Жылқыда кездесетін аурулар және оны емдеу

168647

Жылқы аурулары – жұқпалы, жұқпайтын және құрт аурулары болып бөлінеді.
Жұқпалы ауруларға: маңқа, сақау, сарып, құтыру, делбе, жамандау, сіреспе, жегі, күл, т.б. жатады.
Жұқпайтын ауруларға: желінсау, боғмала, қыршаңқы, буын-құрт, өлі тию, жауыр, жем түсу, қашақ, өкпе ісіну, т.б. жатады.
Құрт ауруларына: киеңкі, қарақаптал, су ауру, қотыр, ішек-құрт аурулары, т.б. жатады.
Көнеден бері мал шаруашылығымен айналысып келген қазақ жылқының дерт-дербезін тани білген оны емдеуге шебер болған. Қазіргідей дәрі-дәрмек тапшы, ветеринарлық медицина дамымаған заманда қазақтар жылқы түлігін өздері емдеп-сауықтырып, аурудан айықтыра алатын қабілеті болған.

atfhgjhjСілікпе дерті
Белгісі. Шектен тыс шөлдегендіктен жылқы «сілікпе» дертіне шалдығады. Таңдайын тарта есінеп, желге ауызын тосады. Ауыздығын шайнап, ішін тартып күрсінеді, танау қуысы қуқылданып, қуырылып, қатпар түседі. Дүркін-дүркін аяқ астын тарпып иіскейді. Көзінен былшық аралас жас ағады. Екі бүйірін соғып, ауызы кеберсіп, тер басады. Сілікпеге ұрынған жылқы жағы қарысқандықтан су жұта алмайды, жұтқан суы танауынан ағып кетеді. Бұндай жағдайда оны емдемесе жылқы өледі.
Емдеу тәсілі. Шөлдеген жылқыны судың басына (құдық, бұлақ, бастау, өзен, т.б.) әкеліп жел жаққа тұрғызып, алдымен судың салқын самалына соқтырады. Одан кейін денесіне су шашып, салқындаған соң күретамырынан аздап қан алады. Бұдан кейін жылқының аузына қамшының сабын жүгіртіп шөпжұлар маңдай тістерін қозғап, жағының қарысқанын ашады. Шаралар дұрыс атқарылса жылқы су ішеді. Бірақ қатты шөлдеген жылқыны қанғанша суаруға болмайды. Шала суарып судың басына басы суға жетпейтіндей етіп байлап қойған дұрыс.

Кесе басу
Белгісі. Атпен кенет тұра шапқанда немесе қарғығанда, оқыс секірткенде жылқы табиғи қозғалысынан жаңылып артқы аяғымен алдыңғы аяғының өкшесін, шашасын немесе шідерлігін басып алады. Егер кесе басқан жылқы тағалы болса, өте ауыр зақымданады. Қатты зақымданған жағдайда – жерсоғары, өкшесі, тақыр бақайы немесе шідерлігі дереу ісінеді. Тіпті сіңіріне зақым келуі мүмкін. Кесе басылған аяққа қан ұйып, сіңірі жаншылып, аяғына сарысу ұялайды, ыстықтың табы білінеді.
Емдеу тәсілі. Езілген тұзға түйенің шудасын малып сорбақта немесе ермен ерітіндісін тартады. Екі тәулік өткен соң немесе ісігі қайтқан кезде суыр болмаса мәліннің майын тартады. Орауышты күн сайын жаңалап отырған жөн. Егер іріңдеп, көлкілдесе шабақтап іріңін шығару керек. Кесе басу көпке дейін жазыла қоймайды. Қашан толық жазылғанша ол жылқыны мінбеген дұрыс. Бәйге аты аяғын кесе басқан жағдайда сол жылы бәйгеге қосуға жарамайды.

dfghfgjhfШеге тию
Белгісі. Атты тағалаған кезде шегені дұрыс қаға білмегендіктен, тәжірибесіздіктен, орашолақтықтан аттың тұрасына шеге тиеді. Шеге тию дегеніміз – таға шегесі тұраны жанап дүмпіп өтуі. Шеге тигеннің белгісі ат қатты тыпырлайды. Шегені суырып алғанда орнынан қан шығады. Шеге тиюден жарақат алған жылқы тұрғызғанда аяғын ақсап басады. Сілкінбейді. Шара қолданбаса, шеге тиген жер іріңдейді, аяғы ісініп қабынады. Ұстап көргенде күйіп тұрады.
Емдеу тәсілі. Тиген шегені қолма-қол суырып алып тастап, үңірейген орнына сақар (алаботаның қайнатылған күлі) тығып, тұяқты бітеулейді. Егер шегеден уыт қалмаған болса дереу жазылып кетеді. Ал, шегеден уыт қалып асқынған жағдайда шегенің орнын ойып тұрадағы іріңді, бұзылған қанды тазалап орнына тағы да қара сабын тығып емдейді.

