоз деген есептің адамы болуы керек. Есепсіз шабандоз – есек мінгендей болады», — дейді ағамыз.
Осы орайда «біз неге шабандоз баласыз қалдық?» деген сұрақ қойылуы заңды еді.
«Бала жоқ емес, бала көп. Бұрын ауылдық жерлерде, тіпті кейбір қаланың балалары да атқа мінуге құмар болатын. Ал қазір керісінше, баланың бәрі компютер мен телефонға алданып қалды. Біздің кезіміздегідей аттан басқа ермек қылатын ештеңесі жоқ болып отырған жоқ. Біз мінуге ат таппай жүретінбіз. Қазіргілер керісінше аттан қорқатын деңгейге жетті. Телевизорды қосып, қолына сотка мен компютерді ұстатып қойдық. Енді ондай баладан қандай шабандоз шығуы мүмкін?», — деген атбегі өзі де қазір осы мәселемен айналысып, артынан ерген жастарды тәрбиелеп жүр.
Оның қатарынан табылып, қасына ерген жігіттер де осал емес. Өз балалары да, өзгенің балалары да Өнербай Жанбала ағамызды ұстаз тұтып, ізін басып, ісін жалғауға әзір.
«Асланбек, Жандарбек қатарлы өз балаларым осы ұлттық спортымыздың маңында жүр. Асланбек – «Дарабоз» турнирнің ұйымдастырушысы. Биыл бірінші сыныпқа барған немерем 4-5 жасынан бастап атқа мініп, бәйгеге қатысып жүр. Одан бөлек қасымызда жүріп осы өнердің, осы спорттың қыр-сырын меңгеріп, өздері де ат баптап, талпынып, талаптанып жүрген жігіттер аз емес», — дейді ұлттық спорттың ардагері тоқмейіл көңілмен.
Қазіргі бәйге өткізушілердің бір әрекеті өзі де ат баптап, аламаннан ат оздырып жүрген бапкердің көңіліне томпақ келеді екен. Өнербай ағамыз оны да жасырмады.
«Құдайға шүкір, қазір бәйге өткізіп, аламанға ат қосатындар көбейді. Бірақ солардың ортасында бір мәселе бар. Кейде осы біздің Атырауда да қылаң беріп қалады. Ол қандай мәселе деп отырсың ғой. Мысалы, бір аудан бәйге ұйымдастырады, ұйымдастырушы «өзге облыстың, өзге ауданның тіпті көрші отырған екі ауыл бір-бірінің атын қостырмаймыз дейтін келеңсіз жағдайларға куәміз» дейді. Бұл біздің ата-баба салт-дәстүрімізге жат қылық. Керісінше бәйге болып жатса ер-тоқымын сыпырып тастап, астындағы атын қосып жіберетін халықтың ұрпағымыз. Бұл дегенің екі елді, ауылды бірлікке, татулыққа шақырғаннан гөрі, бір-бірінен алыстататыны сөзсіз. Бұл іштарлық па, қызғаныш па, түсіне алмадым. Өз басым мұндай жағдайға қарсымын. Қазақ дәстүрінде бәйгеге ат қостырмау деген жоқ. Бұл жақсы емес. Себебі бәйге, той, ас жалпыға ортақ. Осы мәселені қаперде ұстау керек. Менің ойымша, бұл жерде жүлде қоры әсер етіп отырған секілді. Мысалы бас жүлдеге машина тігіледі. «Дүние – көздің құрты», бәрі соны алғысы келеді. Содан барып, жүлде басқаға кетпес үшін, өздері ғана бәйге өткізеді. Мәселе жеке адамның жасап жатқан тойы (сүндет той, бесік той, мерей той) болса той иесінің өзіннің еркі, дегенмен көрермен халық үлкен бәсекедегі жарыс көргісі келеді. Неге бірігіп, жоғарғы дәрежедегі, бәсекеге лайықты жарыс ұйымдастырмасқа?!», — дейді қарт бапкер
Әңгіме ауаны жүлде қорына қарай ойысқанда көңіліміздегі бір сұрақты қойып үлгердік. Ол – қазіргі кезде айтарлықтай өсіп кеткен жүлде қоры жайлы болатын.
«Ешкімнің қалтасын санайық деп отырған жоқпыз ғой, бірақ жүлде көбейген сайын бұл спортқа қызығушылар саны да арта түседі ғой деп ойлаймын. Оным негізсіз де емес, қазір ат баптап, бәйгеге ат қосатын атбегілер саны артып келеді. Жақсы жүлде алып, пайда көрмесе де, өз нәпақасын табуды ойламайтын жан жоқ. Сол үшін жақсы ат сатып алып, ұлттық спортымызға жұмыс істейтін жігіттер қатары көбейді. Ат дайындаудың машақаты аз емес, нағыз «инемен құдық қазғандай» жұмыс қой бұл. Соған төзіп, қызығы мен қиыншылығына, қуанышы мен жұбанышына қатар шыдап жүру де бағалауға тұрарлық еңбек. Ал осы еңбектің өтеуі ретінде бәйгеге тігілер жүлденің де қомақты бола түсуі қалыпты жағдай», -дейді ол.
Өнербай Жанбала ағамызбен әңгімелесу барысында біраз мәнге қанықтық. «Қазір баяғы балаларымыз мініп, ақындарымыз жырға қосқан сәйгүліктер жоқ. Сондықтан да қан араластырып, буданнан қазақыны қайта түлету заман талабы. Сондықтанда таза қанды жүйріктерден де өзімізге керегін ала білуіміз керек», — деп әңгімесін аяқтады ағамыз.