Көшім жылқысының қысқаша тарихы

7565

Қазіргі таңда еліміздің жылқы саласындағы басты қызығушылық – ет пен сүт өнімін мол беретін, өндіріс шығыны аз, ұлттық ойынымыз «Көкпарға» жарайтын қазақы жылқыны өсіру.

Кеңестік кезде Қазақстандағы табынды жылқы шаруашылығының сапасын арттыру мақсатында, селекционер-ғалымдар тұқымаралық будандастыру жұмыстарын ұйымдастыру кеңінен қолданды. Тіршілік ету ортасына жақсы бейімделген жергілікті қазақы жылқының биелерін, шабысы жақсы, ірі денелі зауыттық жылқы тұқымдарының айғырларымен шағылыстыру арқылы қазақы жылқыларға қарағанда ірілеу келген, бейімделу қабілеті кем түспейтін будандар ала бастады. Осындай селекциялық жұмыстар нәтижесінде, ғылыми түрде айтсақ, жергілікті қазақы биелерді таза қанды мініс, дон, орыстың желісті жылқы тұқымдарының аталықтарымен күрделі зауыттық будандастыру арқылы алынған ұрпақтарын «өзара өсіру» негізінде жаңа көшім тұқымдық топ жылқыларын шығарды.

Koshim

Тұқымды шығару жұмыстары 1930-1931 жылдары жылқы табынын өсіру мақсатында, жылқы зауыттарын салудан бастау алады. Мысалы Орал облысындағы №51 Пятимарск, №67 Урдинск және Ақтөбе облысындағы №52 «Эмбі». Сонымен қатар, Орал обылысында 1935 жылы №117, 1943 жылы №28 Фурманов және 1945 жылы №103 Чапаев атындағы жылқы зауыттары салынады.

1950 жылдары жылқы зауыттарында қайта ұйымдастыру жүргізіледі де, №67 зауыт №103 жылқы зауытының территориясына көшіріледі. Тың игеру басталғаннан кейін, көшім тұқымды жылқыларды шығарумен айналысатын басты жылқы шаруашылығы ретінде Пятимар және Фурманов жылқы зауыттары ғана қалды.

Алынған будандарды ұрпақтан-ұрпаққа жетілдіре отырып, 1976 жылы «Көшім» жылқы тұқымы қалыптасты.

Көшім тұқымды жылқыларды шығару тарихын М.Н.Борисов, В.В.Степачев қатарлы ғалымдар төрт кезеңге негіздейді:

Біріншісі 1931-1937 жалдар;

Екіншісі 1937 жылдан 1957 жылға дейін;

Үшіншісі 1957 және 1963 жыл аралығы;

Төртіншісі 1963 және 1976 жылдар аралығы.

Koshim1

Бұл тұқымның тұқымдық айғырларының орташа шоқтық биіктігі 158,0 см; дене қиғаш ұзындығы 160,0 см; кеуде орамы 185,0 см; жіліншік орамы 20,0 см және тірілей салмағы 530-570 кг-ды құраса, биелерінде шоқтық биіктігі 155,0 см; дене қиғаш ұзындығы 158,0 см; кеуде орамы 185,0 см; жіліншік орамы 19,0 см және тірілей салмағы 550 кг-ға сай келеді.

1986-1989 жылдары селекционер-ғалым А.Р.Әкімбеков «Көшім» жылқысының мемлекеттік тұқым мал кітабының (МТК) 2-томын баспадан шығарады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдары селекционер-ғалым С.С.Рзабаевтың басшылығымен Қазақтың «Көшім» тұқымында бірінші рет «Крепыш» және «Гром» асыл тұқымды айғырларының аталық іздері қалыптасты (патент № 187, патент № 186, авторлық куәлік 769,775; 2011 жыл).

2012 жылы Орал популяциясында жаңа Ласковый, Хитрец және Байкал аталық іздері апробацияланды.

Көшім жылқысы жайылымда жақсы семіреді. Бордақылаған жылқыларды сойғанда 53-55% ет шығымын береді. Жұмысқа көнбіс, Дикарь және Могучий деген айғырлар салт мінгенде бір тәулікте 280 км-ден астам, ал жеңіл арбаға жегілген Каток деген ат 294 км жер жүрген.