Тұяқтан сасық алу
Белгісі. Қазіргі ат бапкерлері жүйрікті жазға салым наурыз-маусым айларында қолда жемдеп, семіртуді әдетке айналдыруда. Жылқыны байлаған орын таза тақыр болмаса, шылқылдап жатса, аттың тұяғы тез өсіп, аратұяққа айналады да, табаны күстеніп, күс қалыңдаған сайын бойына дым тартып, сасиды. Онымен қатар, тұяғы көстиіп өсіп, табанындағы жүрекшесі шұңқырайып, сол қуысқа лас топырақ тығылып бітеледі. Жүрекшеге тығылған заттар табанды шірітіп, кейде тұяқтың тұра қабатына уын жаяды.
Емдеу тәсілі. Тұяғы сасыған атты жығып, аяғын толық тазалап, шіріген, күс арам тұяқтарды жонады. Ірің алған болса ашып тазартады. Ірің кеулеген тесіктің орнына суырдың немесе мәліннің майын ысытып құяды. Тұяқтың сасығы жоғалып, жара жазылғанша берік былғарыдан жасалған тұяққап кигізген жөн.

Қан түсу
Белгісі. Шауып келген атты жарты сағат желге қарсы жетелеп, терін әбден кептіріп, ентігін басқан соң байлайды. Егер ыстықтай байланса, кеудесіне немесе аяғына қан түседі. Аяқтарын ұстап көргенде қан түскен аяқтың ыстығы қолға анық білінеді. Қан түскендігі дереу білінсе емдеу оңай. Егер кешіктірілсе, емдеу қиын.
Емдеу тәсілі. Шашаның барлауынан қан алады. Жіліншікті шылбырмен буындырған кезде бақайдың барлау тамыры бадырайып шыға келеді. Өткір қандауырмен барлауды шетіп (жеңіл қанату) қан ағызады. 250 грамм мөлшерінде қан алынады. Барлаудың шетілген орнын бармақпен басып қанды тоқтатады да атты бауырына дейін келетін ағын суға байлап күн таластырады. Аяққа түскен қан толық жазылады. Ал, қан кеудеге түскен болса, ат кем болып қалуы ықтимал.

Сырға таю
Белгісі. Жылқы жайбарақат аяңдап келе жатып немесе бүлкілдеп желіп келе жатып та аяғының (тұяғының) ұшымен басып алған кезде тобығы орнынан қозғалып немесе тайып кетеді. Мұны «сырға таю» деп атайды. Сырғасы тайған ат артқы аяғынан шойнаңдап қалады. Тұрғанда ауру аяғын көтеріп, сау аяғына салмақ салып тұрады.
Емдеу тәсілі. Сау аяғының бақайынан арқан байлап қуалап желдіреді. Желіп бара жатқан кезде арқанды ірке тартады. Сол кезде ауру аяқпен жер тіреп, салмақ салып, дұрыс басуға мәжбүр болады, әрі осы кезде сырғасы да орнына түседі. Арқанды тартқанда өте абайлаған жөн. Әйтпесе сау аяғының сіңірі созылып, мертігіп қалуы ықтимал. Сондықтан да сау аяқтың тірсегін шүберекпен тартып орап байлап тастайды. Ат амалсыздан ауру аяққа салмақ салады да тайған сырғаны өздігінен орынына түсіре алады.

hfgghjgjkjhАқбас
Белгісі. Бұл сарып ауруының жылқыда болатын түрі. Аса зардапты, зілді дерт. Жылқы тұяғының құндыздығынан бөртіп шығады. Тұяқ құндыздығын қолмен сипағанда қолға ыстық табы білінеді. Әсіресе, аурудың алғаш пайда болған тұсы ыстығырақ болады. Сол жерді мұқият сипаса, тері астында тұрған бидайдай түйір қолға білінеді. Осы түйір алғаш пайда болғанда жылқы аяғын жерге тигізбей көтеріп қатты ауырсынады. Жайылмайды, іші қабысып жарай бастайды. Оны дер кезінде емдемесе ісініп, қабынады. Тұяқ ішін ірің кеулеп, тұра мен қара тұяқ арасы іріңге толады да көбесінен сөгіліп, қара тұяқ бөлек түсіп, жылқы қазық аяқ болып қалады.
Емдеу тәсілі. Дерттің дәл үстінен қандауырмен тіліп кесірлі түйіршікті алып тастайды. Тілінген жерге бұршақтай уқорғасын немесе бидайдай тотияйын тығып емдейді. Егер құндыздықтағы дертті дәл тауып ала алмаған жағдайда, қойдың алақандай құйрық майын күйгізіп талқандалған тотияйынды сеуіп құндыздықты айналдыра орап тастайды. Май қосылған тотияйын заһарлы дерттің зардабын басады, бірте-бірте сырқат жазылады.

