Құрбан ерші (ФОТО)

2237

Түркістан облысы, Төлеби ауданында Құрбанәлі Ағәділов деген қолөнерші тұрады. Шебердің қолынан бүгінге дейін үш мың ер жасап шығарылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші қыркүйек білім күні жасаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қарапайым еңбек адамының қоғамда құрметті адамға айналуы керектігін атап өтті.

Қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық болғандықтан, күні бүгінге дейін Қамбардың түлігіне қатысты ұлттық және спорттық ойындар, ат әбзелдері құндылығын жойған емес. Содан да болар, ел арасында ер-тұрман, былғары бұйымдар жасайтын шеберлерге сұраныс өте көп. Соның бірі, оңтүстік өңіріндегі Достық ауылының тұрғыны Құрбанәлі Ағәділовті айтуға болады.

Жексенбі күндері шебердің үйіне арнайы бас сұқтық. Құрбанәлі Арыстанбекұлы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері үш мың ер, яғни жылына 70-80 ер жасаған.

«Алғашқы кезде көкпарға арнап 1500-дей құры ердің өзін ғана жасадым, кейін тоқым істейтін болдым, соның бәрін қосып есептегенде 3000 ер жасадым, оның 200-ден көбі күміспен сәнделген әшекейлі ер», — деді қолөнер шебері Құрбанәлі Ағәділов.

Биыл шебер 59 жасқа толып отыр. Айтуынша, бойындағы өнерін, бар білгенін келер ұрпаққа мұра етіп қалдырғысы келеді, ер шабатын ізбасарлар дайындап, қазақтың қолөнерін өлтіріп алмау.

«Қазақстанда осыған дейін ат әбзелдері туралы кітап жазылмапты. Жалпы ер-тұрманның 23 түрі бар екен. Мен шетелдіктерге осыны дәлелдеу мақсатында ер-тұрманның түр-түрін архивтерден, кітапханалардан, музейлерден жинастырдым. Қазір ер-тұрманның екі түрі ғана қолданыста. Ал шын мәнінде қазақ ұсталары ердің 30 түрін жасапты. Еліміздегі сауда орындарында сатылып жатқан ат әбзелдерінің көбі басқа жақтан келіп жатыр. Оларды нағыз ер деуге болмайды, себебі ер атқа жабысып тұруы керек», — дейді ол.

Шебер қазірге дейін ердің 13 түрін дайындап қойыпты. Айталық, қазақ ерінің қатарына найман ері, үйсін ері, қоңырат ері, керей ері, қыпшақ ері, оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс, орталық Қазақстан ерлері, шошақбас, қалмақбас, айбас ері, ғұндар мен сақтардың ері, Атилланың ері, әйел ері деген түрлері жатады.

«Қазір Жаңа Қазақстан дейміз. Бізде 19 миллион халыққа төрт мың мешіт бар, кейбір ауылдарда екі мешіттен салынған. Сол мешітке адамдар жұма күндері ғана барады, қалған күндері бос тұрады.  Дұрыс мешіт көбейсін, оған қарсы емеспін. Бірақ қазір ақшасы барлар тек мешіт сала бермей, соның қасынан немесе ішінен қолөнер мектебін салса, қаншама бала мектеп жасынан қолөнердің түр-түрін яғни тігін, қамшы өру, былғары илеу т.б. үйреніп шығар еді. Мысалы, мешітті оюлап, өрнектеп жатады, ал мектепті сәндеудің қажеті де жоқ. Балаларға білім алатын жағдай жасаса болды. Мешітті мысалға айтып жатқан себебім, сауап үшін, ал үкімет жалпы орта мектептердің жанынан үш-төрт бөлмелі орталық қосып салса дұрыс болар еді. Себебі, ертең мектеп бітірген балалардың бәрі бірдей жоғары оқу орнына түсіп кетпейді ғой», — дейді шебер.

Құрбанәлі Ағәділов бұған дейін облыс, аудан әкімдігіне бірнеше рет барып, бойындағы өнерді жастарға үйретіп кету мақсатында қолөнер мектебін ашуды талай өтінген. Алайда, ұсынысы жүзеге аспай сөз жүзінде қалған.

«Қазір Өзбекстан билігі спорт, мәдениет, фабрика, зауыт салуды қатты қолға алып жатыр. Бізді басқа мемлекеттер жер байлығымыз мұнай мен газ арқылы емес, өнеріміз бен мәдениетіміз арқылы таниды. Аудан әкіміне осы ер шабуды көзімнің майын тауысып отыз жыл үйрендім, бес-алты адам болсын үйретіп кетейін деп ұсыныс айттым. Қазір он шақты шәкіртім бар, бірақ олардың өздерінің кейбірі 46 жасқа келіп қалған. Осыншама үйренгенімді көрге алып кеткім келмейді, балам әлі кішкентай, мектеп ашып беріңдер деп айтып жүргеніме қанша уақыт болды, нәтиже жоқ», — дейді шебер қынжылып.