Көшім тұқым тобындағы жылқылар өздерінің құрамы жағынан бір тектес емес: жақсартушы заводтық тұқымдардың бағалы қасиеттері де, қазақы жылқының күй таңдамайтын жақсы қасиеттері де үйлесе біткен жылқылар кездеседі. Сонымен қатар нәзік денелі салт мінуге келетін де, сондай-ақ тым ірілері де, жалпақ-шомбал біткен, салмақты – етті жылқылар да кездеседі.

Koshim3

Көшім жылқысының конституциясы:

Бас пішіні едәуір үлкен болғанымен, дөрекі емес, мойынының ұзындығы орташа, шоқтығы етті, жарасымды біткен, көкірек сарайы кең, алшақ төс, кең омырау, қабырғалары шеңберлі, арқасы тегіс, жазық, өрелі, белді, толымды біткен (кейде қайқы белділеріде кездесіп қалады), сауыры сом етті бірақ кейбір биелердің сауырлары жеткілікті толымды болмайды, аяқтары орташа сүйекті.

Қазір көшім тұқымының негізгі топтары:

Батыс Қазақстан облысында «И.Сергазиев», «Көшім», «Сабит» ЖШС-ында;

Ақтөбе облысының бірқатар аудандары мен «ТS Агро» ЖШС-ында;

Ақмола облысында «Масақпай» ЖШС-ында;

Алматы облысында «Байсерке-Агро» ЖШС жылқы шаруашылықтарында және тағы басқа шаруашылықтарда өсіріледі.

Көшім жылқы тұқымы бойынша соңғы ғылыми жетістік 2018 жылда болды.

Koshim4

Бүгінгі таңда Ақтөбе обылысы бойынша көшім жылқы тұқымын одан әрі ғылымның озық технологиялары мен жетістіктерін кеңінен пайдалану арқылы асылдандыру жұмыстарын жоспарлы және мақсатты түрде жүргізіліп келеді.

Көп жылғы ғылыми негізделген селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс нәтижесінде көшім тұқымды жылқыларының Ақтөбе популяциясының асыл тұқымдық және өнімділік сапасын арттыру мақсатында алғаш рет жаңа тұқымішілік түрі «Ақтөбе-Мамыр» апробацияланды. (Патент № 858. 20.12.2018 жыл).

Аталған барлық тип тұқымдық айғырлардан бастау алатын, ата-тегінің шежіресі анықталып қаланған, ұрпақтарынан зауыттық аталық іздері қалыптасқан және оларды ары қарай жетілдіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіне келсек, «Көшім» жылқысын жетілдіруде атқарылған жұмыстардың жемісті жеңісі деп төмендегі патенттер тізімін айта аламыз:

  1. Рзабаев С.С. және т.б. Көшім тұқымында Крепыш зауыттық аталық із апробацияланды (патент № 187), 27.01.2011жыл.
  2. Рзабаев С.С. және т.б. Көшім тұқымында Гром зауыттық аталық із апробацияланды (патент №186), 27.01.2011жыл.
  3. Рзабаев С.С. және т.б. Көшім тұқымында Самоцвет зауыттық аталық із апробацияланды (патент № 586), 27.01.2015 жыл.
  4. Степачев В.В.және т.б. Көшім тұқымында Хитрец зауыттық аталық із апробацияланды Патент №325. 24.06.2013 жыл.
  5. Степачев В.В. және т.б. Көшім тұқымында Ласково зауыттық аталық із апробацияланды Патент №324. 24.06.2013 жыл.
  6. Степачев В.В.және т.б. Көшім тұқымында Байкал зауыттық аталық із апробацияланды Патент №323. 24.06.2013 жыл.
  7. Степачев В.В. және т.б. Көшім жылқысының Жанақала зауыттық типі апробацияланды Патент № 600. 24.06.2016 жыл.
  8. Рзабаев С.С. және т.б. Көшім тұқымында жаңа тұқымішілік түрі «Ақтөбе – Мамыр» апробацияланды Патент № 858. 20.12.2018 жыл.

Khairat I.Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
доцент Қайрат Исхан

argymaq.kz

3 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.