Түтігу
Белгісі. Қара жарыстарда тері дұрыс алынбаған семіз жүйрік аламан бәйгенің алыс жолында оттегі жетіспегендіктен көмірқышқыл газына улануын түтігу немесе тығылу дейді. Түтіккен жылқының тыныс жолы тарылатындықтан организмге қажетті ауаны сырттан толық қабылдай алмауы себепті, өкпедегі көмір қышқыл газын сыртқа толық шығара алмайды. Сөйтіп ауаның ішке жиналған көмірқышқыл газы – әуелі қантамырларын, нерв жүйелерін уландырады. Аттың шабысы саябырлап төрт аяғы төрт жаққа кетеді, қарасуға түсіп терлейді немесе тер шықпайды, аузы-мұрнынан қанды көбік ағады. Ақыры әлсіреп жығылады. Құлаған аттың аузы арандай ашылып, немесе жағы қарысып қалады. Мұрнынан қан ағады, танауы қусырылып, бөбежігі жабылады, демалысы азаяды, көздері қанталап кетеді.
Емдеу тәсілі. Әуелі басын желге қаратып, жағы қарысып қалған болса аузын күшпен ашып, оқтаудан сәл жуандау ағаш қазық тістетіп, қолмен бөбежігін тартып, тыныс жолын ашу керек. Жүрек тұсын басып уқалап алдыңғы аяқтарын қозғап, жасанды жолмен дем алдыру қажет. Маңдай және төс сүйектің ақшершеу тұсының терісін 5 см мөлшерінде тігінен тіліп, құйрықтың ұшынан, қолаңсаның барлауынан қан алып, құлағына су тамызған дұрыс.

fdgghfghjgjkҚарта түйілу
Белгісі. Қазақ, «шабар аттың тоғы игі» деп бекер айтпаған. Өйткені, бәйге жолына аш күйінде шығарған жылқының қартасына жел толып, шапқан кезде бос қарта біріне-бірі сұғынып кетеді. Мұндай дертті қарта түйілу немесе қарта түсу деп атайды. Қартасы түйілген ат көмбеге жетер-жетпесте жығылып кетеді. Көзі алақтап, шалқалап аунай береді. Өз қабырғасын өзі тістейді. Бұлшық еттері дірілдеп тұрады. Тұрғызғанда шоңқайып отырып қалады.
Емдеу тәсілі. Көтеншегіне қол салып көру керек. Егер түйілген қарта қол жететіндей жақында болса, ептеп тартып, түйіншегін жазып қалпына келтіруге болады. Ал, түйінге қол жетпесе, тік ішегінен сұйық май немесе қойдың ерітілген құйрық майын құю керек. Жаясына су шашып сіңірген жөн. Таңдайдан немесе тіл астынан қан алып, өз қанын өзіне жұтқызудың да игі әсері тиюі мүмкін. Ең бастысы, азықтандырған абзал.

Зорық
Белгісі. Семіз атты тоқтай қара жарысқа салып қинағанда немесе күнделікті мініс атын бағым-күтімсіз қинап шаршатқанда денедегі зат алмасу процесі бұзылып, ат зорығады. Сол сияқты қардың суымен суару, терлеп келіп ертоқымын алып жел қақтыру, суытпай суару немесе отқа қою сияқты бағым-күтімнің осалдығы да әсер етеді. Зорыққан жылқының қапталы немесе бауыр еті ісінеді. Мұрнынан қанды сарысу ағады. Жайылмайды. Ішін тартады. Жүргенде сенделіп, аяқтары шалынысады. Төрт аяғын көсіліп жата береді. Ісік шалған жерлер (қаптал, бауыр) тесіліп, қанды сарысу ағады.
Емдеу тәсілі. Кішкене ас қасықпен қара дәріні бір ожау суға езіп жұтқызады. Ісіп, домбыққан жерлерін өткір қандауырмен шабақтап қанды сарысуын ағызады. Шабақталған ісікке жаңа сойылған қой терісін тартып сорғызса тіптен жақсы. Атты әбден шөлдетіп алып, қою қара шаймен суарады. Киізбен жабулап, басын дорбамен тұмшалап, жас аршаның түтінімен ыстау керек. Осы кезде көзінен жас, мұрнынан су ағып, терлейді де зорығы шығып жазылып кетеді.