Қазір шебер жылына 50-60 ер шабады. Осы ерді жасату үшін оның кезегінде Қазақстан арысы Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия т.б. елдерінің атқұмарлары тұр. Шебердің сөзінше жай ғана түйенің терісімен қапталған ағаш ердің бағасы 120 мың теңгеден басталады. Ал мельхиордан жасалған ат әбзелдері 600 мың теңгеден басталса, күміспен әшекейленген ер тоқымдар бір миллион екі жүз мың теңгенің үстінде.

«Жалпы, мен білетін нәрсені интернеттен табу мүмкін емес, себебі мен ер шабуды бүкіл жүрегіммен сезініп жасаймын. Оны көріп, қолмен сезініп үйрену керек. Мен қазіргі техникамен емес, қолымда 16 ғасырдың құралы шотпен жасаймын. Сол себепті, ауызша суретке түсіріп, көрсете алмаймын. Ағаш шауып жатқан кезде 100-ден бір миллиметр аламын. Үйренуші шотты ұстағанын, ағашқа қалай тиіп жатқанын сезінуі тиіс. Қазір Қазақстанда ер шабатындар көп емес. Маған тапсырыс бергендер кемі бес жыл кезекте тұрады. Ақтөбе Атырау, Петропавл т.б. телефоныма хабарласып ақша салып жатады. Мұны мақтаныш үшін айтып жатқаным жоқ, шынымен бір өзім істеп үлгермеймін. Ер жасауды он адам үйренсе, олар жүз адамға үйретсе, кәсіп тауып, ақша табар еді», — дейді Құрбанәлі Арыстанбекұлы.

Шебердің пікірінше, Түркістанның туризмін қолөнер арқылы да дамытуға болады. Мәселен, қамшының өзінің бірнеше түрі бар. Төлеби ауданында жылқы туризмін дамытар болса неше түрлі атқұмарлар ер-тұрмандардың түр-түрін көруге, мінуге ағылар еді деген ойда.

«Туристер атқа мінерде найман ерге, керей, адай, арғынның еріне мінем деп қызығушылық тудырар еді. Оған қоса келген адамдар Төлебидің қолөнер мектебінен шыққан сувенир заттарды алып кетіп жатса керемет емес пе?! Жұмыс жоқ дейді, жұмыс істеймін деген адам етік тіксе де талпынар еді. Біздегі аудан, ауыл әкімдері жұмыс орнынан босап қалмауды ғана ойлайды. Әкімдер мешіт салам деп келген адамға «мешіт емес, мектеп сал» деп айтып, соған жол көрсетсе, ал  жоғарыдан Мәдениет министрлігі осыны заң жүзінде бекітуге атсалысса дейсің. Мәселен, бізде билбордтарда қайтыс болып кеткен тұлғалар мен ақындардың немесе спортсмендердің суреті тұрады. Елдің өркендеуін ойласаң дәл қазір елдің батырлары шахматшы Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік және ғалымдарды, қолөнер мен зергерлерді, киіз үйдің жабдығын жасайтын ұсталарды іліп қойса. Соны көргендер ертең мен ұста болсам, мені де іліп қояды деп ойлайды, шабыттанады. Ал бізде билбордта керісінше әкімдер мен депутаттардың суреттері тұрады. Олардың жағдайы жақсы, кеудесіне медаль тағады, астына көлік беріледі. Олардан пайда түсіп жатқан жоқ, адамдардың санасы мен мәдениеті көтеріліп кеткен жоқ. Бокстан, күрестен жүлде алып келген спортшыларды ғана көтермелемей, ғалымдарды да көтермелеу керек», — дейді шебер.

Ағәділов аудан әкімдерінің ауылда жұмыссыз жүрген азаматтардың санын тізіп, оларға қолөнер мектептерін ашып беріп, қолға қармақ ұстатудың жолдарымен айналысу керек деп атап өтті.

«Әкім деген кім жұмыссыз жүр деп елді ойлауы керек. Осы ауылда үш мың халық тұрса, оның мыңы оқушылар, қалғаны зейнеткерлер, демек 500 адам жұмыссыз жүр, олардың тең жартысы астанада құрылыста. Сөйтіп қалған бос жүрген 200 адамның тізімін алып, соларға қолөнер үйреніңдер, тіршілік қылыңдар деп басын ұйымдастыруына болады ғой. Бұлар қарамайды да, тыныш жүрсе болды. Мен таң ата жұмыс бастағаннан, түнгі он екіге дейін жұмыс істеймін», — дейді ол.

 

Құрбан ершіге хабарласып, тапсырыс берем десеңіз: +7 701 753 3976

Жан Пердебек

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.