Қазақ даласында 20 млн-нан астам жылқы болған

1240

Бұл туралы Павлодарда өткен жылқытанушылардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында белгілі ғалым, жылқытанушы Нәбидолла Кикебаев айтты.

«Қазақстанның асыл тұқымды жылқы тарихы» атты баяндама жасаған ҚР ауыл шаруашылығы ғылымдары акедемиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нәбидолла Кикебаев қазақ байлығын жылқымен өлшегенін айтты.

Біздің халық байлықты жылқымен өлшеген кезеңде де өмір сүрген. Сонау Сайдалы-Сарытоқаның, Алтай-Қарпықтардың заманында, бір өзі бір өзеннен 40 мың жылқы сураған заманын естен шығармауымыз керек. Сол дәуірдің өзінде ата-бабаларымыз жылқыны сұрыптап, асылдандырып, түрлі бағытта, түрлі салада пайдаланып келген – дейді ғалым.

Ол 1861 жылдан бергі еліміздің жылқы шаруашылығын 6 кезеңге бөліп қарастырғанын айтады.

Мысалы 1861 жылға дейін қазақ даласында жылқы саны 20 млннан астам болған. Халық өзі сұрыптап, өзі тұқым шығары, өзі дамытып отырған. Ол кезде әрбір рудың өз жылқысы болды. Шекті жылқысы, Адай жылқысы, Жетісу жылқысы, Найман шұбар, т.б. Сонымен қатар ол кезде түрлі мақсаттарға пайдалану үшін халықтық селекция арқылы шыққан арғымақтар, қазанаттар мен қарабайырлар болды – дейді ғалым.

Ол өз тұжырымы бойынша екінші кезеңді 1861-1917 жыл аралығы деп көрсетеді.

Дәл осы кезеңде Ресей империясында Столыпин реформасы жүріп жатқан болатын. Жылқының бәрін атты әскер жасақтауға алды. Сол үшін асыл тұқымды айғырлар мен биелерді жылқы зауыттарына әкету басталды. 100 жылға жетпейтін уақытта қызық жылқысы 8 млн-ға дейін азайды – дейді Нәбидолла Ақанұлы.

Ғалым үшінші кезең қазақ даласындағы қасіретті жылдармен тұспа-тұс келетінін айтады.

1917-1940 жылдар арасы қазақ жылқы шаруашылығының тұралаған уақыты болды. Әрине, байтал түгіл бас қайғы болып, ел ашаршылықтан қалай аман қалам деп отырғанда, жылқыны ойлайтын мұршасы да болған жоқ. Керісінше қыл құйрық көрсе қызыл өңешінен асыруға дайын тұрды. Бұл кезде баяғыдай сұрыптап жылқы өсіру былай тұрсын, қолда бар жалғыз аяқ лауды аман алып шығу күш болатын. Сол себепті де бұл аралықта қазақ жылқысының саны 300 мыңға дейін құлдырады – дейді жылқытанушы.

Нәбидолла Ақанұлы қазақ даласындағы жылқы шаруашылығының төртінші кезеңі – 1938-1961 жылдар аралығы деп көрсетеді.

Ашаршылықтан қалған азғана жылқыны соғысқа әкетті. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылымық қазақ даласында жылқы санының аз да болса өсуіне ықпал етті деуге болады. Буденныйдың жылқы шаруашылығына көңіл бөлуі біздің елге де айтарлықтай ықпалын тигізді. Осы жылдары біз құрып кете жаздаған қазақ жылқысын қайта қалпына келтіруді бастадық. Көшім жылқысы, жабы, адай, қазақ жылқысының тұқымдары қайта қолғаалынып, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қазақ жылқы тұқымының аталық ізі қайта бастау алды. Соның нәтижесінде бір ғасырдан соң жылқы саны қайта көбейе бастады. 1 млн 170 мың жылқы болды осы кезде қазақ даласында – дейді ғалым.

Нәбидолла Ақанұлының пікірінше қазақ жылқысының қарығы ашылған кезең – 1961-1990 жылдар аралығы.

КПСС ОК пленумындағы Никита Хрущевтің «өнімді жылқы шаруашылығын дамыту» туралы сөзі біздің елде жылқы шаруашылығын дамытуға айтарлықтай түрткі болды. Осы жылдар аралығында Қазақстан савхоздарында ет-сүт бағытындағы жылқы шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасалды. Бұған дейін көшім, жабы, қазақы тұқымдарын өсіріп келген шаруалар енді қазақ жылқысының жаңа типі мұғалжар тұқымын өсіре бастады. Жылқы саны 30 жылда 600 басқа өсіп, 1 млн 625 мыңға жетті – дейді ғалым.

Жылқытанушының еліміздегі жылқы шаруашылығын бөлудің соңғы кезеңі – Тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келеді.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жылқыға құндылық ретінде қарай бастадық. 1990-2022 жылдар аралығында елімізде мұғалжар, жабы, көшім, адай жылқы тұқымдары, қаба, бестау, бесқарағай, т.б. қатарлы типтер қалыптасып шықты. Оның сыртында зауыттық жылқы тұқымдары да еліміздің жылқы шаруашылығына айтарлықтай үлес қосып отыр. Соңғы 30 жылда Қазақстандағы жылқы саны 3 млн-нан асты. Әсіресе соңғы 3-4 жылда елімізде жылқының өсуі ерекше байқалады – дейді Нәбидолла Кикебаев.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.