4221340_3Құмқата
Белгісі. Қалыпты жағдайдағы жылқының жеген жемі асқазанда қорытылып, ащы ішек арқылы денеге сіңіп, қажетсіз бөлігі қартада құмақ болып қалыптасып, әрі қарай тік ішекке өтіп сыртқа шығуға тиісті. Осы процесті бұзатын құмқата ауруы.
Құмқатаның көбірек кездесетін мерзімі жайылымның оты таусылған қыстың соңғы кезі. Жылқы ашыққанда жусанды түбірімен жұлып алады да, жерге әрлі-берлі үйкеп, күртілдете шайнайды. Оның ішінде жас топырақ та кетіп жатады. Қиыршық, ұсақ тас, топырақ араласқан қасат қарды да обырлана жейді. Қыста ащылы жерді қар басып қалады да көктемде алдымен қараяды. Ащылаған жылқы жалақтың тас топырағына, құмына қарамай асайды. Сөйтіп қалыптан артық жұтылған құм, тас, топырақ жылқының қартасына кептеліп құмқата деген дертке душар етеді. Құмқаталаған жылқы дөңбекшиді, жатып-тұрып жер тарпып күшенеді. Кейде шоңқайып қалады. Шырқылдатып осырған болады, бірақ тезек тастай алмайды.
Міне, осы кезде судан жұтаған кейбір жылқының ішек қарын өзегі жынындағы азғантай дымқылдықты сорып алады да жын қартаға кебірленіп жетеді. Сондықтан қартаға жарты немесе бүтін құмалақ жабысып қалып қояды. Сөйтіп қартаның ширап жиырылатын табиғи қасиеті төмендейді. Тік ішек жолы бітеліп қалуы да ықтимал. Сырқаттың мұндай түрін құмқата (құмаққата) деп атайды
Емдеу тәсілі. Бұл өте қатерлі дерт. Сол себепті, көктемгі қарақатқақ шақта жылқы малын үнемі суарып, ащылатып, қадағалап, алдын ала сақтанған жөн. Қаталаған жылқыны суарып, желе жортып, бусандыру керек. Көтеншегіне ерітіп жылытқан май немесе сабынды су құйып, құйрығының ұшынан қан алады. Жатқызбай жетелеп қозғай беру керек. Тік ішекке қол жүгіртіп қартаға кеуіп жабысқан құмақты еппен алуға да болады. Мәлін-суырдың майымен жібітіп түсіруге де болады.

Іш кебу
Белгісі. Бұл бес түлік малдың бәрінде де кездесетін дерт. Десе де қолда жемделген жылқы түлігінде жиі кездеседі. Жылқы секемшіл, кірпияз жануар. Ол зиянды жем-шөптің бір түйірін де, бір талын да сезе біледі әрі жемейді. Бірақ ашыққанда олай емес, жемнің көгеріп, шірігенін, борсып сасығанын, ащы-тұщысын, бөрткен-бөртпегенін қаперіне алмай жейді. Сөйтіп, қалай болса солай желінген жем қорытылмай іште сасып борсиды. Тіпті ішкі құрылыс (ішек, қарын) басқа да мүшелердің (өкпе, жүрек, бауыр) қалыпты жұмысына қолайсыздық туғызуы мүмкін. Осылай жылқының ас қорыту жолдарында бітелген жем-шөп ішін кептіреді. Іші кепкен жылқы жарылып кетердей тырсылдап, қабырға, шеміршектерді сырқа теуіп тынысы тарылады. Қайта-қайта аунайды, тыпырлайды, жүріп бара жатып кілт тоқтайды да жата қалады. Жүргенде сенделіп, аяғын шалыс басады, алды-арты бірдей сүрінеді. Денесі қалшылдап дірілдейді, қатты терлейді. Көз жанары әлсіреп, қызарып, өлімсірейді. Тынысы тарылып жиі ентігеді. Егер дертті елеп-ескермей емдеуді кешеуідеткен жағдайда жылқы уланып өліп кетуі де ықтимал.
Емдеу тәсілі. Жылқының ас қорыту жолын тазалау үшін ащы айранға ас тұзын езіп, жұтқызу керек. Сонда жылқының іші тазарады. Болмаса, қанжылым суды тікішек арқылы айдап, қартасын шаяды. Күшпен қуалап айдап, желдіріп, ішін (айдататын) түсіретін тәсіл де бар.

Іш құрт
Белгісі. Жылқының ішінде (көмекейінде, асқазанында, құрқарнында) сөл сорғыш құрттардың алуан түрі кезігеді. Мәселен көзге әрең шалынатын қызылды-жасылды жіңішке құрттар, ұзындығы бір елі ешкінің қылшығындай жіңішке ақ құрттар, сыдырған қайыс қанжыға сияқты таспа құрттар, сиырдың оқырасы сияқты үлкен қызыл құрттар болады. Осы құрттар шамадан тыс көп болса жылқының жегенін бойына жұқтырмайды. Бұндай дертке душар болған жылқы күздің қарабасында-ақ ішін тартып, ари бастайды, ілініп қыстан зорға шығады. Жазда шелдене тойынбайды. Құйымшағын тасқа немесе ағашқа үйкеп, екі қоңының, құйрық үстінің жүндерін түсіреді.
Емдеу тәсілі. Қаражусанды мол етіп суға қайнатып, суыған соң іш құрты бар жылқыны шөлдетіп алып суару керек. Қайнатқан уқорғасын суымен суаруға да болады. Қозының құмалағындай тотияйынды күйгізіп ұнтақтап бір ожау сүтке езіп аузынан немесе тік ішектен құю керек. Қазіргі таңда жылқының іш құрт ауруын жоятын дәрі-дәрмектер де баршылық. Сондықтан іш құрт болған жылқыны мал дәрігерлеріне көрсетіп емдеген жөн.

