Жарас КЕМЕЛЖАН. «Шегіртке»

7940

Ескі альбомдарымның арасынан сыры көшкен көне сурет тауып алдым. «Шегірткенің» бәйгеден бірінші келген кезінде түсіріліпті…
Ол құстай ұшқыр еді. Бірақ қияңқы, мінезді болатын. Әкем үйретіп берген. Мені баласына ма, ықыма көнбейтін-ді.
«Шегірткенің» алғашқы бәйгесі ауылдың басындағы Көктөбеде болды. Бұл денесі шаршы, тұрқы қысқа, шапқанда еліктей төрт аяғын тең тастайтын. Бірақ шауып бара жатып жалт беретін, орғып, секіріп кететін тосын мінезі бар-ды. Алғашқы бәйгеде сол әдетіне басты. Жеті жастағы баламын ғой, шаң қауып қалдым. Шабандозсыз шапқан «Шегіртке» көмбеге арқан бойы озып келді. Сол аламаннан кейін оның даңқы бүкіл ауылға тарады. «Шегіртке» бәленшенің «Сұрқоянынан» озыпты». «Көрші ауылдың «Қасқырына» жеткізбепті» деген сияқты алып-қашпа әңгіме ауыл-ауылды аралап жатты.
Сол жазда «Шегіртке» қатарынан бірнеше бәйге алды. Ең даңықты жүлде — облыс көлемінде өткізілген еді. Нақты санын білмеймін, додаға 200 дей шабанодоз қатысты-ау деймін.
Төрешінің қолындағы жалау қалай түсті, қалың қиқу жер-көкті дүркіретіп ала жөнелгені. Менің «Шегірткем» секең-секең етіп секіріп келеді. Алдым да, артым да қою шаң. Ұзақ шаптық. «Шегірткемен» бірге мен де секеңдеп келе жатқандаймын. Бір кезде көз алдым жарқ етті. Сөйтсем, жүйірігім аламанның алдына бір-ақ секіріпті ғой. Сағымдай ұшып келеді. Артым — әкемнің бишігі сияқты ұзыннан-ұзақ созылып жатыр.
Қуанып келем. Көз жасым жүзімді жуып кеткен. «Шегірткем» тағы бір бір-екі секірсе, көмбеге топ ете түсемін. Сонша ақтер, көктер болғанда аяқ астынан оқыс мінезіне басып, еңбегім еш кетпесе екен деп те ойлап үлгердім. Бірақ бұл жолы менің ығыма жығылған сияқты. Ишарамды түсініп келеді. «Шегірткенің» жүлдесіне қуанбаған жан жоқ. Көмбеден мені де, жүйірігімді де ауылдың жігіттері көтеріп әкетті…
Алғашқы қар жауған. «Шегірткені» үйге әкеліп алайық деп әкемнің құлақ етін жеп жүрмін. Бір күні кешке үйге көкем келді. Түсі суық. «Шегірткені» итқұс жеп кетіпті» – деді, қамшысын екі бүктеп, етігін қағып жатып. Оттың түбінде кітап оқып отырғам. Еңіреп жылап жібердім. Әжем байқұс: «Құдай-оу, сол «Шегірткеде» не ет бар дейсің? Ол – шегірткедей ғана бірдеме емес пе» — деп жатыр.
«Шегіртке» – шегіртке емес, ол маңдайында аққан қасқасы бар, жирен құнан. Шапқанда шегіртке сияқты секіретін. Сонысына бола әкем «Шегіртке» атап кетіп еді. Жануарым көктемге ілінбеді. Әкем: «Дөнен шықса, денесінің шаршылығына қарамай, үйірге саламын. Жақсы жылқының тұқымы» – дейтін.

10817257_618834091572824_800749720_oЖарас Кемелжан. (Автордың жеке парақшасынан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.