Ат сынау – үлкен өнер

atbegilik

Бәйге атты сынап, оны таңдап алу, жаратып-баптап бәйгеге қосу қазақ халқының жылқы шаруашылығы жұмысындағы жылқытану ғылымына тән өнерінің бірі. Қазақ халқы тамыры тереңде жатқан мол ғылыми тәжірибесіне сай «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығады, оны тани білу, таныта білу үшін белгілі дарын керек дейді.

Қазақ халқының дана ойшыл сыншылары, атбегілері сонау сақ, үйсін заманында болғаны да табиғи. Ал орта ғасырдан бері де қазақ арасынан талай-талай өрелі сыншы, атбегілер жетіліп, өзінің сұңғылалығымен жұртқа танылған. Мысалы, жоғалған биенің ішіндегі құлынын да түстей білетін сыншы атасы Толыбай, Бөкей ордасының 33 жыл атбегі болған Шоқай Шөңкейұлы, бәйге басталмай тұрып қайсы аттың бірінші келетінін дәп басып айтатын сыншы Ауқатым, құлынында таңдап, тайында баптап бәйгеге қосатын Айдабол сияқты әйгілі сыншылар өткен. Соңғы замандарда атағы шыққан сыншылардан Абылай хан, Қабанбай, Еспембет, Гауһар, Ақай қатарлылар бар. Осы сыншылар мен атбегілердің білгірлігі басқа ұлттар мен елдердің мамандарын қайран қалдырып отыр. Олар қазақтың ат таңдау, баптау өнерін «тылсым» дейді. Мысалы, Ресей, Германия, Польша қатарлы елдерде қазақ жылқысын зерттеген ғалымдар, саяхатшылар «Қазақ жүйрік ат таңдауға шебер, аттың мұндай қасиетін игеру өнердің ең қиыны» деп жазған.

Ресейлік А.Вилгис 1885 жылы қазақ жылқысы туралы жазған шығармасында: «Қазақтың белді байларында 1000-нан 10 мыңға дейін жылқысы болған. Атты алысқа шаптырады әрі атты үйрететіндер қазақтар мен түркімендер. Олар атты 25-40 шақырымға, кейде 100 шақырымға айдайды» деп жазады. Ол тағы «ат сынау өнері Еуропаға шығыстан келмеді ме?!» деп жазған. Демек шетел мамандары ат таңдау өнерінің қиындығын әрі бұл өнердің батысқа қазақ даласынан тарағандығын мойындаған және әділ баға берген.

Алайда, қазақтың бәйге атты таңдау, баптау өнерін тылсым дейтініндей ерекше сыр жоқ. Тек қазақтың көзін ашып көргені, ат жалын тартып мінгені жылқы болғандығы, қазақ тарихында қазақ даласын дыр-думанға бөлеп жататын, нақтылы өмірге көзі қанық, көкірегі ашық, парасатты, ойшыл, білгіш, талғампаз сыншылар мен атбегілер тудырып және баулыған. Өмір сынынан өткізіп шыңдағаны, олардың өнерлерін заманнан-заманға жалғап байытып, қазақтың жылқы тану мамандығын биік өреге көтергендігі себепті, қазақ сыншылары мен атбегілері бәйге атын көре танитын, оны баптап бәйгеден келтіретін өрелі өнер жаратқандығы шындыққа жанасымды үлгі.

Жоғарыда аты аталған және аталмаған талай-талай көне көз сыншылар өмірден өтті. Соңғылар да селдіреп, таусылып барады. Осыны еске алып бәйге атының қадірін білетін Іленің, Алтайдың, Тарбағатайдың қарт, орта жас және жас атбегілерімен кеңесте болдым. Шын жүйріктің қасиетін, бітімін шежіредей айтқанын естіп құлақ құрышымыз қанды. Олар:

«Әлмисақтан бері қыл құйрықтыны өзіне дос, санамаған, оны сүймеген жұмыр басты қазақ болмаған, ат ердің қанаты, батырдың сенімді серігі, ер азамат атқа мініп еліне қызмет етер. Ат жалына қолы тиген жігітке күш-қуат бітер» – деп толғай келіп, «Қазақ жылқысында адам тіліне көнбейтін жылқы болмайды. Оны көндіре алмайтын жігіт болмайды. Жүгенге басы үйренбейтін асау болмайды» – дейді.

Осындай көкірегі ояу, көзі ашық шешендерді, білімді қайраткерлерді халық «атбегі», «бапкер», «табкер», «сайыпкер», «шабандоз», «атбаз», «додагер», «атшабар», «ат сыншы» деп атаған. Мұны қазіргі ғылыми тілмен айтқанда, жылқы тану маманы десек болады. Ал жылқының бітіміне сын айтып, бағалауды қазіргі ғылыми жолмен жылқы тұқымын сұрыптау, іріктеу, үйірге бөліп көбейтудің бір мазмұнына жатқызсақ болады.