53732807_1Бөген
Белгісі. Жылқының жал-құйрығы өзінен-өзі түсіп, сымпиып қалуын бөген дерті деп атайды. Бөген болған мал арықтайды, өңі қашады. Таңын, аламайын, құйысқандығын, құйрығының үстін ағашқа, тасқа үйкеп тоздырады. Қатты қышыған кезде тістеп, жұлып түк пен теріні қызыл шақа болдырады. Бөген болған жылқының қыл құйрығын талдап жұлып қараса, қылшық түбінің баданасы сәл ісіңкі, жуантық, ұзындау және соқталы келеді.
Емдеу тәсілі. Бөген болған жылқыны жығып аяғын байлайды. Құйрықтың түбін үстіне қарай бұрағанда түксіз тақырдан барлау тамыры адырайып шыға келеді. Сол тамырға қандауырды жара шаншып қан ағызады. Жылқыны сол жатқан жерінде аударып, екінші жақ барлаудан қан алынады. Белгілі мөлшерде қан ағып болған соң жылқы орнынан тұрғызылады. Одан кейін жылқы құйыршығының дәл ұшындағы сүйексіз бөлігінің бармақ елі жерін жара тіледі. Ол жерден қан сорғалап ақпайды, бірақ бір-екі күнге дейін тамшылап жүреді де тоқтап қалады. Егер ауру қан алғаннан кейін де оңалмайтын болса, жылқының құйрық түбінің үстіңгі терісі мен етін қоса тіліп, бидайдай тотияйын тығу керек. Кейде мыс шегені қылқұйрықтың орта шенін ала ет пен тері арасына жүгіртеді. Бірнеше күннен кейін мыс шегені суырып тастайды. Жемге күкірт қосып жегізуге де болады. Осы айтылған 4-5 түрлі емнің біреуінен болмаса да бірінен бөген ауруы жазылып, жал-құйрық қайта жетіледі.

zakuporka-pishhevoda-u-zhivotnyhТалақ
Белгісі. Жүйке жүйесінің, оның ішінде, вегетативтік жүйке жүйесінің ішкі органдар (көкбауыр, бауыр, асқазан, ащы ішек, қарта) қызметін үйлестіру процесінің бұзылуы ноқала, талақ сияқты ауруларға душар етеді. Бұл ауру жем-шөп дұрыс берілмеуінен, жылқыны жұмысқа дұрыс пайдаланбаудан (тоқ атпен тұра шабу, желіп-жортып келіп суытпай суару, жемдеу, қараөзек шақта алыс жолға жүріп қинау, т.б.) сыртқы орта мен ауа райының кездейсоқ өзгеруінің салдарынан туындайды. Аталған себептер асқазан мен ішектің сөл бөлу, жиырылып ширау қабілетін бұзады. Ішектің кейбір бөліктері қатты жиырылып, ширап, ішек қуысын тарылтады, кейде бітеліп те қалады. Осы жағдайдан кейін ас қорыту жолдарындағы жем-шөпте шіру процесі жүріп улы газдар бөліп шығарады. Ол жүйке жүйесін уландырады. Бауырдың улы заттарды залалсыздандыру қабілеті нашарлайды. Сөйтіп жылқының тыныс алу, қан айналу жүйелерінің жұмысы бұзылады. Бұл дерттерге шалдыққан жылқы жата қалып аунайды. Жүріп бара жатып кілт тоқтайды. Тыным таппай демігеді. Танауының шершеуі делдиеді. Екі бүйіріне кезек қарай береді. Ауру асқынғанда төрт аяғын көсіліп сұлық жатып қалады. Анда-санда басын көтеріп бүйіріне қарайды.
Емдеу тәсілі. Ауру жылқыны жығып, аяғын байлап, ернін тіліп, делдиіп тұрған шершеуді инеге сабақталған жіп арқылы тартып тұрып белгілі мөлшерде кесіп алады. Таңдайынан қан алып, өз қанын өзіне жұтқызады.
Егер талақ деп танылса көк бауырдан қан алынады. Талақ болған жылқы екі бүйіріне кезек қарай береді. Тісінің еттері талауырап ісінеді, қаракөкшіл тартады. Ауырған жылқыны шідерлеп бекітеді. Мінер жақ қабырғасының соңғы қанатынан санағанда үшінші, төртінші қабырғалардың арасынан, қыр арқадан төмен 5-6 елі тастап 7-8 см ұзын біз шаншады. Біз көкбауырға дәл шаншылған жағдайда дірілдеп қозғалуға тиісті. Бірнеше минуттан кейін бізді алып, желіп жортып жүріп бусандырса жылқы дереу жазылып кетеді.

