Бәсіренің психологиялық мәні
Жақында психолог Нұргүл Молдабайқызы мен Argymaq.kz порталының Бас редакторы Ержан Жаубайдың бірлесіп жазған «Қазақтың жазылмаған психологиясы» атты кітабы жарық көрген болатын. Аталған еңбекте ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындардың психологиялық мәніне талдау жасалған еді. Ұлттық руханиятымызға қосылған құнды еңбекте халқымыздың жылқы малына қатысты да салт-дәстүрлері сараланды. Солардың бірі — «Бәсіре».
Бәсіре – қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты.
Бәсіре беру немесе бәсіре атау қазақ халқынан басқа ұлттарда кездеспейді.
Қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды.
Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла ғып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады.
Бұл салттың түпкі негізінде көшпелі өмір салтын ұстанатын, малмен күн көрген халықтың өз ұрпағын малға жанашыр, малсақ болып өссін деген ниет жатыр.
Баласына бәсіре тауып беруді барлық әке өз мойнына алған. Кедейшілікпен күн көрген жандар баласына бәсіре тауып беру үшін бар өмірін бай малын бағуға арнағаны жайлы әдебиеттерден оқып өстік.
Қазақтың тағы бір салты бала 7 жасқа келгенде сүндеттелетін мұсылманшылық ғұрпы. Осы жасқа келгенде баланың бәсіресіне мінгізіп, ауыл-елді сүндет тойға шақыратын болған.
Психологиялық мәні:
Бұл салттың бергі жағында жыныс пен гендерлік бөліп-жару туралы дүние жатқан сияқты болып көрінеді. Алайда, қазақ қыз бен ұлды бөле-жармай, «ұрпақ» деп қарағанын естен шығармау керек.
Бір жағынан, бәсіре – адам баласын әлемдегі өз ризық-несібесі дайын екендігіне сендірген. Неліктен бәсіре тек ұл балаға беріледі? Себебі, қыз баланың несібесі оның артынан апаратын жасауы ретінде бөлек жиналады. Яғни, уақыт пен заман талабына сай, халқымызда ұл балаға шаңырақтың иесі, түздің адамы ретінде қарап, тіршілігінің негізі бес түлік аталса, қыз балаға шаңырақтың ішкі сәні ретінде қарап, жасау жинаған.
Сонымен бірге, бұл салт арқылы, ата-ана ер баланың жынысына емес, оның миссиясы мен халқының алдындағы міндеттерін ұғынып, соны астарлап жеткізгендігін көреміз.
Жоғарыда айтылғандай, бәсіре – қазақтың тұрмыс-тіршілігінің сипатына байланысты пайда болған салт. Қазақтың тұрмыс-тіршілігі көшпелілік пен мал шарушалығына, оның қиындығына байланысты. Мал бағумен көбінесе ер адамдар айналысқан.
Бір қозы туғанда, бір түп жусанның артық шығатындығы сияқты, ұл бала дүниеге келгенде құлын мен ботаның туылғанын жақсыға жорып, ата-ана ұлының бұғанасы қатайған шағында өз малына жауапкершілікпен қарауды үйреткен. Сонымен бірге, баланың айтқанды емес, көргенін жасайтынын ұғынып, өз малы – құлыны немесе ботасына әлі жеткенше қарауы арқылы, ата кәсібі – мал бағуға үйреткен. Бұл салт қазіргі кезде де өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Себебі, қазіргі психологтар, баланың мал-мүлікке қатынасын жастайынан қалыптастырудың маңыздылығын айтады.
Қазақ жаугершілік замандарды басынан көп өткергендігі сонша – ер адамдарға буыны бекімеген жас кезі былай тұрсын, шыр етіп жөргекке түскен күннен бастап, талап-тілектерін бәсіре арқылы ыммен жеткізген. Қыз балаға өмірлік мүмкіндігі – өмір жалғастыру екендігін онсыз да түсініп, балаларды жауапкершілік призмасы арқылы тәрбиелеуге тырысқан.
Ұл баланың өз бәсіресіне мініп, сүндет тойына шақыруының да өзіндік астары бар. Америкалық психолог Н. Чадороу ұл бала 4-6 жасқа дейін гендерлік дамуы барысында қиындықтарға кездесетіндігін, сондықтан гиперактивтілік, бір орында отыра алмау, жиі ауыра беру сияқты қиындықтармен кездесетіндігін, осы тұста ұл балаға ата-ана тарапынан көмек керектігін алға тартады. Ал бұл жаста қыз балалар өз жынысына қатысты қиындықтармен кездесетіндігін айтады. Осы кезде ер балаға әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық тұрғыдан өз жынысына қатынасы мен ерекшеліктерін мойындауына ата-ана тарапынан көмек керектігін алға тартады[1]. Сондықтан, бәсіре ұл баланың өзінің гендерлік және әлеуметтік келбетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті сезінуіне, өз табиғатына сай өмір сүруіне ықпал етеді.
[1] Дусказиева Ж.Г. Гендерная психология: учебное пособие. Красноярск, 2010. – 108 с.
«Қазақтың жазылмаған психологиясы» кітабынан
Кітапқа қызығушылық танытып, сатып аламын деген оқырман +77021352525 телефонына хабарлассын.