Демек қазіргі сыншылар мен атбегілердің айтулары мен жазбалардағы ат сыны, ат баптау жөніндегі әдеби таныстыруларға үңілгенде жүйрік атқа мына 6 шарт бойынша сын қойылатын көрінеді. Олар бәйге атының тұқымдық тегіне, тұлғасына, сымбатына (бітіміне), мінез-құлқына, көндігу қасиетіне және басқа белгі нышандарына қарап сын қоя біледі. Осының ішінде аттың тұқым-тегі басты орында тұрады. Сыншылар жоғардағы 6 өлшем бойынша нағыз жүйрікті құлынынан таңдап алып баулыған. Жүйрікті тайында, құнанында, дөненінде және ат күнінде таңдап алып отырған.

Бәйге атты сын өлшемі бойынша құлынынан таңдап алу – жылқының қыры мен сырына түптен қанық болғандығының белгісі.

Демек, қазақтың әйгілі сыншылары, қалаулы атбегілері ашқан, тапқан аттың сыны – ұлтымыздың аса қомақты ғылыми өнері, тың тапқырлығы.

Бұл заманда мал шаруашылығы ғылымының негізін қалап, ғылым төрінен орын тапты. Қазақ жылқысы және оның буданы Іле жылқысын сұрыптап, өлшеу техникасы, қазақтың бәйге атын таңдау өлшемдері аттың сыны негізіне құрылған. Сондықтан әлмисақтан бері жылқы түлігімен айналысқан сыншыларды, атбегілерді өмір тәжірибесіне бай, ғылыми өрелі талғампаз жылқы мамандары деп атауға қақылымыз.

Қазақтың жылқыға қатысты аңыз-жырларында, эпостық ауыз әдебиетінде сансыз хас жүйріктердің болғандығы айтылады. Айталық, ерте ғасырдағы үйсін тұлпарлары, орта ғасырдағы Қобыландының Тайбурылы, таяу замандағы Болсанның Керісі, мұндағы жердегі Құсбегінің Қарасы және Бейжіңкер сияқты саңлақтар. Осының бәрі әр дәуірдегі тарихи шындықтан алынған.

Осы тұста атақты жорғалар, көз жетпес жүйріктер домбырада күй болып шертіліп, ән-жырға арқау болып, қазақ халқының рухани мәдениет тұрмысының дамуында да елеулі рөл атқарып отыр. Мысалы, Бейсенбі Дөненбайұлы, Құрманғазы, Әшім, Дина сияқты атақты күй аталары қазақ сахарасында «Тел қоңыр», «Майда қоңыр», «Сал қоңыр», т.б. 62 күй атасы атанған талай қоңырлар күйін шалқыта шерткен. Бұл күйлерді «күй перісі» атанған Дәулет Халықұлы, Тайыр Белгібайұлы, компазитор, күйші Камал Махайұлы қатарлы танымал күйшілеріміз, зерттеушілеріміз жалғастырып келе жатқаны жалпыға аян.

Әрине, жылқы біткеннің бәрі жорға, жүйрік болып, бәрін де ән-жырға қосу екіталай. Десе де, аттың жүрісіне, жорғасына арналған күйлер ешқандай қисынсыз, себепсіз туылуы да мүмкін емес. Әр замандағы талас-тартыс, бақталастық, рулық қақтығыс, зорекерлік, озбырлықтар мен күштерді шенеу, қарсылық білдіру тұрғысында туылады. Жылқыға, атқа деген құмарлығынан, құлынынан баптап, қатарға қосу барысындағы еңбексүйер қазақ халқының еңбек жемісінен терең сезімдегі күй туады. Мысалы, компазитор Әліпбектің «Іле тұлпары» атты күйі, Іле тұлпарының қоғамдағы, яғни осы дәуірдегі экономика, мәдениет және түрлі шептердегі рөлін бейнелеп, оны баптап өсірген қазақ халқының, мамандардың образын жасап, қазақ ұлтын әлемге танытты. Десе де, қазақтың зоотехникалық мамандары заманымыздағы Іле тұлпарын бағып, баптап, тұтас елді таң қалдырды. Бұл туралы:

Бір ғалым жетілдірді сан қасқаны,
Баулыған құлынынан тор қасқаны.
Ғылымның асқарына сермеді қол,
Ғарышқа ұшыруға ай қасқаны – деген терең сезімде өлең туды. Заманымызда, сол ғалымдар қолдап баулыған саңлақтар замананы жалт қаратты.

qanalym-tҚаналым Таласбайұлы, «Аттың сыны» кітабынан
Крилшеге түсірген Ержан Жаубай

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>