Crystal-Gilbert-osНоғала
Белгісі. Көздің ішкі мөлдір шеміршегі өсіп, етін қажайтын дерт. Шеміршек өскенде ішкі қылау қыры қатқылданып жансыз мүйізге айналады. Сол мүйіз көзге тие беретіндіктен көз қажалып ақ тоқтайды. Егер ноғала дер кезінде алынбаса, көз қарашығын ағызып жіберуі бек мүмкін. Ноғала түскен көз жасаурап, су ағып, айналасына шаң-тозаң тоқтап, кірпіктері сауыс болып, жылқы көзін аша алмай, жүріп-тұруға жасқаншақтайды.
Емдеу тәсілі. Көзінде ноғала бар жылқыны жығып, төрт аяғын тыпыр ете алмастай мықтап байлайды. Ең алдымен көздің асты-үстін аударып-төңкеріп көріп ноғала қай жағында қанша мөлшерде екендігін анықтайды. Әдетте ноғала көздің астыңғы шеміршегінен кездесуі керек. Ноғала өскенде шеміршектің қылау қыры жіп-жіңішке болып, қарауытып байқалады. Сол қырау қырдағы қара жиекті қырып алу керек. Қара жиекке ішінен сыртына қарай инеге сабақталған жіп өткізіп, жіптен көтере тартса, шеміршек көзден бөлектенеді. Сол сәтте өткір ұстарамен әлгі қара жиекті айналдыра сылып алады. Мұны ноғала алу деп атайды. Кескенде жансыз қара жиек пен шеміршек арасындағы қара сызықты пышақ жүзі дәл басып өтсе, кесілген жерден қан шықпайды. Көзге түскен ақты кетіру үшін көзге арша көмірін 2-3 қайта салып емдейді.

Жөтел
Белгісі. Бәйге атына суық тиюден, шаң-тозаң жұтудан, шашалудан пайда болатын дерт. Жөтелге шалдыққан жылқы тым шаршағыш, тершең келеді, ішін созып ентігеді және жөтеледі. Ауру алғаш басталған кезде аз жөтеледі де асқына келе қақалып, шашалады. Ауырсынады. Қабағы түседі, көзі былшықтанады, мұрнынан ақ түсті (айран іспетті) іріктелген сұйық ағады. Дер кезінде емдесе 5-6 күнде жазылып кетеді. Дұрыс емделмеген жылқының ауруы созылмалы түрге ауысады, тіпті ол асқына келіп өкпе ауруына шалдығуы әбден мүмкін.
Емдеу тәсілі. 1. Жөтелген жылқыны киіз жабумен жылылап жабулап, басын бітеулеп (дорба кигізеді) қайнатылған арша суымен булайды.
2. Әбден шөлдетіп қайнатылған қарағайдың жас бүрі немесе арша суымен суару керек.
3. Бармақтай қара андызды немесе оның тамырын ауыздыққа байлап суын жұтқызу керек.

bolezn-5Күйдіргі
Белгісі. Жылқының алқымы, тамағы, омырау, төстабаны, іші іседі, қабырғаның астын ала, төс етегінің сыңар бетіне ісік жүреді. Сипаған қолға ісіктің ыстық табы білінеді. Өзінен-өзі шошынғандай жанталасады, бір нәрседен қашатындай ығысады, тынышсызданады, созылып, қиналады. Жүргенде қиралаңдап, аяғы шалынып, бөксесін сүйрей басады. Тіс, тіл, ұрт еттері көгеріп булығады. Жем-шөп жемейді, су ғана ішеді.
Емдеу тәсілі. Ауру байқалысымен ісікті қызған темірмен қариды. Мұны ісіктің құртын өлтіру дейді. Аттың бауырына шыққан жалпақ, ісікке темір тегенені немесе қазанды отқа қыздырып сыртын құрым киізбен бастырып, жіппен шандып-шандып байлап тастайды, мұны үш рет қайталайды.
Емдеудің екінші түрі, ұмасының алды табақтай болып ісінген жылқыны жығып, төрт аяғын байлайды. Ісікті айналдыра өткір бәкімен арасы 5-6 см қылып әр жерден тіліп және үшкір ағашпен сұғып кеңіте отырып, әр тесікке бір сасық қара қоңыз бен бидайдың дәніндей тотияйынды тығып отырады. Емдеген жылқыға екі-үш күн су ішкізбейді. Болмаса, ісікті жарып, ішіндегі жалқаяқты пышақпен сылып тастап, тұзды сумен жуып, бірнеше қоңыз салып байлап тастайды.
Ішке түскен күйдіргіні емдеу. Ауырған жылқыны жоғарғы ернінен қылбұрау салып, шұралап байлайды да, қамшылар жақ 4-ші және 5-сүбе қабырғалардың арасынан, арқа омыртқадан екі елі төменірек жуан біз тығып, қарынға жабысып тұрған көкбауырды біздің ұшымен шабақтап қан ағызады. Мұндай күрделі операцияны тек тәжірибелі оташы ғана жасауы керек.

stranglesМаңқа
Белгісі. Жылқының мұрнынан қан аралас жалқаяқ ағады. Бұл індетке шалынған малдың өкпесінде, ішкі тыныс алу органдарының кілегей қабықтарында түйнектер пайда болады. Ол асқынған кезде жараға айналады. Бұл дерт қолда бағылатын, яғни, жем-шөпті ақырдан немесе атдорбадан жейтін жылқыда жиірек кездеседі. Ауру ошағының орналасуына сәйкес індет өкпе (көкірек маңқа), танау (боз маңқа) және тері маңқасы болып үш түрге бөлінеді. Маңқаның теріге шығатын түрінің белгісі жылқы денесінің әр жерінде, ет пен терінің арасынан без-без, бұжыр-бұжыр өлі еттер пайда болады.
Емдеу тәсілі: Жылқыны жығып ауру жайлаған жерлердің терісін ортасынан жара, екі жағына қарай тіліп, маңқасын сылып алып, теріні қайтадан тігіп тастайды. Тікпес бұрын жылқының қылын өткізіп, жараның екі жағынан шығарып қояды. Қылды қоса тігудегі себеп, жараның орнында қалған қанды ірің біртіндеп ағып кету үшін істелінеді. Ем жасалған жылқы кемінде бір жыл мінілмеу керек.

Көкірек маңқа
Белгісі. Бұл ауруға шалдыққан жылқы, жем-шөптен қалып, жіңішкеріп, кеудесі сырылдап, тынысы тарылып, күннен-күнге нашарлай береді. Мал жайын жақсы білетін оташылар сыртқы белгілеріне қарап-ақ жылқының көкірек маңқаға шалдыққанын аңғарады.
Емдеу тәсілі. Ауырған жылқының ауызын кере ашып, тілін қысқашпен тартып тұрып, басы мен құйрығының ұшы кесілген жыланды екіге бөліп, жұтқызып жібереді немесе жыланды шөппен қосып жегізеді. Жылан міндетті түрде улы жылан болуы қажет, емнен кейін бірсыпыра уақыт су беруге болмайды

dgdfggdfghtТанау маңқа
Белгісі. Бұл дертке шалдыққан жылқының танауынан сасық сары жалқыаяқ маңқа ағады. Індет осы маңқа арқылы сау малға жұғады. Көкірек маңқаға қарағанда танау маңқаны жазу жеңілірек.
Емдеу тәсілі. Маңқа болған аттың танауына тиер-тимес етіп тірі құрбақаны аттың кекілінен байлаған. Құрбақаның жыбырлаған кескіні мен иісінен сескенген жылқы жиі-жиі түшкіріп, осқырынып танауындағы маңқа мен қанды ірінді түсіріп тастайды.

Қыршаңқы
Белгісі. Қыршаңқы болған жылқының жүні екі бүйірінен бастап жаяға дейін біртіндеп түсе бастайды, ауруы әбден асқынған жылқылар қызылшақа болып қалады. Әбден қышынған мал басымен қағып, қора-қопсыға сүйкеніп мазаланады.
Емдеу тәсілі. Қотыр шыққан жерді, тұзды сумен қан шыққанша ысқылап, күніге екі-үш реттен бес-алты күн жуады, енді-енді басталған қыршаңқыны тобылғының майын жағып жазады (тобылғының майын алу үшін оны отқа жағып отырып, астына жайпақ табақ төсеп, аққан майды жинайды).

Құрт
Белгісі. Малдың жұлынында болатын сарысу. Құрт болған жылқы оттамай, таңертең күн шыға күнге қарап, құлағын қайшылап, күн батып бара жатқан уақытта күнбатысқа қарап тұрып қалады. Күн сәулесінің айналуына қарай, маңдайын сол жаққа бұрып айнала береді.
Емдеу тәсілі. Ауырған жылқыны жығып, төрт аяғын байлап, тырнақтай у қорғасынның ортасын жіпке сабақтайды да, жаяның бел омыртқаға қосылған жерінен, яғни сегізкөздің үстінен теріні тесіп жіберіп тығып қояды. Сонан соң тұрғызып басын байлап қойса, екі сағаттай терлеген жылқы аузынан ақ көбік ағып жығылады. Есінен айрылған жылқыны суық су немесе аузына сиырдың сүтін құйып тұрғызып алады Дәл осындай әдіспен ақбүйрек деген шөптің тамырымен де емдейтін болған. Екеуінде де мал сауығады.

Делбе
Белгісі. Ауырған мал тынышсызданып, аласұрып, жан-жаққа ешбір бағдарсыз шапқылайды, бір орында шыркөбелек айналады, кейде алған бетінен қайтпай лағады, жанында не нәрсе болса соған соғылады.
Емдеу тәсілі. Жылқының кеңсірігіндегі ұзындығы бір қарыс ақ тамырды өткір пышақпен тілу арқылы алып тастайды. Сол мезетте екі көздің алдындағы екі күре тамырды басып тұрып, тілінің ұшын екі елідей және оң жақ құлақтың жартысын кесіп тастайды. Бұдан соң жылқыны үш күн байлап қойып, аз-аздап жақсы шөп берсе, тез жазылып кетеді.

OLYMPUS DIGITAL CAMERAҚужауырын
Белгісі. Атты алыс қашықтыққа мініп, шаршатып-шалдықтырса зорығып, екі жауырыны бірдей семіп, бұғанаға жабысады, аяғын баса алмайтын қалге жетеді.
Емдеу тәсілі. Құрысып қалған жауырынын жазу үшін, бір кісі жетектеп, екіншісі күштеп айдап, үлкен арықтан секіртеді. Арықтан секірте алмаса, жығып жіберіп, артқы екі аяғын байлап, алдыңғы баса алмай қалған аяқтарын шашасынан жіп байлап, қарулы азаматтар ары-бері тартқылайды. Бұдан дауа болмаса, жауырынның басын тіліп, бір кесе жылы қойдың майын, қойдың асық жілігінен істелген шүмек арқылы үрлеп құяды.

Көтерем
Белгісі. Қытымыр қыста әлсіреп, арықтап аяғын баса алмай қалған малды «көтерем» дейді.
Емдеу тәсілі. Семіз жыланды өлтіріп, басын кеседі, қалған денесін 10 см шамасы бөліп-бөліп жылқының аузын ашып тұрып, оқтаумен біртіндеп итеріп жұтқызып жібереді. Жыланның әр бөлігін жұтқызған кезде шәугіммен су құйып, кеңірдегіне айдап отырады. Жыланның денесін өлтірген уақытта мүмкіндігінше мылжаламай тұтас күйінде сақтау қажет. Аузына қара шай құю, ұн ішкізу, ерітілген сары май құю сияқты әдістермен де емдейді.

Арқасы кету
Белгісі. Мініс аттары үнемі жұмыс қолды болғандықтан арқасы кетеді, яғни, ер батқан жері ісініп, жауырға айналады. Жауырдың үлкен-кішілігіне, ауыр-жеңілдігіне, асқынған-асқынбағанына, қызарған, домбыққанына қарай: жалақ жауыр, жайдақ жауыр, жүн жауыр, мандам жауыр, өліетті жауыр, өліетсіз жауыр, ошақ жауыр тәрізді атаулармен айтылады.
Емдеу тәсілі. Қышыған жауырды жылқы тісімен қасып асқындырып жібермес үшін, сақтық шараларын қолданады. Жылқының мойнына екі-екіден айқастырылған төрт ағашты байлап қояды, мұны «кескек» дейді. Мүмкіндігінше жауыр атты мінбейді. Жауырды емдеу үшін жылқыны жығып, ісіктің екі жерінен өткір пышақпен тесіп, терінің астындағы өлі етті сылып алып тастайды. Жылқының қылын өріп, жаңағы екі тесіктен салбыратып өткізіп кояды. Мұны «әнжі» дейді. Әнжі – жараның аузын бітірмей, үнемі ірің ағып тұру үшін қажет. Қағып тастамас үшін кескек байлайды. Таңертен, кешке екі мезгіл жауырдың үстінен шәугіммен суық су құйып отырады. Жылқы 15 күнде жазылады.

Мішаяқ
Белгісі. Жылқы төрт аяқтап аунай береді. Аттың алқым безі іседі.
Емдеу тәсілі. Безді сығып, арнаулы аспаппен қан шығарады.

Сайкелді
Белгісі. Зорыққан жылқы дереу жылы су ішкеннен болатын ауру.
Емдеу тәсілі. Танаудың екі жағындағы шеміршегін алып қан шығарады.

Жүген ауру
Белгісі. Жылқы күн шығысқа қарап құйрығын тарап сипақтайды.
Емдеу тәсілі. Аттың басына жүген белгісіне ұқсатып жүнін шала күйдіріп тап түсіріп, жас талды қыздырып атқа шайнатады.

Жүн түсу
Белгісі. Ат жүдеу тартып, жүні түсіп, арып, өңі қашады.
Емдеу тәсілі. Жылқының қан алатын нүктелерінен қан алады. Көбінде құйрықтың (құйымшақ) ұшынан екі буын тастап қан алады. Мұны жылқыны семірту үшін де жасайды.

Ити
Белгісі. Бұл ауру құлындарда болады. Құлын қатып, семіп, тілін жалақтатып енесіне ере алмайды. Бұл дертке көбінде қулық биелердің құлыны шалдыққыш келеді.
Емдеу тәсілі. Қасқырдың қара бауырын қайнатып ішкізеді.

301183_104849579670937_1382221119_nБекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан

15 comments

    • Владимировна 14 Қыркүйек, 2022 at 13:21 Ответить

      егер малыныз керек болса ветеринар шакыру керек!!! билгиштени истеген еминиз аскындыруы не месе баска органдарга зиянын мумкин!!!

  1. Айжан 13 Қаңтар, 2020 at 02:13 Ответить

    Сәлеметсіз бе! Жаңа сойылган 3 жасар биенин қарнынын жартысынан коби кишкентай көптеген бездерге толы болса, ол жылқының ауру болғаны ма? Әлде, безделген қарынды жемей ақ қойса болады ма? Отиниш, жауап кутемин! Улкен рахмет

  2. Жамбыл 15 Сәуір, 2020 at 01:38 Ответить

    Тобан аяқ болған құлынға не істесе болады алдыңғы тұяқтары сіресіп тік басып жүр енді не істесе болады???

  3. Арман 14 Қараша, 2021 at 00:01 Ответить

    Ассалаумағалейкүм ағайын атым терлей береді жем мен жөп жептұр бір ақ терлейді витрагин салдым сондада болмай жатыр

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.